ҚАЛАМГЕР ҚҰПИЯСЫ

ҚАЛАМГЕР ҚҰПИЯСЫ

Таяуда жетпіс жасқа толған белгілі публицист, этнограф-жазушы Төрехан Майбасқа «Қазақ үні» газетінің атынан «Қаламгерді жазуға жетелейтін не нәрсе?» деп бір ғана сауал тастадық. Ниетіміз – жазушы лабораториясынан сыр тарту. Бұған бүгінге дейін жетпіс-сексен кітап жазған Төкең не дейді?

– Осынау қарапайым сұраққа жауап берудің өзі оңай емес-ау. Әлбетте, жазу үшін жағдай керек. Бұл не? Егер жағдайымыз көлік, баспана... т.б. мызғымайтын мүлік десек, оның өзі жазушыға жазу жағдайын жасай қоймайды. Қызмет, билік, т.б. десек ол да жағдай деп есептелмейді. Өйткені олар да жазушыны жазуға жетелемейді. Сонда жазуға не жетелейді? 

2005-ші жылы ай сайын бір кітаптан жазып отырдым. Бір жылда он екі кітап жазуыма тура келген екен. Оған дейін бір де бір кітап жазбаған едім. Сол он екі кітаптың барлығы да басқа біреулердің атынан жазылған-ды. Әрине, өзімнің негізгі жұмысым болды. Облыстық газеттердің білдей бір бөлім меңгерушісімін. Алайда, ол қызметім басқа тұрсын өзімді асырауға жарамады. Содан барып кітап жаздым. Өзгелердің... Күнкөрістік...

Мен өзімді, бала-шағамды елдің атынан кітап жазып асырадым. Ел кәдімгідей мені іздеп келетін болды. Мен де барған сайын кітаптың бағасын қымбаттатып жаттым. Оған тоқтаған ел бола қоймады.

Жазған кітабың сұранысқа ие болу үшін әманда жақсы жазуың керек. Ол үшін рөлге кіресің. Тапсырыс берушінің, әрине. Алматыға ай сайын барамын. «ҚазАқпарат» деген баспаға... Барған сайын кітап арқалап барамын. Обалы нешік, аталмыш баспа кітабымды айға жеткізбей басып беретін болды. Баспаның бастығымен де, басқасымен де таныстық-білістігім жоқ болатын. Бір күні баспа президенті Қонысбек Ботбай бауырым жөн сұрасын. – Осының барлығын өзіңіз жазасыз ба? – деп. Содан қызметке шақырсын. Аталмыш баспаның директорлығына... Жалақысы бұрынғы жұмысымның жалақысын он орайтын. 

Міне, қызық, жаңа жұмысымда да ай сайын бір кітаптан жазатын болдым. Алматыда да астымда көлік болған жоқ. Басымда баспанам да болмады. Шамасы, онда да жағдайым болмаған-ау деп ойлаймын. Өйткені, мен шынымен жазу жазу үшін жағдай жасауға ұмтылсам керек. Сол Алматыда істеген жылдарымда нән журналдардың барлығында әңгімелерім мен хикаяттарым басылып жатты. Бір ғана «Жұлдызда» қатарынан үш жыл бойы шығармаларым басылды. Ол тұста проза бөлімінің меңгерушісі Қалихан Ысқақ аға болатын. Ертеректе Оралхан Бөкей ағам «Қаламгерде» таныстырған еді. Ұмытыңқырап қалған екен. Алайда жаңа таныстығымыздың баяны болды.

– Не жөнінде жазып әкелдің? – десін Қалағам.

– Ит жөнінде... – деп міңгірледім-ау деймін.

Неге екенін қайдам, ағамыз кейістік танытты:

– Сенің Кәмел, Өмір ағаларың сол иттерді жазам деп қартайды. Роман жазатын жігіттер еді...

Кәмел Жүністегі де, Өмір Кәріп те Шет ауданының қазақтары. Мен де сол Шеттікімін. Ағаларымды әдейі маған тигізіп тұр, әрине. Не керек, көп ұзамай әңгімем жарық көрді. Келер жылы тағы бардым.

– Ит жөнінде, – дедім тағы да.

Тағы да жарық көрді.

Үшінші жылында тағы барғам.

– Тағы да ит жөнінде ме? – деген ағамыз.

Мен басымды изегем.

Ол кісі басын шайқады...

Қою күзде барғам. Содан жыл аяғына дейін әлгі әңгімемді іздей қоймағам. Жаңа жыл кіргеннен кейін қоңырау шалғам.

– Былтыр шығып кеткен, – деп телефон құлағын тастай салсын.

Жерге кірер тесік тапсам, кәне?!

Кейін тағы кездескенбіз. Жазушы бақыты жөнінде әңгіме өрбіттік. 

– Сол бақыт сенде бар, – деп қойды ағамыз. – Сен қазаққа итбегі сөзін кіргіздің... Және қазақтың өз сөзі ретінде кіргіздің...

Әңгіме менің «Итбегі» деген әңгімем жөнінде еді. Мен оны аспаннан алғам жоқ. Қазақтың сөз жасамында бар. Мысалы, атбегі, құсбегі... деген сөздер.

– Одаққа өт, – деген ағам, – рекемондацияңды жазып берем, екіншісін не Кәмелге, не Өмірге жаздыртып аларсың...

Күлерсің бе, жыларсың ба сол рекемондациялармен бәрібір өте алмадым. Кей редакторлар кәдімгідей қоңырау шалып әңгіме сұрайтын. «Түркістанның» Бас редакторы Шәмші Пәттеев солай үш әңгімемді басты. Ол бауырым да екі туып, бір қалғаным емес еді. Бір күні жазушы Жаңабек Шағатай қоңырау шалсын. Ол тұста «Түркістанда» бірінші орынбасар болып жұмыс істейтін.

– Келіп қыздардың көз жасын сүртіп кетіңіз... – десін.

Сөйтсем, менің Оралхан Бөкейге арналған «Айбөкен» деген әңгімем шығып жатыр екен. Корректор қыздар соны оқып жылаған ғой.

Менің «Кератым» шахтер болып істеген әкемнің өмірінен алынған. Сол әңгімемді оқып әкей де көзіне жас алған-ды. Жазушы бақыты деген осы болар. 

Қойшы, сонымен Алматыда жүрген бір бес жылда отыз-қырық кітап жаздым. Және қандай кітаптар? Сол кездегі бестселлер еді. Шежіре кітаптары, фольклорлық хикаяттар, халық ауыз әдебиетінің нұсқалары еді. Мәселен, Арқада Дияқажы деген атақты ақын өткен. Бүлікшіл ақын еді. «Ғалияда», «Ая-Софияда» білім алған. Қолымда сол тұста түк болмағанымен екі жылда сол кісінің 400 беттік шығармалар жинағын бастырып шығардым. 2008 жылы ешкімнің көмегінсіз Шет ауданы ақындарының 600 беттік ақындар антологиясын шығардым. Бір қызығы, олардың барлығы да бақилық болғандар еді...

Соның барлығы баста болды дегенге сеніңіз. Заманында үш-төрт сағат бойы шежірені тоқтамай, ешқандай қағазға қарамай-ақ тарата беретінмін. Әпсана-аңыздарға да ағып тұратынбыз...

Мен шалдың баласы едім. Атамның тәрбиесін алдым. Қырық бесіме дейін ауылдан ұзамадым. Өмір бойы ескі әңгімелерді, әпсана-аңыздарды жиыстырдым. Соның барлығы мені жазушылыққа алып келді. 

Мен бүгінде жиі жазам. Жылына он екі кітап бермесем де төрт-бес кітап берем. Мемлекеттік тапсырыспен бір-ақ кітап шығарасың. Қалғанын өз қаражатыңа шығаруға тура келеді. Бала-шағаңның аузынан жырып...

Менің бүгінде көлігім жоқ, баспанам да жоқ. Бірақ қолымдағы қаламым өзіммен бірге. Толстойдың мұжығы үш генералды асырайды. Аманжолдың Қасымы бір жақсы өлеңін шығару үшін жүз жаман өлең жазады...

Біздің басымызда да осы жайт бар. Жөні-түзу бір кітап шығару үшін елдің екі-үш бестселлерін жазып береміз. Күні бүгінге дейін. 

Менің түсінігімде жазушының екі санаты бар, біріншісі туа жазушылар, екіншісі жүре жазушылар. Біріншісінде Құдайдың өзі көкірегіне салған пәлсапасы бар, кейінгісінде жүре жинаған пайымы – философиясы бар...

Одаққа осылардың біріншісі мүше болу керек. Алайда екінші санатты да жоққа шығаруға болмайды. Осы санаттың біріншісіне жазушы Сапарғали Ләмбековты жатқызар едім. Ол кісінің «Тәттімбет» деген романы бар. Одан берменде де Тәтекең туралы талай шығармалар дүниеге келді.Алайда олардың барлығы да Сапкең романының көлеңкесінде қалды. Енді ең қызығын айтайын. Сапкең керең адам болатын...

Арқаның бойлауық қосбасарлары туралы мен де аз жазбадым. Есімдері естілмеген біраз күйшілерді жарыққа шығардым. Қосбасарларды жіліктеп шықпасам да қосбасар табиғатын ашуға барынша бойлауға тырыстым. Сөйте тұра мен де қолыма домбыра ұстамаған адаммын. Қазір менің қолымда «Қосбасар» деген кітабым дайын тұр. Керек кітап па? Керек. 

Керек, керек еместен шығады. 2013 жылы «Қазақтың көмескіленген этнографиясы» деген оқулық жаздым. Шамама қарамай оны «Пассивная этнография казахов» деп орысшаға тәржімаладым. Сонан жергілікті жерлердегі оқу орындарына барайын. Керек деді. Қажет деді. Жарайды деді. Жеме жемге келгенде жалт бұрылды.

Мен жиырма жасымда «Жалынға» шықтым. Ол тұста екінің бірі бұл альманахта шыға алмайтын. Ел мені ақын келді деп жүрді. Ал мен болсам өзімді жазушылар санатына қосып қойған едім. Өйткені Оралхан Бөкеев ағам менің «Керат» деген әңгімемді оқып шыққанан кейін «осыдан кейін ештеңе жазбасаң да болады. Сенің атың қазақ тарихында қалды» деген-ді. Сол шығармам араға жиырма жыл салып «Қазақ әдебиеті» ұйымдастырған бәйгеде бірінші орынды алып келді.


Кешегі классиктерімізді тәрк еткен жайымыз бар. Бәрін қойып Абайға тіл тигізіп жатырмыз. Мына дүниенің Оразбайлары әлі қатарымызда екен...

Шыңғысхан кітапхананы өртеді деп айтты деп Шаханның Мұхтарын әйкәпір қылдық. Шыңғысханды қазақ қылды деп енді Мағауияның Мұхтарын да күстаналауға кірістік. Ал сол Мұхтардың Алтын Орданың мираскері қазақ елі дегенін құлаққа ілгіміз келмейді. Қазір мына орыс жұрты сол Алтын Ордаға жармасып жатыр. Батыйдың сом ескерткішін тұрғызамыз деп қызылкеңірдек болуда. Олардан қысық көз көршілеріміз де қалысар емес. Олар да өздерін мираскер санайды. 

Біз ше? Шыңғысханнан бас тартып отырмыз...

Мұхтар Мағауин – қазақтың мың жылдық қазынасы. Ілияс Есенберлин де. Сол Ілияс мұрасын қалай пайдаланып жатқанымызды көріп, екі қолыңды төбеңе қойып тентіреп кеткендейсің... 

Жазушы жазумен шұғылдану керек. Жазу үшін жағдай жасауым керек. Жазу жағдайын... Ол үшін басқа біреулердің шатпағын іс қылып шығаруың керек. Кемінде үш адамның.

Сол үшеудің екеуінен азаттық алған жайым бар. Енді біреуі қалды.

Бұйыртса оны да еңсерермін. Cонсоң мен де өз дүниелеріме кірісермін.

Жазып алған Құлан САҒАТҰЛЫ.

Әңгіме

КЕРАТ

1.

Мен дүниеге келгенде шахтерлер әкемнің отбасына жиналып, дүниеге тағы бір шахтер келді деп қауқылдасыпты... 

2.

Шақ-шұқ...

Шақ-шұқ...

Тыр-тыр-ыр...

Қылует өтіп жатқан бұрғышылар шапқысының шақылы мен кейінде ғана пайда болған қолбұрғылардың ащы, жіңішке тырылы ілгерлеген сайын алыстағанның орнына өкшелеп ту соңынан қалар емес. Бұлшық етің түйіліп, байланып қалатын өрлеуіттен кібіртіктемей келе жатқанда осы шақ-шұқтан қашып келе жатыр. 

Міне, квершлаг... Қитұрқы бұрылыстар... Жасырынбақ ойнап жүргендей бұрыш-бұрышқа тығылып алған еңіс пен мен өр...

Мұның бәрі Кератқа жақсы таныс. «Қазір айдау жолдай еңіске түседі, қораптар өздері жүйткиді».

Аяғын бос тастап келеді. Айдаушы балада үн жоқ. «Қалғып-шұлғып келе жатқан шығар...».

Өрлеу де басталды. Қораптар артқа тартатындай, бұл – алға. Ауырлап келеді. Сәл де болса босаңсыған болаттай бұлшық еттер қайтып шиырықпайтындай.

Гудок аңырады.

Қалт тоқтады. «Қазір байлаудан босатады. Сағал астауда сабан аралас кебек жатқан шығар...».

Айдаушы балада үн жоқ. «Неге босатпайды?».

Гудок қайтып аңырады.

Бала да оянса керек.

– Айт шүу, Керат!

«Өрге кеп тоқтағанын қарашы».

– Айт, шүу!

Керат тырп етпеді.

Борша-бопса терлеген денесі өлімсіреген оттас шамдарының сәулесімен жалт-жұлт етіп, үстіндеғі салтақ лайсаңы қарауытып, жұлдыз жұтып жатқан түнгі айдын ортасында адасып қалған қара жерден аумайды. Жерасты ауыр, дымқыл ауаға ащы тер иісі қосылып қолқаны атып тұр. Алдап та, жекіріп те Кератты орнынан қозғалта алмай бала да терледі.

Оқпаннан саумал жел есті. Малқос иіс сейіліп қоя берді.

Мүлгіген тыныштықты бұзып тұрған бірқалыпты тамшылар тырсылы мен баланың шіңкілі ғана. 

– Айт, шүу, Кера!..

Гудок үшінші рет аңырады.

«Неге босатпайды? Сауырдағы ұйып бара жатқан лайсаңды неге түсірмейді? Неге айқайлайды? Неге?».

Басы дың ете қалды. «Осып өтті-ау...».

Қамшы жаңа көріп жүрген құқайы емес. Бірақ бастан салғызып көрмеген-ді. Суылын да естіп үлгермеді. «Жанын кейде жегідей жеп жүретін оң жамбасы неге тызылдап тұр? Тыртықтан ұрған ғой...». 

– Кера... Кера... енді өзің... енді мен...

«Жас иесінің мұрны шуылдай ма-ау, әлде қорсылдай ма-ау, қалай?».

Тұрып-тұрып мойнынан құшақтады.

Солай екеуі біраз тұрды...

3.

Шалп-шұлп...

Бала қорсылынан тиылды.

Шалп-шұлп...

«Келе жатыр... Сепкілбет... Қарабұжыр... Ақсақ...».

Шалп-шұлп...

«Қазір келеді де босатады. Сонсоң барлығы өзі осында кеп түскен тар қорапқа мінеді... Сонсоң?.. Әрине, сағым билеген жарық дүние... Мені де бір шығарса ғой. Жалғыз қалдырады-ау қазір...».

Бірінші болып Қарабұжыр, сонсоң Сақалтай, сонсоң... сонсоң... Сепкілбет келді.

Ақсағы дәртені ағытты.

Манағы өлімсіреп тұрған жарықты жер жұтып қойғандай. Теміржолдан шықпай келе жатыр. Арттан қораптардың ауыр тақ-тұқы естіледі.

Тақ-тұқ күшейе түсті.

Тақ-тұқ...

Тақ-тұқ...

4.

Тик-так...

Ағал-сағал астаудағы су мұп-мұздай екен. Дем алмастан-ақ ішетін су... Тістен өткен соң тайқып шықты.

Тик-так...

Тик-так...

Төтелден үзіліп түсіп жатқан баданадай-баданадай ірі тамшылар мұрынға жанай құлап қытығын келтіреді. Тура Кербайталдың қылығы.

Көпке шейін алаңқайда енесімен тұрды.

Ыстық табы қайта қоймаған кезде мұны енесінен айырды. Үлкен алаңқайда өзі қатарластар бірін-бірі қуып, құйрықтарын аспанға шаншып жарысып жүр екен. Біреуі бөлініп жанына келген. Кербайтал!..

Айдарларынан жел есіп, екеуі сол күні ұзақ шапқан. Жер апшысын қуырып шауып еді-ау.

Жем бере бастаған кез. Көп уақыт өтсе керек. Алаңқайға кірер қақпада кідіріп қалған. Енесін көрді. Жанында құлыны бар. Өзіндей кер екен. Бір жағынан қызғанғандай болды...

Сол күні өзін бұрыннан да қақпайлап жүретіндер тіпті тықсырып жіберді. Теуіп, тістесіп көпке дейін жолатпай қойған. Әсіресе, жуан мойын Шағырдың тепкісі ерен қатты екен. Кербайталдың басқамен кетпегені күшіне күш қосқандай. Мойнынан теуіп жеңді. Әне, Буырыл! Оның құлақ жымитқанынан-ақ басқалар жанына жоламайтын. Өзі де ығып жүретін.

Сол күні жекпе-жекте бірінші рет жеңілді. Сенгені серіппедей аяғы еді. Буырыл тепкіге түспеді.

Сол күні үлкендерше екеуі ұзақ шайнасты. Шағыр тепкен мойын шыдамады. Жеңілді. Кербайталдан айырылды. Бірақ енді екінші Шағыр емес, өзі.

Сол күні Кербайталды өзгертті. Шағырдың төрт аяғын теңе басатын Ақбақайын иемденді. Тек Кербайталдай қытықтамайды. «Неге екен?».

Ертеңіне Ақбақай Шағырына кетті. Тоқтатқан жоқ. Несіне тоқтатады? Бәрібір Кербайталдай қытықтамайды. Кербайтал да қайтып келді. Буырылмен тағы да шайнасармын деп ойлаған. Келмеді. Кешкісін әдейі жанай өтті. Құлағын да жымитқан жоқ. Кешегі айбар да жоқ. Өзінен ол да ығатындай.

Тик-так...

Тик-так...

Сонсоң не болып еді?

А-а... Өжірелерге бөлген. Көрші өжіредегі Бууырыл екеуі бұрынғыдай емес. Алаңқайға да сирек шығарады. Сондықтан Кербайталды көруі де сирек.

Қар жауыпты. Алаңқайға жібергенде көрді. Бұрын көрмеген сүрең болды. Ұстап алып бәрін жығып жатыр, жығып жатыр. Көпке шейін ұстатпаған Буырыл екеуі болды. Сонсоң? Қазір не болса сол болды.

Дүние өзгерді. Әлде өздері өзгерді.

Түсініксіз. Бұрынғыдай жер тарпып, күлдір-күлдір кісінеуді қойды. Буырыл да, Шағыр да – бәрі... бәрі мәңгіріп кеткендей. Тебісіп, шайнасып жатқан ешқайсысы жоқ.

Кейінгі кезде дәлізге де шығармайтын болды.

Ең соңғы рет алаңқайға шығарғанда Кербайтал шұрқырап келіп мойындасып, жалын тарап, тістеп жалымен ойнаған. Бұл орнынан қозғалмады. Қайтып оны кездестірген емес...

Сонсоң не болып еді? Өжіреден айдап шығып қуалай жөнелген... Жо-жоқ, әуелі басқаларын алып кеткен. Дәлізге шығарғанда көрген. Жүздеген өжіре

бос тұрған-ды...

Сонсоң өздерін... Биік-биік үйлері сондай суық көрінген бір жерге әкелген. Түні бойы иіріліп тұрды. Нәр сызған жоқ. Ертеңінде маңдайында шүпірлеген жазуы бар жұлдызды, күндегі көріп жүргенінен үлкендеу теміржолмен арсыл-гүрсіл қорап үйлер келді. «Бет алыстары күнбатыс па еді?».

Соған тиеген... Содан тақ-тұқ...

Тақ-тұқ...

Қанша жүргендері белгісіз. Тас қараңғы суықта қайта түсіріп, қайта қиқулата қуған. Бір-ақ күннің ішінде бәріне көндігіп шыға келді. Арбаны да сүйрейтін болды, үстіндегі адамдарды да ауырсынбайтын болды. Аузы үнемі сасып тұратын Сартапал өргізіп-жатқызып жүрді. Үнемі түтіндеп тұратын аузынан түспейтін ұзын пәлесінің иісіне де, иесіне де бойы үйренді.

Сонсоң...

Тарс-тұрс...

Тарс-тұрс...

Алапат күндер басталды. Жан түршігерлік ысқырықтар мен гүрс еткеннен кейін ойылып түсетін құдықтар... Аспандағы құс сынды ұшып жүрген пәлелердің гүрілі... – бәрі сондай жат еді.

Көп гүрілдің біреуі мұны Буырылдан айырды. Келесі... келесі бір қара жер лайсаң болып жатқанда осындай гүрілдің біреуі өзін де алып ұрған. Оң жамбасынан баса алмай қалды. Өзінен анадай аттам жерде қарауытқан кішкене төмпешіктен адам аяғы көрінеді. Басқалары келіп қазып алғанда көрді. Иесі екен. Оны көтеріп алып кетті.

Қайтып иесін көрген жоқ.

Аяғын сылтып басатын болды. Оң жамбасын ауырсынбайтын болған кезде қорап үйлерге қайтып тиелді. Әкелген жақта жантүршігерлік гүрсілдер жоқ екен. Одан кейін де көп жүрді. Міне, қазір тас қараңғы шыңырауда. Бірақ...

Иесі қайда екен?

Тик-так...

Тик-так...

Иесінің тәтті шақпақ қантын аңсады.

5.

Гудок аңырады.

Орнына кеп тұрды. Күндігі тірлік. Тар қораптан түсіп жатыр, түсіп жатыр. Бұжырқара... Ақсақ... Айдаушы бала ғана көрінбейді. Мынауысы кім екен? Жұлдызы бар киімі көзіне оттай басылды. «Сартапал иесі!».

Басқа болып шықты. Тағы бір Ақсақ... Аяғын өзіндей сылтып басады. «Бұл да ана жаққа барып, оң жамбасынан баса алмай қалған шығар...».

Ақсақ жұмған аузын ашпайтын айдаушы баладай емес. Өзімен өзі сөйлеседі. Қала берді өзіне әлденелер дейді... «Сонау бір күндердегідей...».

Сасық түтін иісі... Оңға... Солға... Тағы басқа ұмытыла бастаған қадау-қадау бұйырықтар бәрі, бәрі сол күндердегідей. Тек иесі басқа... «Қант берер ме екен?».

Квершлагке келді. Қораптар әлі көрінбейді. Олар келгенше Ақсақ иесі өзінің ұйысып, тас болып қатып қалған құйрық-жалын тарап, күлтелеген болды.

Бәрі жабылып бес қорапты итеріп әкелді. Алғашқыдай зілмәуір емес қазір... Күндегі итіңмен бос қораптарды қайтып әкелді. Осылайша бірнеше

рет әрі... бері...

Орта жолда болса керек. Еңіске түсерде қораптардың алдыңғы екеуі аударылып түсті. Өзі де мұрттай ұша жаздады. Шатқаяқтап әзер қалды. Иесі Сепкілбеттерді ертіп әкелді. Қарбұжыр бар, бәрі қораптарды орнына қойды. Ақтарылып қалған тас қиыршықтарын қайта тиеді. 

– Айт, шүу!

Қораптар енді қозғала берген.

Гудок аңырады.

Керат әдеттігінше қалт тоқтады. Босатуын тосып тұр. Жаңа иесі босата қоймады. Қарабұжыр келіп дәртені ағытты. Иесі енді Қарабұжырмен айқайласты.

Қанша ұзағанымен қуып жетіп қайта жекті. Әудем жер итеріп әкепті. «Айдаушы баланың болмағанын қарашы...». 

– Айт, шүу!

Керат қозғалмады. «Кеше де өстіп босатқан...».

Босатпады. Өздері артынан итеріп, амалсыздан тартты.

Ауырлап келеді...

6.

Міне, тағы да жалғыз қалды.

Төтелден ағып жатқан мөлдір суды құлағын қайшылап ұз-а-ақ сыңғытып ішті.

Тик-так...

Тик-так...

Көз алдына жон арқасы теп-тегіс, жұмыр мойын Кербайтал келді.

Көз алдына жоталы жол, ботатірсек Ақбақай келді...

7.

Шақ-шұқ...

Шақ-шұқ...

Сепкілбет – Сергоның қолы қолына жұғар емес. Нән балға Ақсақ – Мәмедте, құлаштап соғады.

Сәл әріректегі шапқыға бірінші рет түскен айдаушы бала мен дүлей күш Қарабұжыр – Қожан да ширақ қимылдайды. Мана баланы жассынып басқалар алмағанда Қожан алған. Қателеспепті. Қолбұрғыға ауысқан Қоңқақ – Ахмет мұның жанында қорбалаңдаған маймақ сияқты. Тегі, шапқы деген майым-майым маймақтардың қолы емес. 

– Нешінші? – келгендер кен тиейтін күрекшілер еді.

Қожан жауап орнына жұдырығын көрсетті. Бесінші дегені. Күрекшілер бос тұрмай бөлініп алып, шапқышыларға көмектесті. Бірінші болып Мәмедтер бітті. 

– Ура-а! Бар үш жоспар!.. 

– Ура-а!..

Осы кезде Қожанның жуан дауысы қатар шықты: 

– Біз төртті бастадық! 

– Ура-а!

Айқайменен жандарына келген десятникті де байқамапты. 

– Сәл кешігіппін, көріп тұрмын... 

– Қайдағы үш, біз төрттің де мұртын сындырып қойдық...

Тағы да ура! Тек баланың ғана дауысы шықпады. Біржолата қарлығыпты.

Траншқа бәрі жиналды. Күрекшілер, шапқышылар, қолбұрғышылар, дәрі атушылар... Десятник сөз сөйледі. Үш жоспармен құттықтады. 

– Шахтаға батереялы екі электровоз... субұрғылар... 

– Ура-а! Керат үшін ура-а! 

– Левитан хабарлады, бүгін Керчь азат етіл... 

– Ура-а!

Керчь Сепкілбет Сергоның туған жері еді, жылап жіберді. Бірін-бірі аспанға атып, бұрынғыдай күңкілдеспей емен-жарқын сөйлесіп, тарай бастады.

Квершлагке келді.

Керат та жоқ, тиеулі тұрған вагондар да жоқ. 

– Обал дағы... Қап, бес вагонды ағытып қоймай... 

– Қалай сүйретіп кетті екен бәрін?

8.

Оқпанға мана келген. Иесі әлі жоқ...

Оң жамбасын оңбай ауыртып алыпты. Не боп кетті өзі? Мына қораптарды әзер тоқтатты ғой.

Қызық өздері. Ура-алап алып әлі жоқ. Бұл келгелі қаш-а-ан?

Көз алдына сол бір күндер келді

Ура-а! Әне, Буырыл шауып келеді!

Ура-а! Міне, серпіле шауып өзі келеді.

Ура-а! Тарс-тұрс... Аяқтары жерге тиер-тиместен адамдар шауып келеді.

Ал бұлар әлі жоқ!

«Қызық өздері...».

9.

Ертеңінде айтқандай-ақ шахтаға батереялы екі электровоз түсірілді.

– Қош бол, Керат!

10.

Жер үстіне шығарылған Кератты көрші совхоздан біреулер келіп алып кетіпті.

Совхоздан ауданға май таситынға саяды. 

– Қош, шахтер ат!..

11.

Жарық дүниені бір көрсем дегені бекершілік екен. Жарқ етті де жоқ болды.

Салдыр-гүлдір арба... Қораптардай ауыр болмағанымен жүрісі тым ұза-а-ақ!

Ертеңді-кеш байлаудан бір босамайды.

Бұл тірлігінің мазасыз болатын түрі бар.

Арбаның шиқылы...

Шабаланған иттер...

Адамдардың ұзынды-қысқалы қамшылары... Үйреніп қалған тас шыңырауды аңсады.

Гудок үнін естімегелі қаш-а-ан?!

12.

Батереялы электровоз рахат...

Бәрі де енді жұмысқа жаяулап барып, жаяулап қайтпайды...

Шапқышылар біржолата бұрғыларға ауысты. Ақсақ айдаушы мен бала электровозда... 

– Айт, шүу Кера!

Темір атқа әлі үйренісе алмай жүр.

13.

Айсыз түн көрдей қап-қараңғы. Өліарадағыдай ызғар бар.

Керат қайтып келіпті. 

– Ура-а!

Бала қалған шөпті әкеліп салды. Өткен-кеткенді айтып бәрі махорка орай бастаған. Оттық талы сөне берген соң Мәмед қағаз жақты. Бала шар етті.

Ақшаңқан жарықтан Кераттың қарашығы ағып кетіпті...

Бәрінің иықтары селкілдейді...

Діні қатты деген Қарабұжыр Қожанның өзі көзіне жас алды.

14.

Мен дүниеге келгенде Керат о дүниеге кетіпті. Шахтерлер дүниеден тағы бір шахтер өтті деп күрсінісіпті...

Төрехан МАЙБАС.

1974 жыл., Қарағанды.