ЖАДЫМДА ҚАЛДЫ НҰР ЖҮЗІ

ЖАДЫМДА ҚАЛДЫ НҰР ЖҮЗІ

Басқалардан бойы озық тұратын еңселі жігіттердің көп ретте айналасына асқақтай қарайтын әдеттері бар емес пе? Қайратта ондай мінездің кішкентай бір ұшқыны да жоқ еді. Өзім деген адамына ақтарылып түсіп, аузын ашса аржағынан жүрегі көрініп аңқылдап тұратын. 

Ең ғажабы, ондай мінезі ешкімге де ерсі көрінбейтін. Қуанған сәттерінде аққұба жүзі алабұртып, алып денесімен ұршықтай үйіріліп ақтарыла күлгені тұла бойына жараса кететін еді. 

Біздің буын Мұқағали ақынды көрген жоқ. Ақиық ақын біз жаңадан жігіт болып қыздарға көз қиығын сала бастаған кездерімізде, біразымыз әскер қатарында жүргенде дүниеден озды. Көргендердің айтуынша, суреттерінен де көріп жүргеніміздей, Мұқаң екі иығына екі кісі мінгендей кең кеуделі, алып азамат болыпты. Ара-тұра арқырап кеткен кездерінде болмаса жайшылықта «қыз мінезді» дейтіндей, тіпті ұяң дейтіндей кішіпейіл қалпынан айнымапты. Бұл жағынан алғанда Қайрат досымызды да Мұқағали ақынға ұқсатуға болатын еді. Тіпті дәл сол кезде Мақатаевтың жас кезі жайында кино түсірілсе, таңдаудың Қайратқа түсетіндігіне сенімді едік.

Қайратпен сексенінші жылдары ҚазМУ-дің журфагінде танысып, көрген сәттен жақын араласып кетіппіз. Бізден бір ғана курс жоғары оқитын Қайрат Әлімбек пен Бауыржан Жақып, Мұратбек Оспановтар, біздің курстағы Бауыржан Үсенов пен Гүлнәр Салықбаева, филология факультетінде қатарлас оқитын Светқали Нұржановтар өлең өлкесіне екпіндей еніп, бірден-ақ өз үндерін таныта келген таланттар еді. 

Басымыз қосыла қалғанда бірінші кезекте бұрқыратып өлең оқимыз. Әрине, әр жолы әртүрлі өлеңдер оқылады. Әйтсе де өтініш бойынша қайталанып оқылатын, соған орай белгілі бір дәрежеде көкейімізде жатталып қалатын да өлеңдер бар емес пе? Ондай сәттері Қайратқа «Ұрғаным бар ма» деген өлеңіңді оқышы» деген өтініш жиі айтылады. Ақын досымыз да көп күттіре қоймайды.

Аспаным бұлтты, білмеймін, бір жауын бар ма,

Өстуші еді жанымда жыр дауылдарда.

Күйініп өзім көшеде күбірлеп келем...

Күледі біреу...

Күлсінші, ұрғаным бар ма!? –

деп жұдырығын құшырлана түйіп, маңдай тұсына түсе бастаған шашын кейін қарай бір сілкіп тастайды. Жанымызды сүйсінткен өлең, әлдекімге кетіп бара жатқан кегімізді қайтарып бергендей жыр шумақтары мына бір жолдармен түйінделеді:

Қарқылдап күлді-ау көшеде бір қауым қарға,

Теңселте тиген төбемнен бұл да ауыр балға.

Шерменде күйде жүргенде сүлесоқ қалпы

Күледі еще,

Күлсінші, ұрғаным бар ма?

Бұл кезде ақынды күлкі еткен әлдекімдерге ызаланған біздің де жұдырықтарымыз түйіле бастайды... Шынайы өлеңнің құдіреті дегеніміз де осы шығар.

Студент кезінің өзінде осындай жыр маржанын жазып, әдеби қауымның арасында дараланған Қайраттың өлеңдері сол кездері республикалық газет-журналдарға жиі басылып жүрді. Солардың әрқайсысы шағын бір тойға, нақтырақ айтсам, өзіндік бір жыр мерекесіне айналып кететін әсерлі кездер естен кетер ме? 

Кейін Қайратпен Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірге қызмет атқардық. Бұл кезде арқалы ақын өзінің қаламы жүрдек білікті журналист екендігін де айқын танытты.

Кемел жасқа иек артып, бірге жүрген дос, жолдастар сирей бастаған кезде сол кездегі Қайраттай азаматтың аңқылдаған ақ көңілін сағынасың. Ондай біртуар жан дүниеге енді қайтып келе де қоймайтын шығар-ау...

Бірде Қайрат мені ҚазМУ қалашығы тұсындағы аялдамаға шығарып салды. Зуылдап автобустар өтіп жатқанымен әңгімеміз таусылар емес. Бірінен-бірі қызық сияқты. Әңгіме арасында ол маған «Кеш болып кетті ғой, жатақханаға қона салсаңшы» деп қояды, мен оны «Қайын жұрт жаққа барып қайтайық» деп үгіттеймін. Осылайша бір-бірімізді қимай тұрып Қайраттың аялдамаға шығарда иығына іле салған жеңіл киімімен бүкіл қаланы кесіп өтіп, Қаскелең ауданындағы Кемертоғанға, менің қайын жұртыма кетіп қалғанымыз бар. 

...Содан бері де қаншама айлар, жылыстап жылдар өтіпті. Бүгінгі күні Қайрат досымыз тірі болғанда, күтпеген жерден жол апатына ұшырамағанда асқаралы 60 жасқа толып, дүркіреген тойы жалғасып жатар еді-ау. Әдебиетіміздің кемел жасқа келген қадау тұлғаларының қатарында маңдайы жарқырап жиын төрінде отыратыны, арқалы ақын ретінде лайықты ардақталатыны анық еді ғой. Ондай бақытты күнге жеткізбеген тағдыр шіркінге не шара?..

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ, 

ақын.

ҚАЙДА АСЫҚТЫҢЫЗ?..

Қайрат ӘЛІМБЕК ағамен Алматы облыстық «Жетісу» газетінде әріптес болдық. Қандай тақырып болсын, жік-жігімен, бұтарлап тұрып жазатын. Көлемді мақалаларын былай қойғанда, қып-қысқа ғана хабардың өзін қараөлеңмен өрнектеп жіберетін шеберлігін де ұмытқан жоқпыз. 

Кез келген мақаласы мақал-мәтелге, нақыл сөздерге тұнып тұратын-ды. Ұлағатты сөздерге кейбір әріптестер секілді ұзын-сонар анықтама беріп жатпайтын, әрі өзіне «меншіктеп» те алмай, әрдайым тырнақша ішіне салуды ұмытпайтын. Сол тырнақша ішіндегі бір сөйлем бақандай бір абзацтың жүгін көтеріп тұратын.

Газетке елге белгілі тұлғаны жазу керек болса, басшылық алдымен Қайрат Әлімбекті іздейтін. Тіпті кейде «ауырыңқырап» қалатын кездеріне де қарамастан. Сонда да жұмысына деген жауапкершілігі, қызметіне деген адалдығы, сенімге деген құрметі ерекше еді.

Сол «ауырып» тұрған қалпы қағаз-қаламсыз бірден машбюроға кіріп келіп, екі көзін шарт жұмып алып, ара-арасында кең маңдайының терін күректей алақанымен бір сипап қойып, «диктовкасын» еш мүдірмей жасай беретін. Әр мақаласында орнықты ой, сабырлы түйін жататын. Газет корректорлары, тіпті, Қайраттың мақаласын оқып жатпайтын «қулық» та тауып алған. Өйткені оның әр сөйлемінің үтір-нүктесіне дейін сауатты болатынын олар жақсы білетін.

Әлі есімде, «Махаббатстан» шағын жыр-жинағын бізге – қарлығаш қанат қарындастарына аса бір ілтипатпен ұсынып жүрді де:

– Қыздар, не жейсіңдер? – деді қуанышын жасыра алмай. 

– Әдеттегідей ғой, Қайрат аға.., – деп қуланды Сақып қарындасы. 

– Қазір, – деп елп ете түсіп, ауыр денесін шалт бұрып алып жас балаша құлдыраңдап жүгіріп кеткен марқұм. 

Кабинетте екі-үш қыз ғана отырсақ та, балмұздақтың оншақтысын бір-ақ көтеріп келді. Ылғи солай еді. Қолы ашық, не әкелсе де төгіп тастайтын мәрттігін айтсаңызшы! Қайран, аңқылдаған әріптес-Аға!

Қарындас демекші, Қайрат Әлімбек кейбір ақынмын деген жігіттер сияқты қыздармен қалжыңдасқан боп қалай болса солай сөйлей салмайтын, дөрекілікке жол бермейтін. Нәзік жанды әріптестеріне аса құрметпен қарайтын. Қызулау тұрғанының өзінде артық сөйлеп қоймайыншы дегендей әр сөзін байыппен, сақтықпен айтатыны байқалып тұратын. Текті еді ғой біздің ақын-әріптес!

Бір күні қарсы жолықты. Жиналып кетіп барады екен. Сағат кешкі бес.

– Оу, жезде, қайда шықтыңыз, жұмыс аяқталған жо-о-оқ әлі, – деп күлдім еркелей. Сонда оның еш бөгелместен:

– Е-е, балдызым-ау, үйге барғанша сағат тілі сол алтыға да жетіп қалады ғой, – дегені әзілінен танбай. 

***

Дегенмен, қайда асықтыңыз, Қайрат аға?..

Нұржамал Әлішева, 

журналист. 

Суреттерді түсірген: Шүкір Шахай.