ҚАЗЫБЕК ПОЭЗИЯСЫ - ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫС!
2024 ж. 31 шілде
4257
0
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗ-АҒАСЫ
«Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға,
Қас үлектен туған кәтепті
Қара нар керек біздің бүйткен бұл іске!» деп Махамбет ақын буырқанғандай,елдіктің туын тіктеуде атқа қонған,ұлт мүддесінің күрескері,ана тілі жанашыры,жалпы қалың қазақтың мұң-мұқтажын,ұлттық болмыс,ұлт мүддесін арқалаған бүгінгі қара нары деп ақын Қазыбек Исаны,яғни қазақтың Қаз-ағасын тілге алуға болады.
Шүу дегеннен ұлт мүддесі мен ұлттық болмысты төбесіне ту тұтқан жалынды ақын осы жолдан титтей де безінбей, күндіз-түні тынбай,жалықпай күрес жүргізіп келеді. Әсіресе,туған тіл мәртебесін күйттегенде—жанып кетеді ғой Қаз-ағаң!
Өйткені ақынның жаратылысы ұлттық болмыс-күйден жаратылған,ақынның жүрегі ұлтым,жұртым деп соғудан әсте жаңылмаған.
Бұл—бағанағы Махамбет ақын айтқан толарсақтан саз кеше жүріп,ел мүддесі жолында не қиыннан тайынбайтын ақынның қара нарлығы.
Ал енді Қаз-ағаның поэзиясы—бөлек құбылыс, ерек туынды.
Ақынның «Поэзия—мойнымдағы тұмар-ды» деп тебірене айтқан бір ауыз сөзінен-ақ өлеңнің құдіреті мен қасиетін жанына тым іңкәр тұтатынын пайымдауға болады.
Қаз-ағаның сарабдал туындысы-«Сыртолғау» биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр:
құптарлық мәселе,қуана қоштаймыз.
Біз бұл жазбамызда ақын ағамыздың жырларын талдап,екшеуді мақсат тұтпадық,тек ақынның мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кітабына қолдау көрсетпекпіз. Ақынның сырға толы,алаулы жырға толы «Сыртолғау» атты туындысының мемлекеттік сыйлыққа лайық туынды екенін құттап өтпекбіз.
Сондай-ақ,осыдан бірер жылдар алдын Қаза-ағаға арнаған жырымды да жариялауды мақұл деп таптым.
Ұлт мүддесін көксеп,көкке ұмтылған.
Қаз дауысты Қазыбектей бұлқынған.
Сіз жалынды бір жүрексіз,Қаз-аға,
Көмейіне жауһар жырдан дүр тұнған.
Өзімізден өрбімесе бір дерек,
Бізді баққа алар дейсің кім кенеп.
Ұлылығын ұлықтауға ұлтымның,
Елге Сіздей батыл жүрек ұл керек!
Тасқа жазған бабалар төл жазуды,
Төл жазудың құны неге тозулы?!
Ақау тұсын айту үшін қоғамның,
Ақын керек жəне Сіздей азулы.
Туған тілдің бойға тұнса тұмасы,
Есін жинар елдің ала, құласы.
Ел үмітін ақтап жүрсіз, Қаз-аға,
Атыңызға затыңыз сай, расы.
Елдік туын етем десең тұғырлы,
Ыңжықтарға не дейсің-ау бүгінгі?!
...Мүлгіп отқан марғау қоғам селт етсін,
Жарқырата бер тілің мен жырыңды!
Наурызбай Жарбосынұлы,
ақын, С. Қожанов,І.Жансүгіров және Н.Төреқұлов атындағы сыйлықтардың иегері, Халықаралық мүшәйралардың бірнеше дүркін жүлдегері.
Өзбекстан Республикасы
31 шілде 2024 жыл