АРҒЫМАҚ
2024 ж. 30 сәуір
1287
0
Жемісті жетпісіңіз құтты болсын Ұлаға!
“Сәуір айы - тәуір ай” дегендей, сәуірде тәуір адамдар, ұлылар, атақтылар, мықтылар дүниеге келген. Атап айтқанда, тек 20-сынан бері қарай айтар болсақ, 20 сәуір - Мұхаммед пайғамбар Салла-Ллаһу алейһи уа салләм, 21-і Гитлер, 22-сі Ленин, 23-і Шекспир мен Қазыбек Иса, 24-і Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділ, 29 сәуір қазақтың көрнекті ақыны, Түркі елдері Жазушылар одағы қауымдастығының төрағасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет өмірге келген!
Біздің жас кезімізде “Қазақ әдебиеті” газетіне жас ақындардың өлеңі жарияланғанда белгілі ақындардың пікірімен бірге жариялайтын дәстүр бар еді. Менің өлеңдерім жарияланғанда Ұлықбек Есдәулет ағаның өлеңіме жақсы баға берген пікірімен шықты.
Мен Алматыда институт бітіріп, Шардара ауданындағы Қызылқұм ауылындағы мектепте жеті жыл мұғалім болғасын, өмірден ерте өткен дарынды жазушы Есжан Айнабек досымның шақыруымен 1991 жылы Алматыға “Жас қазақ” газетіне бөлім редакторы болып келгенімде Бас редакторым Ұлықбек Есдәулет болды.
Осыдан 32 жыл бұрын, 1992 жылы мен үйленгенде келінді ауылға Ұлықбек Есдәулет ағамыздың өзі бастап алып барған еді.
2017 жылы Ұлықбек ағаның шақыруымен Моңғолияда Ұланбатырда өткен Дүниежүзілік поэзия фестивалына шақырып, бірнеше ақын бірге барып келдік. Ұлағаң сонда Әлемдік ақындар конгресінің Алтын медалымен марапатталды. Біз де Ұлықтау дипломына ие болдық. “Әлем ақындары” атты ағылшын тілінде шыққан поэзия антологиясына жырларымыз жарияланды.
Мен 2019 жылы 6 қыркүйекте Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін Конституциядан орыс тілі тіл туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап етіп сөйледім. Көп ұзамай Астанада өткен Тіл форумында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Ұлықбек Есдәулет Атазаңның тіл туралы бабын қайта қарау керек деп қолдады.
2021 жылы мен Парламент Мәжілісі депутатының мандатына ие бола салысымен, тағы да Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, Конституциядан тіл туралы 7-ші бапты өзгертуді талап етіп, депутаттық сауал жасадым. Көп ұзамай Ұлықбек Есдәулет те Парламент Сенатында болған Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған парламенттік тыңдауда баяндама жасағанда “Бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды” деп, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды қолдады.
Ұлағаң Жазушылар одағын басқарғанда Еуразиялық Жазушылар форумы, Азия жазушылары форумы, Жібек жолы қаламгерлері басқосуы, Астана поэзия фестивалі сияқты Халықаралық жиындар дүрілдеп өтіп тұрды.
Қазір Ұлағаң Түркі елдері Жазушылар одағы қауымдастығының төрағасы. Әлемдік поэзия аламандарының өрінде де, жаһандық әдеби жиындардың төрінде де Қазақ әдебиетінің абыройын асырып, Ұлағаң отырады. Таңғы асын Парижде ішсе, түскі асын Токиода, кешкі асын Барселонада ішіп отырады.
Шабытыңыз шалқып, жер бетінде өзіңіз бармаған жер қалса, өлеңіңіз барып, әлемді шарлай беріңіз Ұлаға!
Алаштың ардақтысы, Тұранның тұлғасы ретінде әлемнің әйгілі ақынына айналып келесіз, қыран қанатыңызбен қияға самғай беріңіз!
Шаңырағыңыз шапағатқа бөлене бергей!
Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін!
Әрдайым Ақ жол тілеймін!
Құрметпен, ініңіз Қазыбек Иса
2024 жыл 29 сәуір
АРҒЫМАҚ
Ұлықбек Есдәулетке
Тай күнінде де тартынбай,
Аламаннан бос қайтпаған.
Шықса да шыңға алқынбай,
Мұзартта мұрсат таппаған.
Жанына жалын тұтатып,
Жанның бір қолы жетпейтін,
Жалына қырау қатпаған,
Арғымақ шауып келеді...
Дәуірдің әрбір дабылын,
Жүрекке ғана жинаған.
Алтайдың алтын тамырын,
Алашқа жырмен сыйлаған,
Ақынның асыл өлеңі...
Даламды бүгін кең десе, -
Дарыны – көп қой әр текті...
Елім-ай деген Ер кеше,
«Заман-айды» айтып зар төкті...
Сары алтын құйған сақадай
Сабыр мен салмақ сарасы,
Қасқайып өскен қарашы,
Қарағайға қарсы бұтақты,
Күйдірсе, жүрек жарасы
Күйдіріп киіз басатын
Тудырып «Киіз» кітапты
Тұр енді, міне, Хас Ақын!
Қазыбек ИСА
2002 жыл