ШЕҢБЕРГЕ СЫЙМАҒАН ШАЙЫР
2024 ж. 05 маусым
1926
0
(Ақынның жыры жайында үзік ой)
Өмір бойы ізденісте болу, шама келсе, тағы бір жаңа деңгейге көтерілу – көп ақынның көкейтесті арманы. Зәудеғалам, жүзеге асар болса – бастан көшпес бақыт. Алайда, айтуға жеңіл болғанмен, бұл – онша оңай орын бола қояр шаруа емес.
Рас, былай қарағанда, тоқтаусыз талпынуға, іркіліссіз ілгерілей түсуге көрініп тұрған кедергі жоқ. Жықпылдың арасынан жалбызбалап жол тапсаңыз, алдыңыз – ашық, жетер жер – қол созым... жетіп жығылуға тиіссіз. Бірақ, шынтуайтында, іс жайы олай емес. Өйте алмайсыз. Өйткені, ақын атына сеніп, жолға шыққан жөнсал жолаушы емес.
Ал, онда... аялсыз алға басуға, мігірсіз ілгері жылжуға не кедергі, кім бөгет?
Құлақ қоюға құлқыңыз болса, бұл мәселені қаузап көруге біз пақырда пейіл бар, ынта жеткілікті.
Шымбайға батса да шындықты айтайық. Бұл арадағы басты тосқауыл – басқа емес, өзіңізсіз. Дұрысы, өз санаңыз, өз танымыңыз. Одан да турасы, келіп тоқтаған шегіңіз. Алдыңызда ештеңе тұрған жоқ, әрине, көрініп. Десе де, аттап басуға амалыңыз аз, шараңыз кем. Көзге түспес көмескі қамал бар жолыңызда көлденеңдеген.
Шек деген сөздің аясына көп нәрсе сыяды. Өнер – әуел баста жолсызбен жортуылға шығу. Сүрлеуге түссеңіз – сорыңыздың қайнағаны. Жоқпын деп есептеңіз. Дей тұрғанмен, алысқа аттанған адам оншалық ақымақ болмаса керек. Барар бағыт, жетер нысана... мөлшерленуге тиіс. Сайланған сапарда аттап басқан сайын ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысқа тап келіп, беттесіп отыратыныңыз, тағы, анық. Сәт сайын бөгет бұзып, өткел өтіп тұруға міндеттісіз... Жарайды, сізді соның бәрін тып-тинақтай етіп тындырды деп қаралық. Соның арқасында аз-кем жол басып, әу дем биікке көтерілдіңіз. Артыңызда басқан ізіңіз сайрап жатыр... күшеніп жүріп келіп тоқтаған жеріңіз – мынау. Жаңағы шек. Бұған да қанағат қылмай, және біраз өрлемек ниетіңіз бар. Жақсы. Қанағат қарын тойғызғанмен, өнерде өрге оздырмайды. Өнерде тойым жоқ. Бұл салады ашқарақтықтың болғаны – таптырмайтынақ қасиет. Десе де, білуге тиіссіз, бұл – алға басудың жалғыз-қара алғы шарты емес. Ілгері жылжу үшін тағы да көп дүние керек. Ең әуелі, анықтап алайық, сіз сарқылған жоқсыз ба өзі? Айтқаныңызға сендік, сізде әлі талайға шабар дәрмен бар. Кезекті мәселе – шыққан тепсеңіздің деңгейі. Бұл өте маңызды. Мұны толық тексеріп алмай, алға жылжу жоқ...
Себебі, білмес біреулер, етекте жүріп, «елден оздым» деп, өзінің алдына ор қазады. Қазақ айтатын: «Әлін білмеген – әлек» деген – сол... Рас, сіз одан да аман сияқтысыз... Нандық. Келіп жеткен жеріңіз – көңілден шығатынақ тұс. Алға баса алады деуге негіз бар. Бірақ, ұмытуға болмайды, мұның бәрі – етектен тартар ергежейлілер. Өнер деген қашанда артынан түсіп қуатын шылбыр қашаған болғандықтан, оның негізгі қиындығы – артта емес, керісінше, алда. Жаңағы көрінбес қамал – сол. Ілгерлеу үшін қалайда бұзып өту – бұлтартпас міндет. Егер бұзып өтуге келмесе, тосқауылдан құтылудың жалғыз жолы – тұмсықтың ұшынан жол кескен қозғалмас қара тасты қайткенде де қақ жару емес, бағытты сәл бұрып, айналып өткен де – ақыл. Бұлай болғанда, біріншіден, аяқ аттап бастырмас кедергіден құтыласыз, екіншіден, алдыңғы жағыңыз жаңа көкжиекке айналады.
Мұндағы маңыздысы, қаузайтын тақырыптық ая ғана кеңейіп қоймай, бар болғанымен, әлі байқала қоймаған, жасырын жатқан өз мүмкіндіктеріңіздің бетін ашуыңыз бек ықтимал. Бәлкім, сіз құлашыңызды кең алып, еркін самғайтын ен өріске, адасып жүріп, әрең дегенде, енді шықтыңыз.
Солай... алда-жалда, айтқанымыз айнымай келіп, қылған қайраты селге кетпей, әлдекімдердің жаңа адымы ашылып, бауырын жазып жатса, бұл – біздің сәуегейлігімізден емес, шыны, жүріп өткен өмірлік жолынан жалықпай тәжірибе жинап, сабақ алып келген талапшыл жанның өнер жолының өз заңдылығын қапысыз аңғарған алымдылығынан. Аңдағанына сай әрекет ете алған шалымдылығынан. Бір сөзбен айтқанда, өнерге өзегін жұлып берген және оның алдынан кездескен асуларын ала білетін қарымдылығынан...
Жәркен ақынның соңғы жылдардағы шығармашылығына зер сала үңілгенде, осы бір оңды ойлар санамнан самсып өтіп жатты. Бір қуанарлығы, ірісі мен уағы мидай араласқан бүгінгі күнгі өнер дүниесінен осы бір өлеңнің өрен жүйрігінің қуатты шабысы айқын танылғандай. Назарымызда бұрыннан жүретін жанкешті жыршы енді басқа бір соныға соқпақ салуға ұмтылып, жаңа бір тың белеске бет түзендей...
Біздің пікірімізше, белгілі ақын Жәркен Бөдешұлы әу баста өнер әлеміндегі иен жатқан жолсызға із салмақ болып, нар тәуекелмен атқа қонғаннан қайтып, аял жасап, аяқ суытып көрмеген шабыт иесі. Өнер сертін білетін, оның тапжылмас талабын табандылықпен орындап, сұранысынан шығып келе жатқан, соның арқасында өзіне тән өзгеше қолтаңбасын қалыптастырып, дара дауысын биіктен естірте алған жыршы. Жүріп өткен ұзақ сапарындағы артынан еріткен айшықты табан таңбасы да көптің көз алдында. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, төккен тер, қылған қажырының өтеміне ел білетін есімге айналып, өлең-сөз өнеріміздің жемісті бағындағы мәуелі бәйтеректердің бірі болып, көкке бой созды. Бұрынғы өткенін тұтас қопарып, түгендеп жатпасақ та, мұндағы, 90-жылдардың ортасынан бергі жерде жасаған соны серпілістерін еске алудың өзі әлгінде айтқан сөзімізге дәлел ретінде алға тартуға емінеркін жетіп жатыр. Шетінен бір ауыз толғандай сүбелі еңбектер.
Ал, оларды өмірге әкелген мезгіл қандай кезең еді десеңізші? Кеңес одағының шаңырағы ешкім тиіспей ортасына түсіп, еліміз економикалық қиындыққ тап болып, естен тана есеңгіреп, жұрт күйзеліске ұшыраған, жазармандар қолынан қаламын түсіріп алмаса да, тіршіліктің тырбаңымен жазуды қоя бастаған уақыт болатын. Қара шай мен қатқан нанның өзі үлкен уайымға айналған ондай ауыр шақта өлеңсіз өмір сүре алмайтын, жаннан безген жанкештілер ғана майданда қалған еді. Айтып-айтпай не керек, сол бір қиын-қыстау кезде жанына жырдан жылау іздеген көпшілік санаулы ақынды ғана жандарынан тапқаны әлі есімізде. Соның бірі біздің кейіпкеріміз болғанын бүгін мақтанышпен айта аламыз.
Ал, сол етектен тартқан ауыртпалықтарды елең қылмай, өзінің шығармашылық жолында шұғыл бұрылыс жасап, айтарлықтай табысқа жеткені, сөз жоқ, көңіл қуанышы, поэзия мерейі.
Айтулы ақындардың алған адымдары ешқашан ел назарынан қағыс қалмаған ғой... Бәрі де жадымызда. Жәркен ақын алғаш, алғаш болғанда, жоғарыда айтқанымыздай, 90-жылдардың ортасынан бастап бұрынғы үйреншікті машығынан тосын бас тартып, сол кездегі қайта ояна бастаған ұлтық рухтың жебеуімен, кері бұрылып, өткен күн қойнауына үңіліп, жыраулар жырының ну орманынан жақұт іздеп, жанын сала шарық ұрды. «Еңбектің өнбегі бар», олжасыз қайтпағаны баршамызға мәлім. Сол талпыныстардың соңғы нәтижесі ретіндегі маржан жырлар кейін «Емендер түнде бүрлейді» болып, қомақты дүниеге айналып, жарыққа жол тартты. Ал одан кейін ақын жасампаздық өмірінде тағы бір үлкен бұрылыс жасап, халқымыздың басып өткен тарғалаң тарихындағы ауыр кезеңдерге шұқшия қадалып, сол дәуірлердің қанды айғағындай болған сом тұлғалардың қиын да трагедиялы тағдырларын кесек-кесек дастандарға арқау қылып, ұзағынан толғады.
Ұзақ ғұмырының көбі абақтыда өткен мұқалмас жан, әйгілі жазушы Қажықұмар Шабданұлының өміріне арналған «Тас бесік» поэмасы, қайтпас қаһарман, қажымас жауынгер, атақты батыр Исатай Тайманұлының ұлы әрі майданда иықтаса күрес жүргізген сенімді серігі болған қыршын жас Жақияның боздақ күйінде бақиға аттанған жалынды өміріне арналған «Жақия» поэмасы, міне, осы секіріс мезгілінің соқталы туындылары болды. Бұл «Жақия» поэмасының кезінде топтан озып, бәйге алғанын айтсақ, оның айтулы дастан екеніне бұлтартпас дәлел бола алары даусыз.
Тілімізге тиек болып отырған заманымыздың бұл эпикалық жырлары соңынан бас біріктіріп, «Бөрінің асығы» кітабын құрап, поэзиямыздың алтын қорына бір асыл ділдә болып қосылып, қамбаны толтырды.
Жоғарыда еске салып өткеніміздей, өмір бойы өсумен келе жатқан ақын одан кейін де шабытын сарқып, көне сүрдегінде жадылы болып қалған жоқ. Қашанғы дағдысымен одан соң да тәуекелге мінді. Біз бұл мақаламызда, жалпы, өлең жанкүйерлерінің назарын осы тың ізденістерінің жемісі іспетті жаңа бітімді жырларына аударсақ деп едік. Шынында да, күтпеген бұрылыс. Ілкідегі ешбір кездегі өлеңдеріне ұқсамайтын, нағыз бас-аяғы балғадай дерлік қысқа да нұсқа, шымыр жырлар еді. Дәмді де мәнді, ұтымды да ұтқыр, тек өлең сөздің талай-талай сынағынан өтіп шыңдалған, шеберлігі әбден жетілген, білікті ұстаның икемді саусағынан ғана шығар, өрнек-нақышы айқын, бояу-түрі қанық, көрікті дүниелер. Татқан жерден дәмі аузыңда қалар шырынды сырлар.
Көлемінің ықшам, мүмкіндігінің «шектемелілігіне» қарамастан, жадағай, сылдыр емес, өзіндік тереңдігі бар, иірімді де үйірімді туындылар. Соңғы кездерде газет, журнал беттерінен, әуе толқындарынан ылғи да қарсы кездесіп, көне таныстардай көзге жылы ұшырап жүрсе, бүгін баспасөз бетінде тағы да алдыдан шығып, жымия қарап, қиылып тұр. Жауһар жырмен жақынырақ танысып, аржақ-бержағын ақтарып, бір «сырласудың» сәті түскендей...
Шайтан ба,
Әлде...
Кісі ме ─
Енеді біреу түсіме.
Ұйықтап жатқан секілді ол,
Кіріп алып ішіме.
Көзін жұмған көмескі ой,
Оянатын еместей.
Тымық кешкі желкендей,
Желбіремес жел еспей...
Бұл не? Күмән болмауға тиіс, бұл – өлең. Шақты шанаққа сыйып, шартарапқа шашылған шуақты ой, шоқты мазмұн. Шығандай ширыққан жинақылығы – жұтаңдығы емес, бар сырын ішіне бүгіп, тығыздығын бойына жиған жұмырлығы.
Сөзіміз нанымды, лепесіміз дәлелді болу үшін еске сала кетуге міндеттіміз. Өнер – болған жайды айна-қатесіз баяндау емес, әлдененің сыңайын сездіріп, ыңғылын ишаралау, елесін ескертіп, көңілдерде әлдене әсер қалдыру. Себебі, өнер деген дәлелдеу емес, бейнелеу. Мынау да сол талаптан шығатын тамаша жыр. Ештеңені ашып-жарып айтпайды. Ымдап қояды да, неге жоруды, не деп түсінуді өзіңізге қалдырады. Өз міндетін өтей алған озық өлең.
Риза, хош көңілмен.
Дұғамды оқып ішімнен.
Кеттім кеше өмірден ─
Қайтып келу үшін мен.
Емен есігімді құлыптадым,
Алтын кілтімді де ұмытпадым...
Мынау да – сол. Айтары белгісіз тұңғиық дүние. Шешімі жоқ шатпақ емес, жауабы бар жұмбақ. Бірақ, байлауы – оқырман қолында. Бірдемені емексіте беріп, бітіп қалған. Ендігі болжам өз еркіңізде. Қисынына қарай неге жорисыз – өзіңіз білесіз. Екі шумаққа толмайтын қысқалығына қарамай, санаңызға салмақ салар батпан сөз. Ал ондай ойландыра алған, толғандыра алған өлеңде арман болмауға тиіс. Енді, мына өлеңге қараңыз:
Көзімнің алды көк бұлау,
Тозаңдап тұрған бет мырау.
Шаш емес шашым ─
шөп...
қырау...
Өгізге жеккен арбадай,
Межелі жерге жеттім-ау,
Ар жағы тастай қараңғы,
Ай туып тұрса жарар-ды.
Жоғарыдағылардай емес, бұл өлеңнің ішкі ындынын белгілі бір мөлшерде жобалауға болатындай. Өмірдің ұзақ-сонар сүрдек-соқпақтары ит сілікпесін шығарған қажыңқы жанның тірліктің бір белесіне көтеріліп, әлдебір тығырыққа тұмсық тірей тоқтаған шарасыз хәлі. Аржағында тағы таусылмас тілек – «Алдым жарық болса, жарар еді» деген көкейтесті үміт бар. Бір адамның бүкіл ғұмыры шолақ өлеңнің тар қауызына толығымен сиып кеткен. Ал айтар ойы сом дастанға жүк болғандай. Бұны шеберліктен басқа неге телірсіз?!
Қысқа да нұсқа бұл өлеңдер Жаркен Бөдешұлының соңғы жылдары жасаған соны серпілісінің толыққанды мысалы бола алады. Шеңберді бұзып, шырқау биікке ұмтылған ақынның қарым-қабілетін ғана емес, бағыт-бағдарын да айқын аңғартқандай.
Межелеуімізше, бет – түзу, мақсат – анық. Ал, өнер дүниесіндегі жаңа нәрсеге қаншалық қан-теріңді сіңдіріп, жаныңды берсең, соншалық түрленіп, құлпыра түсетіні, сырт көзден гөрі, ізденіс иесінің өзіне анағұрлым мағлұм болса керек. Олай болса, болашақтағы бұданда үлкен табысыңызға тілектес іні ретінде «Жолың болсын, жолсызға із салған жортуылшы» демекпін.
Серік НҰҒЫМАН,
жазушы
Естелік
КӨКЖАЛДЫҢ ҚАРТАЙҒАН СӘТІН КӨРДІМ...
Арқалы ақын Жәркен Бөдеш көкемізді өткен туған күнімен құттықтап барып қайттым. Жетпіс үш жасқа келген кәрі тарлан қауқылдай қарсы алып, жұмыс бөлмесіне бастап кірді. «Мынау әкемнің, мынау арғы дүниеге кеткен ұлымның портреті» деп, кітап сөресінің оң жақ шетіндегі оңаша бұрышта, биігірек текшеде тұрған суреттерді көрсетті. «Екеуін де сағындым-ей» дейді қабағына сәл бұлт үйіріліп. Содан соң немересі Абылайдың суретін көрсетіп, «Біздің үйдің тентегі ғой, оны да сағындым, кеңсірігім ашиды, көрмегелі көп болды...» деп, ұзақ үнсіз отырды.
Сөредегі кітаптар өте ретсіз жайғасыпты. Үстелде Абай, Мағжан, «Бабалар сөзі», тағы басқа авторлар шығармалары әр жерге орналасқан. Төте жазумен шыққан «Бетховен» кітабын оқып жүрген сыңайлы. «Бұл неменің де көрмегені жоқ екен ғой...» деді сәл үнсіздіктен соң шағын кітапты нұсқап. «Ван Гок деген суретші туралы бір мақала оқыдым, мен секілді екен пақырың» деп қойды тағы бірде. Осы сөзін айтып алып, ырзалықпен күлген кейіп танытты.
Әңгімеміз әртарапты, шашыраңқы шықты. «Жер мәселесі не болды?» деп сұрап алып, «білем ғой, айтпай-ақ қой...» деді тағы өзі.
«Билік... Тақ дегенің магнит секілді, негізі. Өлген соң ғана тақ туралы ұмытамыз. Бәріміздің де көздеген тағымыз бар. Оған жеткендер оған жетпегендерге қарағанда бақытсыздау ма, қалай өзі?..» деп кеңкілдеп, көзінен шыққан жасты қос қолымен сыпыра отырып күлді.
«Енді маған сыйлықтың керегі жоқ. Апаңның жұмысы бар. Күнделікті тамағым тоқ, киімім бүтін. Бір бақытым – сарайшыл болмадым. Бір қасіретім - сарайшылдарға қараған кездерім болды...».
«Ешкім іздемейді. Маралтай алыстап кетті. Олар артына қарамайды ғой енді... Әмірхан жақсы еді. Астыға келіп тұратын. Қазір түсем дейтінмін...» деп жабырқау ғана айта кетті.
«Саусақпен санарлықтай күн қалды деуші еді үлкендер. Рас екен. Маңайымдағыларды түгендеймін, шетінен кетіп жатыр. Аз қалдық қой...».
Осы сөзді айтты да, саусақтарын санай бастағанда, зәрем ұшты. «Көке, қайтесіз...» дедім әзер.
Балконға шығып шылым тұтаттық. Байқағаным, шылым тұқылдары бір шелек боп үйіліп қалыпты...
Мені шығарып салып тұрып: «Жиі келіп тұрыңдаршы...» деп, соңымнан қарап ұзақ тұрды.
Көкжалдың қартайғанын алғаш көргендей, беймаза күй кешіп отырмын...
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.
16.05.2016.
Өмірдерек
ТАЯУДА СЕКСЕНГЕ ТОЛАР ЕДІ
Алаштың «Өлеңнен басқаға қаталдығы жоқ» тағдырлы, ақиық ақыны Жәркен Бөдешұлы күллі саналы ғұмырын қазақ поэзиясына арнады.
Баладай аңғалдығы мен даладай дархандығы даналықпен ұштасқан жыр дауылпазының қаламынан қазақ руханиятына аса қымбат туындылар қосылды.
ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Мерзімдік басылымдарда және мемлекеттік Кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында бөлім меңгерушісі болған.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасында жауапты қызметтер
атқарған. Әр алуан басылымдарда ақынның «Аңырақай бекетіндегі
ой», «Қарауыл төбе», «Генерал Жаһар Дудаев», «От пен су» («Сорос-
Қазақстан» қорының жүлдесі берілген), «Тас бесік», «Бостандықтың басы», «Шер», «Жалғыз», т.б. дастандары жарияланды.
Шығармашылықтың шыңына шыққан ақынның «Көкше құрақ», «Қосқанат», «Зейін»,»Аспан дауысы», «Нүрлы бояулар», «Жұлдызға орнын ай бермес», «Емендер түнде бүрлейді», «Бөрінің асығы», «Бұрылыс», «Құбылыс», «Жұлдызтас» сынды өзге де көптеген сүбелі туындылары жарық көрді.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі тілдес елдер поэзиясы II фестивалінің лауреаты, Қ.Сәтбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық мүшәйраның бас жүлдегері, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Қазақ елі, бір ауызсөзім саған» I Республикалық Мағжан өнер фестивалінің Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасы бойынша I орын иегері атанды.
Қазағын жырмен тербеткен ақын ағамыз тірі болса сексен жасқа толар еді.
Бір үзік
ЖӘРКЕННІҢ КӨЛІГІ ҚАЙДА?!.
(Ертеректегі сұхбаттан)
Ақын Жәркен БӨДЕШ:
– Мүшәйраларға анда-санда ғана қатысамын. Ол өзі мынандай нәрсе...
Шынын айтқанда, мүшәйраға қай бір жетіскендігіңнен қатысасың? Қалтаң қалың, жағдайың жақсы болып тұрса нең бар онда... Жалпы, сананы тұрмыс билейтіні рас қой. Он күн болса да қу тіршіліктің ділгірлігінен, тұрмыс жағынан алаңдамай тыныш жүрсең деп қатысасың ғой оған. Кейде тақырып жаныңа аса жақын, дайын болып тұрады. Құдайдың өзі береді шабытты. Сондайда қатысасың. Кейде ойдан туады. Екі түрлі нәрсе бұл өзі. Өзім аса көп қатысқан жоқпын. Абайға, Жамбыл тойына, Қаныш Сәтбаевқа... Нәзір Төреқұловқа арналған мүшәйраларға қатыстым... Енді тоқтамақ ойым бар. Байып кетпесем де. Жалмаңдай берудің қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Іштей қынжылтқан жайттар да кездесті мүшәйрада... Мысалы, Сәтбаевтың жүз жылдығына арналған мерейтойда бас бәйгені жеңіп алғанмын ғой. Бірақ соған тігілген автокөлікті бермеді маған. Мәселе екі сағаттың ішінде шешіледі, анау-мынау деді, ақырында су аяғы құрдым қылды. Машина сонымен жоқ болып кетті. Орнына алпыс мың теңге ақша берді. Бұйырмай кеткен көлікті қуынып ешкімнен талап та ете алмадым. Кімге өтсін сөзім.
Жалпы, «мүшәйра» деген дойбының тасы немесе картаның ойыны секілді нәрсе ме деп қалдым. Бірақ соған жалмаңдап көп қатысады, бәлен-түген деген өте бір жағымсыз сөз. Қайта мынандай қиын кезеңде дүбірлі әдеби іс-шараларға үн қосып отырудың өзі, біле-білсең ерлік қой...
Мынандай жағдайда сіз екеуміздің қалтамызда не бар қазір мәселен? Сізге бірер саптыаяқ сыра әперуге шамам бар шығар, бірақ «тістемесі» болмайды оның... Ақындардың мүшәйраға амалсыздан қатысатыны содан. Одан соң елдің бәрі мініп жатқан мәшинені менің де балаларым мінсе деген ниет болды менде. Болмай қалды ғой анандай болып... Өзім тағдырға байланысты көбірек жортып жүрдім де кешірек үйленіп едім. Балаларым жас. Құлақтары енді-енді ғана қалқиып келеді. Ойламай ма олар да «ақындар бәйгеге түсіп машина мініп жатыр, біздің әкеміз неге мінбейді» деп... Әртүрлі әңгімелер болады. Қатыссайшы, папа, бірдеңе алып қаларсың дегендей...
Халық көбінесе ақынның жан азабына мән бермейді, анда-санда мүшәйраларда жүлде алсаң ғана «ойбой, мынау кетіпті ғой шырқап!» деп сөз қылады...
Құлтөлеу МҰҚАШ.
03.05.2004.