ҚАЛҒЫҒАН ОЙҒА СӘУЛЕ ШАШҚАН ҚАЗЫБЕК
2024 ж. 25 шілде
549
0
Қарымды қаламгер, атына сай барша қазаққа танымал қайраткер Қазыбек Исаның сырлы да, шынайы сезімге толы «Сыртолғау» жыр кітабы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты.
Ұяңнан ұшқан балапандай кеше ғана қолыңнан шыққан жас түлектің аптал азаматқа айналып, асқар таудай биік абыройға бөленіп, қалың қауым, тілеулес ел алқалап, алақанға салып, мәртебелі сыйлыққа марапатқа жатса, бұл ұсынысты қалың ел түгел қолдап, қоштап жатса, мен қуанбай кім қуанады, ағайын! Ұстаз бақыты дегеніміз осы емес пе?!
Қазыбек әулие Бұқар жыраудың әйгілі «Тілек» өлеңіндегі бабалар тілегін бойына сіңіріп өскен, жүрегіне қадап, құрандай қабылдаған, ұлттың сөзін сөйлейтін дарынды ақын, қарымды қайраткер бүгінде.
Оның тұлабойында намыс тұнып тұратын. Сол намыс оты қайратын жанып, жігерін шыңдап келеді. Ол суретшілік мамандықты таңдағанда, біз таң қалған жоқпыз. Арманшыл ақын сұлулық пен нәзіктікті суреттеуге қабырғасы қатпай тұрып-ақ бейім еді. Әсіресе, туған жер табиғаты- оның жан сыры.
Алдан шығып ауылдың өпті желі,
Көзіме ыстық көрініп кетті жері.
Дүрсілдеп кеп ентігіп тұрған пойыз,
Алып-ұшқан көңілді жеткізеді.
Суы қазір кетсе де тым уланып,
Сырдың бойы көрінді сұлуланып.
Қызылқұм саялы таудан гөрі,
Төгеді екен жаныңа жылуды анық !
Оның қаламынан туған осы шуақты шумақтар- туған жерге мәңгі ғашық ақын жүрегінің сөзі. Оған өзі туып-өскен Сыр мен Қызылдың құмынан артық саялы, аялы мекен жоқ. Оның албырт жүрегі осы ыстық мекенге жетуге асық. Туған жері таудан да, нудан да артық. Қазыбек қазір адамдардың салғырттығынан улы суға айналған Сырды сырлы мекенге айналдыру үшін тілмен де, тілекпен де, жүрекпен де күресіп келеді.
Қазыбектің қаламынан туған дүниемен мұқият оқып-таныссаңыз, әу бастан-ақ қозғайтын негізгі тақырыбы- ел тағдыры, тіл тағдыры!
-Тіл дегенің тілім-тілім болар ма,
Жыр дегенің жырым-жырым болар ма?
Болар ма деп босқа сөйлеп отырсақ,
Біздің әлі көресіміз көп алда деп?! –деп, сонау ел Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ бүгінгі күннің уайымын қозғайды. «қайғысыздығына қайғы жейді.(Абай). Сәулесі бар, саналы жүректі тіл үшін, ұлт тірлігі үшін күреске шақырады.
Әрине, жас кеудеге тән махаббат жырларын да аз жазған жоқ. Саз жазды. «Дөңгелегің жарылғыр 66» деп, ару қызды алысқа алып кеткен автобусты жазғыратын әйгілі жыры сол жылдардағы ең өрнекті, сәтті өлеңге, тәтті өлеңге айналды. Алматының аузында жүрді. Ауылға жетті. Қазыбектің ғашықтық ғазалдары туралы жырларын басқа көптеген тілеулестері белгілі сыншылар мен қаламдастары таратып айтып баспасөз беттерінде, әлеуметтік желі парақшаларында таратып тыңдаушысын тәнті қып айтып қойған соң, алдарыңызда қайталауды жөн көрмедім.
Ол табиғат туралы түрлендіре, гүлдендіре жазды. Суретші емес пе?! Оқып көріңіз:
Байыз тауып бар үні,
Тынып қапты айнала.
Тыныштықтың тамыры,
Бүлкілдейді жай ғана.
Салатұғын айдынға із,
Сап тыйылған жел де тым.
Айна қылып ай-жұлдыз,
Қызықтайды өз келбетін...
Тұрмын мен де тырп етпей,
Ырыс түнге ынта артып.
Сатырлатып жыр төкпей,
Сары майдан қыл тартып.
Құм қойнынан құт өріп,
Жусап жатыр қара дөң.
Айлы түнннен сүт еміп,
Балбырайды бар әлем.
Бұл жазғы түн бейнесі. Өзіміз көріп, бірақ өрнегін өре алмай жүрген өзгеше түн.
Ал, күз қалай өрнектеледі.
Күз де келді,
Сарыуайымға салып бәрін жеткеннен.
Өкім айтты өркеуде күз өктеммен.
Ағаштардың иығынан сыпырды,
Киіп келген көйлектерін көктемнен...
Күллі бояу көретұғын күреңнен,
Күн көретін көк жүзінен түнерген.
Әрбір күннен бір өзгеріс күтумен,
Қалың ойдың қамауында жүрем мен.
Ашылғанда аласа аспан түндігі,
Жауынның да деген кезде тынды үні.
Ағаштардың көз жасымен ойнайды,
Ала бұлттан сығалаған күн нұры.
Бояу бар ма? Бар. Мінез бар ма? Бар! Ақын шеберлігі дегеніміз осы емес пе?!
Қазыбек туған өңірі Түркістан топырағын жырлаудан жалыққан емес. Ерке судай есіліп жырлайды, жел үрген көктей көсіліп жырлайды. Қызылқұмның керімсалы, Шардара теңізінің толқыны оның күндіз ойынан, түнде түсінен кеткен емес. Оның шындығын жырларынан оқып білеміз.
Қызылқұмда сезініп жер ыстығын,
Барады ысып көңілім тегіс бүгін.
Шама келмей шабытқа шалқимын мен,
Бас айналып бақыттан кеңістігім!
Тек туған жер жазады жүрек емін,
Текті ақынның қадірін біледі елім.
Төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп,
Төрт қақпаңа мен сенің тірелемін!
Иә, ақын қалай туған жерін сүйсе, туған елі де бауырынан ұшқан тастүлегін аңсап күтіп, ыстық құшағын жаяды. Қазыбекті оқи отырып, өскен ұясынан не үшін алысқа кетіп, не үшін тайсалмай, талмай тартысқа түсіп жүргенін, оңай аңғарасыз.
Қазақтың тегеурінді ақыны Темірхан Медетбек ағамыз кезінде Қазыбек Исаның шығармашылығы жайында үлкен мақала жазды.
«Қазыбек Иса Қызылқұмда туып-өскен ақын. Оның өлеңдерінің жыңғылдай тарамыс, сексеуілдей сіңірлі, құмдай ыстық болып келетіні содан болса керек. Ол өзінің кітаптарының аттарын “Керімсал”, “Қызыл жыңғыл”, “Тәтті шөл” деп атауы да сол табиғи болмыстан. Ми қайнатып аңқа кептіріп жіберердей аптап астында өскен, ылғи да тұла бойын шөл буып тұратын ақынның туған жерге деген махаббаты да соншалықты ыстық. ...Ал оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпалыстарының жалынына шарпылып қалғандай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманның ғашықтық ғазалдары десе де болғандай.»-деп туған жер мен махаббат жырларын ерекше бағалады.
Шабыт алып шаңыңнан, шағылыңнан,
Дауа таптым дамылсыз дауылыңнан.
Ұлы дүбір ұлыңа ұйқы бермей,
Ұзап кетіп барамын ауылымнан!
Ақынның өзі айтқандай Ұлы дүбір ақын ұлды Тәуелсіз жылдардың жыршысы етті. Ол Азаттықтың азаншысына айналды. Оның « Азаттық», «Тәуелсіздік» атты жырлары көктемнің ақ таңындай сәуле шашады. Жалаң ұран, жалған сөзді ұлтқа жат мінезділерді әділ мінеп, олардың басына найзалы тілмен найзағай ойнатады.
Азаттықты Алла бізге бір берген,
Сақтап қалу-
Басты талап күнде ерден!..
Ұлтын қорғар ұл болудың орнына,
Құлқынды ойлап құл болуды кім көрген?!
Көзін сүзсе жерімізге қаншама ел,
Қайда Қазақ қазынасы бар сенер?
Қайран елім, қалай мәңгі болады,
Қарын үшін,
Қамыт сатып алса егер?
Алла сүйсе, шексіз бақыт береді,
Қайран елім,
Болашаққа сенеді.
Алаш бүгін арманым жоқ дер еді,
Бабаларым шаһит болған қан кешіп,
Бостандықты көрдік біздер себебі.
Бостандықтың оңайлықпен келмегенін ұқтырып, жастарды азаттықтың жолында анық басып, ақырын жүруге осылай шақырады.
Ал Қазыбек Иса туралы белгілі тұлғалар не дейді?
Әлемге әйгілі ақынымыз, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқтар Шаханов Қазыбек туралы жақында «Қазақ әдебиеті « газетінде:
«Ел дегенде, жер дегенде, намыс дегенде өзiндiк ұстанымы бар, қалыптасқан, айнымас көзқарасы бар ақын–шын ақын. Сондай шын ақындардың бірі десек те, бірегейі десек те, лайықты тұлға – Қазыбек Иса. Мен оны тек ақын ғана емес, азаматтығы үшiн, қайсар қайраткерлігі үшін сыйлаймын. Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды деп білемін. Егер бүгінде біз аңсаған әділеттілік орнаған болса, онда Қазыбектің аты аламанда алдымен келіп, ақ маңдайы жарқырауы керек деп сенеміз.-деп жоғары бағалады.
Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай: “Қазыбек ақын - қандай марапатқа да лайықты тұлға”-деп, өз бағасын берді.
Әлемге әйгілі жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков: “Жалғыздық тақырыбы әлем әдебиетінде бұрыннан жырланып келеді. Бірақ Қазыбектің «Жапандағы жалғыз үйі» ешкімге ұқсамайтын, ұлы далада туып-өскен қазақ ақыны ғана бастан кешетін, қазақ ақыны ғана жырлай алатын жалғыздық... Жүйрік мініп, желе жортып келе жатқанда «тербеткен бүлкілімен жүректің дүрсілі үйлесетінін» ат үстінде өскен даланың дарабоз ақыны ғана біледі және күй күмбіріндей күшті үйлестіре алады.”-деп, жауһар жырдың жаһандық деңгейдегі ерекшелігін көрсетіп берді.
Ал Мұқтар Әуезовтың “Абай жолын” түрік тіліне аударып, Қазақстанның “Достық” орденіне ие болған Түркияның белгілі жазушы-аудармашысы Ашур Өздемир: “Жaһaндық деңгейде жaзатын қaзaқтың көрнекті aқыны Қaзыбек Исa aлдымен түркi әлемiнiң, онaн кейiн күллi әлемнiң aқынынa aйнaлуғa тиiс.”-деп жоғары бағалады.
Иә, қай қазақ та үлкен топқа, аламан бәйгеге жалды, тұяқты, сенімді дүлдүл жүйрігін қосады. Біз де Қазыбек Исаға ақ жол тілеп, қалың елдің үміті ақталып, әдеби аламаннан озып шығарына сенеміз!
Өйткені, өлең өрнегі өзшеше ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы әйгілі тарландарымыз талантты тап басып танып, таңбалап айтқандай, Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды.
Нұрғали Ибрайым, педагог-ақын, «Қазақстан Республикасы Оқу-білім ісінің озаты» төсбелгісі иегері