ЖЫРЫММЕН ЖҰБАТҚЫМ КЕЛЕДІ
2024 ж. 19 сәуір
2398
0
Өмірі өлеңмен өрнектелген ақын Әбілда Аймақтың туғанына 70 жыл толуына орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы «Жырыммен жұбатқым келеді» поэзия апталығын өткізді. Әдеби кешті облыстық Мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатай ашып, кешке арнайы келген ақынның жары Ақмарал Сатыбалдықызына сый-сияпат көрсетті. Ақынның жары естеліктерімен бөлісіп, немерелері өлең оқып кеш көркін кіргізді.
Кеш қонақтары ақын Қанат Сапарбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Роза Сыздыққызы, ХҚТУ-нің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпхан, журналист, ақын Бауыржан Мейірханұлы сөз алып, апталық жайлы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерінен композиция ұсынды.
Кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы қорытынды сөз алып, жыл көлемінде Әбілда Аймақ оқулары облыс көлемінде жалғасатындығын жеткізді. Апталыққа белсенді қатысқан кітапхана оқырмандарына арнайы алғыс хаттар табысталды.