«ҚЫЗЫЛ ҚАР» ДЕСЕ, ҚАН-ҚАСАП ЖҮЙЕ ЕЛЕСТЕЙТІН...
2024 ж. 19 наурыз
1936
0
Белгілі жазушы, абзал азамат Жұмабай Шаштайұлы дүниеден озды.
Көрнекті қаламгердің қазасына орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.
Қазаны халыққа алғаш болып хабарлаған ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан:
– Қасиетті Оразаның екінші күні қазақтың біртуар қаламгері, асыл Ағамыз Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтыпты…
Өкінішті…
Сөз жоқ…
Бірнеше буынға ұстаз болған, адал һәм тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бір ауыз бөтен сөз ілестірмеген сәби болмысты Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп.
Жақсылар шетінен кетіп жатыр…
Сізді сағынатын болдық…
Бақұл болыңыз, Аға… Біз Сізге әлі ораламыз…» – деп қабырғасы қайысты.
Ал қоғам қайраткері, танымал ақын Нұрлан Оразалин:
– Өмірден Жұмабай Шаштайұлы өтті... Қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің ерен жүйрігі өтті... Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Қызыл қар» атты алғашқы повесімен әдебиет босағасын аттар-аттамастан, биліктің қырына келіп, сынға ұшыраған жап-жас қаламгердің өзін көрмей жатып, әуелі атын естіген кез есіме түсті...
Құдай-ау! Ат арқасы қиянда жатқан малшы өмірінің шындығын жазғаны үшін Орталық комитеттің әңгір таяғына іліккен жігітті бәріміз де көргіміз келді... «Қызыл қар» аз ғана уақыттың ішінде қолдан-қолға көшіп жүріп, жұлым-жырымы шыққан тоз-тоз мұқабалы кітапқа айналды. Қалың оқырманның жүрегіне жол тапты.
Әуелі сол көп оқырманның бірі ретінде танысып, келе-келе өмір мен өнер, заман мен қоғам, ел мен жер хақындағы ойларымыз бен пікірлеріміз кісінесіп табысты. Екеуміз жиі-жиі жолығып жүрдік. Маған оның әдебиет хақындағы ойлары, ұстанымы, қолына қалам ұстаған жұртта сирек болатын ұяңдықпен қатар қажетті жерде шорт кетер мінезінің бары ұнады. Қазақы ортада туып-өскен ұлдың тұғырлы қалпы. Орынсыз өрекпімейтін, өрекпісі келгендерді орнына қоя білетін нағыз азамат-суреткер Жұмабайдың өмір жолына, көз жүгірткен адамның «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» секілді кесек мінезді көркем туындылардың жаратылысы мен табиғатын тани түсері анық.
Жұмабай туралы таңғы сағат 6.30-да жеткен Жанарбек інімнің жеке парақшасына қайта-қайта үңілдім. Үңіліп отырып, әртүрлі республикалық басылымдарда басшы болған, ұлттың ақпарат кеңістігінің дамуына үлкен үлес қосқан жылдары жадымда жаңғырды. Әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған көп жылдық кезең жүрек төрін айрықша қозғап өтті. Көңіл төріне лоқсып келіп, баданадай тамшылар тірелгендей болды...
Апыр-ай!..
Арыңа кір жұқтырмай, арманыңды аялап, жазарыңды арқалап жүріп, сен де өттің бе? Асығыс аттанғаныңды ойлап, қиналдым. Бұйрықтың ісі болар. Тектілік пен беттілікті серік еткен сенің қайталанбас қалпың енді өз ортамызда жетпей тұрады. Ұнатқан адамыңа – ұлпадай жұмсақ, ұнатпағаныңа – ақ семсердей өткір мінезіңді іздейтіндер көп болады әлі. Мына жұмағы жүректерде үнсіз тынып күрсінген, тамұғы алашұбарланып, қоғамның бетіне шыққан дауасы кем заманда сен секілді аузын ашса, жүрегі көрінер жаны таза, ойы жомарт, қазақы болмысы менмұндалап тұратын көркем сөздің өрге салса, төске озар, таңда салса, кешке озар бір жүйрік тұлпарының енді аламандардың алдынан көрінбейтіні жаныма батты. Қабырғам қайысып, ішім құлазыды.
Бақұл бол, бауырым! Қош, көркемсөздің ақ семсері!
Қасиетіңнен айналайын, Жамбыл тәте, Жұмабай балаңды оң жағыңа ал. Ол досы Рафатқа, інісі Есенқұлына кетіп барады, – деп толғанды.
Жұмабай Шаштайұлының шәкірттерінің бірі, журналист Қасым Аманжол:
– Қазір мен үшін және осы жердегі Жұмағаңның жақындары, бауырлары, қатарластары, жүздеген шәкірттері үшін дүниеде мағына қалмай тұрған жайы бар. Өйткені, мына дүние Жұмағаң сияқты таза, адал, жүрегі ұлы дүниелерді қуантқан ойшыл, жан-жағына осыншалық мейірбан адамдармен ғана қадірлі. Сонысымен бұл дүние дүние болып тұр, – деп тебіренді.
***
Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.
Ол 1990-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап Қазақ радиосының бас редакторы болса, 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып еңбек етті.
Жазушы ретінде Жұмабай Шаштайұлы «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты шығармаларымен танымал.
Сондай-ақ оның «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» сынды қадау-қадау шығармалары көпшілік көңілінен орын алған еді.
Әсіресе, жазушының «Қызыл қар» деп аталатын туындысы қоғамда үлкен серпіліс туғызған атышулы дүниеге айналғанын білеміз. Расында да, «Қызыл қар» десе көпшілік оқырманның көз алдына сонау қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе елестейтіні хақ.
Жұмабай Шаштайұлы жазушылығымен қатар айналасына үнемі шуақ шашып жүретін өте мейірбан жан еді. Сондықтан үлкен-кіші оны «Жұмаға» деп қадір тұтты.
Бақыл болыңыз, ардақты Жұмаға!
«Қазақ үні»