БЕРДІБЕКТІҢ БИІГІ
2024 ж. 12 наурыз
1748
0
Арагідік: «Қаламгер қаншалықты көп болғанымен, нағыз жазушылар саусақпен санарлықтай ғана» деген де сөзді естіп жүретініміз жасырын емес. Бір себептен, мұның шындығы да жоқ емес шығар. Оның үстіне, ғасырлар тоғысындағы алмағайып заманалар тұсында сөз қадірі қашыңқырап, әдебиет беделі түсіңкіреп кеткені рас. Десек те, ғаламшар кеңістігінің көксеңгір құздарымен қатар шоқысы мен адыры, өрі менен ылдиы алмаса беретіні секілді, ақын-жазушылардың қалам қуатының әркелкілігі де заңдылық болар.
Әйтеуір, Әдебиетіміз әлеміндегі сонау әйгілі алыптар тобымен жапсарлас заңғар шыңдар шоғыры сонадайдан көз тартады. Солардың бірі – биыл мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілетін жазушы Бердібек Соқпақбаев шыңы.
Және оны өзге биіктермен шатастыру да қиын. Атақты аспантаулар өлкесі – Нарынқол өңірінде, Хан Тәңірі баурайында туып-өскен еңселі тұлғаның тек өзіне ғана тән айбыны алыстан-ақ аңғарылатындай.
Біз кезінде тағдыры күрделі қаламгердің алғашқы зайыбы Бәшен Баймұратқызымен тілдесіп, жазушы өмірінің бұрын көп айтыла бермеген кейбір қалтарыс қырларына көз жүгірткен едік.
Бәшен апай Бекеңмен алғаш сонау 1947 жылы Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесінде оқып жүрген кезінде танысқан көрінеді. Аталған училище «Гауһар» алтын дүкенінің дәл қасында орналасқан екен. (Мұны айтатын себебіміз – осы атау арада қырық жылдай өткенде жазушының «Қайдасың, Гауһар?» хикаятына өзек болады). Ол кезде Бердібек ҚазПИ-дің үшінші курс студенті. Қысқасы, болашақ жазушы тал шыбықтай бұралған қарақат көз бойжеткенді қатты ұнатып, арада бір жыл өтер-өтпесте ретін тауып алып қашады. Алатау бөктеріне Өскемен жақтан оқу іздеп келген қыз да қағылез қара баланың бұл әрекетіне онша кет әрі болмаса керек.
Қиындығы мен қызығы мол сол кезеңдерді аса бір қимас сезіммен еске алған Бәшен тәтеміз жолдасының өте ақкөңіл, аса балажан болғанын елжірей әңгімелейді. Жас жұбайлар сонау 1953 жылы Нарынқолдағы отау үйлерін өз қолдарымен тұрғызған екен. Тәтей осы үйді бертінде жиі ойлайтын секілді:
– Сол жайымызды ылғи түсімде көремін. Алғашқы ортақ шаңырымыз болғандықтан шығар. Үйді тура мектептің қарсысынан тұрғызып еді. Кірпішті өзіміз құйдық. Нарынқол тоғайлы жер ғой. Ағаш жағынан тапшылық көре қоймайсың. Бердібек балташылық өнерден де кенде емес-тін, жаңа баспананың төбесін де өзі жапты, еденін де өзі салды. Үйдің айналасының бәрі көкпеңбек тал-терек. Нарынқолдағы көзге көрінетін бірінші үй біздікі-тін. Керемет. Бердібек үйдің сәулеттік жоспарын Алматыға арнайы барып әкеліп, құрылыстың ойдағыдай болуы үшін көп еңбектенді. Бірақ мұнда екі жылдан аса ғана тұрдық. Түрлі жағдайларға байланысты Алматыға қайта ауыстық. Онда жазуға енді-енді ғана құлшына кіріскен кезі. «Қазақфильмге» редакторлық жұмысқа орналасты. Самал, Жанар есімді екі қызымыз бар. Өзіміз тұрғызған үйді саттық та, «Тастақтан» екі бөлмелі жай алдық...
***
Бұл тұста көпшілік назарынан тыс тағы бір жәйт еске түседі. Кенесары хан тақырыбын қаузағаны үшін қуғынға ұшыраған атақты ғалым Ермұхан Бекмаханов сол елуінші жылдары жер аударылып, Нарынқолға мұғалім болып барады. Бұрын мектепте жұмыс істеп көрмегендігінен шығар, бір кезең дәрменсіз күй кешкен тарихшы сонда Бердібекке көбірек арқа сүйейді. Жиі жолығып, одан сабақ жоспарын жасаудың ретін үйренеді, білмеген басқа да тіршілік түйткілінің мәнін осынау жас досынан сұрап-білуді дағды қылады. Бірақ сырт көзге әрекеттері «тосын» бұл екеудің бір-бірімен тез табысуы білім шаңырағы басшысының жүйкесіне тисе керек. Сондықтан ол енді «халық жауымен ауыз жаласты» деп Бердібекті түртпектеуге кіріседі. Міне, болашақ үлкен жазушының Алматыға тезірек ірге тебуіне осындай келеңсіздіктер де себеп болған тәрізді.
Тегінде, жазушы мұндай кереғарлықпен жастайынан-ақ жиі беттескен. Және жетім өскен сезімтал бала тұрмыстың ауыртпалығы мен қоғамдағы әділетсіздіктер сырын нәзік жүрек сүзгісінен ерте өткізеді. Төңірегіндегі құбылыстар мәні туралы терең толғана жүріп, тас шайнап жетілген буынның қайсар өкілі біртіндеп шебер жазушыға айнала бастағанын өзі де аңғармай қалса керек:
– Жазумен, тіпті, жетінші кластан бастап-ақ айналысыпты. Анау «Балалық шаққа саяхат» шығармасы өз өмірінің тұнып тұрған шындығы. Бұл кітапты көңіл толқытпай оқу қиын. Ең балауса балғын шақтағы тағдыр теперіші, қасындағылардың өктемдігі мен озбырлығы Бердібектің жас жанын уландырып, қайғыға бөлеген...
***
Суреткер Соқпақбаевтың Әдебиетке деген ересен дайындығы да тым ертеден-ақ басталғандай. Жазушыны өзімнің ұстазым деп санайтын Сайын Мұратбеков Бекеңнің әлем классиктері еңбектерімен жастайынан сусындағанын әңгімелер еді. Сол секілді Мұзафар Әлімбаевтың: «Мәскеуге барып оқығанның пайдасын көрген бір қазақ қаламгері болса, ол осы Соқпақбаев Бердібек. М.Горький атындағы жоғары курсты 1958 жылы тәмәмдаған Бердібек Алматыға классик болып оралды десем, ақиқаттан ауытқығаным емес» деп жазғаны да мәлім.
Өкінішке қарай, жазушының қалам қуатын жақын жолдастары мойындағанымен, коммунистік идеалдарға өле берілген тікбақай басшылық қауым лайықты бағалай алмайды. Керісінше, оның шығармаларын сонша шіміркене қабылдап, өзін қалайда тұқыртып ұстауға тырысқан. Мұның жөнін де жағдаймен жақынырақ таныс Бәшен тәтемізден білгіміз келді:
– Талант жолы қашан да ауыр жол ғой. Бердібекті де қақпайлаушылар көп болды. Мысалы, сонау 1963 жылы Алматыға жолы түскен бір француз азаматы ҚазТАГ тілшісіне: «Француз оқырмандары қазір қазақтың ұлы классик жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бердібек Соқпақбаевтарды ана тілінде оқи бастады» деп сұхбат беріпті. Со кезде редакцияларға телетайп арқылы келетін мұндай хабар көпшілік телерадио, баспасөз редакциялары жетекшілерінің төбе шашын тік тұрғызса керек. Олардың әлгі сәтте: «Бұл не сұмдық! Соқпақбаев деген қашаннан бері ұлылар қатарына қосылып еді!» деп түршіккенін соңырақ естіп жүрдік. Әрине, бір есептен, оларды кінәлай салу да орынсыз. Уланған, қисайған сана оңайшылықпен оңала ма. Дәл сол кезеңде олардың Бердібек шығармашылығы сырын ұғуға өрелері жетпеген болып тұр ғой...
***
Бердібек Соқпақбаевтың басты ерекшелігі – ол бәрінен бұрын қаны сорғалаған нақты өмір көріністерін бүкпесіз баяндауға шебер қаламгер еді. «Мокай свое перо в правду!» деп орыс жазушысы Василий Шукшин айтатын қағиданы ертеден-ақ берік ұстанған:
– Иә, шыншылдығымен – ерекше, бірақ сол шыншылдығымен де көпшілікке жақпады. Өзінің де жазатыны бар «шыншылдықты табиғаттан үйрендім» деп. Адалдыққа өмірдің өзі баулыды дейтін-ді. Өзі де ұрлық, өтірік, мақтаншақтық, жағымпаздық дегенге жаны қас еді ғой. Еңбектері көзі тірісінде-ақ қайта-қайта басылған адам, егер сәл жылпостау болса, талай жерден орден-медаль алып, жырғап жүрмес пе еді. Мен мұны әлгі «жоғалған пышақтың сабы алтын» деп айтып отырған жоқпын, жалпы, ол әуелден-ақ жан-жүрегі кіршіксіз таза, өте әділ адам-тын. Отбасында да бірдеңені ұнатпаса баттитып айта салатын. Біреулердің қиянатына төзу, ересек, бұзақы балалардың жол-жөнекей ақшасын тартып алатыны, жетімек деп ұрып кетуі, үстіне киген киімін мазақтауы сияқты қорлық-зорлықтың бәрі оны турашылдыққа, күреске үйреткен. Мінезі тік. Сыпайысып тұрмайды. «Сен құсап мәймөңкелеуді білмеймін» дейтін-ді маған да. «Менің атым Қожада» да алғаш кейбір нашар жеңгелерінің атын ашық жазды. Соны оқығанда: «Ойбай! Мынауың масқара ғой! Бұл кісілер тірі жүр емес пе!» деп тіксіндім. Ақыры өзгертті. Қазір бүркеншік аттарымен жүр...
***
Болмыс-бітімі бөлек, тумысы тылсым талант иелерінің мінез-құлқын әдеттегідей «жақсы» немесе «жаман» дей салсақ қателесер едік. Солай бола тұра Бәшен апайымыздан жолдасының ең жағымсыз деп саналған әдетін сұрадық:
– Енді, «адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың» дейді, жеңілтектік жағы басым болды...
Бәшен Баймұратқызы «жеңілтек» дегенде, ерінің кезіндегі шамадан тыс еркіндіксүйгіштігін, былайша айтқанда, шалқар «серілігін» айтатын секілді. Біз бұл тұста Бердібек ағамызды ақтай жөнелуге құмартпадық. Жүген-құрыққа көне қоймаған жазушы бір кезең еркіндіктің де шегі бары екенін естен шығарып алды ма, кім білсін. Оның үстіне балалық, жастық шақтары аса ауыр тұсқа тап келген буынның, әсіресе, Ұлы Жеңістен кейін бір мезгіл сауық-сайран құруға, бой жазуға бейім тұрғаны да дәуір шындығы. Жалпы, бұ кісілердің аса күрделі өмір драмасын бір ауыз сөзбен түйіндей салу қиын. Әйтеуір, амал не, он үш жылдай отасқан осынау жұптың арасы күндердің бір күнінде ажырап тыныпты.
– Әрине, бастапқыда бәрін басқаша бағаладым. Әрбір пенде сияқты менің де көңілім қалды, менің де жаным ауырды. Оның үстіне біз қазақша тәрбиеленген қыздармыз ғой. Мен қатарлылардың түсінігі бойынша, үй болған адамдар жарының қасынан ешқайда шықпайды; тырп етпей от басында отырады деп ойладық. Сол кезде ауыр тигені рас. Одан соң әлгі тұстағы жолдастарының бәрі аштық, соғыс ауыртпалығын көп көргендіктен бе, еңбекақы алса болды, бір сәт шалқып-тасып кетуге асығып тұратын. Мына Мәдениет паркіне барғанда Бердібекпен бірге бітірген Сафуан Шәймерденов, Мұқаш Сәрсекеев, Айқын Нұрқатов сияқты жігіттердің бәрі ылғи есіме түседі. Кейін барлығы да мықты журналист, жазушыға айналды. Сол сияқты, өзіңіз білесіз, бір жыл кейін бітірген, мысалы, атақты Серік Қирабаев, Шәкір Амановтар да жақсы жолдастарымыз еді. Осылардың көпшілігі кешігіп үйленді. Сонда: «Әй, өздерің ылғи кешігіп үйленіп, Бердібекті кешке дейін далаға сүйрейсіңдер!» деп күлетінмін. Қазір пайымдасам, өнер адамы Құдайдың берген дарынының арқасында, мүмкін, бір мезгіл өмірден шабытын шыңдайтын жол іздейтін шығар. Сол арқылы көп образдардың, бейнелердің жиынтығын табатын болар. Білікті серіктерімен пікір таластыратын шығар. Бірақ мұның бәрін кейінірек таразылап жүрмін ғой. Және еңбектері ондаған шет тіліне аударылып, халықаралық бағалы сыйлық иеленген жазушы өз елімізде бірде-бір мақтау грамотасымен де марапатталып көрмепті. Ол қайда, тіпті, кейбір ықпалды ағаларының мұның батыл көзқарасын ұнатпай: «Байқа, Бердібек!» деп мақала жазып, сес көрсеткен сәттері де кездесті. Мұндайдың бәрі, әрине, жаны нәзік адамды іштей күйзелткені анық.
– Ал, Бердібек ағамыздың жұмыс әдісі қандай еді?
– Бердібек өзінің әлгі «аң аулап» кететін кездерінде – жоқ. Ұшты-күйлі. Көбінде күндіз келеді. Кейде кешке дейін жұмыс істейді. Сонан кейін тағы кетеді. Қайда жүргенін білмейміз. Ондайда біреу өлтіріп кетті ме деп те мазасызданасың. Екінші бір жағы, үйде тұрақты болғанда түнімен де отырады. Әрқилы. Жалпы, өте еңбекқор еді. Атақты «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының да жазылуына өзім куәмін. Тек бұл шығармасы баспада ұзақ жатып, бес-алты жылдан соң зорға шығыпты. Менен кеткеннен кейін жазған еңбегінің бірі – «Қайдасың, Гауһар?». Кейін мұны басқа атпен берген секілді. Ана жылы бірде менің қол астымда істейтін қызметкерім, жас келіншек: «Апай, мынау кітап сіздер туралы ғой!» дейді. – «Қайдағы кітап ол?! Мен туралы кітап жазған жоқ!». Оқысам, тұп-тура. Мен бітірген педучилищенің қасында «Гауһар» деген магазин бар. Ылғи сол жерде кездесетінбіз. Бірден байқадым, бізден кеткен сәттегі күйзеліс кезінде жазғаны көрініп тұр. Соңында барып Гауһарды өлтіріп қояды. Сонда күлгенмін. «Әлгі, өлгендер қайтып келмейді дегені сияқты мені де өлтіріп тастапты ғой» деп...
***
Әңгіме үстінде, арада талай көз жасын төккізген қаншама тартысты кезеңдер өтсе де, Бәшен тәтейдің кезінде сүйіп қосылған жолдасын ешбір жамандыққа қимайтынын аңдап, көңіл толқыттық. Қайта, апайымыз сәт сайын көз алдына он тоғыз жаста алғаш көрген жас Бердібектің кескінін келтіріп, шуақты бір күйге бөленетін секілді:
– Менің екі құрбым бар. Қатар оқығанбыз. Солар Бердібек екеумізді алғаш сыртымыздан көріп, «Бәшен таз тырна секілді біреуді тауып алыпты ғой!» деп күліп жүреді екен. Бердібек – шашы тап-тақыр, өзі кішкентай, әлгі «Балалық шаққа саяхатта» жазғаны сияқты өте арық болатын. Қап-қара. Бірақ өте әдемі ғой! Сондықтан шығар, әлгі қу қыздардың көп үйірсектейтіні. (Тәтей осы тұста рахаттана күлді. Одан кілт мұңая қалып, күрсінді). – Бердібек кеткенде, мынау Самалым бар... Үш бала шейіт болып кеткен... Сондай ауыр жағдайда, от жағатын үйде қалдық. Сексен сом еңбекақымен. Әрине, ауыр тиді. Сөйтіп, қыстық көйлекті – жазда, жаздық көйлекті қыста кие жүріп, сырттай оқып, кандидаттығымды қорғадым. Жалпы, азап шекпеген кезеңім шамалы. Бірақ, Аллаға шүкір, сол Бердібек сыйлаған перзентімнің арқасында (Самал Соқпақбаева – білікті аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қ.М.) талай қиындық артта қалды...
***
Осындайда тағдыр тауқыметі қанша сілкілегенімен, еңбегі азапты жазушыға жар болып, қанша ауыр тисе де оның қым-қуыт шығармашылық ғұмырына тікелей араласудың өзі бақыт па деген де ой келеді екен. Әсіресе, Бердібек Соқпақбаевтай өлмес шығармалар жазған қазақтың маңдайалды қаламгерімен қатар өткен тәтті тірлік... кермек тірлік өзіндік мұң-наласымен де сонша қызықты, аса мағыналы сияқтанды.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Қазақ үні
Әкемді толық танып-білдім дей алмаймын...
Әкем әзілқой кісі еді
Әкем үлкен оптимист болатын. Өте көңілді, әзілқой адам еді. Менің есімде қалғаны – күндіз әке-шешем жұмысқа кетеді. Мен күнұзақ далада жүріп, ойнап кетемін. Сосын «көшеде жүрмесін» дегендері шығар, мені үйге қамап, сыртымнан құлыптап кететін. Әбден зәрезап болғандықтан, бір күні кешке құлыпты алып, пештің ішіндегі күлге көміп тастадым. Ол құлыптың қалай табылғаны есімде жоқ. Бірақ бұл оқиға әкеме қатты әсер етіп, кейін «Құлып» деген әңгіме жазды.
Кезінде біздің елімізде «Антон и Кнопка» деген австриялық кинофильм жүрді. Антон кедей отбасының баласы да, ал Кнопка деген лақап аты бар қыз – байдың қызы. Үсті-басы, шұлығы жыртық Антонға еліктеп, ол да өз киімдерін жыртып, тесіп тастайды. Әрі «екеуіміз тең боламыз» дейді. Бұл фильм маған қатты әсер етті. Дереу мен үстімдегі киімдерімді жыртып, терезеге ілінген перделерді жұлып алып, оны қайшымен қидалап, сандалымды тесіп киіп жүрдім. Бұл оқиға да әкемнің әңгіме жазуына түрткі болды. «Сандал» деген әңгіме жазып, ол шығармасы «Балдырған» журналында басылды.
Әкемнің Тұрдыбек деген туған інісі бар. Оны оқырман қауым «Балалық шаққа саяхат» повесінен біледі. Ол кісі Талдықорған ауданында шопан болды. Бір күні әкем сол кісіге «Бердібек қайтыс болды», – деп жеделхат салып жібереді. Туған-туыс, көрші-қолаңдарының бәрі ол кісіге көңіл айтып, жолға қаражат жинап беріп, Алматыға аттандырады. «Бауырымдап» үйге енсе, әкем алдынан қарсы шығады. Сөйтсе, әкем туған бауырын сағынғандықтан осындай әзілге барған екен ғой.
Біздің үйдің байлығы кітап болды
Мен үшінші сыныпта оқып жүрген кезде біз Алматыдағы «СМУ-15» жақта тұрдық. Күнде мектепке бара жатқанда әкем қолыма он-он бес тиын ұстататын. Мен оған бәліш алып жейтінмін. Бір күні мектебімізге жылжымалы кітапхана келіп, түрлі кітаптар әкеліп сатты. Онда орыс ақын-жазушыларының таңдамалы шығармалары топтастырылған. Әрі кітап әсем безендірілген. Ол күні кітап алуға ақшам болмады. Кешке әкем келіп, әлгі кітаптың түр-түсін, атын айтып, соны алып беруін өтіндім. Бірақ «алып бермейтін шығар» деп ойладым. Өйткені, кітап сол кездегі ақшамен бір сом жиырма тиын тұратын. Әкем сөзге келмей, кітапты сатып әперді. Менің қуанышым қойныма сыймай, кітапты күндіз-түні жастанып оқыдым. Бір күні мен жұқпалы аурумен ауырып, емханаға жатып қалдым. Сонда да жаңағы кітапты өзіме алдырып алдым. Емделіп шыққан соң, кітабымды дәрігерлер бермей қойды. Себебі, жұқпалы емханадан ешнәрсе алып шығуға болмайды екен. Сондағы жылағаным-ай!
Біздің үйдің негізгі байлығы кітап болды. Әкем кітаптарын көзінің қарашығындай сақтайтын. Ешкімге бермейтін. Және шешеме де «ешкімге кітап берме» деп ескертіп отыратын. Соның өзінде мен біраз кітапты біреулерге оқуға жіберіп, қайтарып ала алмадым. Негізі, мен кітап оқуға құмармын. Жатсам да, тұрсам да, тіпті, тамақ ішіп отырып та қолымнан кітап тастамайтынмын. Сол кездегі тәрбие солай еді ғой. «Кітап оқымаған адам қоғамға, мәдениетке ілесе алмай қалып қояды» деп есептейтінбіз.
Өмірден ерте өтерін сезген жоқ
Жоғарыда айтқанымдай, біз қаланың шетінде, шағын екі бөлмелі пәтерде тұрдық. Ауызғы бөлмеде пеш жағатынбыз да, төргі бөлмеде бәріміз бірге тұрғанбыз. Жеке кабинет болмағандықтан әкем жазу үстелін шкафтармен қоршап алып, «Балалық шаққа саяхат» повесін жазды. Жазу үстелінде ол шуды жақтырмайтын. Егер ойы бөліне берсе, қатты ашуланады, кейде қолы да тиіп кететін. «Менің үстелімдегі қағаздарға тиіспе» деп миыма құйып қойғаны сонша, кейде әкем үйде болмаса да, оның қағазына қол ұшын тигізуге қорқатынмын.
Мен әкемнің мінез-құлқын толық танып білдім дей алмаймын. Өйткені, ата-анам менің бала күнімде ажырасып кетті. Сондықтан ол туралы кей естеліктер үзік-үзік болып еске түседі. Барлық оқиғалардың басын қосып, біріктіре алмаймын. Кейде әкем маған көңілді адам сияқты болып көрінеді де, кейде ашуланшақ боп елестейді. Көңілді жүрген кездері әрбір сөзіне әзіл қосып, айналасындағыларды күлдіріп отыратын. Ал ашулы кездері оның маңына жолау қиын. Ол кез келген оқиғаны жүрекпен қабылдап, ой елегінен өткізетін. Былай қарасаңыз, ол жүрекке алатындай маңызды нәрсе емес. Бірақ ол бәрібір оны солай ауыр қабылдайды. Сондықтан болар, оның өмірі қайшылыққа толы болды. Қазір қарап отырсам, ол бала секілді алданғыш, сенгіш, қорғансыз болғанға көп ұқсайды. Бәрінен алданып қалып жүретін. Ал өзі адал, әділ еді. Ешқашан өтірік айтпайтын, өтірік жазбайтын. Сосын әкем өзінің туған халқын, туған жерін өте жақсы көретін.
Ол өзінің бұл өмірден ерте өтерін сезген жоқ. Әйтпесе, туған жері – Нарынқолға барып, аунап-қунап жатып, туған-туыстарымен арқа-жарқа болып әңгімелесер еді...
Әкеме мақтау қағазы да бұйырмапты
Мен жиырма бір жасымда тұрмысқа шықтым. Ол кезде әкем бізден бөлек тұратын. Сонда шешем: «Әкеңе барып, рұқсаты мен ақ батасын ал. Әйтпесе, ертең ол екеуімізге де ренжиді ғой», – деді. Мен кездесетін жерді телефон арқылы белгілеп алып бардым. Тұрмысқа шыққалы жатқанымды естіген кезде екі көзінен мөлтілдеп жас шықты. Маған байқатқысы келмей, жүзін теріс бұра берді. Өз-өзіне келген соң: «Қызым, тұрмыс құруға саған әлі ерте емес пе?» – деді. Мен ойланбастан: «Жоқ. Бұл мәселені осылай шештім», – деп, әкеме деген өкпе-ренішімді салқын қабақ, қату сөз арқылы сездірдім. Оның өз отбасымен, екі ұлымен болып кеткеніне іштей налулы. –Қандай көмек керек?», – деді. Мен «өзіңіз білесіз» деп жауапты қысқа қайырдым. Сонда әкем: «Мен бүгін зайыбыммен ақылдасайын. Ертең жолығамыз», – деді. Ертесіне әйелі екеуі мені жинақ банкісіне алып барып, қомақты қаржыны қолыма ұстатып: «Мына ақшаны анаңа апарып бер. Тойларыңа жаратыңдар», – деді. Содан кейін де біз өте сирек кездесіп тұрдық. Қазір осы қылықтарым үшін қатты өкінемін. Әкем қазір тірі болса ғой, жиі араласып тұрар едім.
Әкем қайтыс болғанға дейін үкімет тарапынан бірде-бір орден, медаль алмапты. Тіпті, мақтау қағазы да бұйырмапты. Ал ол кісі оларды алуға тырысқан да жоқ. «Егер мен марапатқа лайық болсам, өздері шақырып берсін» – дейтін. Осы кешкен ғұмырының ішінде ол бір рет қана Қазақстан Жазушылар одағы тексеру комиссиясының төрағасы болыпты. Оның бар атқарған лауазымды қызметі осы ғана. Кейде отырып: «Үкімет тексеру комиссиясына кімді қоюды біледі ғой. Мен жемеймін, ішпеймін. Ешкімнен пара алмаймын. Ұрламаймын. Сосын мені қойды да», – деп қалжыңдайтын.
Менде ол кісінің қаны бар
Кеңсайға барар жолда әкемнің кірпіштен салынған шағын ғана саяжайы болды. Оның қасында ағаштан салынған жазғы кабинеті болушы еді. Сонда отырып шығармаларын жазатын. Жұмыстан қолы қалт еткенде ағаш егіп, оны баптап, жан-тәнімен күтетін. Кей жеміс ағаштарын, не болмаса көкөністі қалай баптауын білмесе арнайы мамандарға барып, ақыл-кеңес сұрайтын.
Әкем дүние-мүлікке аса құмар болмаса да, әр заттың өз орнында тұрғанын қалайтын. Өте ұқыпты еді. Бізден де соны талап ететін. Қазір өзімнің кей мінез-құлқымды әкеме ұқсатамын. Қанша дегенмен менде ол кісінің қаны бар емес пе. Соны кейде мақтан да тұтатын.
«Жазмыштан озымыш жоқ» дегендей, әкемді ойлап қабырғам қайысса да, «артында қалған тұяқтары аман болсын» деп тілеймін.
Жазушының қызы Самал Соқпақбаеваның естелігінен