ӘМІРХАНҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛАТЫН БОЛАДЫ
2024 ж. 19 мамыр
2647
0
Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өте шыққан қазақтың дарынды ақыны Әмірхан Балқыбек бауырым тірі болғанда бүгін 55 жасқа толар еді…
Биыл дүниеге осындай ақынды әкелген аяулы анасы Тұрсын апайымыз да сүйікті ұлын іздеп, соңынан кете барды… Ақмаңдай Ақынды туған Ана жүрегі ақыры шыдамады… Ол кісінің нағашысы біздің рудан болғасын, мені “нағашы інімсің” деп жақсы көріп, бауыр тартып тұратын. Шардараға барғанда сәті түскенде, сәлем беруге үйіне бара қалсам, баладай қуанатын. Жақсы адам еді жарықтық!
Ал Әмірханның әкесі Жұмабек көкеміз оқымаған кітабы жоқ, дала ғұламасы еді. Қазақ ақындарының, бәріміздің өлеңдерімізді өзімізге оқып бергенде Әмірханның телегей теңіз тереңдігінің тамыры қайда жатқанын түсінетін едік…
Пейіште рухы шалқи бергей марқұмдардың…
Әмірханның қазақтың көрнекті ақыны марғасқа Маралтай бастаған достары өмірден ерте кеткен достарын ұлықтауда имандылық көрсетіп келеді. Маралтай бастамашы болған Әмірханның ескерткіші, бюсті дайын тұрғанына біраз болған екен. Биыл Түркістан облысы Шардара ауданының тұңғыш халық сайлаған әкімі, Шардарадағы дүбірі дүниежүзіне әйгілі, 137 әлем чемпионын шығарған қол күрес ордасының негізін салушы Арман Қарсыбаевқа әкім бола салысымен біздің айтқан алғашқы ұсынысымыз осы Әмірхан Балқыбектің ескерткішін Шардараның көрнекті жеріне орналастыру еді. Жақында Шардарадағы “Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің” ұсынысы бойынша Әмірхан Балқыбек ескерткіші Шардарадағы орталық саябақтағы Руханият алаңына қойылатын ең алғашқы ескерткіш болмақ құдай қаласа.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысы Ә.Қойлыбаевқа ескерткішке рұқсат алу үшін ұсыныс жіберілген, шешіліп қалуы тиіс деп күтіп отырмыз.
Бұл істе Маралтай бауырымыздың үлкен үлесі тиіп жатыр құдай қаласа! Алла жар болсын! Дос болса, осындай болсын! Мықты ақын барлық жағынан үлгілі болуы керек!
Мен бүгін Әмірхан бауырымның жылында жазылған жырды бөлісіп отырмын. Пейіште рухы шалқи бергей.
ҚҰБЫЛЫС
Әмірхан Балқыбекке
Дүбірімен шығаратын жыр атын,
«Мен өлгенде қуанса екен бір ақын…»-
дейтін едің, ал жүз ақын жылады,
Орындалса, мұратың…
Күтіп жүрген секілді бір ел үзбей,
Кеткеннен-ақ бастады ғой сені іздей…
Кеңістігің – көз жетпейтін көкжиек,
Тереңдігің – түбі шексіз теңіздей!..
Шардарадай жарға соққан кемері,
Шалқып жүрдің, шабытты ойдың кенені.
Ақадал ең, көңілің де кең еді…
Соңғы сәтте іздегенің шырқырап,
Жүрегімде шырыл қағып келеді…
Туған жердің тартылысы бар білсең,
Аңсағанда еріп кетер әрбір сең…
Қызылқұмның қызғалдағын күтіп ең,
Қызғалдақты қырда мәңгі қалдың сен!..
Күйбеңдікпен өтетұғын көп күнге,
Бір түкіріп, қалам қудың тек мүлде.
Маңдайына біткен елдің маңдайлы ұл,
Маңдайына сыймай ақыр кеттің бе?!.
Тап басушы ең ғаламдық ой тамырын,
Таланттының білді ме ел қадірін?!.
Құбылмалы дүниені құр қалдырып,
Құбылыс боп кете бардың дарыным!
Ей, ғұлама бауырым-ай, не білдің?!.
Жаужүрек ең, жеңдің, әлде, жеңілдің…
Өзгермейтін дерті қалды еліңнің,
Өкпең болып өрті қалды өмірдің…
Мынау дүние шырқ айналып қас қағым,
Арманшыл ұл іздеп кетті аспанын…
Қатарыңның алды ең, қапы қалдырып,
Ажалға да алдыменен бастадың…
Жарық әлем қызыл-жасыл шамдары,
Сиқырымен сыйдыра да алмады…
Ғарыш та бір шақырудан талмады...
Бәрін тастап кетіп қалдың,
Өйткені –
Жер бетінде Сен істер түк қалмады!?.
Қазыбек ИСА
04.04.2015.
Астана-Шардара