АҢЫЗ ДАЛАНЫҢ АБЫЗЫ
2024 ж. 30 сәуір
2029
0
Жалында сағым ойнаған, жонында киік жосылған, желінде қобыз күмбірлеген Жаңаарқа даласын сан рет шарладым. Сан рет оның жазық даласында маңдайымды самал желге сүйгізіп, жарқын жазында келдім, аспаны мен жері айқасып, ақ бораны түтеген кысында келдім, Сары Кеңгірі мен Қара Кеңгірі оянып, туған жазығына қарай қуана қозғалған көктемінде келдім, ақ селеулі даласы күңгір-күңгір күмбез дауысына қосылып, бейуақтың бебеу күйін сарнатқан күзінде келдім. Қанша рет келсем, сонша рет бірінші рет келгендей болып аттандым.
Жаңаарқа деген шартты атау ғой, Асқар Сүлейменов көкемнің сөз саптау тәсіліне салып айтсақ, социалистік реализмнің иісі шығатын атау. «Игорь жасағы туралы жырды» аудару кезінде сөз саңлағы Зейнолла Қабдоловтың ақын Берқайыр Аманшин аудармасына орай: «Жырдың «О, Русь» деген жерін, «о, орыс» деп шолтитпай: «қайран, орыстың даласы-ай деп аударса қайтер еді» дегеніндей, Жаңаарқаға келген сайын ұстазымның осы сөзі есіме түсіп, аруағы риза болсын деп, «шіркін, қазағымның дарқан даласы-ай» деп бір дауыстап аламын.
Жаңаарқаның бойы жайқалған шалғын, жапырылған көк, желмен ұшқан жұпары Сарысудың бойын самалдап, Ұлытауға қарай ұмсынады, Атасуда ат шалдырып, Ортау, Қызылтау, Ақтауларды бөктерлеп, Тоқырауынды толтырып, Балқашқа қарай бет алады. Әлкей Марғұландай әз ағалардың арқасында қойнауы кенге, таулары табысқа айналып, ұлттық паспортында жаңа есім иеленген Жезқазған даласы қашан келсең де, қашан көрсең де, өредегі құрты пен ірімшігі, қымызы мен сүзбесі, женті мен сүбесі бір үзілмей, дастарқаны ағыл-тегіл болып жататын ашық қол әжеміздің ақ пейіліндей болып қарсы алады. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің аспан астындағы алып кітабын осы жерде көзбен көріп, қолмен ұстап, көңілмен теріп оқисың.
Әуелі қысында келдім. 1973 жылдың ақпаны болатын. Қазақ ұлттық университетінің бесінші курсынан диплом жазуға шыққан кезіміз. Ақпанның ақ бурадай шабынған, қарлы моншақ тағынған, қара желі қағынған кезі екен. Аязы арқырап тұр. Курстас досым Балтабай Әбдіғазыұлы (белгілі ғалым, профессор, ғылым докторы) үйленіп, мен күйеу жолдас болып, ере келгенмін. Шілдесі қария Шымкенттің, тіпті, Тәшкенге таяқ тастам шаңқай жазықтың қызы Нәлбике мынадай ақшұнақ аязды көргенде, Балтабайға бекер тидім бе деп ойлап қалмаса да, «өлә, мынау сұмдық қой, адамдар бұл жерде қалай өмір сүріп жатыр» деп есі шығып кетті. Бізді пойыздан қарсы алуға келген Балтекеңнің ата-анасы аязды елейтін емес, қуаныштан жүздері қызара нұрланып, желең жүгіріп, жедел қызмет жасап, біздерді сол кезеңде қазақ жерінің қай жерінен де табыла кететін қара тонға орап жатты. «Мұндай алып холодильникті көрген емеспіз» деп қара тонның астында күмбірлеп сөйлеп жатырмыз.
Той басталды, келіннің беті ашылды, жаңа түскен жас келін ертесіне осы әулеттің атасына өз қолымен шай құйып беріп отырды. Осы тойға ойдан-қырдан жиналған қонақтар, ел ағалары бізді баласынбай: «сендердің Алматыларыңдағы кәзит-жорналдарға осы Жаңаарқаның бір баласы жазып жүр, қаламы жүйрік, сөзі қарулы, түбінде елдің де, өзінің де атын шығаратын болар деп үміттенеміз» деп ол кезде бізге әлі де беймәлім Ақселеу Сейдімбекті көбірек тілге тиек етті. Мақтауын жеткізді, мадақтауын толтырды. Сол кезден бастап, өзіміз де қаламға жармаса бастағандықтан, Ақселеу ағамызды бір көруге, ауыз толтырып амандасуға, сәлем беруге талпындық.
Қазақтың шынайы зиялы тұлғасы Ақселеу Сейдімбекті танудағы бұл менің бірінші қадамым еді.
Араға бес жыл түсті. Екі жыл Маңғыстауда қызметте болып, Алматыға оралдым. Сол кезде бір өзі бір университеттей, жас қаламгерлердің ұстаханасы болып көрігі дүрілдеп тұрған «Лениншіл жас» газетіне тілші болып жұмысқа тұрдым. Газеттің аймақтардағы меншікті тілшілері өңкей «сен тұр, мен атайын» азаматтар еді, күн сайын жастар басылымының сала құлаш беттерін алып, өңірлерден жазған өзекті туындыларын бұрқыратып шығарып жататын. Соның бірі әрі бірегейі Қарағанды – Жезқазған өңірінің тілшісі – Ақселеу Сейдімбек.
Ақаңның қай кезде, қай жерде жариялағандарын қалт жібермеймін. Жата қалып, жастана оқимын. Өйткені, ол көбіне өңір тарихы мен ел тарихын, өңір мәдениеті мен Отан мәдениетін, өңір өнері мен ұлт өнерін талдап, саралап, бір-біріне етене байлап, ежелгі дәуір мен қазіргі заманды қос тіндей жымдастырып, әріден қозғап, әлімсақган тартып, жаныма жағар тұстан келеді.
Өкініштісі, біздің толқын жастар газетіне келгенде алдыңғы толқын ағалар басқа ендіктер мен бойлықтарға бет алып, кейінгі толқын – інілерге кезек бере бастаған-ды. Жастар газетінен кейін, 1975 жылға дейін «Орталық Қазақстан» облыстық газетінде жауапты хатшы болған Ақаң 1976 жылы аға басылым – «Социалистік Қазақстанға» қызмет ауыстырып келді. Мен де 1976 жылдың күзінде «Лениншіл жас» газетіне тілшілік қызметке келгенде «ассалаумағалайкүм» деп ауыз толтырып амандасып, саздауға біткен дарақтай Ақселеу ағама қос қолымды шәкірттік ілтипатпен ұсынғанмын.
– Бауырым, сен Маңғыстаудан келсең, онда мол қазынаның ортасынан келген екенсің. Шіркін, Маңғыстаудың маң даласы ұлттық тарихтың мұхиты ғой, көсіп ал да, жаза бар, кесіп ал да, ұсына бер, мен де Орталық Қазақстанның тау мен тасын, қорымы мен қауымын, күмбезі мен кешенін армансыз аралап, мол қазына бөктеріп оралдым, – деп ағалық ақжарма көңілмен сәт сапар тіледі.
Мен сөйтіп Жаңаарқа даласында сыртынан есімін алғаш естіген Ақселеу ағама одан әрі жақындай түстім.
Арада біршама уақыт өткенде Ақаңа одан әрі жақындай бастадым, ол «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің, мен «Лениншіл жас» басылымының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісімін. Қызмет ұқсас, майдан ортақ, сапар бағыттас, пікір үндес. Осылайша, ол аға, мен іні болып, етене араласып, қоян-қолтық жұмыс жасаған жылдар бізді бірте-бірте одан әрі жақындастырып, енді әдеби-өнер кештерінде ғана емес, дәмдес бола жүріп, сырлас, сындас болатындай жағдайға жеткізді.
Ол кезде, жасырып-жабары жоқ, барлық ақпарат құралдарындағы қазақ жігіттерінің ортақ ермегі, сол замандағы саятшылығы – карта ойнау. Ғабең мен Ғабиден ағалардан тартып, кейінгі ағаларымызға жұғысты болған ермек. Бірімен бірі тетелес, бір-біріне жеделдес, бір-бірімен қанаттас-қатарлас азаматтар – қаламгерлер жиі бас қосатын ойын-көкпар, қисынын келтіріп айтқанда, әрі әдеби-мәдени басқосу, өнер кеші, пікірталас ордасы болатын.
Мұнда тек ақша ұтып, көңіл көтеру үшін ғана келмей, осынау шағын әдеби ортаға келіп, сол уақытта жұрт назарын аударған жаңалықтар мен жақсылықтарды бөлісу, жаңа шығармалармен көзайым болып көрісу, жаңа өнер туындысы туралы бір мәмілеге келіп, келісу секілді жазарманның жан дүниесіне шуақ түсіретін жайттар жеткілікті болатын. Тіпті, сол ортаға сұранып келіп, өздері карта ойнамаса да, ортақ әңгімеге араласып, не болмаса ынтыға тыңдап, ықыластана қоштап отыратын белгілі-белгілі өнер тарландары да аз емес болатын. Сол өнер тарландары қажет кезінде біздің асығыс, албырт сөздерімізге де ағалық ақылын айтып, бірге күліп, бірге мұңайып, бірге қуанып отыратын. Ойыннан ой туып, әзілден әңгіме қоздап, сөзден сөз туындап жататын. Жазар тақырып та, қазар пікір де осы жерден бастау алып жатушы еді.
Сол кездерде бәріміздің де жүрегімізде, көңіл түкпірінде ел болашағы, мәдениет пен өнер келешегі, бостандық пен азаттық деген асыл ұғымдар бәрімізді бірге баурап, біздер одан әрі етене, одан әрі туыс, одан әрі жақын бола түсетінбіз. Жерге тартып, жер бауырлап жатып қалмай, алдағы күндерден бір аяулы да абзал хабар күтіп, қазақ жұртының қайғылы тарихы мен қасіретті өткенін де бір-бірімізге жасқанбай айтып, жанымызды ашып салушы едік. Сол орта, сол азаматтар осы «заңсыз мектептен» де бірталай елге сеп, өзіне шеп алған болар деп ойлаймын. Әйтеуір, осы мектеп сол қаламгерлердің алтын уақытын зая етіп жеп жатса да, арада өткен жылдарды ойға алып, артқа бір қайырылғанда тапқанымыз да аз емес екен-ау деп жоғалған жылдарға салауат айтамыз.
Міне, осындай басқосуларда атақты Ақаң – сегіз қырлы, бір сырлы Ақаң, сері де сал Ақаң, көне де жаңа Ақаң, айтқыш та білгіш Ақаң өзінің «Құнанбайдан қалған күміс шақшасын» етігінің тақасына тық еткізіп бір қағып тастап, көк бұйра насыбайды өзіне тән аса бір сәнді де салтанатты дағдыланған тәсілмен ерніне тастап жіберіп, қуатты насыбайды құшырлана дәмдеп, «баяғыда, Сәкен көкеміз Арқада жүргенде саятшылық жасап, бір ауылға келіпті...» деп бізге беймәлім бір қызықты да құпия әңгіменің шетін шығарып, ар жағын айта қоймай, қолындағы картасына ұзақтау үңіліп, әлгі әңгімесінің әсері кімге қалай әсер еткенін бағамдап, бір байырқалайды.
Біз Ақаңның аузына кіріп кетердей емініп, ойынды ұмытып, оймен алысып кетеміз. «Біздің Мағжан сұмдық болған ғой, өзі сәнді, өзі ақын, өзі шешен, өзі көсем, тіпті, Ленин қатысқан бір кеште асаба болып, өңшең арыстандай орыстарды аузына қаратқан» деп және бір ғажап әңгіменің шетін шығарады. Енді ойынның да қызығы мен азарты артқа шегініп, Ақаңның тарихқа толы тылсым әңгімелерінің ауанына құлаймыз. Бұл 1980 жылдардың басы болатын. Ол кезде Мағжанның атын айту үшін кәдімгідей батылдық, тіпті, батырлық керек. Бірақ Ақаң жанында жалаулап отырған біздерге сенеді, ол хикаяларының мәні мен мазмұны қажетті санаға қапысыз жететінін ұғынғандықтан көкейіндегі көрікті де «бөрікті» ойларын қорықпай ашып, жасқанбай айтады.
Енді бірде біз есімін етене біле бермейтін Әлімхан Ермеков туралы қызықты хикая шерте жөнеледі. «Атақты математик Әлімхан деген ағаларың бар, кезінде НКВД-ның зынданын көрген, сол ағаларың туралы «мына Ленин деген сарысақал да осал адам емес екен, біздің Әлімханмен бір сағат пікірталастыруға жарапты» деген әңгіме естідіңдер ме деп және бір қайырады. Күн көсемге күн салып қарайтын біздер жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қараймыз. Содан Алашорда ардагерлері туралы әңгіме кетеді. Олардың айтқандарын тап қасында отырғандай етіп қызықты да әсерлі етіп айтқанда, өзіміз де қызынып, шіркін, сол тұлғаларды көрген де арманда, көрмеген де арманда екен ғой деп жанарымыз жасаурап қалады.
«Бастауыш, баяндауыш.., сан есім, зат есім, сын есім...» деген қазақтілінің тіркестері мен атауларын алғаш қазақ тілінде атаулап түсірген, 1914 жылы «Қазақ тілінің грамматикасы» деген тұңғыш оқулықты жазған, «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты» деген асқақ та сұлу әнді шығарған Ахаң – Ахмет Байтұрсынов деп тағы кетеді жосылып. Сосын Ахаңның түрмеде отырған жас Мұхтарға – Мұхтар Әуезовке деген өсиет хатын ойша қайталап оқып, «арыстан ғой Ахмет» деп бір күрсініп, «Құнанбай шақшасын» қолына алып, құтысының аузын ашады.
«Осы әлгі Американы ашқан біресе Христофор Колумб деп, бірде Америго Веспучи деп сандалып жүргендер көп. Далбаса бәрі. Америка құрлығын ашқан біздің бауырлар – біздің бабалар, көрерсің, енді бір қырық жылдан соң бұл әңгіме жан-жақты айтыла бастайды. Үндістер ашқан ол құрлықты, әлгілерден кемі он-он бес мың жыл бұрын ашқан олар, қатқан бұғаздың үстімен қоныс аударып, сол жерлерге барып мекен тапқан» деп және кетті бір басқосуда. «Олардың екі жүзге жуық сөзі тұп-тура қазақ тілімен бірдей айтылады. Ал, олар біздің тілді қайдан біледі, тіпті жер бетінде қазақ деген халықтың барын да білмейді, біздің түбі жақын туыстарымыз олар» деп талай дерек пен дәйектің көзін жіпке тізіп, Ақаң «Американы өзі ашып» тастайды.
Әрине, ол кезде біздің бұл әңгімемізден мүлдем бейхабар, тәуелсіздік нәтижесінде, ағылшын тілінің арқасында Америка елінде елшілік қызметте болған белгілі ғалым, профессор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов ағамыз бір емес, бірнеше зерттеу кітаптарын жазып, Америка құрлығын алғаш ашқандар бізбен аталас болмаса да, алыс ағайын – түбі түркіге барып тірелетін үндістер екенін жеткізе жазып, бұра тартуға жібермейтін байсалды пікірлер мен тұжырымдар ұсынды.
Өткен жылдарға ойша көз жіберсем, бұл еңбектердің шыққанына, одан басқа да дуалы ауызды ғалымдар мен зерттеушілердің осы пікірді түпқазық етіп ұстана бастағанына қырық жылға таяп қалыпты. Тізеліні еңкейткен, шіренгенді иілткен, аттылыны түсірген, Еуразияның ен даласын ғана емес, қартаң Еуропаның, ақсақалды Азияның азуын айға білеген талай мемлекеттерін табанға салып, көнгізген, айдағанына тұрғызған батыр бабалардың байырғы іздерін біз енді көріп, індетіп ізіне түспесек те, біз де іргелі ел, мәртебелі мемлекет болғанбыз деп шалқаятындай жағдайға жеттік. Осындай ойларды жонып айтып, жадымызға көбірек құйған Ақаңның ауызекі әңгімесі отыз тістен шығып, отыз рулы елге тарады.
Кейде шағындау топпен қалғанда, кейде ортақ отырыстан екеуара қайтып келе жатқанда Ақаң Ахаң мен Жақаң, Міржақып пен Халел, Мұстафа мен Шәкәрім туралы да әңгіме тиегін ағытады. «Бауырым, сен де әдебиет пен өнер саласын басқарып отырсың, біле жүргенің жөн, «Лениншіл жас» газеті ұлттық ұстахана ғой, көңіліңнің көрігіне сал» деп маған талай-талай құпия жайларын айтқан-ды. Ақаңмен әңгімеміз жарасушы еді. Әсіресе, күй өнері туралы айтқанда кейде қостап, кейде дауласып, кейде пікірталастырып, біраз жерге барушы едік.
Ақаңның қаламынан туған көптеген кітаптарының басым бөлігі күй тарихына, күй өнеріне арналған. «Серпер» (1982), «Аққыз» (1991), «Қазақтың әйгілі күйшілері» (1992), «Күй-шежіре» (бірінші, екінші кітаптар), (1992, 1997 жылдар), «Қазақтың күй өнері» (2002). Бұлардың бәрін қарап отырсаң, қазақ халқының басқа ешбір жұртқа ұқсамайтын ерекше өнері – күй өнері, оның айтулы тұлғалары мен белгілі күйпаздар тарихы ұлттық өнер оқулығы ретінде қазіргі өнер саласының болашақ мамандарына оқулық ретінде арнайы бағдарлама бойынша оқытуға сұранып тұрған жинақтар. Сұранып тұрған мәселелер. Әттең, ұлт маңдайына біткен осы өнер мен ұлт таңдайына біткен әншілік өнердің сарқылмас салқар қазынасы қазір жаны жоқ қағаз беттерінде уақытын күтіп сарғайып жатқаны жанға батады.
Осылардың бірталайын мен тасқа басылмай тұрып оның өз аузынан естігенмін. 1979 жылдың желтоқсан айында Алтайда болған қысқы сапарымда Тарбағатай өңірінде тұратын шежіре қарт, күйші, әйгілі Қажымұқанның көзін көріп, әңгімесін тыңдаған бір ақсақалды іздеп барып, бір түн әңгімелестім. Сонда ол кісі осы Тарбағатай аймағында ғұмыр кешкен Көкен деген күйшінің циклды күйлерін (12 күй) шертіп берген болатын. Алматыға оралғасын «Көкен күйшінің құпиясы» деген мақала жазып, «Лениншіл жас» газетінде жарияладым. Мақала шыққан күннің ертесіне Ақаң шақырды. «Мынау бір ғажап хабар екен, әлгі күйшінің жағдайы, денсаулығы қалай, қуатты ма, бұдан басқа қандай күйлерді біледі екен, қай жерде, қай ауылда?» деп тәптіштеп сұрады. Сол ақсақалды іздеп бару керек екен деп ойланып қалғаны есімде.
Қарияны іздеп барды ма, бармады ма, ол жағын сұрау есіме келмепті. Сонда да қазақтың күйшілік өнері, оның сан алуан мектептері туралы кеңінен көсілген әңгіме болды.
Ақселеу Сейдімбек әйгілі Ахмет Жұбановтан кейінгі қазақ күйлерінің өңірлік, мектептік, кезеңдік, дәуірлік, тақырыптық, идеялық классификациясын түзген, күйлердің мазмұны мен пішінін талдауда тереңге тартқан маман болды. Күй мен саздың аражігін аша алатын, әуен мен шердің өзіндік қасиеттерін екшей алатын сынпаз болатын. Күйдің драмасы мен трагедиясын, реквиімі мен патетикасын, элегиясы мен эпикалық құлашын, қысқасы, күйдің жанрлық қырларын көңіл нотасына мазмұнды әңгіме етіп түсіре алатын шебер еді.
Кейін сол әңгімелердің дені Ақаңның күй туралы терең толғаныстардан тұратын қазақ күйлерінің тарихи жинағына енді. Өзі де қоңыр домбыраны құбылта шертетін күйпаз, ән салмаса да қазақ әндерінің ар жақ бер жағын қопара қозғайтын қуатты білімге ие қайраткер еді. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген қанатты сөзге кейіпкер болған Ақаң сол жылдары Қазақ теледидарында алаштың ардакүрең әншісі Жәнібек Кәрменовпен қазақ әндері туралы хабарлар дестесін жасады.
Бұл хабарлары, шын мәнінде, қазақ ән өнерінің, ұлтымыздың сан тарау әншілік мектебінің барлық ендіктері мен бойлықтарын ашқан сындарлы да сыршыл, мазмұнды да нұршыл алтын қазына атанды, алтын қорға ажар қосты, ұпай салды. Әсіресе, Жәнібек бауырымыз Сәкеннің «Тау ішінде» әнін тебірене айтқанда, онымен бірге еліге, еңсеріле теңселген Ақаң екеуі қос ақбоз атқа мініп, тау ішінде сыдыртып келе жатқан серілерге ұқсап кететін. Құлаққа үзеңгінің сыңғыры, жүгеннің сыбдыры келгендей еді-ау. Жарықтық, жатқан жері жайлы болғыр, Ақаң осылайша көпке үлгі, жұртына ұстаз болуға жараған тұлға болып қалыптасты.
Жалпы, шәкірттік, ұстаздық деген нәрсе біреудің алдында тапжылмай отырып, дәрісін тыңдау ғана емес болар. Шәкірттік пен ұстаздықтың қыры сан алуан, сыны санаңнан. Осы тұрғыдан келгенде, мен өзімді жұртымыздың жақсыларының талайының алдын көріп, әңгімесін тыңдаған, басынан сипатып, батасын алған бақытты жанмын деп ойлаймын. «Лениншіл жас» атты жастар газетінде жүрген жылдарымда Сейдахмет Бердіқұлов ағайдың үлгі-өнегесін көрдім, сол кісінің сенімі маған түсіп, ұзақ жылдар осы басылымның мәдениет, ғылым, әдебиет және өнер бөлімдерін басқардым. Соның арқасында талай атақты да аяулы аға-апаларымның алдын көрдім, сырластым, сұхбаттастым, іні-бауыр болдым, шәкірт болдым. Үйрендім, үлгі алдым. Бұл менің де «өмір мектебім» болды.
Ақаңның «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналында басшылық қызмет атқарған жылдары оның ұлтымыздың білімі мен ғылымына, тарихы мен мәдениетіне, өнері мен әдебиетіне ерекше серпін пен сенім берген кезеңі болғаны өз алдына тарата айтар тағылымды әңгіменің өзегі.
Кейінгі жылдарда осынау ізгі мектеп маған жас толқыннан оза отыруға немесе алдыңғы топқа жете жеделдесуге үлкен септігін тигізді. Соның ішінде Ақаңның орны бөлек еді. Ақселеу ағамыз ауызша шежіренің шынайы шебері болатын, аузымен құс тістеген айтқыш, көңілімен киік атқан санагер, қазақы қалжың мен қазақы бітімге қамшы салдырмайтын қарагер еді. Сан жылдар бойы көңіл домнасында қайнаған, талмай ізденулер мен таңдай танудың нәтижесінде оның қаламынан туған «Қазақтың ауызша шежіресі» атты энциклопедиялық жинақтың өзі ұлттық тарихтың ұлы қойнауларын ашып-ашып тастайтын, бағзы сөз, баянды пікірге бастайтын кең де кемел туынды.
Ақселеу Сейдімбек «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген Потанин пікірін одан әрі тірілтіп, тіпті, одан асырып, дерегі мен дәйегін жеткізіп, даламызға келген сандаған жиһангездің айтқан-жазғандарынан өткізіп, бір өзі бір мектеп қалыптастырып, сызы бетінен көрініп тұратын соцреализмнің серпіні қатты уысынан ебін тауып шығып, есесін тауып айтып, «бүкіл қазақ даласы шежіре болып сөйлеп тұр» деген концепциясын кеңес өкіметінің кезінде де халықтық қолдауға жеткізген, елінің көңілі мен көзін ашуға септігі тиген қайраткер тұлға болды. Түркі жұртына етене жақындап келді деген Лев Гумилевтің де еңбектерінде білместік пен кәнігі саясаткерлік қатар ұштасып жататынын, сондықтан оның ғылыми тұжырымдарын көңілдің ұлттық сүзгісінен өткізіп, сана цензурасына салып оқу қажеттігін де алғашқы айтқандардың бірі және біліп айтқан Ақселеу Сейдімбек.
Тұлпар мініп, ту алған баһадүр бабаларымыздың дәстүрлі жолын жалғап, қаймағы сыпырылған халқымыздың советтік кезеңде сүттей «ұйытылған» тыныштығы егемендікке жетіп, есеміз қайтқанда ғана таңдайға татитынын тап басып айтумен, тапжылмай жазумен жүрген жауынгер-қаламгер болды. Сыналап айтып, сыпайы көрсетіп, санаға салмақ салатын сөздің дәмін келтіріп, дәнін жеткізген дәнекер сөзгер еді. Атақты Байдалы бидің топырағында кіндігі кесілгесін болар, билерше толғап, билерше кесім айтатын, байтақ даламызда байрақ көтеріп, қас дұшпанға қаймықпай қарсы барған Байғозы батырдың кіндігінен тараған үлгілі ұрпақтың ізіне ергесін болар, батырша қозғалып, батыл сөйлейтін.
Қазақы сөзге қамшы салдырмайтын Ақаң зергерлік пен саяткерлікті, ұсталық пен санаткерлікті, өрімшілік пен өнерді тең қағыстырып, тереңнен жымдастырып, эстетикалық зердеге салып тереңдетіп, айтқан әңгімесін де, айшықты әфсанасын да ұлттық ұлы мұраттарға әкеліп тірейтін. Ұлттың ұлы армандарын өзінің адами үміттеріне ұластырып, бары мен жоғын түгендеп, өзінің бойы мен сойын қатар көрсетіп, жұртына жанын ашып, жаны ашып ғұмыр кешті. Айтты, жазды, сөйледі. Күмбірлеп сөйлеп тұрған боз даласының тілін тауып, төгілтіп, тінін тауып егілтіп, дінін тауып бекемдеп, алаш арыстарының ұлы мұраттарын бүгінгі заманға жеткізіп, келер күндерге өткізіп өмір сүрді. Осы ұзақ жол, ұзақ сапарда тар жол, тайғақ кешсе де, Жаңаарқа даласында жосыла шапқан жез киіктердей уақыт желінен оза шауып, халықтық қарақшыға олжа салумен болды.
***
...Мен Жаңаарқа даласын талай рет бөктерлей, ақселеуі желмен теңіздей толқыған ұлан жазықты кешіп өтіп, ұлтымыздың ұлы тауы –
Алаштың абыз тауы Ұлытауға асыға жеткенмін. Ұлы тарихымызды бауырына басып жатқан бауырмал таудың басында тұрып, қазақтың кең-байтақ даласына ұзақ-ұзақ қарап, көңіл көзін суарғанмын. Ғажап, мұны көру керек, көктемде мықынын жасыл белбеу көмкерген ақселеуі күз айында ақшулан тартып, ата даланың ақ сақалындай болып байтақтана шалқыған кезінде керсең, көңіл құсың шартарапқа шалқиды.
Ұлытаудың осы ақселеулі алқабы мен ұлтымыздың ұланы Ақселеудің арасында мәңгі ажырамас тұтастық, мәңгі үзілмес байланыс бар еді. Даласымен адас, селеуімен саптас Ақаң осы байтақ далаға көз нұрын қандырып талай тұрған болар-ау. Батыстан соққан барқын жел ерліктің пірі Едіге тауына қарай құбыла қозғалғанда, ақселеу теңізі одан әрі толқып, шалқып, салтанат симфониясын төгеді. Ақшаңқан даланың ариясы – ұлы тарихтың дариясы. Тартатын жел, тыңдайтын ел. Алла берген несие ғұмырда Ақаң сол саздарды сөзге айналдырып, еліне ұсынды. Елі де еміне қабылдап, еліге тыңдай алды. Тіпті әр тентектің аузында жүрген бейпіл сөздерді де ерінбей жинап, ұлттың бұл да бір дүниесі ғой, бұл да тілдің бір саласы ғой, байлығы ғой, іздеушісі болса ізіне түсер деп түптеп тастады. Ашық-тесік жатқан қорасының бір бұрышына керек тастың ауырлығы болмас деп даладан тапқан көне мүкәмәлін әкеліп тастай салатын қазақы қарияның мінезі де Ақаңда жетіп жататын.
Әттең, өтпес өмір,тозбас темір бар ма, Ақаң да артына аңызын ертіп, ана дүниеге көшті. Қазір өзінің атакүлдігі, ана жұрты – Атасудың бір қара дөңінде қара жолға биіктен көз тастап, жүзін Құбылаға – Ұлытауына қарай беріп, мәңгі дамылдап жатыр.
Ұлытаудың басынан құлай жүгірген жел ақселеулі даланы тербей толқытып, күңгірлеген Ақселеу күмбездерінің мұңды саздарын Жаңаарқа жазығына қарай ұзатады. Сайын даланың саз балшығын күйдіріп қалаған сары айшықты күмбездері желді күні ақселеулі туған даласын кешіп келе жатқан Ақаңа ұқсап та кеткендей...
Ақаң қайтыс болған күні мына өлең туып еді:
Ақселеу өтті өмірден.
Ұлтының ұланы еді,
Ұшқанда қыраны еді.
Таңдайда тілі болатын,
Маңдайда шырағы еді.
Ақселеу өтті өмірден.
Елінің сүйіктісі еді,
Жұртының иықтысы еді.
Қатыгез ажалдың қылышы,
Аймаңдайларды қиып түседі.
Ақселеу өтті өмірден.
Күмбездері күрсініп жатыр,
Тұнжырап тіршілік жатыр.
Артында Алашы қалды,
Арманның бүршігі жатыр.
Ақселеу өтті өмірден.
Керілмей асқақ қанатың...
Кезің бе тыным табатын?
Ұлтыңның ұлы тілегі –
Ашылсын алдан жәннатың.
(2009 жыл).
Кең ақын Кеңшілік шалғыны белге құлаған шандоз даланы жырлаған бір өлеңін: «сабаудай бір шал жетпей тұр» деп аяқтаушы еді. Ұлт руханиятының сол сайын даласында ұлы мұратқа адал қызмет жасап жүрген ұлық тұлғаларымыз бар ғой, шүкір. Сол халықтық қазыналы жүктің бір жағын еңсере көтеріп, иығы жауыр болғанша, қадамы тоқтағанша, қаламы қолынан түскенше қалтқысыз қызмет жасаған Ақселеу Сейдімбектің орны ойсырап қалды. Сана көшіне олжа салар сабаудай бір шал жетпей тұр десем, артық айттың деп айыпқа бұйырмаңыз, қадірлі оқырман. Бұлғақ күндерде де бұқпантайламай ғұмыр кешіп, баһадүрлік дәстүрді ат үстінен түсірмеген Ақаң еді ол.
...Ұлытаудың басында ұлыған жел де қазақтың қадірлі перзентін жоқтап жатқандай...
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты