Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты - Маралтай

Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты - Маралтай

Қазыбек Исаның “БЕЛГІСІЗ СУРЕТШІ” атты ғажайып жырын жаттап алдым

87 жылы Жамбыл қаласындағы пединистуттың көркем-сурет графика факультетіне оқуға қабылдандым. Кураторымыз Мақсат Бексұлтанов деген ағай еді. Бізге кескіндемеден сабақ берді. Мақсат ағай суретті ғана жақсы сап қоймай, қазақтың мықты ақындарының өлеңдерін жатқа оқиды екен. Мақсат ағайдың бұл қасиеті өлең жазатын маған қатты ұнады. Суретші ақындар туралы да көп мысал келтіретін. Бір күні ,,Белгісіз суретші,, деген ғажайып өлең оқыды. Мен тәнті болдым. Жазып алып жаттап алдым. Авторы Қазыбек Исаев деген ақын көрінеді. Ол да суретші екен. Алматыда АГУ-дің худграфында Мақсат ағаймен бірге оқыған екен. Мен сөйтіп Қазыбек ағамен сырттай өлеңі арқылы осылай танысқам. Содан бастап Поль Сезаннды да, көрмей-білмей Қазыбек ағаны да жақсы көріп кеттім. Кейін Алматыға келген соң Қазыбек ағамен етене араласып інісі боп кеттік. Қазақтың үлкен ақыны, түркітанушы Әмірхан Балқыбек Қазыбек ағаны ,,Қазаға, Қазаға!,, деп ерекше құрмет тұтатын. Әмірханға еліктеп біз де Қазыбек ағаны ,,Қазаға!,, дейтін болдық.


Құрметті ,,Қазаға,, жақсы жолға ниет қылып жатыр екенсіз. Алла жар болсын! Әмірхан бауырыңыз болғанда сіздің шығармашылығыңыз туралы ғажайып мақала жазған болар еді. Інімнің досы деп, менің кішкентай ілтипатымды қабыл алыңыз! 

Ақын Қазыбек Исаның ,,Сыртолғау,, деп аталатын жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп ойлаймын!

Һәм, өзіңізден бұрын танысқан жақсы көретін жырыңызды оқырманға тарту етуге ұлықсат етіңіз!

БЕЛГІСІЗ СУРЕТШІ 

“Бүкіл Парижді жалғыз 

алмамен дүр сілкінткім келеді…”

Белгілі суретші Поль Сезанн.

Жан емессің жатып ішер жан күйлі,

Сапарың бар сандалатын сан қилы.

Боп-боз болған түрің сенің боз бояу,

Сөйлесең де бояу ісі аңқиды…

Бояуы азық болатындай баршаға,

Бір картина саласың сен жан сала.

Кейде өзіңе күдіктеніп қарайсың.

Кенеп кері итергенде қаншама.

Түсіне ылғи түсті бояу кіретін,

Суретшісің тек әйелі білетін,

Білетін де қиялына күлетін…

Балаңдықтан баяғыда өттің ғой,

Пикассоны мойындамай жүретін.

Көлбеңдеген көп бояуды көз алдың,

Шабытпен де, шараппен де… сезе алдың.

Тіске басу үшін емес… үңілдің,

Ұғу үшін алмасына Сезанның.

Тапса осыдан табатындай бір емін,

Бояу сырын бойтұмар қып жүр едің.

Таланты үшін тірлігінде тас маңдай,

Болған Ван Гог тағдырын да тіледің.

Отырғанша кейде босқа мәңгіріп, 

Лақтырып қылқаламды,

Кеткін келер қаңғырып…

Одан кейін опалы күн өткізіп,

Жазардайсың бір шығарма мәңгілік.

Әлі талай азаптайды алда сын,

Тек үміттің жолда сөніп қалмасың.

Тым құрыса… тұрып, тұрып бір күні,

Жеп қоясың Поль Сезанның алмасын.

Маралтай Райымбекұлы,

Ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері