СЕЗІМІ СЕРГЕК, ЖҮРЕГІ ЖҰМСАҚ
2024 ж. 01 маусым
2035
0
ақын Үміт туралы бірер сөз
Ақын Үміт Битеновамен беріректе таныс болдық. Бертін келе мейірбан жүзді, сезімі сырлы, жүрегі нұрлы осы бір нәзік жанның өн бойында сан қырлы өнер, суреткерлік қарым, ақындық талант ұялап жатқандығына куә болдым. Оның өмір жолы да тақтайдай тегіс, мүдіріссіз болмапты. Ашық күнде төбеден ұрған найзағайдай хал кешіп, әкеден, туған бауырларынан айырылыпты. Аялы ана алақанының шуақты шапағатына мейірленген күндері де тым келтелеу болған екен. Сонай-ақ саналы ғұмырында да адами пенделіктің небір кеселді, көлеңкелі құбылыстарының қыспағына ұшырап, кедергілерді көп көргені оның жырларынан айқын сезіліп отырады. Шындықты шырылдап қорғап, кіршіксіз жанына қылау түсірмеуге талпынған ақынның жүрек лүпілі оның жырларының өн бойынан есіп тұрады.
Үміттің ақындықтың ақшаңқан айдынына құлаш ұруы сонау сексенінші жылдың ортасынан бастау алған. Кез келген өлеңін алып қарасаңыз, туа бітті сергек сезімін жыр тілімен өрнектеуге деген зор талпынысынан оның ақындық қарымының алымды екенін байқауға болады. Өзінің он сегіз жасында жазған мына «Жұлдыз сезім» атты жырына назар аударыңызшы!
Ғанибет,
Неткен ғажап мына өмір,
Балбырап тербеліп тұр бұла көңіл.
Жүрегім ұясынан атой салып,
Қиялды алып ұшты қуа небір.
Дәл бұлай
Бұрын-соңды кезімде мен,
Шаттықтың шырын дәмін сезінбеп ем.
Жанымды жадыратқан жұлдыз сезім
Жарқырап жаншы бірге өзімменен.
Міне, осы үзіндіден-ақ Үміттің жүрек сезімін алаулатқан ақындықтың айқын нышаны аңғарылады. Оның ақындық қабілет-қарымына шын қуанып, үлкен үміт артқан арқалы ақын Нарша Қашағанов сонау 1989 жылы: «Үшаралды ақындар ауылы дегенді байқамай айтып қалған жоқпыз. Осы ауылда Үміт Битенова деген ақын қыз тұрады. Үміт анасының, ақынжанды жарының ғана емес, Үшаралдың Үміті, бүгінгі Ұлбикесі!» деп тебірене жазса, сол Үшаралдың тумасы, атақты ақын қыз Күләш Ахметова 1998 жылы: «...Бұл күнде республика көлеміне танымал Үміт тек қана ақын емес, сан қырлы талант»... деп, мемлекеттігімізге ақ тілеу, асыл үмітпен рухани демеуші болып жүрген елдегі ұл-қыздарға сүйсініспен қарайтынын айта келіп: «Сол көптің алдында жүрген Үміттің орны бөлек. Ол - ана, жар, ұстаз, ақын, әнші, сазгер... Дарынды жаратылған қызын елі мақтаныш тұтады», – деп ризалығын білдіреді.
Шынында да, Үміттің еңбек жолы ұстаздықтан басталған. Ол Шымкент пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі бөлімін бітіріп, Талас ауданындағы Қызыләуіт, Үшарал ауылдарындағы орта мектептерде ұстаздық етті. Содан кейін Қаратау қаласындағы мектеп-лицейде, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда мұғалім, педагог-психолог, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, лицей директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Оның осы тақырыпқа арнаған жырларының өзі бір төбе. Сүйікті жары, белгілі айтыс ақыны, көрнекті мәдениет қызметкері Ербол Қамбатыров екеуі ұрпақтарын аялай өсіріп, солардан немерелер сүйіп отырған мейірбан ана, қамқор әже.
Үміт отбасын кие, қастер тұтады. «Анамен сырласу», «Ұлға тілек», «Сүйіктім-ау», «Зияратқа», «Маған ғана», «Бойжеткенге», «Жақын да алыс», «Қайрау», «Енеме», «Адал келін бұйырсын», «Қазақ ғажап», «Аттандыру», «Немере назы», «Боталарым», «Бұйрық», «Білмей қалма» секілді көптеген өлеңдері мен балладалары соның айғағы. Ал асыл әкесін, аяулы анасын жоқтаған жырларын толқымай оқу мүмкін емес.
Ешкімге айтпаған сырларым,
Қалыңдар солай жұмбақ боп.
Жылжыған сайын жылдарым,
Барады құның қымбаттап,-деп жырлаған ақынның сан алуан реңкті сырлары топтастырылған жырлары ойлы оқырмандар жүрегіне әдемі әсер қалдырады екен.
Үміт Битенова өлең, өнер биігіне өрлер баспалдақтарына көтерілер тұста өзі қадірлеген алдыңғы толқын ақын-жазушыларды ізгілікпен еске алады. «Шерхан Мұртазадан бата алғанда» деп аталатын жырында Қадыр мен Тұманбайдай ақиық ақындарды, Әзілхан Нұршайықовтай аяулы тұлғаны ауызына алып, пір тұтады. Ал ұлы Мұқағалиға арнаған «Музаны жоқтау» атты өлеңін оқығанда, автормен бірге еріксіз тебіренесің.
Үміттің соңғы шыққан «Ешкімге айтпаған сырларым» атты көлемді жыр жинағы оның ақындық болмыс, келбетінің шынайы айнасы деп батыл айта аламыз. Әр алуан сипатта жазылған жырлары топтастырылған бұл кітапта туған Отаны, елі, ауылы, табиғаты, оларға деген сүйіспеншілігі, ыстық махаббаты шынайы шабытпен жырланған. Ол ақындардың қоғамдағы орны туралы да ой өрбітіп:
Біз ақынбыз байлығы, дәулеті жоқ,
Бақыты да, соры да бір атағы,-дейді де, енді бір туындысында халық ауызында мәтелденіп кеткен астарлы ойды өлең өрнегімен безбендейді:
Әкімі нашар халықтың
Ақыны өлер күйіктен.
Әкімі жақсы халықтың
Ақыны қарар биіктен.
Үміт «Жырла, жүрек» деген өлеңінде:
Нәзіксің, сезімталсың,
Тұла бой тұр ма елжіреп.
Сабырсыз төзім талсын,
Тоқтама, жырла, жүрек...
Сезімге сен іңкәрсің,
Санаңда сыр қалды көп.
Сындырмас сағыңды әр сын,
Тоқтама, жырла, жүрек!.. – деп айтқандай, өзі өмір сүрген ортаның сан құбылған болмысын, оның күнгейі мен көлеңкесін, шуағы мен ызғарын, бір өлшемге сыймайтын алуан түрлі көзқарасты адамдардың алуан қырлы табиғатын шұрайлы жыр тілімен суреттеуі өз оқырмандарын риза етпей қоймайды. «Өмір дейді мұндайды», «Мен мезгілдің тұсаулы тұтқынымын», «Өмір бұл» секілді философиялық жырларына қат-қабат астарлы құпия өмірдің қалың сырын арқау етеді. Ал «Мендегі іңкәр махаббат», «Махаббатпен мәнді ғұмыр мәңгілік», тағы да басқа туындыларында шынайы өмірдің нағыз тұтқасы ұлы махаббатпен кіндіктесіп жататынын меңзейді.
Ақынның қоғам өмірінде жолығатын бейғамдық, немқұрайдылық, бойкүйездік, парықсыздық, пайымсыздық кеселдерден арылуға шақыратын «Ұйқыашар сөз» («Оян, қазақ!») дабыл өлеңі, «От баспа, жұртым» атты бүгінгінің лиро-эпостық толғауы самарқау, селқос саналарды селт еткізетін қасиетімен дараланса, «Шенеунік», «Мәдениетпен мәдениетсіз қыздар жүр», «Түлен түртсе», сияқты өлеңдерінде адамдар мінез-құлқының жағымсыз жақтары сын тезіне нысана етіліп алынады. «Сары қыз» атты өлеңі өміріміздің ащы шындығын алдымызға қолмен қойғандай жайып салатын шығарма. Көркем жүзі көпті сүйсінтіп, жігіттерді ынтық еткен, көн етікті түгіл көк етіктіге де көз қиығын салмай, өзін асқақ ұстап, мансаптың жалт-жұлт еткен алтындай алдамшы арнасына түсіп, малтыққан өмірдің жасыл жағалаулы биігінен алыстап, арбауға түскен ару қыздың бұл күнде можаланып кәрі қызға айналған мәнсіз-мағынасыз ғұмыры талқыға түсумен келе жатқан трагедиялық халін аянышпен бейнелейді. Ұлтымыздың мерейін асыруға асықпай, демографиялық дүмпуіне серпін туғызбай, қазіргі саны жарты миллионға жуықтаған жалғызілікті қыздарымыздың жабырқау тағдырларына аналық жүрекпен шын күйзеледі.
Алғашқы сәтте қарапайымдылау ырғақпен басталып, келесілерінде санаңды солқ еткізер ой тастайтын «Массажист» деген өлеңінің соңғы шумақтарын оқып көріңізші.
Тұзды ерітсең болды.Барға қанағат,
Ет алмай-ақ бақытты өмір кешем мен.
...Дәл өзіңдей бір массажист керек-ақ,
Жер-Ананы құтқаратын кеселден!
Ақын өзі өмір сүріп отырған ортаның жақсылығына сүйсінсе, етектен тартқан, оңды басқан адымыңды оппаға итеретін қараңғы тірліктеріне қинала күйінеді. «Тағдырымды тұмшалайды тоң мінез», «Қор болды жаным», т.б. өлеңдеріндегі шамырқанған шымыр ойлары адамды бейжай қалдырмайды.
«Қор болды жаным ақымақтарға,
Бостығым емес, бірақ бұл.
Сорғалап тамып жапырақтарға,
Мен үшін жаңбыр жылап тұр», – деп төгілген ақынның жан күйзелісі әсерлі теңеулермен әдемі суреттелген.
Үміттің шығармашылық өнері жөнінде танымал ақындар Аманхан Әлімұлы, Ғалым Жайлыбай, Шөмішбай Сариев, Жанат Ахмади, Қайырбек Асанов, Нарша Қашағанұлы, Баймаханбет Ахмет, жазушылар Несіпбек Дәутаев, Марат Тоқашбаев, Мағира Қожахметова, Нұрила Бектемірова, қоғам қайраткерлері Мейрамбек Төлепберген, Әбдіманап Көпберген, Жандар Кәрібаев, Әкім Ысқақ, ғалым Әсілхан Оспанұлы, журналист Амантай Айзахметов, Тараз Өңірлік университетінің оқытушылары, профессорлар Сәмен Құлбарақ, Лескүл Ибраимовалар жылы лебіздерін арнағандарын атап айтуымыз керек. Ал оның суырыпсалмалық айтыс өнерінде де шоқтығы әрдайым биік болғаны ел жадында.
Бүгінгі таңда алпыс деген асудың жотасына аяқ басып отырған Үміт тек ақын ғана емес, проза жанрында да жемісті еңбектеніп келе жатқан жан. Оның 2018 жылы жарық көрген «Қай жерден кетті қателік?» атты кітабы осы ойымызды дәлелдейді. Осынау кітапқа жазушының әңгіме, новеллалары, публицистикалық мақалалары, эсселері, драмалық шығармалары еніпті.
Бүгінгі нарық заманының шығдығын бейнелейтін «Ол да ана ғой», «Қай жерден кетті қателік», «Тұнығың лайланды-ау, тұнығым!», «Қара күйе», «Қасіретті нәзіктік», «Бір тамшы» секілді әңгіме, новеллалары біршама сәтті шыққан. Бұл шығармалардың ерекшелігі қысқа да нұсқа жазылған. Бұларда небір тағдырлы жандардың өмір жолдары бейнеленген.
Үміттің эсселері де кең ауқымды, қоғам өміріндегі небір қайшылықтардың келеңсіз көрінісін сыни тұрғыдан пайымдайды. «Көз алдымда Раушан әкпем бейнесі» атты терең толқынысқа толы естелікті оқығанда да тебіренбей тұра алмайсың. Сыртқы әрі де, жаны да сұлу Раушанның кісілік, аналық келбеті, оның Батырбек Құлекеевтей атпал азаматтың сүйікті жары бола білгендігіне ерекше тәнті боласың. Сан қырлы өнер иесі Үміт Қыранқызы «Пешене», «Мұғалімнің бір күні», «Атадан қалған тура жол» секілді драмалық шығармаларды да өмірге әкеліпті.
Өткен жылдардың беделінде Үміттің қоғамдық маңызы бар әдебиеттер саласы бойынша республикалық баспадан шыққан «Балабақшадан басталған» атты деректі мемуарлық романы кезінде Қазақстан Жазушылар одағының Қуандық Түменбай жетекшілік ететін проза секциясында талқыланылып, жақсы бағаланған болатын. Белгілі әдебиетші-ғалым, профессор, филология ғылымының докторы Сәмен Құлбарақ «Балалық шақтың баяны» атты үлкен мақаласында кәсіби сын тұрғысынан шығарманы жан-жақты талдап, жазушының осы шығармасы арқылы оның көлемді прозалық жанрға да сәтті қалам тартқанын жазды.Бұл роман жөнінде 2023жылы әдеби жыл қорытындысында әдебиетші Марат Тоқашбаев былай депті: «Мұндай шығарма жазу үшін, сөз жоқ, мықты жады, жіті байқампаздық, ұғымтал қабілет қажет. Деректі шығармада композиция бола бермейді. Есесіне мұның рөлін кітаптағы құрылымдық жүйе атқарады. Шығарманың архитектоникасы өте үйлесімді, тараулар тартымды жинақталған. Тақырыпшалар көбіне белгілі бір эпизодтарға байланысты болып келеді. Әрқайсысы бір-бір мини әңгіме сияқты»,-деп өте жоғары баға берген.
Осы орайда айтарымыз – Үміттің прозалық туындыларын өз алдына жеке әңгіме етуге тұратын тақырып деп ойлаймын. Жоғарыда атап кеткеніміздей, Үміттің сан қырлы өнер иесі екендігіне ешкім талас қыла алмайды.Оның сазгерлік жемісті өнерінің айқын айғағындай, кезінде республикалық Қазақ радиосы жанындағы көркемдік кеңес бекіткен «Қыздар-ай, қыздар», «Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Көз алдымдасың сен», «Ардақты анам» («Мені ойлап қам жемеші, мама»), «Сен мені сағынбайсың ба?», «Өкпелемеші» атты әндері танымал әншілердің репертуарына енген. Мысалы, «Сен мені сағынбайсың ба?» әнін елдің сүйікті әншілері Роза Әлқожа мен Еркін Нұржанов қосыла шырқап жүр. Осы аталған туындылардың бәрінің дерлік мәтінін де өзі жазғандығын мақтан қылуға болады.
Өзінің саналы өмірін ұстаздық пен мәдениет саласына арнаған Үміт Битенова бүгінде баспасөз саласында қызмет етуде.
Менің білуімде, ол облыс қаламгерлері арасында қоғам өміріне ең белсенді араласып жүрген жазушы. Үміт Қыранқызы Қазақстан Жазушылар, ҚР Журналистер, ҚР Театр қайраткерлері одақтарының, сондай-ақ Қазақстан Авторлары қоғамының мүшесі. Халықаралық айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағы Жамбыл облыстық фмлиалының тұрақты Әділқазылар алқасының мүшесі болып та жемісті жұмыстар атқаруда. «Құрмет» орденінің иегері, Талас ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының 2013 жылғы Жыл патриоты. ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі. Талас аудандық Мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланып, халық аманатын орындаушылардың алдыңғы сапынан көрініп, абыройға бөленді. Осынау тынымсыз жан облыстағы көптеген қоғамдық ұйымдардың, саяси кеңестердің, облыстық штабтардың, комиссиялардың мүшесі болып белсенділікпен еңбек етуде.
«Мендегі іңкәр махаббат», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мен сүйген жар», «Көңіл күнделігі», «Ауады да тұрады аңсарым», «Қар астындағы жауқазын» атты көптеген кітаптары түрлі баспалардан жарық көрген Үміттей аяулы ақын, сазгер қарындасымның осынау алпыс жылдық мерейтойында оған, оның өнегелі отбасына мықты денсаулық, баянды бақыт, шексіз қуаныш бұйыра берсін деп, әрдайым жемісті еңбек ете беруіне ағалық ізгі пейіл, ақжарма көңілмен шынайы тілектестігімді білдіремін.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.