НАҒЫЗ ШЫН АҚЫНДАРДЫҢ БІРЕГЕЙІ - ҚАЗЫБЕК ИСА
2024 ж. 26 шілде
1165
0
Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы:
- Ел дегенде, жер дегенде, намыс дегенде өзiндiк ұстанымы бар, қалыптасқан, айнымас көзқарасы бар ақын–шын ақын. Сондай шын ақындардың бірі десек те, бірегейі десек те, лайықты тұлға – Қазыбек Иса. Мен оны тек ақын ғана емес, азаматтығы үшiн, қайсар қайраткерлігі үшін сыйлаймын. Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды деп білемін. Егер бүгінде біз аңсаған әділеттілік орнаған болса, онда Қазыбектің аты аламанда алдымен келеріне сенеміз.
ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗ АҚЫНЫ
Дулат ИСАБЕКОВ, драматург-жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
-Жалғыздық тақырыбы әлем әдебиетінде бұрыннан жырланып келеді. Бірақ Қазыбектің «Жапандағы жалғыз үйі» ешкімге ұқсамайтын, ұлы далада туып-өскен қазақ ақыны ғана бастан кешетін, қазақ ақыны ғана жырлай алатын жалғыздық... Жүйрік мініп, желе жортып келе жатқанда «тербеткен бүлкілімен жүректің дүрсілі үйлесетінін» ат үстінде өскен даланың дарабоз ақыны ғана біледі және күй күмбіріндей күшті үйлестіре алады.
Осы біз кітап оқымайды деп оқырмандарымызды кінәлай береміз. Ал ақынмен кездесуге келген, залға әрең сыйып отырған осыншама жастарды кітап оқымайды деп қалай кінәлауға болады? Осыншама оқырманы бар Қазыбек шын мәнінде бақытты ақын. Бақыт демекші, Бақыт деген сөзге анықтама табу үшін талай ұлыларымыздан бастап, бәріміз жапа-тармағай пікір айтып келдік. Ал Қазыбек болса:
«Бақытсыздар көп ойлайды бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау»,–
деп бір-ақ ауыз сөзбен, тапқырлықпен жауап береді. Бұны – бақыт жайлы поэзиядағы жаңа түсінік, жаңаша ойлау, тосын топшылау деп бағалаймын. Ақын дарынының даралығы да осында.
“Белгісіз суретші” атты керемет жырдағы тосын түйінге қарапайым оқырмандар тосырқап қалуы да мүмкін. Бірақ дәл осы өлеңді өз деңгейінде аударып, әлемдік әдебиетке, қазіргі заманғы деңгейі биік көркем позия бәйгесіне салып жіберсең, маңдайы жарқырап келері анық...
ҒАСЫРДЫҢ ҒАШЫҚТЫҚ ҒАЗАЛДАРЫ
Темірхан МЕДЕТБЕК: ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлық лауреаты:
-Қазыбек Иса Қызылқұмда туып-өскен ақын. Оның өлеңдерінің жыңғылдай тарамыс, сексеуілдей сіңірлі, құмдай ыстық болып келетіні содан болса керек. Ол өзінің кітаптарының аттарын “Керімсал”, “Қызыл жыңғыл”, “Тәтті шөл” деп атауы да сол табиғи болмыстан. Ми қайнатып аңқа кептіріп жіберердей аптап астында өскен, ылғи да тұла бойын шөл буып тұратын ақынның туған жерге деген махаббаты да соншалықты ыстық. ...Ал оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпалыстарының жалынына шарпылып қалғандай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманның, біздің ғасырдың ғашықтық ғазалдары десе де болғандай.
ҚАЗЫБЕК ҚАЗАҚҚА КЕРЕК АҚЫН!
Талғат ТЕМЕНОВ, Кинорежиссер, Қазақстанның халық әртісі:
“Жер бетінде періштеге жоқ орын" толғауы. Есімде бар ол өлеңнің қалай туғаны. Бұл - өлең емес, мен үшін реквием...
Қазыбек бес періштеге өлеңмен ескерткіш қойды. Күндердің күнінде Астанаға сол ескерткіш қойылып жатса, Қазыбектің өлеңі онда ойылып жазылатынына күмән жоқ.
Қазыбек Иса батыл айтады, батырып айтады. Сезімге де солай, ғашықтығын жасырмайды. Шын ақын солай болған дүр.
Қазіргідей заманда осындай шынайы да, мөлдір поэзия керек
ТҰНЫҚ СУДАЙ МӨЛДІР ПОЭЗИЯ
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
-Найзағайы да, жауыны да, толқыны да жан-жүрегіндей сирек суреткердің бірі – Қазыбек Иса. Суреткер демекші, оның негізгі мамандығы суретші. Өлеңдеріндегі образдылықтың, табиғилықтың, бейнеліліктің түп-төркінін содан іздеуге болатын шығар.
… Көлден ұшқан көп үйрек көкалалы,
Көз ұшынан бұлдырап жоғалады.
Көлді көрсем көктемі көңілімнің
Көк көйлекті қыз болып оралады.
Қазыбек ақынның осыдан үш мүшелдей уақыт бұрын жазған өлеңі осылай басталушы еді. Осындағы көкалалы көп үйрек те, көк көйлекті қыз да, көгілдір көктем де ақын жүрегінің алғаусыз дүрсілінен, аңғал аңсарынан, сағыныш сазынан жаралған. Шын шебердің қолынан құйылған құймадай әр қырынан қарасаң әр түрлі болып жарқырайды. Ақындық құдірет деген де осы шығар.
Жалпы Қазыбек ақынның тұнық судай мөлдір поэзиясы жайлы сан мәрте қаламдастары, қанаттастары айтқан. Шардараның майдақоңыр толқынындай тербеліп, сырдың суындай сылаңдап ағып өлең өлкесіне өз болмысымен келген ақын сол биігінен көтерілмесе, төмендеген жоқ.
Қазыбек поэзиясы мейлінше шалқып жатқан жаны, тулап жатқан қаны бар сәулелі өлең. Ол кейде Шардараның шуақты күніндей жайнап, ашық аспанындай мөлдіреп, жаныңды аялайды, сезіміңді аймалайды. Өмірдегі жақсылық, махаббат, сағыныш атаулының түп-төркіні осы асыл сезімнен басталатынын сезінесің.
ҚАЗАҚ ЖЫРЫН ТҮРЛЕНДІРУГЕ ЗОР ҮЛЕС ҚОСҚАН ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҮЛКЕН ШЕБЕРЛІК!
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
«Сыртолғаудағы» “Дерттізар” атты ерекше бір өлеңге арнайы тоқтала кеткелі отырмын.
Байқайсыздар ма, өлең қазақ әдебиетінде 70-80-жылдары қалыптаса бастаған он үш буынды, үш бунақты түрмен, бес буынды егіз ұйқаспен орындалған. Бұл өлеңді дәстүр жалғастығы деп те қабылдауға болады. Дәстүр жалғастығы болса да, өз жаңалығы бар өлең. Өлеңнің соңғы бунақтағы ұйқастары ғана емес, ішкі ұйқастары да өлеңнің саздылығын, әуезділігін (музыкальность) арттыра түскен. Тіпті өлеңнің басынан аяғына дейін егіз жолдардың алғашқы бунақтары да, ортаңғы бунақтары да, барлық жолдары өзара ұйқасады.
«Егіліп көптен // жүрегім, // өзіңді аңсадым,
Төгіліп кеткен // білемін, // сезім моншағын…»
Бұл – теңдесі жоқ үлкен шеберлік!
Қазақ өлеңін құрылымы жағынан түрлендіре түсуге зор үлес қосқан ақын ретінде мен мұны өте жоғары бағалаймын. «Сылдырлап өңкей келісім» (Абай) көрсетіп тұрған мұндай шеберлікті меңгерген ақын үшін өлең өлкесінде алынбайтын асу, бағынбайтын шың жоқ!
«Сыртолғауға» енген өлеңдерге, іңкәрлік пен сағынышқа толы ғашықтық ғазалдарына, «Мұңлық-Зарлық мұқамы», «Азанама» үштағаны секілді сүбелі туындыларға түгел талдау жасап, оның қадір-қасиетін барынша таныту үшін кітапты арнайы зерттеу нысанасына айналдырып, қомақты көлемде салиқалы сын жазылуға тиіс.
Әсілі, Қазыбек екі музаны – кескіндеме өнері мен поэзияны тұтастырып бойына сіңірген саңлақ суреткер. Әлем әдебиетіне ірі олжа салған Микеланджело Буонарротиден бастап, Рабиндранат Тагор, Максимилиан Волошин секілді тұлғалардың да әрі суретші, әрі ақын болғанын білеміз. Қазыбекті де қомсынбай қазақ өлеңіндегі ерекше өнер иесі ретінде осы тұлғалардың қатарында танып жатсақ, еш артықтығы жоқ.
АҚЫНДЫ БАҒАЛАУ - ХАЛЫҚТЫ БАҒАЛАУ БОЛМАҚ
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын, ғылым кандидаты:
-Ақық ойдың ақыны Қазыбек Исаның өлеңдеріндегі бейғажайып сызбаларды басқа тілді оқырмандар өз тілінде оқыса – ұлттық өлеңнің түрлі бояулары тағы бір белеске өте шығар ма еді!?
...Кең дүниеге кеберсіген ерніме,
Қар ұлпасы қонбай жатып ериді...
– деген бір тосын жолдар тура сезімге оралады. Алтайдың ақық иінді асқарларынан хабаршыға қайырылатын қайран тамшылар сынды. Табиғатпен табиғатша ымдасу!!! Түн мен таңның түйіскен жиегіндегі үлбір шуақтың өлең болып келер һәм жымдасу тұсы осы аралық. Ақынның әлемі басқа ғаламның бір үзігіндей дара.
Қазақтың қасиетті жер-суына деген саф сағыныш, махаббат сарыны! Ол – жер мен суды, ну мен құсты суреттеуге келгенде, бір тылсым «үнмен» көсіліп-көсіліп алады. Қазыбек ақын – қазақ жер-суының жоқшысы.
Ақынның «Ақиқат дауысы» өлеңін оқуға кеңес берер едім. Бұл ырғақтың ішкі жанайқайы нағыз харизматизм!
Қазыбек Исаның «Жапандағы жалғыз үй» атты өлеңі көшпелі өркениеттің керемет бір бояулы ишараты секілді. Түземдіктердің ішкі тысына үңілу, қайда да бір кезігетін қара бұйра бояу емес, қара мекенін сағынып келе жатқан жыл құсының қаңқылы іспетті ғажайып дүние. Қара шаңырақ, қара бала, қара мекен философиялық ізіне түссең, ең үлкен масштабта бүгінгі Қазақстанды көз алдыңа елестетесің. Қара өңнің де қандай ғажайып бояу екенін іштей ұғынасың. Сезініс деп осыны айт.
Даланың бетіне түскен жарақатты өзінің жүрегіне жабысқан кінәраттай сезіне алатындар ғана осындай ғазиз жырларды жаңбырлата алады.
Сыры терең «Сыртолғау» – бар рухты қазақ оқырмандары мен қарапайымды һәм зерделі жұртқа айтары бар ізденіс аңқыған ішкі арпалыстардың жиынтығы. Сол үшін құнды, дер шағында бағалануы керек дүние.
Тек қана елдік һәм ерлік санамен арпалысып жүрген дара ойлы ақынның сағынышына сүйеніп өсіп келе жатқан халықтың үні кең кесілген сарасөз, тамаша лиризмде ғана қалады. Дана қазақтың даласындағы өшпес рухты оқырман тек қана адал бағалауды ғана бақылайды.
ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЖАЗАТЫН КӨРНЕКТІ АҚЫН
Ашур ӨЗДЕМИР: Қазақстанның «Достық» орденінің иегері, Түркия жазушысы:
-Қaзыбек Исa көне дәстүрді көркем пaйдaлaнғaн көрнекті aқындaр қaтaрынa жaтaды деп ойлaймын. Өйткенi ол – дәстүрдi құр ғaнa қaйтaлaмaй, онaн нәр aлып сусындaп, өзiнiң жыр мектебiн құрa бiлген aқындaрдың бiрі. Ақынның жырлaрындa Мaxaмбеттiң өрлігі мен ерлiгiн, Aбaйдың шыншылдығы мен сыншылдығын, Мaғжaнның сыршылдығын, Мұқағалидың мұңын бiрге сезiнуге болaды. Соғaн қaрaмaстaн ол – өз дaуысын, өз реңiн, өз мәнерiн, өз жолын тaуып, өзiндiк жыр әлемiн қaлыптaстырғaн бaқытты aқын.
Жaһaндық деңгейде жaзатын қaзaқтың көрнекті aқыны Қaзыбек Исa aлдымен түркi әлемiнiң, онaн кейiн күллi әлемнiң aқынынa aйнaлуғa тиiс.