ҚАРАМАНАСТАН ТҮЛЕП ҰШҚАН ҚЫРАН

ҚАРАМАНАСТАН ТҮЛЕП ҰШҚАН ҚЫРАН

Жазушы Рахметолла Райымқұлов туралы сыр

Қазақ әдебиетінің алтын қорына өзіндік үлес қосқан майдангер қаламгеріміздің бірі – Рахметолла Райымқұлов. 1913 жылы қазіргі Ташкент облысы Бостандық ауданына қарасты Қараманас ауылында дүниеге келген ол кезінде «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері»), «Жұлдыз», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» басылымдарында жауапты қызметтер атқарған. Қаламгердің «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Қара жорға», «Көкжал» атты туындылары әдебиет тарихында өшпес із қалдырды.

Өткен шақтар зым-зия. Дауысы естілмейді. Беу, заман-ай десейші! Рахаңның сексеннің сеңгіріне шыққан мүшелтойын өткізу үшін көршілес Өзбекстанға аттанғанымызға да талай жыл өте шығыпты-ау!.. 

Торсық шекелі, орта бойлы майдангер жазушы Рахметолла Райымқұлов есімін мен өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылынан бастап білетін едім. Ол әртүрлі жанрда жазатын. Алғашқы әңгімелерін «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз» журналы) беттерінен талай рет оқып тәнті болғанмын. Ал сатира жанрында да шағын көлемді сықақ әңгіме, фельетон жазғанына өзім «Ара» журналында қызмет атқарған жылдарымда қанықтым. Сол кездері Рахаң «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы болып істейтін. Анда-санда өзіне тән сүйкімді де мейірбан күлкісіне басып мырс етіп қойып: 

– Балақан, сықақ өлеңдеріңді журналдың келесі санынан оқисың, – деп алдын ала қуандырған да кезі есіме оралады.

«Жұлдыз» журналы қазіргі Жазушылар одағы ғимаратының үшінші қабатында болатын. Біздің «Ара» журналымыз да сол қабатта еді.

Ғабең (Ғабит Мүсірепов) «Араға» Бас редактор болып келгеннен кейін көп ұзамай, осы қабаттағы фойеде аумақты жасыл тысты биллиард столы пайда болған. Қол босап қалғанда жапа-тармағай биллиард ойнаймыз. Рахаң да келеді. Бірақ өзгелердей емес, сиректеу ойнайды.

– Жұмыстан қол босай бермейді! – деп сылтауратады да жүреді.

Әсіресе, осы биллиардқа композитор Сыдық Мұхаметжанов, Шәкен Айманов, Сафуан Шаймерденов, Бердібек Соқпақбаев ағаларымыз келгенде ойын қыза түседі. Ғабең мен Сафуан өз кийлерін алып кірісе кетеді. Қалғандары ойын таяқтарына таласып та қалатын.

***

Айтпақшы, біздің редакцияға жапсарлас халық творчествосы үйі болатын. Оның директоры – Тәжігүл Серікбаева. Аяғын тік басатын, еркек пішіндес болғанымен, өңі әдемі, бірақ қатқылдау мінезді әйел.

– Тәжігүл апай, бір шағын көлемді пьесам бар еді, – десіп, драма жанрымен шұғылданатындар келеді. 

– Бір ән мәтіні бар еді, – деп біз қолқа сала жармасамыз. 

Бірінің де көңілін қалдырғысы келмей, Тәжігүл ойлы көзімен қарап алып, көзілдірігін бір жылжытып қояды да: 

– Жарайды, Матақовқа тапсырыңыз! – дейді. 

Ол айтып огырғаны – өнер бөлімінің меңгерушісі, драматург Ибади Матақов. Кішкене көкшіл көзі тінткілей қарап, ойнақшып тұратын күнге қақталған қара кісі.

Кейінірек Кегенге барған бір сапарында «Көрторғайдағы» асуда апатқа ұшырып, бақиға озды. Ол жоқта әлгі шығармаларымыз Мәкиза әпкеміздің қолынан сұрыпталып барып, Тәжігүлдің қолына беріледі. Халық творчествосы үйінің шағын көлемді журналында жарияланған шығармаларға әжептәуір қаламақы алып, талай рет қарық болғанымыз бар-ды.

...Мәкиза өңі аппақ күріштей, әйел біткеннің сұлуы болатын. Сызылтып әндеткенде Күләш әуенін есіңе салғандай-ақ. Бұрынғы күйеуінен Күлшара деген бір ғана қызы бар. Ол кино сыншысы болды.

Рахаң мен Мәкиза екеуі биллиард орналасқан фойеге жапсарлас дәлізде жиі кездесіп, шүйіркелесіп түрғанын әлденеше көрдім. Сөйтсем, Рахаң Мәкизаны шын көңілімен ұнатады екен. Кейінірек оның куәсі болдым. Мен Рахаңнан гөрі Мәкиза апаймен сырласушы ем. Бауырмал адам. Ақыл-кеңесін аямайтын. 

– Немене, әпке, Рахаң сізді шыр айналдыра бастады ғой! – дегенімде: –Ә... сенен несін жасырайын. Солай болып жүр ғой, – деп сықылықтап күліп қойған еді. 

– Бәсе, бәсе, солай екенін сезіп жүрмін, – деуім сол екен, Мәкиза апай бөгелместен: 

– Ол ағаң бір перзентке зар боп жүр ғой, құдайы қосағынан жиырма жыл күткен үміті үзілген көрінеді, мен болсам салт басты, сабау қамшылымын, сендер не білесіңдер? – деп төмен қарай сөйледі.

Оның бұл сөзінде шынайы жан сезімі жатқандай еді. 

– Сонда қалай? 

– Қалайы сол – екеуміз Алладан кешірім сұрай отырып, тәуекелге басып отау тігетін болдық... 

– Бәрекелді, Мәкиза апай, бетіңізді өзім ашып жыр шашуын арнаймын!

Рахаң алтын адам. Түсі қандай жылы болса, жаны да мейірге толы, – дедім.

– Тәйт әрі, беті бір ашылған адамға жар-жар айтып жыртақтау жараспайды, онанда сый-сияпатыңды әзірлей бер! – деп, ойнаса да ойындағысын айтқандай болды. – Көп дуылдатпай-ақ қосыламыз...

...Көп ұзамай Рахаң мен Мәкиза апай өз алдына отау тікті. Арада бірер жыл өткенде дүниеге Ақтоты атты қыз бала келді. Ақтоты десе дегендей. Ол да анасындай аппақ. Мәкиза апайдың балалық шағын қайталап тұрғандай, аузынан түскендей. Бірақ өңі солай болғанмен, бет-әлпеті Рахаңа да ұқсайды. 

Мына жұрт жайдан-жай жата ма?! 

– Ойбай, Рахаң әйелін тастап кетіпті, «бұл моральдық жағынан...» деп сан-саққа жүгіртіп өсек айтушылар көбейгенімен, Рахаң оларға «пішту» деген жоқ. Қолын бір-ақ сілтеп: «Тағдыр бұйрығы ғой!» – деп кішкентай Ақтотысын мейірлене иіскеп, бауырына баса берді.

Рахаң Ақтотыны қасынан қалт қалдырмайтын. Балабақшаға өзі апарып, алып қайтатын. Серуенге бірге шығатын. Қыста сырғанақ, жазда велосипед, әткеншек тепкізетін. Тіпті, біздің үдің қарама-қарсысындағы қазіргі Президент басқармасына қарасты (ол кездегі Министрлер кеңесінің) емханасына келгенде де Ақтотыны жетектеп келе жатқанын талай көріп, сүйсінген едім.

Бір күні Рахаңның үйіне барғанымда ойыншык пианинода саусақтары безек қағып ойнап отырған Ақтотыны көріп қайран қалдым. 

– Осы қызың бұйыртса композитор болатын шығар-ау! – дедім.

Анасы да қостай сөйлеп: 

– Айтқаның келсін, тфә... тфә... көз тимесін, – деп қуанып кетті.

– Алдымен Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне береміз, сонан соң көре жатармыз, – деді Рахаң.

Ол баласының болашақ дарынына өте риза екен.

Рахаң мен Мәкиза апайымыздың айтқандары келді. Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебін тәмамдасымен-ақ, іштей ыңылдап ән жазып, нотаға түсіре бастаған Ақтоты көп ұзамай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсті. Әттең, Ақтотысының бұл самғау сәттерін көре алмай, Рахаңды ажал 1978 жылы арамыздан алып кетті.

***

Бүгінде Ақтоты Райымқұлова есімі иісі қазаққа танымал. Оның аяулы әкесіне, өзге де сан салалы тақырыптарға арналған әндерін Мақпал Жүнісова сынды өзге де көптеген әнші орындайды. Ақтоты бірнеше мәрте халықаралық жарыстарда жүлдегер атанды. 

***

Етеректе Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Қалдарбек Найманбаев, фотосуретші марқұм Сайлау Пернебай, Рахаңның зайыбы Мәкиза апайдан көрген жалғыз артында қалған тұяғы Ақтоты, апамыздың үлкен қызы Күлшара болып, көршілес Өзбекстанға сапарға шықтық. Барар жеріміз – Бостандық ауданындағы Рахаң дүниеге келген Қараманас ауылы. Тобымызбен келісімізбен-ақ ауылдағы Рахаңның ағайын-туыстары айқара құшақтарын ашып қарсы алды.

Тойды қалай өткізуді Қалдарбек маған тапсырды да, өзі той басталатын күні келетін болып Рахаңды білетін қазақ ағайындармен сөйлесу үшін Ташкентке жүріп кетті. Одақтың төрағасы тапсырған соң қалай жайбарақат жатайын. Бірден ауыл басшыларына жолықтым. Рахаңның мүшелтойы өтетін жиын-жайдағы сахнаның маңдайшасына қарасам, «Мустаһил Узбекистонга екки йыл!» деген жазулар бадырайып тұр. 

– Әу, доғандар (туғандар дегенім), бұл қалай? Біз Райымқұловтың 80 жасқа толу мүшелтойына келдік қой. Сіздің республикаңыздың екі жылдығын бізсіз де тойлап, «гәпіре» жатарсыздар. Дереу ана маңдайшаны алып тастасаңыз қайтеді? – деп қолқа салдым. Ауылдың екі басшысы шүйіркелесіп бір-біріне қарасты да: «Хоп, мәйлі!» – десті.

Ертеңіне жиын-жай адамға лық толы болды. Сахна маңдайшасындағы «Мустаһил Узбекистонның» орнында үлкен әріптермен қызыл матаға жазылған мынадай сөздер тұрды: «Жерлес жазушымыз Рахметолла Райымқұлов – 80 жаста». 

– Е, бәсе! – деп, Сайлау Пернебай мұртын сипап қойып суретке түсіре бастады.

Мен бұл жәйді Қалдарбекке айтып ем, ол қуанып кетті де: 

– Мен сізге бекер тапсырған жоқпын ғой, Мәке! – деді.

...Той мәресіне жетіп, сый-сияпат өткерілген соң, Шыршық

өзенінің бойындағы бау-баққа апарып, бізге қонақасы берді.

***

Ертеңіне Қараманас ауылындағы атқамінер ағайын: 

– Қалеке, сіз басқарып келген топты тауға шығарып серуендетейік деп ек, қарсы емессіз бе? – деді. 

– Қалай, Мәкиза апай, қалай Мәке?.. – деп, Қалдарбек бізге қарады. 

– Өздерің біліңдер! – дей салды Мәкиза апай. «Сірә, аяғы ауырғанын ескертіп, баруға құлқы болмаса да көңілімізді жыққысы келмей айтқаны-ау, шамасы» деп ойладым ішімнен. Бізбен бірге келген Көбей Сейдеханов, Сайлау Пернебай бұған қуанып кетті. 

– О не дегеніңіз, Бостандық жоталарының жұпар ауасын жұтып қайтқанға не жетсін! – дедім мен.

...Ғажап! Тау биігіне шығып көз салғанда, сон-а-ау бір тұста Қаратау қырқалары қылаң береді. Оған жапсарлас Алатау сағымданады. Шыршық бойы шырайлы да шырын атаулыға толы, электр шамдары самсаған тау қойнаулары табиғат сыйлаған жемістермен сыңсып тұр...

Осы сәтте Қасым ақынның:

«О, дариға қасиетті туған жер,

Қасиетіңді келсем білмей кеше гөр.

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер», –

деген өлеңі еріксіз есіңе оралады...


Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

публицист, сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Күлгене балаға ұқсайтын

Әрбір жайттың әлдебір себебі болады ғой, Рахметолла ағаның шығармашылығымен танысуыма мені ол кісінің «Балдақты адам» хикаятына баспасөзде айтылып жатқан пікірлер жетеледі.

 Алматыға көшіп келгеніме жарты ай ғана болған. Шығыстың алыс ауылдары былай тұрсын, орталығы – Өскемен қаласының кітапханалары мен дүкендерінде қазақ ақын-жазушыларының кітаптары табыла бермейтін. Алматыға келдім де қарқ болдым: маған кітап та, қазақ тіліндегі газет-журнал да жетіп жатты. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Балдақты адамның» мазмұн-мәнін құптаған да, «балдақсыз адам болса қайтетін еді?» деп іліп-шалған да пікірлер шықты. Қайсысы дұрыс айтқанын білуге қызығып, кітапты оқыдым. Ол кезде әзіл-сықақ әңгіме жазумен шұғылданып жүргенмін, әдеби сында шаруам жоқ. Сондықтан кітапты оған айтылған екі түрлі пікірді салыстыру үшін емес, жазушының балдақты адамын білгісі келген көп оқырманының бірі болып оқыдым. Оқиғасы ерекше таңдандырмайтын, бірақ нандыратын қарапайым жайт екен. Жазушының сөз-сөйлемдері жеңіл, ара-арасында әдемі әзіл бар. Маған ұнады. Кітабы ұнаған жазушының өзін де сырттай іштартып жүретін едім, бір күні Рахаңның өзін де кездестірдім.

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына жұмысқа орналасқанмын. Секретариаттамын. Газеттің кезекті санының макетін жасап отыр едім, есік тық-тық етті де, жайлап ашылып, орта бойлы жылы өңді жігіт ағасы: «Рұқсат па?» – деп кіре берді. Шырамыттым. Кітабындағы суретін көрдім ғой.

Орнымнан тез тұрып: 

– Төрлетіңіз. Ассалаумағалейкүм! – дедім. Ол жымия жақындап, қолын ұсынып: 

– Қазақ екенсің. Уағалейкүм!.. Жаңа қызметкерсің бе? Аты-жөніңді айта тұр, – деді. Айттым. Ол кісі де айтып: 

– «Жұлдызда» бөлім меңгерушісімін. Бір әңгіме беріп едім, бөлімдегі жігіттер жоқ екен, соны білейін деп келдім, сенің қолыңа тиген жоқ па? – деді. 

– Редактор оқып бергендердің ішінде жоқ, сіздің аты-жөніңіз кездеспеді. 

– Анау Ғаббас қайда екен? – деп жауапты хатшы Ғаббас Жұмабаевтың үстелін иегімен нұсқады. 

– Ол кісі бір шаруасына кетіп еді, сәлден соң келіп қалар. 

– Шаруасы бітпей жүр деші, – деп жымиды да, жайлап шығып кетті.

«Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиеті» Жазушылар одағы ғимаратының үшінші қабатында, бір дәлізде еді. Содан кейін де Рахаңмен анда-санда ұшырасып, сәлемдесіп жүрдік. Одақтың жиналыстарында сөйлегендерін де көрдім. Ой-пікірін шашыратпай, нақтылап сөйлейді екен. Мінберге шығып, ортақ әңгіменің ауанына, мәселенің маңызына қарай кейде әзіл айтып, жұртты ду күлдіргенінде өзі де, құдды басқа біреудің қалжыңын қызықтап тұрғандай, мәз болатын. Қой көзін жұмыңқырап, ұсақтау тістерін түгел көрсеткісі келгендей ашық күлетін. Адал күлетін аңқаулау бала бейнелі еді.

Рахаң Жазушылар одағы құзырындағы Көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары болған жылдары арамыз жақын бола түсті. Әлбетте, мені ғана емес, жалпы жастарды жақын тартатын. Бірде маған: 

– Одаққа мүшелікке өтсеңші! Неше кітабың шықты? Бұл бюро дегенің, әсіресе жас ақын-жазушылардың ел көріп, жер көріп, қат-қабат өмірді тануына, келешек кейіпкерлерін табуына жол ашатын игілікті мекеме, – деді. 

Мен ол тұста одаққа мүше емеспін-ді. Бюроның облыстарға жіберетін іссапарларына қатысуға құқым жоқ. Сол тәртіпті білетін Рахаң: 

– Семей жаққа баруға тиіс топқа сені тәуекелмен қосып жіберсем, ертең қызылкөздер екеумізді қосақтап қойып сабайды-ау! – деп күлді.

Қамқор ағаның жазуында да, сөйлеуінде де әзіл болатыны адами жаратылысынан, әрине. Ол қырын ұштай түскен жайт болғанын кейін білдім. 

Рахаң қан майданнан оралған соң, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналшылар факультетінде очерк пен фельетон сабақтарын жүргізіпті. Білім алу қадамын ұстаз болудан бастаған, Ташкент пединститутының, сірә, үшінші курсынан ғой деймін, Алматының Журналшылар институтына, Рахаңның өзінше айтқанда, «аунап түскен» жігіттің очерк те, фельетон да жазған танымалдылығын ескерген университет басшылары шақырған болар.

Бірде біздің («Қазақ әдебиетінің») жаңа жауапты хатшымыз Әбіраш Жәмішев екеуміз түскі ас ішуге одақтың асханасына барсақ, төр жақтағы үстел басында Рахаң отыр екен. Бізді көрген бойда қолын бұлғап: 

– Әу, шефтер, бері қарай тура тартыңдар! – деп жымыңдады. «Шеф» деген сөздің мәнін білсем де, бізді неге олай атағанын түсінген жоқпын. Әбіраш та түсінбеген екен: 

– Раха, бізді «шеф» еткеніңіз қалай? – деді. Рахаң екеумізге балаша мәз бола қарап отырып: 

– Айтайын. Бұл жерде сендерді бір әріп адастырды. Сендердің ойларыңа жеткені қампиған қоржынды «ф» болса, менің айтқаным бұйыққан «в» еді. Жәмі-шев, Қабы-шев! – деді. Үшеуіміз ду күлдік.

Рахаңның бұрынырақта шыққан «Түйелі адам» хикаятын да оқыдым. Бірде сол туралы сөз қозғап отырғанымызда: 

– Раха, түйеліні жаздыңыз, балдақтыны жаздыңыз, ал ракеталыны қашан жазасыз? – деп әзілдедім. Сонда Рахаңның: 

– Ойбу, Ғаббас-жан, енді үндей көрме! Ол сүйір тұмсық мылқау пәледен аулақ жүрейік! – деп тағы бір күлдіргені ғой.

Фәнидегі өмір жолы алпыс жылдан көп ұзамай тұйықталған қайран Рахаңның «ақырын жүріп, анық басатын» жайсаң, жайдары қалпы әлі көз алдымда, сезілер-сезілмес сызаты бардай бала үнді күлкісі әлі құлағымда. 


Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым...

Мен Рахметолла Райымқұловпен 1968 жылдың көктем айларының бірінде таныстым. Ол кезде Рахаң «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі еді. 

Университетті бітірген соң, бір жыл Мәскеу түбегіндегі Кубинка станциясының маңындағы әскери гарнизонда сегіз, онан соң, Калинин (қазіргі Тверь) қаласында офицерлік курсты бітіріп, кіші лейтенант дәрежесін алып елге қайтқан кезім еді. Ол жақтан құр қол келмей, «Гауһартас» атты повесімді бітіріп, келе сала машинкаға бастырып, «Жұлдыз» журналына ұсынып көріп едім. Бұл кезде өзім әскерге аттанарда қызмет еткен Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасында, бір жылдан соң әдебиет редакциясында аға редактор болып қызмет етіп жүрген кезім еді. 

Повесті редакцияға тапсырып, хабар күтіп жүрген кезім. Ол кезде «Жұлдыз» журналының жыл бойғы саны үлкен жазушылардан босамайтын. Соны білгендіктен, мазалай бермейін деп, арқамды кеңге салып жүргем. Бір жағынан «жаман» хабар естіп қаламын ба деп те телефон соғуға жүрегім дауаламайды. Бір күні... жұмыс телефонымыз шыр ете түсті. Бір кабинетте төрт-бес адам отырамыз. Сәті түсіп, телефонды өзім көтеріп едім. Арғы жақтан үлкен кісінің қоңыр даусы естілді. «Маған Дулат Исабеков керек еді» деді байсалды дауыс бірден шаруаға көшіп. «Иә, мен, тыңдап тұрмын» дедім. Редакцияда шығармалары тау болып үйіліп жатқан көп авторлардың бірі шығар деген оймен салқын ғана жауап беріп. 

– Сен Исабековтің өзісің бе? – деді әлгі кісі, неге екені белгісіз, маған сенгісі келмей. 

– Иә, мен. Айта беріңіз. Қандай мәселемен телефон соғып тұр едіңіз? 

– Ешқандай мәселем жоқ, – деп бейтаныс кісі дауысын көтере сөйледі. – Мен Рахметолла Райымқұлов деген ағаң боламын. «Жұлдыз» журналынан.

– Ой, Раха, Сіз едіңіз бе! Мен дауысыңызды танымай.., – деп сасқалақтап сөйлеп бастап едім, ол кісі сөзімді шорт бөліп: 

– Мен сенің «Гауһартас» деген повесіңді қазір ғана оқып шықтым. Радио Жазушылар одағынан алыс емес қой, қазір келіп кете ғойшы. Сөйлесетін сөз бар, – деп, ол кісі трубканы қоя салды.

Редакциядағы барлық жұмысты ысырып тастап, Жазушылар одағына қарай құстай ұштым ғой. «Не дер екен? Қандай пікір айтар екен?!» – деп, редакцияға жеткенше жүрегім лүпілдеп, аузыма тығылып келеді.

Сонымен, Рахметолла ағаймен сөйлесіп шыққанда төбем көкке бір елі ғана жетпей, радиоға аяғым жерге тимей ұшып келемін. Ол кісі повесть жайында өте жоғары пікірде екенін, бас редактор Сырбай Мәуленов қарсы болмаса, келесі нөмірге жоспарлап отырғанын айтты. Қазақ әдебиетінің ақсақалдары қатарына қосылып қалған дуалы ауыздан жоғары баға есту мен сияқты жас жазушы үшін ең бір қуанышты сәт еді.

Мен бұған дейін Рахаңның «Жасыл белес», «Түйелі адам» атты повестерін оқып, әсіресе, «Түйелі адамның» тылсым әсерінен арыла алмай, ол кісімен танысуды армандап жүрген кезім еді. Оның да табанасты сәті түсіп, ол кісімен ағалы-інідей араласып кеттік.

Рахаң жазып біткен шығармаларын былайғы жұрт сияқты айғайлатып, жарнамаламай, жым-жырт баспаға тапсыратын да, оның соңынан қудалап, «не болды?» деп, баспаның мазасын алмай, әліптің ақырын күтетін. Әрі-беріден соң, шығармасын мақтай бастасаң, селқос тыңдап отырып, әңгіме тақырыбын басқа жаққа бұрып жібере салатын.

Сол алғашқы танысқан күндерден бастап, Рахаңның әр шығармасының алғашқы оқушысы болдым десем, жаза баспаспын. Ол кісінің «Қыз-айна» повесін оқып шығып, әрұдай айтылып, оның баспадан шығуы кешеуілдеп жатса, «Қара жорға» романының жазылып бітуін күтпей-ақ, Қазақ радиосынан екі күн қатарынан үзінді беруге тікелей септігім де тиіп еді. «Қара жорға» қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығарма болары осы екі үзіндінің өзінен-ақ белгілі болатын. 

1970 жылдар Рахаң шығармашылығындағы жемісті жылдар болды. «Қыз-айна», «Бала жігіт» атты роман, повестері, «Бұған сенбе – ертегі», «Әкесінің арқасында» атты пьесалары жазылып, олар облыстық театрларда сахналанды.

Рахметолла Райымқұловтың қаламынан туған «Болаттың сынығы», «Балдақты адам» деп аталатын повестері де кезінде оқушы қауымның сүйіп оқыған шығармалары болғанын ұмытпауымыз керек.

Жазушы, прозаик, драматург, аудармашы Рахметолла Райымқұлов – «Түйелі адам», «Қара жорға», «Қыз-айна», «Перделі пенде» атты шығармаларында әдебиет, сурет өнерінде өліп бітуге айналған романтика мен қатал реализмді қатар қабыстыра білген шыншыл жазушы. Оның жан дүниесі қандай таза болса, шығармалары да сондай ізгілік пен тазалық, кіршіксіз мөлдір сезімдерге бай. Ақ пен қараны, адал мен арамды бір диірменге салып, ұн ғып тартып жатқан мынадай аласапыран асығыс заманда Рахметолла Райымқұлов сияқты тазалық пен ізгілікті өміріне де, өнеріне де арқау етіп, оңтүстіктің текеметіндей сұлу өрнекке толы шығармаларын бүгінгі талғампаз қауым қайталап оқып шықса, өздеріне бүгінгі таңда да құнын жоғалтпаған қилы тағдыр, сұлу табиғат көріністерінен шынайы ләззат алатындары хақ. Ақ пен қараны, адал мен арамды бір диірменге тарттырып жібермеу де, құрметті оқырман, сіздерге байланысты. Өткеннің бәрі өгей емес. Ол үшін өткенге өзімдікі деп қарап, оның керектісі мен тазасын білуіміз қажет. Керек десең – ол парыз да!

Мыңбай РӘШ,

сатирик, ақын, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері