ЖОРҒАСЫН ЖЫРДЫҢ ЖЕТЕЛЕП...
2024 ж. 01 қазан
3871
0
Қазақ жырының қаражорғасы Сағи Жиенбаевтың дүниеге келгеніне – тоқсан, бақиға озғанына аттай отыз жыл болыпты. Өлеңіндей мөлдіреген, өнеріндей елжірегеи ақынның соңынан талай жылдар жүгіре жоғалды. Оның ақ самалдай шуақты, ішкі дірілі қуатты жырлары енді оның мәңгілік ғұмырын жалғап, келер күндерге самғап барады. Өйткені, Сағи Жиенбаев жұрты естен шығаратын ақын емес.
Сағи ақынмен мен жерлеспін. Жемдеспін. Ол Ақтөбе облысынан, мен Атырау облысынан. Қарапайым географияны білетін оқушы «екеуі екі облыс қой» деп дау айтуы мүмкін. Онысы дұрыс. Бір қызығы, тарихы мыңдаған жылдарға кететін ұлы өзен – Жем біздің ауыл мен ағамыздың ауылын екіге бөліп ағады. Арғы беті – Ақтөбе, бергі беті – Атырау. Содан да болар, оның Жем туралы жырлары менің өз өлеңімдей болып, өзегіме құйылады. Ақынның осындай жырларын оқығанда туған жерім еске түсіп, жанарым боталап, ана-ау алыста қалған балалық шағыма қарай өкше көтеріп, күн сала қараймын. Сондай кезде сонау құм қойнауынан өзіме ұқсас қалқанқұлақ қара баланы қайыра көргендей боламын.
Өзінің жырларындай мөлдіреп тұратын, жаны елжіреп тұратын нәзік ақынның «өй, тұқымың көбейгір» деген жекешелендіріп алған жақсы тіркесін талай рет малданып, онымен сонау алыс күндерге, қасиетті Жем бойына бірге қанат қаққандай болған кездерім есімнен шыққан емес. Елімен, туған жерімен тағдырлас болған Сағи Жиенбаев поэзиясын даланы аңсаған, даласын жанымен сүйген, оған әрқашан басын иген адал перзенттің алғаусыз көңілі деп қабылдасақ, оның поэтикасының мәні мен мазмұны жан-жақты ашыла түседі.
Елімен тағдырлас болу бақыты – адамға табиғат сыйлаған ұлы байлықтардың бірі, әрі бірегейі. Туған елін, кең-байтақ Қазақстанын жыр бесігінде тербету үшін ғана ғұмыр кешкендей болған ақын өзінің Отанға деген оттай ыстық махаббатын бір сәт те сөндірместен кетті. Тазалық таразысына талантын тұтас салған ақын жыр бәйгесінде жүлдегер атанған талайлардың қанжығасына жармаспаса да, қалың оқырман оның әлеуеті мен кереметін сезініп, тұшынып оқыды, тұндырып сіңірді.
Жалпы, өлең туралы, ақын туралы айту бір қарағанда жеңіл көрінетіні бар. Бұл – алғашқы сезім. Қиынның қиыны ақын туралы айту, оның қандай қаламгер екенін әуелі өзің сезіну, сосын жұртты сендіру. Соның ішінде Сағи ақын туралы жазу үлбіреген жібектей жырлардың бояуын солғындатпай, желге ұшырмай, баппен бипаздап, бағын ашудың қиындығын бастан кеше отырып, жеріне жеткізу.
Қасиетті қаламға жармасып, ақындықтың ауылына маңдай түзеп, өкше көтерген бүгінгі жас толқынның ұрынып, ұғынып ізденген сәттерінде жыр елінің жасыл жайлауына жалауын тіккен Сағи Жиенбаев отауына соқпай кетуі мүмкін емес. Сондықтан да, бүгінгі жас толқын ғана емес, алды «талтүстің» белдеуіне ат байлаған ақындардың өзі Сағи жырларын ақындық мектептің айшықты сабағы деп қабылдайды. Жоғарыда айтылған жайлардың өзі осының бір мысалы.
«Оймауыттан» «Іңкәр дүниені» іздеген ақынның ізімен жүрген кезде ақын менің балалық шағымды жырлап отырғандай күй кешемін. Алыста қалған балалық шағым жанарымның ұшына жас болып мөлдіреп, ғажайып сезім мен жұмсақ мұң, сағыныш пен естелік жанымды әлдилейді де отырады. Көз алдыма туған жерім, құм жағалай жүгірген ерке Жем толқынының баяу сылдыры, жұпарын шашқан жыңғылдардың самалмен тербелген көркі, бауыры күнге жалт етіп ойнай секірген сары бауыр сазандардың су үйірген толқыны, бәйге торысын жетелей суатқа қарай шағыл кесіп келе жатқан әкемнің күн қаққан қоңырқай жүзі еске түсіп, осының бәрін Сағи ақын да көріп тұрғандай сезімде боламын. Суға құлаған үйірдің алдынан жүгіре шығып, құлдыраңдай шапқан құлыншаққа ілесіп, жүгіре жөнелгендеймін.
Көп болды ғой мінбегелі құр атқа,
Шарт түйіліп шықпағалы қыратқа.
Асауларды ақ сорпа ғып келетін,
Қайран кездер қалып қойды-ау
жырақта.
Иә, қалып қойды ол кездер. Асау жылқылар асау жылдардың жалына жармасып, сағымға сіңді де кетті. Ақын жалтақтап, жан-жағына қарап соны іздейді. Таба алмайды оларды. Ақын таппағанды мен қайдан табайын, мен де алыс жылдардың қойнауында адасып жүремін. Сондай кезде маған Темірқазық – ақын өлеңдері.
Кәусар бұлақтың тереңінен шымырлап қайнап шыққан осынау жұмыр жырларды жұтқан кезде жаның тазарып, жүрегің ашылып, жадың жаңғырып қалады. Жүрегіңді жұлқып-жұлқып жіберетін жыр жолдарын құныға жұтып, құмарта сіміріп, урбанизацияның ұрымтал қара күшіне төтеп бере алмай, түндігі түсіңкіреп, жабығынан жадау көңіл сығалаған қазақ ауылдарының кейбір көңілсіз көріністерін еске түсіргенде Сағи ақынның сыршыл өлеңдерінің өзі күрсініп жатқандай болады.
Бұл өлеңді кешегі қырқыншы жылдардың ұрпақтарынан артық түсінетін жан жоқ шығар. Бұл өлеңді соғыстан кейін туған ұрпақ та терең түсінеді. Алпысыншы жылдардың ұрпақтары да жанына жақын тартады. Бүгінгі ұрпақ та түсінетін шығар деген сенімім басым. Түсінсе екен деп тілеймін.
Сол бір кезді еске алушы ем сағына,
Міне, бүгін кездестім мен тағы да.
Көңілім толқып, көрейінші дедім де,
Создым қолды көкбестінің жалына...
Кете бардым азынатып жарып жел,
Көз алдымда бұлдырайды сары бел.
Жаны қалмай қолын созып
тұс-тұстан,
«Байқашы» деп дауыстайды қалың ел.
Қыз-келіншек жаралғандай ақ гүлден,
Сол бір сөзді қайталайды тәтті үнмен.
Бір көгілдір дүниені бетке алып,
Ақ жұлдыздай ағып бара жаттым мен.
Шыр айналып, мені сүйіп құшардай,
Бір қарлығаш келеді алға түсе алмай.
Айдалада құласам мен жалма-жан,
Қанатына мінгізіп ап ұшардай.
Кірпігімде мөлдіреп бір тұрды шық,
Кең жазықта ағып барам нұр құшып.
Мен жығылып қала ма деп абайсыз,
Туған далам келе жатты бірге ұшып.
Осы жырды оқығанда менің де кірпігімде бір моншақ мөлдірейді. Қиын бәйгелерде құламай шапқан ақынның кұлатылған шақтарын да білгендіктен, туған даласы бірге ұшып келе жатыр. Алты жасымнан ат басына байланып, аламан бәйгелерде шандоз торымен шапқан сәби шақтарымды еміс-еміс еске алсам, қыр қарлығаштарымен қанаттаса, қатарласа шапқан кездегі көңіл-күйімнің қандай болғанын ойша бағамдаймын.
Аты аталы сөздің ардағы абыз Әуезовтің аузына түскен ақынның шабысында мін болған жоқ. Аяғына қан түспей, арынына жем түспей, аламан жарыстарда алдыңғы топтан көрінді де отырды. Бәйге бермедің деп ертоқымын бауырына алып тулаған жоқ, бағасын білсе де, бағын көтермеген құрбыластарына да кінәрат артпады. Жақсы жырдың қандай болатынын өз өлеңдерімен өлшеусіз дәлелдеп, жырқұмар жүректі зәмзәм лирикасымен шөлін қандырып, өзінің суы мөлдір Жеміндей болып, ақырын ғана ақты да жатты. Өзінің бағасын білді, бірақ мен мұндай ақын едім деп кеуде соғып, кимелеп, ашу шақырып, күйгелек болмай, құмнан алтын сапырған кәнігі зергердей болып, жауһар жырларды жұртының көңіл тақтасына жалықпай жазды да отырды.
Алпысыншы жылдардың ақындарын айтқанда алдымен ауызға ілінетін ажарлы топтың алдында Сағи Жиенбаевтың жыр-тұлпары жалын жел сүйіп, қос құлағын қайшылап, құйғытып шаба білгенін біз ешқашан естен шығармаймыз. «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» деген хакім Абайдың тамаша тіркесін тірілтумен өткен талантын бағалаған қалың жұрты Сағидың самалдай жырына шөліркеп қалған кейінгі жылдарда аяулы ақынын ұмытып кете жаздаған секілді көрініп кетеді кейде. Бәлкім, көңілім бе екен. Жоқ, көңілім шығар, жұртым жақсысын ұмытпайтын еді ғой.
Соғыс балалары деген салқын тіркес бар. Соғыстың салқыны мен сұрапылын кешкен ұрпақтың атынан оның ақын болмауға қақысы жоқтай болып көрінеді. Әкелері майданға аттанып, қыр басында қарайып шығарып салған сол ұрпақтың қар кешкен жеңісін қан кешкен аға ұрпақтың ерлігімен теңдестірсе, таразы басы тең түсер. Қанқұйлы соғыстардан көз ашпаған қазақ жұртының қасіретті тағдырына ой жіберсек, жадымыз жаутаң-жаутаң қағады. Сол ұрпақтың жырлары да, сырлары да әрі мұңды, әрі құнды.
Қуатты қазақ поэзиясын алыс бастауларынан жеткен сарын мен қарым 60-жылдардың бас жаңаша жарқырап, жаңғыра түрленіп, мазмұны мен мәніне ішкі қуат пен ішкі энергетика қатар өріліп, қазақ жыры қанаттанып, көркі абаттанып, көш бастады. Соғыстан оралған майдангер ақындардың сұсты жүздері жылымықтың лебінен жаймашуақтанған шағында жаңбырдан кейін дүркірей көтерілген көктей құлпырған Сағи ақынның қатарлары қазақ өлеңінің жүгін одан көріктендіре түзіп, «жыл келгендей жаңалық сездіріп», әдебиетіміздің алтын отауының керегесін кеңейтіп, дөдегесін әспеттеп, өнегесін өрістетіп әкетті.
«Тал жібектей таза сөз, еш жеріңді жырмайды» дейді Тұрмағамбет шайыр. Сағи ақын тал жібектей таза сөзді күміс инемен көктеп, тебен өтпейтін жерден өткізіп, жүрегіңнің құлағына жеткізіп, өне бойыңды өрлей жүгірген алпыс екі тамырыңды идіріп, жаныңа самал сүйдіріп, мұңын айтса күйдіріп, қуанышын айтса сүйсінтіп кететін өнерпаз. Ақынға өнерпаз деген теңеу көп айтыла бермейді. Сағи ақын шын мәнінде, зергер, өнерпаз. Сөзден түйін түйген, сезімнен күй қайырған, жаман жаза алмайтын, қаламының ұшында Жаратқан берген жеті бояудың шұғыласы мен құбыласы тең түскен ақын. Оның өлеңдерін оқыған қарапайым пенденің өзі ақын болып шалқып, сезім болып балқып, көңілі кірден арылып, сағынышы сабылып, іздеген жоғы табылып, өзін шексіз бақытты сезінеді.
Жаның жүдеп, көңілің кірлегенде Сағидың өлеңдерін оқысаң, алабұлтты аспаның шәйдай ашылып, мұң мен шерің басылып, кеудеңде көкемарал бүр жарғандай болады.
Туған далам, сенің аппақ көп құсың,
Кең дүниенің шарлап ұшып
кетті ішін.
Бір жарқ етіп түспедім ғой көзіңе,
Мені ұмытып бара жатқан
жоқпысың?!
«Жоқ, ұмытуға болмайды» деп оны қаламдас, қатарлас досы, қазақты қара үзген ақындарының бірі Жұм ағам – Жұмекен Нәжімеденов жазғандай, біз Сағи ақынды ұмытқан жоқпыз. Күйбең тірліктің ауанында адасып аз-кем естен шығарған кездеріміз болса, ақынның рухы кешірсін, бірақ ол ешқашан ұмытылуға жатпайтын ақын. Тізімнен шықпайтын талант. Әрине, әркімнің өз Сағиы бар шығар деймін. Менің Сағиым өзімде. Әркез қайыра соғып, құмарта оқып, көңілімнің аспанын ашып отырамын.
Сағи аға,
Сыршыл аға, жорға жыр,
Ауыл жаққа түспей кетті жол қазір.
Туған жерім кетті ме деп ұмытып,
Бұл інің де қамкөңіл боп зорға жүр.
Ерке Жемнің екі жағы – ұямыз,
Бір өзенге екеуміз де сиямыз.
Бір далада жыр жазыппыз жарысып,
Сол даланы қалай, қайтіп қиямыз?
Жырларыңның күміс еді егесі,
Сұлулық пен іңкәрліктің егесі.
Бір көктемде кете бардың қайырылмай,
Көктемде ақын өле ме екен, о, несі?!
Көзге жұмсақ болғанменен шынарсың,
Сен ұстаған жерден ғана сынарсың.
«Бір жарқ етіп түсу үшін көзіне»,
Туған жерге ұшып кеткен шығарсың.
Ақын 1994 жылдың көктемінде кенеттен өмірден озды. Тайыр Жароков қайтыс болғанда жыр тұлпарларының бірі Тұманбай ағамыз: «Шығарып барып көк белге, тоқтатты міне, ол көшін, ақындар тусын көктемде, көктемде бірақ өлмесін» деп қоштасқан болатын. Жастар театрында болған қаралы жиында қамығып сөйлеген үркердей топтың ішінде қанаттас қаламгерлер Қадыр аға мен Тұмағаң Сағи қазасына қатты қайғырып еді. Енді ол ағалар да арамызда жоқ, бірақ олардың оттан ыстық жырлары қазақ жүрегінің лүпілін тоқтаусыз дірілдетумен келеді. Керемет толқын еді олар, кемел толқын еді олар.
Бұл толқын жаралы жылдардың жарасын жырмен жазған толқын болатын. Жұмекен мен Мұқағали, Қадыр мен Тұманбай, Сағи мен Шәміл, Төлеген мен Төлеужан, Сабырхан мен Бекен, Өтежан мен Әділбек, Меңдекеш пен Фариза ақындар алпысыншы жылдардың ортасы мен жетпісінші жылдардың аяғында Алматыны ұстап тұрды.
Ардақ ақындар ансамблі аламанның делебесін қоздырып, қазақ поэзиясының қазынасын одан әрі толтырып, көркем ойдың келбетін асырып, әр қазақтың көңілінің төрінен мықтап орын алды. Сол орын әлі де биік деңгейде. Қайта жыл өткен сайын жанданып, жарқылдап, жаңғырып, өлең сүйгіш жұрттың сағынышы мен сезімін қатар өріп, баурап, баулап келеді. «Қайда екен, қайда сол жылдар» деп айналасына алақ-жұлақ қараған адал оқырманның жаутаңкөз ізденісін енді таба алармысың?
Мұндай мазмұн мен пішін, тотыдай құлпырған тропалар мен оты маздаған образдар жалпы ағыстың какофониялық шуылына әл бермей, полифониялық дыбыстардың өзін әдемі әуез, әсерлі моносазға бөлеп, қазақтың қара өлеңінің төсегіне жаңаша бедер мен жарқын өрнек салумен болды. Сезімтал жүректің кардиограммасына жан дірілін жазбай салатын жорға-жырдың сызбалары әуелі Сағи ақынның сырбаз көңілінің өзінде түзіліп, содан кейін барып оқырман жанының диафрагмасына қонақтайды. Сол кезде діл сәулесі адамның көңіл сарайына өзінің шұғыласын түсіріп, оның алыс түкпірлеріне нұрын таратады.
Әдебиет атты қасиетті ауылдың белдеуіне өз жүйрігін байлаған ақын өткен ғасырдың 50-жылдарының орта кезінен бастап қазақ поэзиясының қалың дүрмегіне қанатын жая қосылып, бірден үркердей топтың алдыңғы легіне қарай кеуде оздырып, шығандап шырқаған жүйріктердің қақ ортасында маңдай кекілін дала желі тербеп, әрқашан озумен болды. «Жүйрікке қалғаннан да озған оңай» деп Қадыр ақын кестелегендей, шапса озып отырды. «Ертеңнен салса, кешке озған, ылдидан салса, төске озған» осынау топтың екпіні қандай еді кезінде! Жұмекен ағамыз: «Бұл адамды жаратқанда ақын ғып, құдайға да біткен шығар батырлық» деп жазса, бұл сөздің астарында бір эпосқа жүк боларлық ой жатқанын айтпасқа әддіміз қайсы.
Сағи ақынның қай тақырыпқа жазған жырын алып қарасаңыз да кәнігі шебердің қолынан шығып, жұтынып, көз жауын алып тұрған жауһар өнерді жазбай танисыз. Жалпы, ақын мына тақырыпты жазған деп жіктеудің өзі бір қарағанда, тым шартты. Тақырыпты тар шеңберде алып қарап, Бердібек Соқпақбаевты оқытқан әдебиет пәнінің мұғалімі секілді күлкілі жағдайға дейін баратын сәттер де поэзия сынында кейде шаң беріп қалады. Сағи Жиенбаев поэтикасы тұтас бір адами құндылықтарды барлық қырынан ашып көрсете алуымен ерекше. Нәзік лиризм, сыршыл психологизм, сұлу романтизм жыр құдайы – Фебке ақын өлеңдері арқылы сүйрік саусағын созады.
Оның қай өлеңі де шынайы сезім мен сыршыл пейілден туатындықтан, ақын мына тақырыпты былай жырлапты деп айту – өлеңге комментарий жасаудың ең олақ түрі. Жалпы, өлеңге түсініктеме беріп жатудың өзі артық, оқырман ақын өлеңін өзінің көңіл деңгейіне орай қабылдайды. «Бағалап, ұқтырам ақын жанын, тақтай сабап жатқандай тақылдадым» демей ме Жұмекен Нәжімеденов, біздің де кей пікірімізден тақтайдың таңқылдақ даусы шығып жатқан жоқ па екен осы?
...Бір күні (бұдан қырық жыл бұрын) теледидарды ашып қалсам, Досхан Жолжақсынов бір керемет сазбен ән салып отыр. Құлақ түре қалдым.
Дүниеге келер бір рет,
Дария – кеуде, тау – мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым аман-саумысың?
Ән жүректі баурап әкетіп барады. Беріле шырқаған Досханның кішкентай мұрты да ән салғандай едірейіп кетеді. Көз алдыма қадірлі ауыл қарттары, әкемнің көзін көргендер тізбектеліп келе қалды. Мен де әнмен бірге оларға сәлем беріп жатырмын. Досхан өзі де сол бір аяулы ауыл қарттарының алдында отырғандай көзін сәл жұмып, беріле, еміне, әнді одан әрі тереңдетіп бара жатыр.
Өздерің болса жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,
Дән иісі жүрген қанында,
Даламның бір-бір бөлшегі.
Менің де танауыма қырманға суылдап құйылған жаңа дәннің жұпар иісі келгендей болады. Анам оттан алып, сары майға бұқтырып, буын бұрқыратып алдымызға қоятын таба нанның қасиетті де ғажап иісі жан сарайымның жабығын ашып, сағым құшқан сары даланың саумал самалы содан лекіте кіргендей күй кешемін.
Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп.
Айта алмай ауыз толтырып,
«Ассалаумағаләйкум» деп.
Алланың нұры жауғыр Досекем-ай, қайдағы-жайдағыны қозғап, алпыс екі тамырды иіттің-ау. Ауыл қарттарына ауыз толтырып сәлем бере алмай жүрген кешегі күндер мен көңілдері қоңылтақсып қалған бүгінгі қарияларымыздың алдында сәлем бере алмай жүрген ұятты көңілдің кінәсін ақын қалай айтып кетті. Енді амал жоқ, ақынның осы жырындағы мына резюмені қайталап оқып, шүкірлік етеміз:
Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші.
Осы өлең-сазды төгілте, тебірене шырқаған кешегі жап-жас Досханның өзі қазір қаланың қадірлі қариясына айналып бара жатыр. Қария дегенім көңіліне келмесін, бірақ Досекең қазыналы қария болады, оған еш күмән жоқ. Өйткені, оның кеудесінде осындай жалыны сөнбейтін, жаныңды емдейтін, сағынышы селдейтін өнер туындылары тұнып жатыр. Ақынның кәусар шығармаларын осылай тал бойына сіңірген таланттар Сағи ақынның сыршыл мектебінен дәріс алғандар. Демек, жақсы жыр – жан азығы деп қалыптасқан тіркестердің өмір бар жерде өлең бар деген ұғыммен ұрандас болуы әбден заңдылық.
Біз, соғыстан соң туған ұрпақ өкілдері, осынау қаһарлы жылдардың әдебиетін жанымызға жақын тұтып қабылдаймыз. Өйткені біз күні кешегі ұлы жеңіске басқалардан гөрі бір табан жақын тұрмыз. «Күркіреп күндей өткен» сұрапылдың жаңғырығы біздің қамкөңіл аналарымыз бен қаһарман әкелеріміздің жүрегінде әлі жаңғырып тұр. Сол жаңғырық біздің де көңілімізді Сағи ақынның жырлары арқылы одан әрі жаңғырта түседі. Қатарға тұрған қаһарман жырлардың қайраткер гвардиясы аға ұрпақтың қаны мен көз жасына куә болғандықтан да соғыс тақырыбындағы ақын жырлары біздің буынға етене жақын.
Ақынның «Оң аяқ» деген керемет өлеңі бар. Ұлтымыздың ұлы дәстүрін, ұлағатты салтын, ұғымтал ырымын шынайы жеткізген бұл жырды соғысқа қойылған еңселі ескерткіш деп даусыз қабылдауға болады. «Көкең аман келер ме екен, құлыным, оң аяғыңды көтерші», деп батысқа жанары жасаурап қараған қамкөңіл аналардың көз жасып көрген бала Сағидың көз алдында қалған осынау сурет кейін оның қаламынан адам жанын терең сезімге бөлейтін ғажайып жыр болып дүниеге келді, Бұл өлең соғыс тақырыбында жазылған жырлардың әлемдік антологиясына қымсынбай қосуға болатын туынды. Осы жырмен қанаттас, саптас Жұмексн Нәжімеденовтің «Із» атты туындысы мен бұдан кейінгі логикалық жағынан жалғасты Ұлықбек Есдәулеттің «бұрышы жоқ киіз үй» туралы өлеңі қиын кезеңдегі ұлттық ұстынның тұжырымдамасының жалғасындай болып қабылданады.
Соғыс кезіндегі тыл шындығын қапысыз көрсететін ұлттық поэзиямыздың кемел туындылары басқа халықтардан гөрі біздің жұртымызда ересен көп сияқты көрінеді. Ашаршылықтан арып шығып, репрессияның қанды қасабына іліккен халқымыздың көз жасы құрғамай жатып, соғыс сұрапылына түсіп, танкі таптаған талайлы тағдыры әсіресе, қазақ поэзиясында қасірет антологиясын құрайды. Бұл тақырып, әсіресе, Сағи жырларында сондай терең мұң, тебіренген сыр, күйзелісті жыр күйінде қатты көрінеді. Өтежан Нұрғалиевтың қаламынан туған тарихи траго-элегиялық туындылардың өзі Сағи Жиенбаевтың көз жасындай мөлт еткен жырларының құлашын кеңге сілтеген ақиқатшыл аннотациясы секілді болып көрініп кететіні бар.
Поэзия туралы пікірлер тоғысы олардың туындыларын салғастыру арқылы да айқындалып жатады. Мұндағы мақсат бірін аласарту, бірін әдейі көтеру емес, бұл оқырмандық көңілдің жеке пікірге иек артуы. Талғам туралы таласпаймыз, біреуге көк түс, екінші біреуге ақ болып көрінуі мүмкін, бірақ әңгіме аспан туралы болса, екеуміздікі деген жобаға келетін сияқты. Абайдың арда пікірін еске тұтып, «күлімсіреп аспан тұр» деген ұғымға қосыла қол қоямыз. Өлеңнің құдіреті де осында ғой, аспанның өзі күлімдеп, жердің өзі жан-жаққа жымия көзін салады. Үндесім мен үйлесімнің гармониясын түзуде өмірде де, өлеңде де бәйге басында болған ақын Сағи Жиенбаевтың қазақ жырына қосқан үлесін туған халқы ешқашан естен шығармайды.
Асылы, адам жаны құлазып, шаршаған кезде, өмірдің өгей түйткілдері сансыратқан шақта, көңілің пәс тартып, аспаның бұлттанған сәтте Сағи жырларын оқу керек. Жаның сонда терезесін ашып, санаңа сергек самал құйылып жүре береді. Сондай кезде өмір де керемет болып кетеді. Бәрін ұмытасың. Ақынға рахмет айтасың. Оң иығыңдағы періште сенің алғаусыз алғысыңды сол сәтте аспан жаққа қарай алып ұшады.
Осы мақаланы жазу үстінде біраз толқыдым. Сондай күндердің бірінде XX ғасырдағы қазақ поэзиясының жауһар жүгін сана сынынан өткізіп, екі томдық қазақ жырының антологиясын түзіп шыққан Сауытбек Абдрахмановпен ұшырасқан бір сәтте Сағи ақын туралы жазып жатқанымды айттым. Ол өзіне тән мәнермен басын таңдана шайқап, (әрине, ақынға) «Ой, несін айтасың, ғажап еді ғой, әлі есімде, Жамал Омароваға арнаған өлеңінде: «Жамал апа!» дегенде жалт қараймын, кең далам кіріп келе жатқандай-ақ» дегенде, шынында да бөлмеге апамыз кіріп келе жатқандай жан-жағымызға қарап қалушы едік», деп тебірене сөйледі.
Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толды. «Көктемнің балғын кезі еді, жыршы құс көкте ағылған, Жемнің де жасыл өзені, көгілдір мұнар жамылған» деп жырлаған ақын мамыражай мамыр айында дүниеге келген болатын. Сол көктем, сол жасыл шалғын, сол Жем өзені, сол жыл құстары тағы да ақынның туған жеріне қиқулап келіп, өмір өлеңін қыздырып жатыр. Құм жағалай құлдыраңдай аққан ерке Жемнің жағасында бір қалқанқұлақ қара бала жүгіріп бара жатқандай. Мүмкін, ол Сағидың ізбасары, қазақ жырының құлыншағы шығар. Әлде, алтын бесігін сағына жеткен ақынның рухы ма екен?!
Қалай болғанда да, қазақ жырының қаражорғасы Сағи Жиенбаевты қазағы ұмытқан жоқ, ұмытпайды.
Өтеген Оралбайұлы,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты