Ақындық – өнердің бекзадасы
2024 ж. 10 маусым
874
0
Қазақ әдебиеті үшін өлеңнің алар орны биік. Мұны биік деп бағалауымыз негізсіз емес. Өткен ғасырдағы қазақ поэзиясының өкілдері Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов пен Тұманбай Молдағалиевтер ақындық өнердің дүлділі атанып, артынан өшпес із қалдырып кеткені мәлім. Бүгінгі күні бұл кісілердің есімін ардақтап, ескіліктің сіресуіне қарамай, уақыт лебімен дамып келе жатқан жас қаламгерлердің де қарасы баршылық. Осылардың арасында өзіндік үнімен ерекшеленген қыз, жігіттер де аз емес. Біздің байқауымызша, солардың бірі –
Ақтөбе топырағында аунап, елордаға арман қуып келген Бекзат Құлшар-қара. Ол, білуімізше, сөзден қамшы өрген Серікзат Дүйсенғазының бетке ұстар шәкірті.
Осы орайда осынау жаңа лектің өкілімен аз-кем сұхбатымызды оқырман назарына ұсынсақ дейміз.
– Есенбісіз, Бекзат аға! Сіздің шығармашылығыңызды екі жылдан бері танимын. Әдебиетке, жазу-сызуға қашан келдіңіз?
– Әдебиетке әуестігім бастауышта басталған. Мұғалім бүгінгі ауа райына қарап өлең шығарыңдар деп бүкіл сыныпқа тапсырма берген. Еншімізде 45 минут. Бәріміз де алғашқы өлеңімізді сол кезде шығардық. Кезегім келгенде орнымнан тұрып, тақпағымды тақылдап айтып бердім. Сол сәтте мұғалімнің ерекше мақтағаны есімде. (Әлде маған солай көрінді ме, білмеймін). Сыныптастарым да қошеметтеп, қолдай кетті. Содан не керек, сол күні үйге өзімше ақын болып оралдым. Кейін жоғары сыныптарда әдебиеттен олимпиадаға қатысып, облыстық мүшайраларға, тіпті, республикалық айтыстарға қатысып, әдебиет әлеміне еніп кеткн секілдіміз.
– «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Қазақ әдебиетінде қай ақынды үлгі тұтасыз?
– Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жарасқан Әбдірашев, Есенқұл Жақыпбек сынды ақындарды ерекше құрметтеймін. Бакалаврда дипломдық жұмысымның тақырыбы: «Бекжан Әшірбаев поэзиясындағы көркемдік құрылым» болды. Қазіргі қазақ әдебиетінен сол кісіні айтар едім. Неге десеңіз, жекелеген шумақтар мен жолдарға ұлттық мінез сәулесін сыйғызып, астарлы ақиқат, әнтек әзілмен ажарлай білетіні, одан соң «Телефоны тыңдалатын адамдай, Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен» дегеніндей поэзиясындағы тереңдік мені ерекше тартып тұрады.
– Сіздіңше, ақын деген кім? Ақынның миссиясы қандай? Ақын шабытты қайдан алады?
– Ақындар – адамзаттық игілікті мұрат еткен адамдар деп ойлаймын. Олардың миссиясы сол. «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» дейтіні сол ғой Төлеген Айбергенов әкеміздің. Ал шабыт деген, меніңше, бір сиқыр. Кейде ағыл-тегіл ақтарыласың. Ал кейде екі қатар өлең үшін екі ай толғатасың. Бірақ ақын қолындағы қаламын ерік-жігеріне қайрақ етіп, шабытты шақырып алатын деңгейге жету керек деп ойлаймын.
– Жас буын өкілі ретінде бүгінгі әдебиеттің жай-күйі қандай деп бағалайсыз?
– Хафиз: «Қызды гүлге теңеген ақын – ақын. Бірақ соны екінші рет пайдаланған адамға күмәнмен қарау керек», – депті. Әдебиетте жалпы отыз үш тақырып бар екен. Қай ақын да осы тақырыптың аясында жазады. Бірақ мәселе сенің оны қалай жазатыныңда ғой. Филологиялық біліммен ақын болып кету екіталай. Ұйқас білгеннің бәрі ақын емес. Өлеңде жан болу керек. Биологтар «бал арасы бал жинау үшін күніне сексен мың гүлдің шырынын сорады» дейді ғой. Сол сияқты поэзия да ізденістен, образдан, ақындық қиял мен суреткерлік ұштасқанынан туады. Бұны қазіргі әдебиеттің жас толқыны жақсы біледі. Олардың әрқайсысы өзінше ізденіс үстінде.
– Шығармашылығыңызға сын білдіргендер болды ма?
– Өлеңімізге бірінші кезекте өзіміз сыншымыз ғой. Одан соң саған жағатын нәрсені емес, қажет нәрсені айтатын сыншы ағаларымыз бар. Солардың алдынан өтеміз. Сосын барып, әлеуметтік желіге, сайттарға жариялаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Өзіңізбен емен-жарқын сұхбат құрғаныма қуаныштымын!
Алуана ҚЫЗДАРБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті