ДАРЫНДЫ ӨЗГЕЛЕРДЕН БҰРЫН ӨЗІМІЗ БАҒАЛАЙЫҚ
2024 ж. 31 шілде
2418
0
Ақын Қазыбек Исаның “СЫРТОЛҒАУ” жыр кітабы хақында
Біз, бүгінгі қазақтың көрнекті ақыны Қазыбек Иса екеуміз өткен ғасырда, сонау сексенінші жылдарының ортасында жастардың «Жігер» фестиваліне бірге қатысып, ақын ретінде Алаштың арқалы ақыны Сәкен Иманасовтың секциясында талқылауға түскенбіз. Еліміздің барлық өңірінен келген жас ақын-жазушылардың ішінен арамыздағы жанды суреттерімен жарқ еткен екі ақын – Тыныштықбек Әбдікәкім және осы Қазыбек Иса еді. Қазекеңнің өлеңдерін қазақтың көрнекті ақыны Иранбек Оразбаев бірден жоғары бағалап, «Жігер ашқан жаңа есім» деген айдармен «Қазақ әдебиеті» газетіне жарқ еткізіп, жариялады. Ол кезде бұл газетке шыққандар республика көлемінде әдебиетке келіп, ақын ретінде мойындалғандар болып есептеледі. Салмақты сарапшылар арасында Иранғайыптан басқа арынды ақын Аманхан Әлім және т.б.елге белгілі ақындар болды. Қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасы бірнеше мәрте телеарнадан көрсетті. Мен ол кезде құрылыста жұмысшы едім. Қазекеңмен ақын Нұрлан Әбдібек үшеуміз құрылыстың ерлер жатақханасына барып, менің бөлмемнен шай ішіп, өлең жайлы әңгіме қозғадық.
Қазекең қоғамдық аласапыраннан әділетке жол іздеген қайраткер ғана емес, ең алдымен өзгеше өрнекті нәзік лирикасымен танылып, қоғам тынысымен бірге тыныстап, оның қыр-сырын суретті жырларымен әдебиетте де дер кезінде өрнектей білген Азамат ақын.
...Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай…
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай… («Жапандағы жалғыз үй») .
Осылай «Жапандағы жалғыз үй» аталатын роман да болып еді. Ұмытпасам, Сәкен Жүнісовтікі болар... Жалғыз үйге беттеткен бұл өлең туа біткен болмыстағы ешкімге ұқсамайтын пәнилік жалғыздықтың да, тылсымдарынан сыр аңғатқандай. Сол сырдың бір парасы «Сыр толғауында» жүйеленген екен.
...Асармыз біз де, ақыры белес,
Ақиқатты айтар келді күн!
Әкімін емес, жақынын емес,
Ақынын іздер Ел бүгін! –
Жапаннан жаһанға беттеген ақынды іздегендер оны әуелі өзіндік жыр әлемінен ұшырастырады.
«...Сөз жүгіртіп әр саққа,
Ілінсем де қанша атқа,
Жырды жығып бермедім
Мыңды жыққан мансапқа…»
– дейтін осы шырайлы шумақ айтып тұрғандай, қырдан жырға, жырдан шыңға беттеген ақын дүниетанымының тамыры да баққа да, таққа да ауыстырымайтын туған жер топырағы мен туа біткен талантында.
...Жол үстінде түйелер дымды білмей,
Маңғаз басар бағасын шын білердей.
Көлік біткен айналып өтіп жатыр
Сиырларды сыйлайтын үнділердей…,
...Тастап елді кетеді,
Мен де кеткем…
Әлінше әркім шаруасын дөңгелеткен…
Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,
Құм ішінде жатса да көмбе көптен… («Ауылға келу»),
...Табанымның ізі бар әр тасыңда,
Табындырып қоясың, тартасың да…
Құмстаннан айналдың гүлстанға,
Құрыш білек жандардың арқасында..., («Шардара»), – десе, қазақ жерін құмымен де әйгілеген бір Қызылқұмға бірнеше өлең арнаған екен.
...Ауылымның аңсап жүрмін ізгі өңін,
Мәңгілікке жабысқан-ау бізге мұң...
Жүрегімде қалды өйткені жазылып,
Құмда қалған бала күнгі іздерім... («Қызылқұм»).
...Жеткеннен соң хабары көктемнің де,
Қорадан қой ерте өріп кеткен мүлде.
Гүл исінен кем емес қидың исі,
Жалаңаяқ жетелер өткен күнге... ("Қызылқұмда далада жатқан қандай").
...Қызылқұмның қуатын,
Бойға жинап бір ақын,
Алматыға аттанды,
Алладан деп рахым...,
...Қайран тәтті бала күн,
Қайдан сені табамын?
Есейді екем несіне,
Еселеді нала-мұң... («Сырымды айттым далаға»).
Соңғы шумақта айтылған бала күн тәттілігі «Тәттілік» деген өлеңіндегі
«...Балалығым, бүгін маған мұңсың тек,
Балдай қауын…
Түске кіріп жүрсің көп…
Балаларды жылда ауылға жіберем,
Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!..» –
дейтін жыр жолдары ұрпақты ұлттық құдіретті түсінуге икемдеу үшін ауылға деген ықыласын шыңдайтын формалық жаңалық.
«Баланың жегені де, дегені де тәтті» десем, тағы бір оқиға түйініне назар аударайық. Ақын белгілі сатира ақыны Лесбай Оспанов марқұмның рухына да күшті жыр арнапты. Лесбай ағамыз менің Желтоқсандық тағдырласым ғана емес, Қазастан Ұлттық телеарнасында бірге жұмыс істеген әріптесім де еді. Жүзі жылы, аман-сәлемі түзу азамат болатын. Ол нарық заманының қиын кезінде қызылсыраған балаларын бір тойдырайын деп, қой сойса керек. Қойдың бүйрегін жеуге асыққан кіші баласын:
«Кiмге жетер,кейiн жеймiз екеумiз,
Елдiң бәрi ұйықтасын», – деп алдайды.
Ұмытылып шешесi де, асы да,
Ұйықтауға елдi үгiттедi ол асыға.
Бүгiле қап бүйректей боп томпиып,
Жатып алды әкесiнiң қасына, - дейді.
«...Түске кiрсе естен қалай шығады,
Тұра салып тағы бүйрек сұрады.
«Сен оянбай қойғаннан соң жеп қойдық», –
дегендi естiп, үнсiз қалды... шыдады...» -
деп, жеңсік ас аңсаған баланың талабын орындай алмаған Лесбайдың өкінішін өлеңмен әсерлі жеткізеді.
«...Қатал өмiр қарамайды сиқыңа
Тағдыр тартса болар қандай күй кiнә?..
Сүйiктi ұлдың сүйген асын бере алмай,
Лесбай да кеттi мәңгi ұйқыға...
Тойына емес... жаназаға... ой, Алла-ай
Сойылды мал. Сұм ажалың қоярма-ай...
Бүйрек жемей кеттi бала бұдан соң,
Көкесi оның қойды, өйткенi оянбай...» деп, жүрек шымырлатар шумақтармен «Бүйрек жегіш бала» деген өлеңінде ақын Лесбайды тебірене суреткерлікпен еске алады. Әрине, қиын кезде қинайтын сәбидің таным шеңбері де ойыншықтар әлемі деңгейінде.
...Ессіз көңілдің екпіні менен тоқтығы,
Көрсетпей келді-ау көп мұны…
Ойыма енді орала берді мұң болып,
Ойыншықтарды жинайтын жанның жоқтығы…
Өр кеуде жан ем, ерегісетін тағдырға,
Өмірге мынау өгейсіп мүлде қалдым ба?
Ойсырап тұрып жеңілдім, өзің ойнаған,
Ойыншықтардың алдында… («Ойыншықтар»).
Мұнда ойыншықпен құмары қанғанша ойнай да алмай, тағдыр талқысымен періште күйінде әкесінен алыстап кеткен сәби тағдырын жүрекпен сезінуді ақын өз басынан өткізген екен.
Ал, қоғамдағы жағдайға ауыссақ, тереңнен тартқан зор толғау балаға қатысты заманауи ұлт қасіретінен де сыр шертеді. Соның бірі 2019 жылы ақпан айында Астанадағы ата-анасы жан бағыс қамымен жұмыста жүргенде аядай лашықта өртеніп кеткен бес нәресте қыздың, Қармақшыда өрт құшағында мерт болған үш ұлдың тағдырын ақын шерлене жырлайды. Менің де бір жиен қарындасым жұбайы және үш ұлымен қала шетіндегі аядай лашықта иіс тиіп, 2013 жылы бес адамды өз қолымызбен егіле жерлеген едік. Сол күні сақылдаған сары аязға қарамай жиналып, жаны жылаған адам санында есеп жоқ. Асты өзім жүргізіп, жан шерімді жырмен жеткізсем, бұл орайдағы және өзім де кішкентай жеті баланың әкесі болғандықтан бала басына екі мың теңгедей ғана келетін 16 мың жәрдемақы да екеуміздің ортақ тақырыбымызға айналыпты. Қазыбек төмендегі жыр жолдарында билікті орынды сынаған.
...Қайран қазақ қалай ғана көп болар –
Біздер өртеп жібердік –
Бес баланы – бес гүлді...
Періштелер –
Пейішке ұшып кетті олар,
Мазаламас енді қыздар ешкімді...
...Бұдан кейін қоғамға кім сенеді?
Көктей солды қызғалдақтар көкөрім...
Көкке ұшып кетті олар, себебі,
Біздің елде періштеге жоқ орын!...
...Ақордамыз тұрған асқақ қалада,
Бес періште күлін көкке ұшырды...
Қызылорда – Қармақшыда қармақ салып балаға,
Улы түтін тұншықтырды үш ұлды...
....Тәуелсіздік – бағым-барым деп келем,
Әйтпесе көп жүректегі жарамыз...
Бес періште қазасына
Беттері бүлк етпеген
Билікпенен біздер қайда барамыз?!.. («Жер бетінде періштеге жоқ орын»).
Бұл толғаудың тура бағасын әйгілі театр және кино тарланы Талғат Теменов берді. “Жер бетінде періштеге жоқ орын" толғауы. Есімде бар ол өлеңнің қалай туғаны. Бұл - өлең емес, мен үшін реквием...
Қазыбек бес періштеге өлеңмен ескерткіш қойды. Күндердің күнінде Астанаға сол ескерткіш қойылып жатса, Қазыбектің өлеңі онда ойылып жазылатынына күмән жоқ.
Қазыбек Иса батыл айтады, батырып айтады. Сезімге де солай, ғашықтығын жасырмайды. Шын ақын солай болған дүр.
Қазіргідей заманда осындай шынайы да, мөлдір поэзия керек."-деп жоғары бағалады. Біздің бұл таланттың тамырын тап басып, дәл айтылған сөзге алып-қосарымыз жоқ. Тек айтарымыз, Қазыбек Исаның осы бес періштенің қазасы жайлы жырының бейнебаяны интернетте қатты таралып, қоғамға зор қозғау салып, ақыры аналардың көшеге шығуына, оның соңы үкіметтің ауысуына әкеліп соқты...
Материалдық және рухани мұқтаждық қоғамдағы жағдай ғана емес, ересектерді де тәрбие, парасаттан аластайды. Соның ең ауыры – қазақ қоғамын жайлаған некесіз тастанды бала тағдыры.
...Мерезi емес мейiрiмi тонаулы,
Түйсiксiздер түсiредi жүрегiңе жүктi зiл...
Аппақ қарда ақ көрпеге ораулы,
Сәби жатыр қып-қызыл...
...Мойынына бұршақ салып бiр перзенттi тiлеген,
Қайран бiздiң бабалар...
Қазiр ендi сұлулар көп еркекпен бiр түнеген,
Қайда кеткен аналар?..
...Ойлайтұғын Ертеңi емес... етегiн,
Опасызды толғандырмас тоғыз ай мен толғағы...
Дарияға тастағанда Мұңлық-Зарлық екеуiн,
Мыстанның да қалтыраған қолдары...(«Мұңлық-Зарлық мұқамы» хамсаяты). Бұл шумақтар – жүрегінің түгі бар жандар үшін ащы да зілді
дүниелер. Амал не, құлақтан бұрын жүрекке жететін зар мұнымен бітпейді. Біреу аналық міндеттен қашса, біреу ананы өзінің өмірінен жоғары бағалайды. Соның бірі – ананы рухани әнұранға айналдырған Шәмші ағамыз. Оның «Ана туралы жыр» әніне арналған ақын өлеңінен оның өз анасының да ертерек дүниеден өткенін аңғарсақ та,
«...Енді сенсің – еліңнің ұран-әні,
Әуеніңе кім шыдап тұра алады?
Әлдилеген даланы әндеріңнен,
Қазақстан картасы құралады… («Ән аға»). Әдемі шумақ арқылы ән құдіретінің ауқымына да көбірек мән береді. Шәмші әндері арқылы жеріміздің-тұтастығы тұтас бір әнұранға айналып тұрғандай. Екіншіден, карта деген салынған сурет. Бұлай жазуға ақынды оның бойындағы көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры – суретшілік өнері болса керек. Жыр сияқты суретті де кейде өз ортасы «салады» демей, «жазады» деп әсірелей сөйлейді. Онда Қазыбек те екі тараптан жазатын қалам мен қылқалам шебері дер едік. Сол Шәмші ескерткішінің Түркістан облысындағы ашылуына барып қайтқан күні Қазыбек «Ақ жол» партиясы мекемесінде Желтоқсан ардагері ретінде бізбен кездесу өткізіп, соңынан мені партия төрағасы Азат Перуашев екеуі сурет, мүсін өнерінің кереметтері жинақталған еңселі мұражайға алып барды. Бұл Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері, мүсінші, марқұм Тілеуберді Бинаш ағамыздың мемлекет қолдауына алынбаған мұражай үйі екен. Үйдің екі қабатын толтырған мүсіншінің шығармалары мен өткен ғасыр жәдігерлерін тамашалап, тарихтың бір белесіне саяхаттап қайттық.
...Аз ғұмырда болып өттiң ашынды,
Бейбақ тiрлiк берекеңдi қашырды.
Дәрiгерiң ақша тауып әкелдi
Байғұс Ван Гог, көтершi ендi басыңды...
Тiрлiгiнде тиын таппай қорланған,
Жалғыз ғана картинаңды зорға алған.
Халықтың бұл кешiрiмiн түсiнгiн,
Дорба толы ұсынылған доллардан.
Сурет өнерінің рухани құдіретінің бағасын кейде нарқынан да байқауға болады. Әлемдегi ең қымбат картина ретінде Висент Ван Гог салған «Доктор Гаше» портретi Нью-Йоркте 82,5 миллион долларға сатылса, бұл күйбеңнен сурет тамашалауға мүмкіндігі жоқ, өзімдей күрек пен өнерді қатар ұстаған қарапайым еңбеккерледің тыйынға татымайтын жалақысына мәз біздер үшін қаншалықты әсері бар деп те ойларсың. Бірақ, ықылас қоятын уақытың болса, өнер құдіретіне жетелейтін құбылыс та танымы, терең, жүрегі нәзік жандардың бойындағы құпия сезім құдіретінен туындайды. Менімен теледидар саласында бір кабинетте жұмыс істеген белгілі ақын Өтежан Нұрғалиев қарапайым талантты суретші Мақсат Бексұлтанның Аңырақай шайқасына арналған тарихи, көрнекті де, көлемді картинасын сатуға көмектесу үшін сол кезде әкім Заманбек Нұрқаділовке кіріп жолыққанын айтқан еді. Әйтсе де бұл туындының сатылуында Қазыбек Исаның да еңбегі зор екендігін өз ауызынан да естігенмін. Атақты "Аңырақай шайқасы" картинасын Заманбек Нұрқәділов алса, оның автор салған екінші нұсқасын саясаткер Азат Перуашев алып, суретшіге үлкен қолдау жасаған екен.
...Өзгермеген өз ойынан өр кеуде,
Жаққан шырақ айналды ғой сөнбеуге.
Бар болғаны үш-ақ адам келiптi,
Бар әлемдiк суретшiнi жерлеуге...
В.Ванг Гогқа қатысты бұл шумақ ақын Мұхтар Шахановтың марқұм шешемнің қырқына келгенде «Алматыда бір ұлтшыл өр қаламгеріміздің жерлеуіне елу-ақ адам келіп, керісінше, орыс әндерімен танылған қазақ жұлдызын жерлегенде екі жүз мың адам жиналды» деген сөзін де еске түсіреді екен.
...Әлемдiк талай көрмелердегi
Әлемге енiп сөйлестiм...
...Бояулар сыры барады тартып
Түсiмен және иiсiмен...
...«Түрксiбi» бар даламда мына,
«Уақыт пен жер» түледi.
«Менiң ауылымның адамдары» да,
«Тыныштық» тiлеп жүредi, - деп, «Әсемдік әлеміне саяхат» өлеңінде Леонардо да Винчи сияқты ғаламдық, Ә. Қастеев сияқты ұлттық қылқалам шеберлерінің аты-жөні мен туындыларын әсем жырмен әдемі таныстырып, оқырманға артық-кем сөзі жоқ мол мағлұмат берген.
...Тоқал тамның басында топ қызғалдақ
Түсiредi жайнаған шоқты есiңе.
...Орақ жайын ойыңа алу қиын,
Қызғалдақтан қып-қызыл қан шығардай...
...Қызғалдақпен қаны бiр ғазал жазсам,
Қызыл бояу қаламнан төгiледi...
...Бетке шықты қызылы даламыздың... («Қызғалдақты жыл туралы жыр»). Ақын қандай жыр жазса да көз алдына төгілген бояу елестейтін сияқты.
Жыр да, бейнелеу өнері де Қазекеңнің әу бастан зердесін айшықтап, қиял көгіне самғатқан қос қанаты. Қоғамнан сөз бен сурет өнеріне ортақ бір тақырыпты, яғни, кешегі нәубет тақырыбын алайық. Көрнекті суретші Бексейіт Түлкиевтің «1937 жыл. Әкеммен қоштасу» картинасында заман қасіретін жан сезімі және қылқалам құдіретімен жеткізсе, Қазыбек сол кездегі жазықсыз құрбандардың көрнектісі, жыр дүлдүлі Мағжан Жұмабайға арналған жырымен ащы шындықтың тамырын түптейді.
Ақынның "Азанама" жыры поэзия сыншылары өз алдына жеке тоқталатын, зерттелетін өзгеше дүние.
...Ойламайды баспананы, басқаны,
Бiрде жетiп, бiрде жетпес ақшаны.
Ойламайды достарынан қарызын,
Жоспарынан кешiктiрген баспаны...
...Ойламайды ендi ешқашан жағдайын,
Жүргенiн де тасқа соғып маңдайын.
Ең сұмдығы – өлгенiн де бiлмейдi ол
Бұл өмiрге келмеген бiр жандайын...
...Тiрiсiнде көрмеп едi тыныштық,
Тыныштыққа кетiптi ғой дұрыс қып...
...Жазамын деп жүрушi едi заман жайлы зор дастан,
Өлiп кеттi қайран ақын, кемерiне толмастан...
...Ең соңғы рет есiне алды туып-өскен даланы,
Жер жүрегiн солқ еткiзiп, түсiп кеттi қаламы...
...Жүргенiмен астанада жүрегiне ән қонып,
Жүрушi едi баспанаға зар болып...
...Әншейiнде жол бермейтiн жұртты салып сан күйге,
Кезек күтпей кiрiп алды Мәңгi үйге...
...Жүрегiңе түсiрмедiң сен қылау,
Жырың үшiн құрбандыққа көндiң-ау.
Өлгенiңдi күтiп жүрген сияқты,
Өлеңiңдi iздеп кеттi ел мынау!..
Бұл керемет толғаудың кейіпкері - тар замандағы тағдыры қиын талантты ақындардың прототипі.
Пәниден жалын кешіп, бақи бесігінде тербелген Мағжан сынды Қазыбек те Күлтегін, Естемес, Бумын қаған, Тоныкөк, т.б кейіпкерлер арқылы ұрпақ ескере бермейтін тектік пәрменділігімізді танытып, Ер Түрікті жыр етті.
...Қияқұмар қыран менiң ғұмырым,
Көкке ұшқанда –
Тұран дедiм – тұғырым.
Теңiзiмдей тебiренiп терең мен,
Құлаш жайсам –
Ұлан далам – ұлы ұғым!... («Күлтегін күмбірі»).
Отырған жерде Алаш пен Азаттық тақырыбын араластырмаса, құр сөзге қанағаттанбайтын Қазыбек ғаламдық жарыстарда ұлт намысын қорғап жүрген әйгілі боксшы Қанат Исламмен кездескендегі әңгімесін бізге айтып берген еді. Сол таңданысын кітабында шабытты жырмен де жеткізген екен:
...Қазақ туын желбіреткен әлемге,
Қазақ сөзін айтып жүрген бар елге,
Қанат Ислам бауырымның сырласы,
Халқы бар да, елі жоқ,
Саны көп те, жері жоқ,
Туыс ұлттың тұлғасы,
Інімізге ағытыпты шер-мұңын:
«Баға жетпес Бақыттысың сен бүгін!
Егер менің Қазақ xалқы секілді
Елім болса Тәуелсіз,
Жерім болса Тәуелсіз,
Айырбастар едім бақтың барлығын да не түрлі...
....Ат үстінде түнеген-
Көк түріктен түлеген-
Қазақтығым, Азаттығым –
Бағасы жоқ Ұлы өлең!..-
дейді, "Тәуелсіздік" жырында тебірене жырлап. Сол ел мен жердің азаттығы үшін шыққан жастарды да, оған қоса, «Қазақстанның бас тілі - қазақ тілі болсын!» деп, мен өз басымнан өткізген, мінбе түбінен ұрандатқан Желтоқсан көтерілісі туралы ащы шындықты өткір де, өрнекті жырымен бейнелейді.
«...Желтоқсанда атқа қонып тағы біз,
Аппақ қарға ағып қызыл қанымыз ...» деп, шерленсе, көтерілістің кешегісі мен бүгінгісін одан әрі:
«...Бура болып жүргендер бұғып қалып,
Буыршындар бұрқырап мұзға тайды...
...Декабристер iшiнде бола алмаған
Пушкин сынды пұшайман халге түстiм...
...Дәрiсiмдi ұмытып шәкiрттерге
Дәрi сынды... жыр оқып тұр екенмiн...
....Өзгертiп ап тiлi мен тiлегiн де,
Мың құбылар жүрiп-ақ Ұлы елiнде...
Ауа райын баққандар дайын тiптi,
Ауыстырып алуға жүрегiн де... («Ақиқат дауысы»)» деп, осы жыр үзінділеріндегідей тамырын дәл басып жырлаған. Көтерілісті көрмегендер «қатыстым» деп, биліктің сойылын соққандар «жастарды қорғадым» деп, көпіртіп жатқан суайттар өзіндік танымы жоқ болғандықтан, «Желтоқсан дұрыс болмапты» деген шешім қалыптасса, оған да қосыла кетуге дайын. Ол кезде ауылдамектепте мұғалім болғандықтан да, Желтоқсан көтерілісін көзіммен көре алмадым деп, "Декабристер ішінде бола алмаған" Пушкинше ағынан жарылған Қазыбектей шындыққа жүгіну талайдың қолынан келмей жатыр. Ол онсыз да бұл тақырыпты ешкімнен кем қозғаған жоқ. Өз басым Желтоқсан көтерілісіне жат тілден қорлық көргендіктен, жат басшы елімізді басқаруға келгендіктен алаңға шықтым...
Қазыбек Иса 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына арналған Республикалық мүшәйраның Бас жүлдегері атанса да,
«...Құлдар ел басқарса масқара, -
Құлдығың қайтадан орнайды…
Қазақша білмейтін Астана,
Қазақты қалайша қорғайды?...» деп, тілге қатысты елдің ойынан шығып, билікті жайлаған дүбәрә көріністі де батыл сынайды. Несіне қорқамыз? Ал, Қазыбек Иса ана тілін аттап өтіп, Ресей тілінде сөйлейтін қазақтарды сынаса да, талантты таныған Ресейдің әлемнің 37 елін құрайтын Халықаралық жазушылар ассоциациясы оны Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық - "Алтын күз" орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері атандырды.
Құлдық сананың тағы бір азаттыққа қатерлі қыры
«...Кірмеге кіріптар боп күнің,
Кіргізді бар дінді бай мекен…» дегендей, саяси отарлықтан азат болғанда рухани отарлыққа басымызды тықпалауға жол берген элитаның қараңғылығынан да байқалады.
Отыз жылдағы озбырлықтың бірі 2011 жылғы Жаңаөзендегі қантөгісті қайсар қайраткер, ақиқатшыл ақын Қазыбек Иса сол кездің өзінде ашық айыптайды.
...Жаназа боп мереке,
Жаңаөзенді жел керді…
Ашынған аш ел өте,
Той қазанын төңкерді!..
Қара мұнай орнына,
Қан ағызды қып-қызыл…
Ел Тәуелсіз болды ма,
Басты батпан тіпті зіл…
Ақысы тер төккеннің,
Жетімдік пен жесірлік...
Нанын талап еткеннің,
Қанын төгу не сұмдық?!.
Аң атқандай қуып әр,
Боялды ғой құм қанға…
Аң атсаң да, құны бар,-
Ал қазақта құн бар ма?!.
Елді қорғай алмаған,-
Кенді қорғау амалы…
Жерді қорғай алмаған,-
Жемді қорғау болады…
Тілді қорғай алмаған,
Кімді қорғай алады?
Құмар болса қамытқа,
Құны болар халық па?
Қара бастың қамы үшін,
Халыққа күш танытпа!
Бас айналса байлықтан,
Тақ айналар табытқа!..
Желтоқсанның елесі,
Ел кезіп жүр…
Айта біл!
Азаттықты келесі
Алу керек қайта бір!.. ("Жаңа дәуір – Жаңаөзен!")
Бұл тақырыпта Қазыбек екеуміздің де өлеңіміз 2011 жылы жазылған екен. Меніңше, батылдық та парасат пен білімнің нәтижесі. Ол қашан да жеңеді. Жеңбейтін жерде шындықты қорғай отырып, айналып өтетін жол табады. Бұл қаймықпай сөйлейтін қайсар күрескерге тән қасиет.
...Тiлiңе жетпей шамасы,
Бассыздар алды басыңды.
Жырыңды жаттап баласы
Жауыздың құтын қашырды.
Опасыз неме оқталса,
Опығы неткен зор едi.
Бассыздар егер көп болса
Басыңа қауiп төнедi... («Қызғыш құс. Махамбетке.»).
Бұл шумақтарда жұртта жоқты жалпағынан жайласа да, өзінде жоқ басты өзгеге де қаламайтын «бассыздар қоғамының» ұр да жық зымиян әрекеті көрініс тапқан. Әйтсе де, Махамбетше шындықты жырмен жеткізе білгеннің жырын түсінуге де бас керек. Ақын сөзбен айтып жүргенін жырмен де жеткізеді. Бассыздардан қорғанатын басты қару, меніңше, тектік тамырдан бүгінге жеткен ұлттың бойдағы мызғымас құдіреті. Тағы бір қару – әр саладағы жетістіктерің мен жеңістеріңнің нәтижесі. Кейбір қоғамдық ұйымдар билікке жіберілетін маңызды хаттарға атағың болмаса, қол қойдырмайды. Ондайларға азаттық үшін таяқ жеген сенің қолыңнан гөрі күрес тұрғысында шөп басын сындырмаған "Халық әртістерінің" қолы маңызды, әрі беделді. Мұндайда ақиқат сөзіңді билікке жеткізіп көр!... Қазыбек алған марапатын жастанып, үйде жататындар қатарынан емес, оның беделін күрес қаруы ретінде пайдаланады. Сондықтан қажырлы еңбегіне сай мемлекеттік сыйлықты ақынға қию – азаматтық парасатымыздың белгісі. Ол бүгінде оқырман жоғары бағалаған бірнеше жыр кітаптарының авторы.
Жалпы ақын жырлары әр қырынан жіктеуді қажет етеді. Оның ішінде махаббат және табиғат лирикасы өзара ажырамас бірлікте.
...Екінді кез де езді мұң,
Шөлдетті саған жер шөлі.
Көркейту үшін көз нұрын,
Көруім керек мен Сені… («Бес мезгілдің бедері»)
...Шат күндерден жүруші ек шапағатты ап,
Қалай ғана ұмыттың махаббатты ақ…
Қайран менің хаттарым…
өзің жыртқан…
Терезеңнен жауып тұр… жапалақтап… («Қарша қыз»).
...Қалаға кіріп кеткен бе,
Далада жүрген бір киік?!.
...Ақ етік басқан аппақ қар –
Ақ толқын түскен ақ айдын....
...Қар қызы ма едің, қалқам-ау,
Ғайып боп кеттің ақ қардай!..
...Қыс келген сайын, қуандым,
Қиырдан бір қыз келердей... («Аппақ қыз»). Соңғы екі өлеңнен де аңғарғанымыз – қар мен қыздың байланысы. Ақ ұлпа сезім, ақша қар қылаулап тұрып жүректен түскен сәулеге әп-сәтте еріп, көзіңнен тамшылап ғайып болады.
...Қатар жолдар түйіспейді десек те,
Қатар жүру екеумізге зор бақыт!...
...Қосылмайтын қос жолы да пойыздың
Қосылады кеткен сайын алыстап...
...Бізді ендеше еріп жүрген елеске,
Ақыр түбі түйістірер бір нүкте.
Санамызда бірге жүрміз емес пе,
Қосыла алмай қалсақтағы тірлікте... («Кеңістік кереметі»), деп, Өкінішке жол беріп, оның салдарын,
...Тақтакөпiрлiк тәкаппарым-ау,
Тақтайдай емес бұл өмiр...
...Жанып бiр кетсем жалынға мынау,
Жазықты сенсiң деп бiлем!.. («Тартымтас»), - деп түсіндіреді.
...Айлы түннен әуен тыңдап әрқилы,
Айкезбедей ай астында шалқиды.
Айдындағы ай сәулесін аулаумен,
Аймаңдай қыз көз алдында қалқиды…
Тағдыр кімге тастай қойсын көпшікті,
Өгей ұлдай өнебойы өксітті…
Өмір бірақ… өріс аша бастады,
Қайықшы шал…
Қайынатасы боп шықты!... («Өмір – өзен»). Шынайы махаббаттың нәтижесіне осылайша нүкте қойған ақын:
«...Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,
Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау….
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау! …(«Бақыт туралы жыр»)» деген өлең жолында өмірлік серігіне қатысты бақыт мәселесін ойламайтындай болып шешкен сияқты. Бақыт – салыстырмалы ұғым. Бұл орайда тұлғаның өлеңде де, өнерде де, саясатта да, азаматтық парызда да жан-жақты қырынан ашылып, сол жолда сергелдең көруіне де мүмкіндік жасау да – бақыт, яғни, Жаратқанның бір сыйы!
Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың Кеңес одағында басылмаған «Жәмилә» повесі Мұхтар Әуезовтың айтуымен Луи Арагон арқылы Францияда басылып, бағаланды. Сондықтан, шет мемлекеттер, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстанның көрнекті қаламгерлері жоғары бағалаған Қазыбек Исаны алдымен өзіміз бағалауымыз керек. Қазыбек Иса – руханияттың да, саясаттың да күрескері. Жыр дүлдүлін, ұлт пен тілдің күрескерін бағаламау – жырдың да, ұлттың да, тілдің де бағасына жетпей, рухани сетіней бастағандығымызды көрсетеді.
Сондықтан Қазыбек Исаның «Сыртолғау» кітабы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты.
Аманғазы КӘРІПЖАН,
Ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері.