БАЯНЫ ЖОҚ СҰМ ЖАЛҒАН, СОҢЫҢДА СЕНІҢ КІМҚАЛҒАН?!
2024 ж. 18 маусым
1369
0
«БАЯНЫ ЖОҚ СҰМ ЖАЛҒАН, СОҢЫҢДА СЕНІҢ КІМҚАЛҒАН?!» –деуші еді бұрынғы шалдар мұндайда… Жалғаннан ақжарма ақын
Мылтықбай Ерімбет озыпты!
Қаршадай шағында (70-жылдардың соңы) сонау Орталық Америка құрлығындағы аядай Манагуаның аждаһа-Америка тұтатқан отқа қарсы ұлттық күресіне үн қосып «Никарагуа» атты әруақты жыр жазып еді ол. Әрине ол өлеңнің астарында Совет империясының қапасында тұншыққан ҚАЗАҚИЯ ТАҒДЫРЫ таңбаланған болатын. Оны сол кездегі ботатірсек бозбалалар – біз түсіндік, түсіндік те 86-жылдың қаһарлы желтоқсанына қарай аттандық!..
Мылтықбай аға қалған ғұмырында ЦК-ның сатқындарының кесапатынан айдын күннің аманында Өзбекстанға өтіп кеткен қазақтың құтты қоныс, түкті топырағы Мырзашөлді жоқтаумен өтті… Төмендегі маған жазған жыр-хаты да сол өшпеген өксіктің кірпікке ұя салған ыссы жасы еді… Енді, міне, “неге ғана осы жырға ағаны жұбатып жырмен жауап жазбадым екен?” деген өкініш торлап отыр жанымды… Өкініштердің құндағысың-ау, өмір…
Топырағың торқа, қабірің қамқа болсын, Мылтықбай аға!
Айт-Ман. (Ақын Светқали НҰРЖАН)
МЕНІҢ МЫЛТЫҚБАЙ КӨКЕМ
«Әй, майда балдар, бері келіңдер!» деп еді өткенде ғана Ұлттық кітапханадағы бір кездесуде Мылтықбай Ерімбет көкем. Қасымда мен қатарлы тағы бір жігіт бар еді. «Көке, біз де 50-ден астық қой, қайдағы бала?» деп күлдім. «Сендер мен үшін өмір-бақи майда бала күйлеріңде қаласыңдар, оған бола «нервничать» етпей-ақ қойыңдар» деп ол кісі де қайтпады.
Өте қалжыңбас еді ғой. Үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп, ойнай беретін. Көңілсіз жүрген кезін көрмеппін (бәлкім, білдірмеген де шығар). Кез келген әңгімеге қуақылана күлімдей кірісіп, ойнақы мәнерде жеткізетін. Қайбір жылы теледидарды қосып қалсам, марқұм Бейсен Құранбектің «Айтуға оңайына» орта тұсынан іліккен екенмін, экраннан Мылтықбай көкем: «Әкем 96 жасында қыршын кетті, жарықтық...» деп айналасындағыларды күлкіге көміп, өзі еш езу тартпастан есіп отыр екен...
Оның үстіне, 68-дегі адамға 50-дің маңайындағылар «майда бала» боп көріне беретін де шығар, кім біліпті...
Мылтықбай көкемнің ауылында тәжіктер көп тұрады. Сондықтан ба, ол кісі тәжікше керемет сөйлейтін. Қайбір жылы ауылына барғанымда, бір тәжік сыныптасымен біраз уақыт тәжікше жауаптасып тұрды да, сәлден соң қазақшаға ауысты: қарасам, сыныптасы қазақшаны да мақалдата судыратып барады! Өздерінің мен түсінбеуге тиіс оңаша құпиялау әңгімелерін тәжікше сапырған екен ғой, сөйтсем...
Бұдан бес-алты жыл бұрын Ұлықбек Есдәулет ағам (ол кезде Жазушылар одағының төрағасы) Тәжікстаннан ақын-жазушылар делегациясы келе жатқанын айтып, «сен тәжікше білетін бе едің осы?» деп, тәржіман болуымды өтінді. «Өзіме ұнайтын тәжік-парсы әндерінің сөзін сөздік арқылы ептеп аударуға, түсінуге тырысып қоятыным, ауызекі аман-сәлем сұрай алатыным болмаса, онша жоқпын ғой ол тілге» дедім (расында да, үндіеуропа тобының үнді-иран тармағына, оның иран бұтағына жататын тәжік тілі түркі тілдерінен мүлде бөлек тұрпатта ғой, оны үйрену де оңай емес).
– Мылтықбай досыңызға айтпайсыз ба? – дедім сосын.
– Айттым ғой, «қолым тимей жатыр, анау-мынау...» деп «қиқаңдап» тұр. «Сәкенге айтып көр» деді. Ал қонақтар ертең келуі керек. Ұлттық кітапханада үлкен жиын болмақ. Жарайды, оған дұрыстап тұрып тағы бір қолқа салайын, – деді Ұлағам.
Біраз күннен соң әлдебір басқосуда Ұлағама жолығып қап, өткендегі шаруаның қалай шешілгенін сұрап едім:
– Ой, күшті болды: Мылтықбай келді, тәжіктермен әңгімені жақсы жүргізді, жиын ойдағыдай өтті. Қонақтар Мылтықбаймен туған бауырларындай қауқылдасып, ақырында қайта-қайта құшақтап, қимай қоштасты ғой, – деді...
Мен Мылтықбай ағаны «көке» дейтінмін. «Көке деген сөзіңнен айно-о-олойын» деп емірене еркелетіп қоюшы еді. «Көке деген сөзде қандай қасиет жатыр, қандай құрмет жатыр біле білсең! Көбіміз соны ескере бермейміз» дейтін.
Осыдан он шақты жыл бұрын болса керек, қатар-құрдастарымызбен бір жерде дуылдасып отырдық. Сонда бір досымыз:
– Қызық болсын, қане, «көке жарыстырып» көрейікші! Әрқайсымыз өзіміз жақын тұтатын ағамызға қоңырау шалып: «Бір топ інілеріңіз еркелеп, дәл қазір сіздің үйге тартып кетсек деп отырмыз!» деп қолқа салайық. Қайсысы нағыз ер боп шығар екен? – деп бір сойқанды бастасын!
Сағаттың түнгі 10, әлде 11 боп кеткеніне қарамастан, «қане, қане» десіп, делебеміз қозып, телефонымызға жармастық. Жанымдағылардың ағалары қалада болмай шықты ма, әлде қонақта жүрген бе екен, есімде жоқ, әйтеуір ыңғайлары келмеді. Мен Мылтықбай көкеме қоңырау шалдым. «Осылай да осылай, бір топ інілеріңіз тура қазір сіздің үйге еркелеп кіріп бармақ!» деп әңгіменің ашығын айттым.
– Жақсы! – деді көкем. – Бірақ анау-мынау деп ыбылжып жүріп алмай, келер болсаңдар, тездетіп келе қалыңдар! – деді.
Бізде қайбір оңған ес бар – такси ұстап, тартып отырдық. Біз жетем дегенше жеңгеме дастархан дайындатып қойыпты. Көкемнің өзі асаба боп кетті. Үлкенсу де жоқ, бізді баласыну да жоқ. Қатар өскен тетелердің тең де терең сырласуы секілді. «Майда балдар» екенімізді есіне де алмады. Әдемі бір отырыс, әзіл-қалжың аралас рухани әңгіме, естен кетпес ерекше басқосу болды. Жанымдағы жігіттер «әй, сенің көкең озды-ей!» деп қолымды алды.
Ертесіне қоңырау шалып, осы кең пейілі үшін рахмет айтсам:
– Е-е, соны да сөз деп... «Інінің үйі іннен тар, ағаның үйі – ақ жайлау» деген. Мен де талай ағаның алдын көрген, көп көкеге ілескен адаммын. Енді өзімнен кейінгілерге солардан алған өнегемді көрсетпесем, кім болғаным? Жоғалып кетпей, осылай келіп тұрыңдар! – деді жай ғана...
Көп нәрсеге дер кезінде мән бермей, кейін өкініп жатамыз. Мылтықбай көкем керемет әңгімешіл адам еді. Әсіресе кешегі ақсақалдардың көшелі әңгімелерін жақсы шертетін. Жады да ғажап-ты. Кейде жылы тұрмақ, айы мен күніне дейін дәл айтатын. Әдебиеттегі, журналистикадағы, өнердегі көнекөздердің қызық хикаяларын, тосын мінездерін, күлкілі оқиғаларын шашау шығармай, ширықтырып айта білетін. Жастайынан қатар жүрген Есенғали Раушанов, Пердеш Есенбеков, т.б. өз тұстастары туралы сөз болғанда, тіптен шабыттанып кететін. «Осының бәрін неге жазбайсыз?» десем, «Жазбайын деп жүр деймісің. Кейде қол тимейді, кейде көңіл күйің келмейді... әйтеуір кейінге ысырыла береді» дейді. «Неге ол кісімен әңгімелесуге барарда қалтама диктофон сала жүрмедім екен?» деп опынып отырмын қазір...
Күні кешеге дейін өзбекке өтіп кеткен қазақ жерлерін жоқтаумен жүрді. «Мырзашөл» журналын шығарып, сол өлкеде туған таланттарды насихаттаудан танбады. Жақсы өлең оқыса, әдемі әңгіме кезіктірсе, тіпті тәуір мақала көре қалса, авторын іздестіріп тауып, пікірін білдіріп, ақылын айтатын. Кейде өз журналына көшіріп басып, қолдап жүретін. Жастардың жанашыры еді...
Ол кісінің ақындығы, журналистік еңбектері, жалпы шығармашылығы туралы сөз – бөлек.
Сәкен СЫБАНБАЙ,
жазушы