Жас жүректер жырлайды

«Тәуелсіз мемлекетіміздің өткені мен бүгінін тануға, болашағын бағамдауға, ұлттық менталитет пен мінез-құлықты, салт-дәстүр мен қазақы ойлау жүйесін сақтауға, жас ұрпақты адамгершілік бастауларымен тәрбиелеуде зиялы қауым өкілдерінің еңбегі орасан зор.

«Жастар – болашақ кепілі» деп үміт артқан жастарымыздың поэзиядағы қадамын шыңдай түсу үшін, әрі тыңдарманды жыр бұлағымен сусындату мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасы және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен кітапхананың көрермендер залында поэзия кеші өтті. Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне орайластырылған «Елім, жерім – Отаным» атты жыр кешіне ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы қатысты. Ақын асыл қазынамыздың бірі саналатын, әрі ақылшымыз болып табылатын басты құндылығымыз – кітапқа «Кітап – әдемі әлем, күн сияқты, әдемі қыз сияқты» деген теңеу беріп өтті. Маралтай ақын «Бөлтірік терім», «Махамбеттің мүсіні» атты өзінің жүрекжарды жырларын да оқырман қауымға арнады.

Кешті жүргізген бірнеше респуб­ли­­калық жыр мүшайраларының жүлдегері, жас ақын Ерлан Жүніс жиылған жұртшылыққа «Гулянда» кітап дүкенінде» атты өлеңін тарту етті. Кешке қатысушылардың бірі «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Ы.Дәбей «Сырласу», «Апамның монологы», «Алаңдағы ой» атты өлеңдерін оқып, тыңдарман қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Ал, әдебиет әлеміне ерекше оқу мәнерімен келген жас ақын, Ерғали Бақаш «2012 мен қоштасу» атты жырын ұсынды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 4-курс студенті Ж.Қажымұрат «Қарала сырмақ», «Он төрт жас романтикасы», «Қара жол, қара жон сағынышы», атты жырларын оқып, өлең өлкесінде өзіндік өрнегі қалыптасып келе жатқандығын көрсетті.

 Поэзия кешінде жыр сүйер қауым, жас ақындардың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», жүрекжарды жырларын тыңдап, құдіретті поэзияның қасиетін бойға жиды. Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп келе жатқан Ұлттық кітапхана ұжымы алдағы уақытта мұндай игі шаралардың өз жалғасын табатындығын жеткізді.  

 

Ақтолқын ТӘЖІК,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің

ІІ-курс студенті