МАМАНДЫҒЫ СУРЕТШІ, ЖҮРЕГІ, ЖАНЫ АҚЫН!
2024 ж. 22 мамыр
2234
0
ОҢТҮСТІК САПАРЫНАН
Қазыбек дос биыл 60 жасқа толды. Онымен алғаш танысқан өткен ғасырдың 80-жылынан бері тура 42 жыл уақыт өтіпті.Неткен зымыраған уақыт! Күні кеше сияқты еді. Қазыбек ҚазПИ -дің көркемсурет-графика факультетінде оқитын.Ол жылдары Алматыдағы КазГУ, КазПИ, Политехтағы өлең жазатын жастар топталып бірге жүретін едік.Кездескен кезімізде бірімізден кейін біріміз өлең оқимыз,жарыса оқимыз,жамыраса бір-бірімізді мақтаймыз. Сол кезде арамыздағы нәзік жанды, жұқалтаң өңді Шардаралық ақын жігітті бәріміз де жақсы көретінбіз. Талай өлең кештерінде өрттей жанып өлең оқып ,бірге жүрдік. Мамандығы суретші болғанмен, жүрегі, жаны ақын еді оның. Бірде 1-майдың парадында жүргенбіз.” Лениншіл жастың “мерекелік нөмірі қызыл бояумен әдіптеліп шығыпты. Ұмытпасам,1982-жылдың көктемі болу керек.Газеттің соңғы әдебиет бетінде бір топ жас ақынның өлеңдері жарық көріпті. Соның ішінде менің “Сен және мен”, Қазыбектің ”Шыңғырлаудағы шырайлым”өлеңі бірге басылыпты. Керемет қуандық.Қазақша шығатын республикалық газеттер үш-төртеу-ақ. ”ЛЖ”-тың Бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың екшеуінен өтіп, газетке бір өлеңіңнің жариялануының өзі бір-ақ күнде күллі Қазақстанға атыңды бірақ шығарады. Ал студенттік ортада тіпті бір қол жетпейтін үлкен мәртебе.Өлеңіміз қатар жарияланған екеуміз бұрынғыдан да жақсы дос болып кеттік.Тағы бір есімде қалған ескі естелік Қазыбектің 1984-жылы оқу бітіріп,ауылында жеті жыл мектепте мұғалім болып,Алматыға қайта оралған кезі. Мен ол кезде алты жыл Алматыда тұрып, үйленіп екі балалы болған кезім. 1991 жыл болатын. КазГУ-де сабақ беремін.Аға оқытушымын. Қазақстан Телерадиокорпорациясының “Экран” шағынсемьялық жатақханасында тұратын кезім. Қазыбек Шымкенттен жеткен бетте мені іздеп келіпті. Ол кезде ұялы телефон деген ныспыға да жоқ. Шын іздеген адам табанынан таусылып,Алматыны шарлап барып табады.Екеуміз қаланы шиырлап бірге аралап кеттік.Бір есімде қалғаны Гүлнар Салықбаева, Зейпін деген қатар оқыған қыздардың 1-Алматы жақтағы жалдамалы пәтерінде майшамның жарығымен өлең оқып отырмыз. Енді бірде Есжан Айнабеков деген досымызбен бірге Жамбыл-Байзақов көшелерінің қиылысындағы бір пәтерде Монғолиядан келген Қуанған Жұмаханұлы, Бодаухан Тоқанұлы деген ақындармен бірге жыр оқып, дүркіреп отырмыз. Ұмытпасам, ақкөңіл ақын досымыз Қайрат Әлімбек те бар.Қазыбек сол келгеннен Алматыға біржолата сіңді.
Алдымен Ұлықбек ағамыз Бас редақторы болған “Жас қазақ” газетіне орналасты. Онда Ұлыағаң төңірегіне Нұрлан Мәукенұлы,Есжан Айнабеков,Гүлнар Салықбаева,Ғалым Жайлыбай,Қазыбек Иса сияқты кіл талантты біздің толқынның өкілдерін жинады.Осылардың бәрінің Алматыда қалып,өлең өлкесінде өз орнын ойып тұрып алуына Ұлыағаңның еңбегі зор екенін айтатын күн жетті.
Сөйтіп,Қазыбек 1991 жылы Алматыдағы алғашқы «Жас қазақ» республикалық газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа орналасты.1993 жылы «Өркен» газетінде бөлім редакторы, 1998 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациясында вице-президент болып істейді.
2000 жылдан бастап, «Жас қазақ үні» газетінің тұңғыш бас редакторы – директоры, 2009 жылы «Жас қазақ үні» газеті Бас директоры – Редакторлар кеңесі төрағасы. Сонымен қатар «Жұлдыздар құпиясы» журналы бас редакторы және «Тұран» баспасының директоры. 2009 жылы Qazaquni.kz ақпараттық порталын ашты.
2013 жылы - “Қазақ үні” газеті президенті, Редакторлар кеңесі төрағасы.
2012 жылдан “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы төрағасы орынбасары.
2019-2022 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі.
2021 жылғы 14 қаңтардан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
1995 жылы тұңғыш жеке кітабы «Керімсал» деген атпен жарық көрген. «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл», «Сырымды айттым, далаға» атты жыр кітаптары шықты.
2008 жылы «Тәтті шөл» кітабы үшін Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты атанды.
2014 жылы - Мәскеуден шыққан “Независимый Казахстан: Антология современной литературы” (Издательство "Художественная литература") жинағында бір топ өлеңдері орыс тілінде жарық көрді.
2017 жылы «Әлем поэзиясы – 2017» (WORLD POETRY 2017 An Anthology) антологиясында ағылшын тілінде өлеңі мен өмірбаяны жарияланды.
2017 жылы Моңғолияда Дүниежүзілік поэзия фестивалына қатысып, Әлемдік ақындар конгресінің Ұлықтау-Құрмет грамотасымен мараппатталды.
2019 жылы БҰҰ қолданатын халықаралық алты тілге аударылған таңдамалы жинаққа бір топ өлеңдері жарияланды.
2018 жылы 3-8 желтоқсанда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумына қатысып, Рухани жаңғыру аясында баяндама жасады.
2018 жылы "Ел тірегі - Елорда" атты Астананың 20 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның Бас жүлдегері атанды.
ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Түркістан облысы Шардара ауданының Құрметті азаматы.
Қазақтың дарынды ақыны, қарымды қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық - "Алтын күз" орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендері иегері Қазыбек Жарылқасынұлы Исаның 60-жылдық мерейтойы Қазақстан Жазушылар Одағының ұсынысымен өзі туып-өскен Оңтүстік өңірінде кең көлемде аталып өтілді.
11 қазан - Шардара қаласындағы шаралар.
Абай мәдениет үйінде шығармашылық кеш
12 қазан түске дейін - Ұзын Ата кесенесіне зиярат ету, ақсақалдар батасын алу.
Жолда Қызылқұм аулына кіріп шығу.
12 қазан түстен кейін – Отырар ауданы Арыстанбапқа зиярат ету.
12 қазан 18.00-де Түркістанда шығармашылық кеш.
13 қазан - Шымкентте «Түркістан» сарайында Шығармашылық кеш.
Осы әдеби-мәдени шаралардың нүктесін қойған Шымкент шаһарындағы Қазыбек досымның қорытынды шығармашылық кешін өткізіп беруге арнайы барып қайттым.2000 адам жиылған “Түркістан”сарайында сөз тізгінін қолға алып,бас-аяғы 2 сағат 45 минутқа созылған рухани кешті бастан-аяқ өзім жүргізіп бердім.Сол іс-шарадан түсірілген кейбір суреттер мен Қазыбек досқа арнаған өлеңімді қоса жариялап отырмын!
Қазыбек досқа
Қыз деген бас айналар қызғалдақтан,
Алмасы көз тойдырған тұнған бақтан,
Жастық шақ есіңде ме,Қазыбек дос,
Көшесін Алматының думандатқан.
Абайдың жырларына табынғанбыз,
Жамбыл мен Махамбеттей тамырданбыз.
Солардан жапырақ боп көктеп шығып,
Ауылдан ескен желді сағынғанбыз.
Біз өткен жиырмасыншы ғасырданбыз,
Тегіміз-Ілияс пен Қасымнанбыз.
Мұқағали,Төлеген,Жұмекендер,
Солардың жырларына бас ұрғанбыз.
Пір тұттық Рубцов пен Есенинді,
Дос еттік Есжан менен Үсенинді.
Қайрат пен Нұрлан,Бейбіт,Есенқұлды,
Жоғалтып күндер кештік кеше мұңды.
Кеудесін өлең деген желік керген,
Кімдер бар десең егер сеніп келген.
Әбіш бар, Ертай,Гүлнар ,Мейірхан бар,
Фариза апам қасында Еліккөрген.
Айсұлу,Жәния мен Кәдірбек бар,
Жолықсаң сол достарға жаныңды ақтар.
Мұратбек ,Қауғабас”пен Светқали,
Сол-ақпыз бір толқынның шамын жаққан.
Ас іштік ақындықтың астауынан,
Тұп-тұнық Тұмағамның бастауынан.
Сол тұста -“Жас перілер”-деген атты,
Алғанбыз Сүлейменнің Асқарынан.
Қадыр аға қадырын біліп өстік,
Таспасын тіршіліктің тіліп өстік.
Кіндікті туған жерге буып өстік,
Жүректі тек өлеңмен жуып өстік.
Әлемде ел жетпейтін,жер жетпейтін,
Қазақтың байтағында туып-өстік.
Ұмытпай ағалардың аманатын,
Шығармай ақындардың жаман атын.
Өлең-жыр,ән мен күйдің ордасындай,
Құрғанбыз Жұматайдың қағанатын.
Өтежанмен өртеніп бел асқанда,
Ұлықбек алдымыздан жол ашқанда.
Дәуірлеп Дәуітәлі жырларымен,
Ұқсатып шаш жібердік Жарасқанға.
Күні кеше еді ғой соның бәрі,
Есте ме есер күннің дауылдары.
Шақтарға қайта оралмас қарай берем,
Жауғанда жаңа ғасыр жауындары.
Қазыбек,досым менің жас күндергі,
Тойыңа жырдан шашу шашқым келді.
Алаштың армандарын іске асырар
Адал боп алпыс асу астың белді.
Бұрауын үзіп өтіп ,арқандардың,
Келесің жолын жалғап тарпаңдардың.
Мінберден ойын айттың тайсалмастан,
Кешегі Фариза мен Шерхандардың.
Жыр десе,өлең десе,аруақтанам.
Қайраткер-қаламгерін салмақтаған,
Туған жер ,өскен елден айналайын,
Ақынын қай кезде де ардақтаған.
Күндер-ай Еліккөрген,Киіккөрген!
Абыройың аспандасын жиып-терген.
Қасыңнан Ақшабұлт боп табылармын,
Көрініп өзің жүрсең биіктерден.
Бауыржан Жақып,
Қазақ үні