«ӨЛЕҢІММЕН БІРГЕ ЖАСАП КЕЛЕМІН»...

«ӨЛЕҢІММЕН БІРГЕ ЖАСАП КЕЛЕМІН»...

(Ақын Өріс Яшүкірқызының поэзиясы туралы ой-толғау)

Өзіңді жайдары жүзімен, ашық мінезімен, аңқылдаған көңілімен, кең пейілімен өзіне баурап алатын адамдар болады, өкінішке қарай, көп емес, бірақ, бар. Ондай жанның арамызда жүргеніне іштей қуанасың, адами болмысына қызығып, жақсы қасиеттерінен тағылым аласың. Мен үшін сондай абзал жанның бірі – қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бірнеше кітаптың авторы Өріс Яшүкірқызы.

Ол кісіні мен елорданың басылымы «Астана ақшамы» газетінде қызмет атқарып жүрген кезден білемін. Апай кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспамен жұмыс жасайтын бөліміне қызметке ауысты. Өріс апай бізді үлкен-кіші деп бөлмей, көрген бойда жылы ұшырай амандасып, ортамызда жарқылдап жүретін. Апайымызды көріп қалсақ, қауқылдасып, бір жасап қалатын едік. Іші-бауырымызға кіріп, үйдегі келіншегіміз бен балалардың да қал-жағдайын сұрап, көңілімізді көтеріп тастайтын. Сөзінен еш жасандылық байқалмайтын. Құдды туған әпкең сияқты бауырына тартып тұратын. 

Өріс апайды осындай кішіпейілділігі мен өн-бойынан аңқып тұратын қазақы қасиеті үшін іштей жақсы көріп, жақыныма балап,сыйлайтынмын. Әріптес аға-апаларымызбен ақ дастарханынан дәм татқан кезіміз бар. Құтты шаңырағында жасымызға қарамастан қонақжайлық танытып, дәстүрімізге сай сыйлайтын, ол үйден қонақ күту мәдениетінің үлгісінкөріп, көңілімізге түйіп қайтатын едік.

Бірге қызмет атқарған әріптестеріміз аз емес қой, олардың кейбіреуімен амандасып жүргенімізбен, адамшылығын еске алғанда, ішің жылый қоймайтыны рас. Ал енді өзім ғана емес, отбасымызбен ықыласпен жақсы көріп, сырттай қадір тұтып, қатты сыйлайтын Өріс апайымыз биыл өмірінің жетпіс бесініші белесіне қадам басыпты. Оны жақында қолыма тиген 4 томдық таңдамалы шығармалар жинағын қарап отырып, өмірбаян деректерінен білдім.

Зымыраған уақыт-ай! Өріс апайымызды танып-білгеніме ширек ғасырға жуық мерзім болып қалыпты-ау! Осы кезең аралығында апайымызға деген құрметімізге сызат түспепті, қайта ілтипатымыз жыл өткен сайын арта түскендей. Апайымыз да бізді көріп қалса, шуағына бөлеп, мейірім шапағатын төгіп, бауырына тартады. Адамнан мейірім кеткен қазіргі алмағайып дүниеде Өріс апамыздай айналасына жайдарлылық сыйлайтын жандар аз ғой, тым аз.  

Мерейлі жасқа жетіп отырған Өріс Яшүкірқызы әлі де тың, қолынан қаламы түспеген жазушы, мөлдіреген сезімін оқырманмен бөліскен лирик ақын, ойы сергек журналист, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген қайраткер.

Қаламгердің таңдамалы шығармаларының 1-томы «Жан сарайым – өлеңім» деп аталып, поэзиялық туындылары енсе, «Ескі қоныстағы ел» деп аталған 2-томына прозасы, «Ұшық пен пұшық» атты 3-томына сатирасы, ал «Құлдықтағы қылмыс» деген атпен 4-томына детективтері топтастырылған. Өріс Яшүкірқызының таңдамалы шығармалары 2023 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан демеушілер көмегімен жарық көрген.

Иә, қаламгер қуаты – оның туа бітті таланты мен еңбекқорлығында. Қаншама жыл мемлекеттік қызметте болса да бір сәтке қаламын қолынан түсірмей, әдебиет саласында күн-түн демей еңбек еткеніне төрт томдық таңдамалы туындылары айқын дәлел. Мен қалған томдықты қарап шығып, бірінші томындағы ақынның поэзиясына азын-аулақ тоқталуды жөн көрдім. Белгілі қаламгер Жанат Елшібеков айтпақшы, «ақынға қара сөзден өлең оңай». Ақын жан сырын, шалқар сезімін өлең шумақтары арқылы өрнектейді ғой. Сол себепті Өріс Яшүкірқызының жан сарйына – өлеңдеріне зер салдым.

Ақын поэзиясы топтастырылған алғашқы томын «Жан сарайым – өлеңім» деп атағанын жоғарыда айтып өттік. Осы аттас өлеңі де бар. Онда ақын былай деп сыр тиегін ағытады:

«Тірегім де,

Жүрегім де өлеңім,

Өлеңіммен бірге жылап, күлемін.

Өлеңіммен бір көгеріп, бір өніп,

Өлеңіммен бірге жасап келемін».

Бұл жолдар ақын жанын тербеген, бүкіл ішкі сырын ойлы оқырманына жайып салған шынайы сөзі. Осы себептен де ақын жақсы жырларын алғашқы томға енгізген сияқты. Ол әрекеті бір есептен дұрыс та болған. Қаламгер кейде өзінің жандүниесін толғандырған жайтты жыр шумақтарына айналдырғанда ғана алабұртқан көңілі жай табатыны болады. Жинаққа енген өлеңдерді оқып отырып,соған көз жеткізгендей болдым.

Ақын жырларында ұлттық рух пен құндылықтарды, тіл, дін, тіл, руханият тақырыбын, адам тағдырындағы жақсы-жаманды, күнделікті кездесетін келеңсіз көріністерді, қоғамдағы түйткілдіқозғаған.Оқырман көкейінде жүрген өткір мәселелерді тың ой, көркем образбен шабыттана жырлайды. 

Қазақ ақындарының шығармашылығында еліміз астанасының Сарыарқаға көшуі, еңсесі биік елордамыз және Арқада жайқалған Астана жиі жырланатын әрі елеулі орын алатын тақырып. Өріс Яшүкірқызы да астананы жеріне жеткізе жырлапты. Ақынның «Ғалам ғашық», «Әсем – абат Астана», «Болашаққа бастау», «Жаңа өмірдің тынысы», «Тағдырымыз Астана (Б. Қанапияновтың өлеңінен аударма)», «Есіл, неге тынышсың?», т.б. өлеңдерінде астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған адамдардың ертеңгі күнге деген берік сенімі, бас қаланың өсіп-өркендеуі, елорданы тұрғызудағы отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі, т.б. көңілге қонымды әрі сәтті бейнеленген. Мысалы: 

«Күн сайын дос-жаранмен амандасып,

Астана жүрген қалам қадам басып.

Дәл қазір сән де осында, ән де осында,

Көз тіккен Астанама ғалам ғашық» («Ғалам қашық»).

немесе:

«Астана шамшырақтай түнің қандай,

Бар әлем құлақ түрген үнің қандай.

XXI ғасырға есік ашып,

Маңдайың өркениетке бұрылғандай» («Әсем – абат Астана»).

не болмаса:

«Той бүгін – Сарыарқада, жас қаламда,

Арнайы мәртебе алған астанамда.

Тарихтың көшін түзеп Қазақ елім,

Ұлтымды болашақ бастар алға» («Болашаққа бастау»).

Ақын жырларын оқып отырып, елін сүйген, халқын қадірлеген елжандылығын, ел тағдырына жаны күйіп, ерекше алаңдаған қам көңілін, Тәуелсіз мемлекеттің болашағына үмітпен, сеніммен қараған жанашырлығын, жарқын келешекті тілеген арман-тілегін терең сезінеміз. Атап айтқанда, «Қош келдің, жаңа ғасыр!» атты өлеңінде ақынның нәзік жүрегі былайша тебіренеді:

«Келдің бе, ғасыр басы – аппақ Жылым,

Төгіліп шұғыладан аппақ нұрың.

Ақ көңіл, ақ жүрекпен құшақ жайып,

Күтуде, байтақ Отан, ойың-қырың.


Бұл ғасыр өрге жүзген Уақыт деймін,

Уақыттың төріндегі Бақыт деймін.

Тәуелсіз елімізге Береке кеп,

Төлгілген ақындарда Шабыт деймін.


Жаңа жыл ғасыр басы – Жастық деймін,

Келісім. Түсіністік. Достық деймін.

Алаштың болашағы түзуленді,

Қадамды бірге түзу бастық деймін.


Қош келдің, ғасыр басы – Жаңа Жылым,

Шалқысын бар әлемге жаңа нұрың.

Қазақтың даңқын көкке көтеретін,

Көп болсын бұл ғасырда жаңалығың!».

Жалпы, қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды өзгерістер ақынның жүрегіне зор әсерін қалдырады. Жақсылыққа ақын жаны жадырайды, жамандыққа жаны күйзеледі. Сондай психологиялық толғаныстардан барып көңілін тербеген ойын, түсінік-түйсігін жыр жолдары арқылы жеткізуге ұмтылады. Осы орайда, ақын Өріс Яшүкірқызының «Торғайдан көшіп барамын» атты толғауына бөле-жара тоқталғым келді. 

Қазақ жерінің кез келген аймағы – киелі. Десек те алаш арыстарын, қазақтың қаймақтарын дүниеге әкелген Торғай топырағының құдыреті тіптен ерекше ғой. Сонау 90-шы жылдарды облыс таратылып, айрандай ұйып отырған қазағымның тұрмыс-тіршілігі қиындаған соң, амалсыздан отбасы-ошақ қамымен астанаға және еліміздің басқа өңірлеріне көшіп кетуге мәжбүр болғанын қалай ұмытармыз. Осынау ауыртпалық қарапайым жұрттың мойнына түскен кезде ақын қолына қалам алып, былайша толғанады:

«Ауызын тырнап жараның,

Кеттің – деп қайда, қарағым.

Сұрама қинап, сұрама,

Торғайдан көшіп барамын.


Таусылып мынау амалым,

Қамымен бала-шағаның.

Іздеуге жұмыс сенделіп,

Торғайдан көшіп барамын.


Қолымда жалғыз қаламым,

Байлық жоқ басқа, қарағым.

Алды-артым тағы белгісіз,

Торғайдан көшіп барамын.


Жер еді бұл бір киелі,

Әуелден мықты сүйегі.

Жанбаған бағы тарихтан,

Отқа да, суға күйеді.


Батырлар туған ел еді,

Төрт құбыласы тең еді.

Құлақта әлі тұрғандай,

«Оян, қазақ!» – дегені...


...Осылай жайым, қарағым,

Болмай тұр басқа амалым.

Еңбегім еш боп сіңірген,

Торғайдан көшіп барамын...».

 Ақын Өріс Яшүкірқызының бірінші томына әр жылдары жазылған лирикалық өлеңдері, толғаулары, поэмалары, дастандары іріктеліп алынған.Бұл жинақ оқырманға терең ой салып, ізгілікке шақырып, жақсылыққа үндейді деген ойдамыз.  

Өмірбаян беттеріне үңілсік, қаламгер Өріс Яшкурова 1949 жылы 6 мамырда Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген.1966 жылы Қызылорда қаласының №171 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті бітіріп, 1968 жылы Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Университетті 1973 жылы журналист мамандығы бойынша бітірген. Алматы облысының Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінде, Қызылорда облысы, Сырдария ауданының «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер, Торғай облыстық телерадиокорпорациясында комментатор, тележурналист, «Астана ақшамы» газетінде әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі болған.

2001-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінде бас сарапшыболып жауапты қызмет атқарған.

Еліміздің және Астананың дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ «Астанаға 10 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалдарымен, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрметті белгісімен марапатталған.

Журналистік мамандығы бойынша бұқаралық ақпарат саласында үзбей 33 жыл, мемлекеттік салада 12 жыл, жалпы 45 жыл елімізге еңбегін сіңірген тұлға. Журналистік, мемлекеттік қызметте жүріп, шығармашылықпен тынбай айналысты. Бірнеше кітаптың авторы. Кітаптары комиссияның сараптауынан өтіп, мемлекеттік бағдарлама бойынша мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген.

Ө. Яшүкірқызы – өлең, проза, сатира, детективсияқтытөрт жанрдажазған дарынды қаламгер,жырлары оқырман көңілінен орын алған лирик ақын. Оның бірнеше өлеңіне белгілі композитор Бақытжан Сәуекенов ән шығарып, өңірлердегі сахналарыда орындалып жүргенін айта кету ләзім. 

Бүгінде қаламгер Өріс Яшүкірқызы өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған бақытты отбасының анасы, немерелерінің сүйікті әжесі, аяулы жар. Жолдасы Мұхитдин ЖанаділұлыБайымбетов екеуі – ұлдары мен қызынан тараған немерелерін өсіріп, шаңырақтың шаттығына, ұрпақтарының қызығына бөленген өнегелі жандар.

Иә, жүрегін жарық шыққан таңдамалы шығармалары арқылы оқырман көңілінен орын алған қарымды қаламгер, дарынды ақын және айналасына мейірім сәулесін сепкен бақытты шаңырақтың шамшырағыӨріс Яшүкірқызы жетпіс бесінші белесіне абырой-беделмен қадам басты. Биыл сексеннің жетісін еңсерген асыл анамыз Әлімхан Қадырқызы жиі айтатындай, Өріс апайымызға «көзіңіз қара, деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын, жағыңыз түскенше, жамандық көрмеңіз» дейміз.

«Өлеңіммен бірге жасап келемін» деп, оқырманына, ел-жұртына ағынан жарылған ақеділ жүрек жырлай берсін!

Нұрлан ҚАЛҚА,

ақын, 

Халықаралық «Алаш» әдеби 

сыйлығының лауреаты