АҚЫНДЫ БАҒАЛАУ - ХАЛЫҚТЫ БАҒАЛАУ БОЛМАҚ!
2024 ж. 31 шілде
4368
0
Әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың дүбірі биыл ерекше естілуде. Республикалық, өңірлік басылымдар, белгілі сайттар, әлеуметтік желілерге дейін жаппай талқылау жүріп жатыр.
Солардың ішінде дарынды ақын, қарымды қайраткер, арынды күрескер Қазыбек Исаның “Сыртолғау” жыр кітабы бар. Көрнекті қаламгер Смағұл Елубайдың айтуынша, “Сыртолғау” жыр жинағы- “Қазыбек Исаның аламанға қосқан, желтабан жүйрігінің” шабысы бөлек.
Иә, күнделікті баспасөзді, әлеуметтік желілерді қадағалап қарап отырмыз. Қазыбек Исаны қолдаған тарландардың өзі атақтарын атан тарта алмайтын әйгілі тұлғалар. Екі бірдей аттары әлемге әйгілі қаламгерлер, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұқтар Шаханов пен Дулат Исабеков, көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай, кино және театр тарланы, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтердің қолдауының өзі көп нәрсені айқын аңғартады.
Осы төрт тұлғаның біреуінің өзі қолдаған үміткердің жалы биіктеп қалатынын ойласақ, төрт абыздың, төрт аңыздың бір Қазыбек Исаны қолдап, ақынның айқын дүбірі жер жарып жатқаны анық.
Сонымен бірге көрнекті қаламгерлер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, Халықаралық Алаш сыйлығының иегерлері, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, бір топ дарынды ақын-жазушылар ақын Қазыбек Исаның дара дарынын тамаша талдап, салмақты сараптап жазды.
Мұзбалақ Мұқтар Шаханов: “Қазыбек - нағыз шын ақындардың бірегейі” деп биікке көтерсе, классик жазушы Дулат Исабеков: “Даланың дарабоз ақыны” деп бағалады.
Көрнекті халық жазушысы Смағұл Елубай: “Қазыбек - қандай марапатқа да лайықты тұлға” деп зор бағасын берді.
Тарлан Талғат Теменов:
“Қазыбектің “Жер бетінде періштеге жоқ орын" толғауы өлең емес, реквием...
Қазыбек бес періштеге өлеңмен ескерткіш қойды. Күндердің күнінде Астанаға сол ескерткіш қойылып жатса, Қазыбектің өлеңі онда ойылып жазылатынына күмән жоқ.
Қазыбек Иса батыл айтады, батырып айтады. Сезімге де солай, ғашықтығын жасырмайды. Шын ақын солай болған дүр.
Қазіргідей заманда осындай шынайы да, мөлдір поэзия керек.”-деп, тереңнен тартып талдады.
Ал қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Байбота Қошым-Ноғай Қазыбектің мөлдір поэзиясы туралы : “Бұл – теңдесі жоқ үлкен шеберлік!
Қазақ өлеңін құрылымы жағынан түрлендіре түсуге зор үлес қосқан ақын ретінде мен мұны өте жоғары бағалаймын.”-деп айрықша атап көрсетті.
Аты да, заты да абзал ақын Абзал Бөкен:
“Қазыбек ақынның өзіне тән өзгеше машықпен мүсіндеген мәнері бөлек мәрмәр жырлары мезгілге мұқалмас, жылдарға жұқармас алтын-олжалар”-деп бағалады.
Қазақ ақыны Қазыбек Исаны шет мемлекеттердің белгілі қаламгерлері де қолдап, үн қосуда.
Түркияның белгілі жазушы-аудармашысы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» түрік тіліне аударып, Қазақстанның «Достық» орденіне ие болған Ашур Өздемир: «Қазыбек Иса – өз дaуысын, өз реңiн, өз мәнерiн, өз жолын тaуып, өзiндiк жыр әлемiн қaлыптaстырғaн бaқытты aқын. Сол себептен ол – aқын деген киелi aтaуғa әбден лaйық тұлғa.
Жaһaндық деңгейде жaзатын қaзaқтың көрнекті aқыны Қaзыбек Исa aлдымен түркi әлемiнiң, онaн кейiн күллi әлемнiң aқынынa aйнaлуғa тиiс» деп жоғары бағалады.
Ал Қырғызстанның Халық ақыны Марқабай Ааматов қазақтың дарынды ақыны Қазыбек Исаның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған "Сыртолғау" кітабы жайлы “КАЗАКТЫН БИР ЗАЛКАР УУЛУ КЕЛАТАТ!”-атты мақала жазды. “Қазақтың ұшқыр қанат ақыны Қазыбек Иса поэзиясына әділетті баға берілеріне сенемін.”-деп, ағалық ақ тілеуін арнады.
Аталмыш мақала Қырғызстанның "Эркин-Тоо" мемлекеттік газетінде жарияланды.
Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Турсынали Ахмедов Өзбекстанның тәуелсіз “Хуррият” (Азаттық) газетінде Қазақ ақыны Қазыбек Исаның поэзиясы туралы “ҚАЗИБЕК ИСА - ХАҚИҚИ ШОЙР”-деп, мақала жариялапты.
Бұл туралы Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасы орынбасары Ғайрат Мажидов хабарлады.
Әзірбайжанның белгілі ақыны, жазушы, аудармашы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Махмұд Қашқари қорының төрағасы, әдеби "Ұлы Чинар" журналының Бас редакторы Элхан Зал да Фейсбуктағы өз парақшасында: “Қазыбек Иса шығармашылығы қандай сыйлыққа да лайықты. Оның поэзиясында ұлы түркілік рух бар.” деп, әзербайжан және орыс тілдерінде өзінің қолдауын жазыпты.
“Қазыбек Иса - талантливый казахский поэт, настоящий мастер слова. Первый лауреат Международной премии им. Сергея Есенина и ордена “Золотой осени” в Казахстане.
Я считаю, что сборник стихов Қазыбек Иса "Сыртолғау" - одно из лучших произведений, которое имеет ценный вклад в развитие культуры Казахстана. Глубокие поэтические произведения, выбранные широкой выразительностью и деликатным лиризмом поэта, иллюстративным мышлением и поэтическим мастерством, подобраны в казахской литературе. Некоторые его стихи перевел на азербайджанский язык с большим вкусом, потому что в них великий турецкий дух.”-деп жоғары бағалады.
Біз түбі бір түркі елдерінің белгілі қаламгерлеріне рахмет айтамыз.
Осы бір шолуды Қазыбек поэзиясының ерекше қолтаңбасын терең талдап, сұрапыл зерттеген зиялы ақын-ғалым Сұраған ақынның сөзімен қорытсам деймін.
“Ақық ойдың ақыны Қазыбек Исаның өлеңдеріндегі бейғажайып сызбаларды басқа тілді оқырмандар өз тілінде оқыса – ұлттық өлеңнің түрлі бояулары тағы бір белеске өте шығар ма еді!? Дана қазақтың даласындағы өшпес рухты оқырман тек қана адал бағалауды ғана бақылайды. Сол тұрғыда ақынды бағалау – халықты бағалау болмақ.”-деген сөзіне біз де қосыламыз.
Ақынның аламанда маңдайы жарқырай берсін деп тілейміз!
Азамат Тасқараұлы, ақын, ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты