МАҒЖАНҒА АРНАЛҒАН АЛҒАШҚЫ МҮШӘЙРА ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫН ӨТКЕН ЕДІ…

МАҒЖАНҒА АРНАЛҒАН АЛҒАШҚЫ МҮШӘЙРА ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫН ӨТКЕН ЕДІ…

Тәуелсіздікті армандап, сол жолда күресіп, құрбан болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының атын Қазақ парламенті тарихында алғаш рет «Ақ жол» партиясы көтерді.

2012 жылы парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғалы 30 шақты депутаттық сауал жасалды. Ал «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық байқауы биыл 12-ші рет өтті.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлылардың 150 жылдықтарынан бастап, сонымен қатар Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арналған, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алаштың 100 жылдығы, тб талай рет мүшәйра өткізгенбіз. Енді міне, қазақтың ұлы ақыны, Алаштың ақиығы Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған «Тұран тұлғасы» атты халықаралық мүшәйраны дүрілдетіп өткіздік.


Биыл 2023 жылы 24 маусымда Мағжан Жұмабайдың 130 жылдық тойы Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабай ауданы Сарытомар ауылында өтті. 

Сол кезде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қызылжарға ақын тойына барып қатысқан едік.

Сол кезде СҚО әкімі болып тұрған, бүгінгі Ауылшаруашылық министрі Айдарбек Сапаров «Ақ жол» партиясының Мағжанға мүшәйра өткізетінін естігенде:

– Егер сіздер Мағжанға арналған мүшәйра өткізсеңіздер, онда Мағжанның туған елі біздің облыстың атынан бас бәйгесін біз тігеміз!-деген болатын. Айекеңе министр болып ауысып кетсе де, айтқан уәдесінде тұрғаны үшін жырсүйер қауым атынан көп рахмет айтамыз.


Мүшәйраға 100-ге жуық ақын қатысты. Қытай, Моңғолия, Өзбекстан республикаларынан да ат қосқандар жүлделі орындардан көрінді. Жеті адамнан құралған Қазылар алқасының төрағасы – қазақтың көрнекті ақыны Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет.


Мағжан Жұмабай ел Тәуелсіздігі жолында жазықсыз атылып кеткесін 50 жылдан кейін ғана ақталса, Мағжан мүшәйрасының бас жүлдесіне ие болған Желтоқсан көтерілісінің жалынды күрескері, арынды ақын Аманғазы Кәріпжан 25 жылдан кейін ақталды. Ал бірінші орынды алған өрнегі өзгеше, интеллектуал ақын Бекжан Әшірбаевтың жазып жатқан ғылыми еңбегі Алаш тақырыбы. Бұлардың бәрінің сәйкес келуі де тегін емес.


Азаттықты жырлаған Мағжан мүшәйрасында өткен ғасырдың 70-ші жылдары, Кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезде мектеп оқушысы болып жүріп, Қазақ Елі Тәуелсіздігі үшін күрескен Азамат Жәкібаев атындағы «Қазақ үні» газетінің арнаулы жүлдесі тұңғыш рет тағайындалды. Бұл Азамат кім еді?

Кеңес Одағының қаһарлы кезінде: «Кеңес Одағы болашақта күйрейді» деп Алматыда листовка таратқан қазақтың қайсар ұлын Талғардағы жүйке ауырулары ауыруханасында бес жыл қамап ұстап, ақыры сүйегін шығарады. Азамат – қазақтың көрнекті кино мен театр саңлағы, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаевтың сүйікті ұлы. Біз Азаматтың анасы Нұртай апаны мүшәйраға шақырдық. Денсаулығы жарамайтын болғасын келе алмады. Апамыз “Ақ жол” партиясының Азаттық жолында қыршын кеткен Азамат ұлын ұлықтап жатқандарына қатты риза болып, үлкен алғысын айтты.

Азамат Жәкібаев туралы белгілі жазушы, тележурналист Қанат Тілеухан “Хабар” арнасында “Кісен ашқан” деректі драмасын түсірді.

Мағжан мүшәйрасындағы Азамат Жәкібаев атындағы арнаулы жүлде - қазақтың қайсар ұлы, көреген ерінің атындағы алғашқы қадам. Ұлттың ұлын ұлықтауы жалғасын таба беруі тиіс. Азаматтың екінші өмірі енді басталады.

Азамат Жәкібаев атындағы арнаулы жүлдеге осы халықаралық мүшәйрадағы жаңа есім – Шымкенттік ақын қыз Сезім Мергенбай ие болды.


Мүшәйра керемет дүрілдеп өтті. Қазақстан Жазушылар одағының 400 адамдық залына аузы-мұрнынан шығып, лық толған халықтың сыймағаны тік тұрып тұрды! Жазушылардың айтуынша, Одақта отыз жылда бұлай адам толып көрмепті.

Бұл әрине, “Мен жастарға сенемін!” деген Ұлы Мағжанның сөзі көрегендікпен айтылғанын көрсетеді.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚБТУ бастаған жоғары оқу орындарына көп рахмет, студенттер лек-легімен келіп, залды толтырып тастады!

Залдың екі жағы толып, тік тұрып тұрғасын, қанша адамды қайтарып жіберді орын жоқ деп.


Өзінің атасы Перуаш Кәрімұлы да кешегі 37-нің зұлматында Алаш ұстанымы үшін құрбан болған “Ақ жол” партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Азат Тұрлыбекұлының өзі Мағжанға арналған жырлардан сусындап отырған қаптаған қалың жастарды көріп, сахнада сөйлеп тұрып: “Ақ жол” партиясы жастарымызға рухани нәр сыйлап, ұлттық патриоттық рухта қуаттана беруі үшін жыр мүшәйларын жыл сайын өткізе беретін болады”-деп мәлімдеді.

МАҒЖАНҒА ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Мағжан мүшәйрасында есіме түсіп отыр. 1988 жылы біртуар мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің бастамасымен бес арыс - Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Шәкәрім Құдайбердіұлылар ақталды.

Содан бес жыл өткесін 1993 жылы Мағжан Жұмабайдың 100 жылдығына арналып, республикалық мүшәйра тура осы Жазушылар одағының Әдебиетшілер залында болды. 

Бұл Алаш арыстарымен бірге Мағжан Жұмабайдың ақталғаннан кейінгі алғашқы дүбірлі шара еді.

Сол кезде бүкіл ақындар ат қосқан мүшәйраға мен де қатысқан едім. 200-ге жуық ақын қатысқан аламан мүшәйраның қазылар алқасының төрағасы, арқалы ақын Ғафу Қайырбеков болды.

Біз де арнаулы жүлделердің біріне ие болдық. Бірақ мен үшін ең үлкен жүлде Ғафу Қайырбековтың менің өлеңдеріме берген бағасы болды.

– Қазақ поэзиясындағы дүлдүл лирик ақын Мағжанның ізбасарларын көріп қуанып отырмыз. Мағжан махаббаттың жыршысы. Жаңа жыр оқыған талантты жас ақындардың ішінде Қазыбек Исаның мөлдіреген махаббат лирикасын көріп, бүгінгі Мағжанның ізбасарларын көргендей болып отырмыз,-деп, “Аурухана маңында” атты өлеңімнің бір шумағын мысалға келтірді. Тарлан ақынның талғамы мен таңдауына іліну менің поэзияма берілген үлкен баға болған еді.

Бүгін енді, 30 жылдан соң өтіп жатқан ұлттың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған мүшәйрадан шабыттанып отырып, сол кезде жазылған арнау жырымды қайта жариялаудың сәулелі сәті келіп тұр.

МАҒЖАНҒА  

Ақтаңдақтар шындығын ашқан әрең, 

Кезде ғана сені оқи бастаған ем... 

Көз алдымда көрініп көркем дүние, 

Ашылды бір аспани асқақ әлем. 

Күміс шекті күй тартып домбырамен, 

Күллі әлемді көңілге қондырар ең. 

Батырады тұнықтық тереңіне, 

Шақырады алысқа мөлдір әлем. 

Бойлағанда жүректің сырына шын, 

Махабаттың не екенін ұғынасың. 

Тұла бойды отқа орап бара жатыр, 

Тұма жырлар ойы мен мұңы басым. 

Келсе дағы берілмей бағаң бірақ, 

Бүгін, міне, барасың ғаламға ұнап. Дүркіреткен дүниені дүбірімен, 

Түркі біткен түреді саған құлақ. 

Зар мұңыңды заманың түсінсе еді, 

Болмайды ма құрсау мен қысым шегі?.. 

Қиянатқа байлады қимас елің, 

Қияға ынтық болғаның үшін сені... 

Көтерілер биікте қыран ғана, 

Көріндің де, айналдың жыр арнаға... 

Ғасырда бір туатын ғажап ақын, 

Ғасырыңды тойлауда Тұран-дала. 

1993 жыл.

Қазақ Елінің Тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болған, Тұран тұтастығын жырлап өткен Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабай қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.

Қазыбек ИСА

15 желтоқсан 2023 жыл