Ауыр дерттен айыққан қазақ қызының кітабы 7 тілге аударылды
2023 ж. 11 желтоқсан
740
0
Қаламды серік еткен қауым қайсыбір шығармаларының шығу тегі – тағдыры екенін жиі айтып жүреді. Асылында да, шығарманың шығуына – автордың тағдыры мен түйгені түрткі болып жатады. «Егемен Қазақстан» газеті 10 жасында төтеннен тәніне дерт жабысса да, рухы сынбаған жас жазушымен сыр-сұхбат ұсынды.
10 жыл бойы нәзік әлемін «алпауыт ауруға» жеңдірмеген Жамилия Бахтиярқызы сын шақтағы жан сырын «Бәйшешек» туындысына арқау етеді. Автор 20 жасында екі кітап жазып шығады. Екіншісі, «Қарлығаш. Махаббат ескерткіші» деп аталады. Оның шығармалары талай жанның қайта аяқтан тұруына сеп болған «мотивация майданының сарбаздары». Жамилия Бахтиярқызының туындылары әлемнің 7 тіліне аударылған.
- 20 жасыңызда 2 кітап жазып шықтыңыз. Қос кітапты тыңғылықты оқыған оқырман ретінде «Бәйшешекті» тағдырмен жазылған кітап дер едім. Кітаптың жазылу тарихына тоқталыңызшы? Туынды неліктен «Бәйшешек» деп аталды?
- Иә, расында да, алғашқы «Бәйшешек» атты кітабым өз өмірімнің желісінде жазылған. Жиырмадан енді асқан бозбала қыздың өмірінен не алуға болады деген ой туындауы заңдылық. Он жасымда бір дертке шалдығып, онымен біраз жыл күресіп, соңында жеңіске жеттім. Сынаққа төтеп беріп, ауруды толық жеңген соң бір ой туындады: «Дәл мен сияқты күрес жолында жүрген жандарға қалай көмектессем екен?», дедім. Осы сұрақтың жетегіне еріп, ақырында қолыма қалам ұстап, он жасымнан бері басымнан өткен күңгірт күндерді, жүрегімде ұялаған үміт пен жеңіске қалай жеткенім жайлы жазып бастадым. 2021 жылы жарыққа шыққан бұл шығарманың оқырманы көп болады деп ойламадым. Әйтеуір аурумен күресіп жүрген бір адам оқыса да, осы жазғандарымнан жігер алса – мен бақытты едім. Алайда екі жылдың ішінде «Бәйшешек» кітабы әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Автор ретінде мен үшін бұл үлкен бақыт!
Кітапты «Бәйшешек» деп атауымның басты себебі мынада: Әр адамның жүрегінде бір үміт болады. Сол үміттің ақ гүлі солмаса екен дедім. Себебі мені де жеңіске алып келген сол бір жүректегі үкілеген үміт, ертеңгі жарық күніме деген мызғымас сенім еді. Бәйшешек - үміттің гүлі… Сондай-ақ ол қатал қыстан соң мұзды да, қара жерді де алғашқы болып жарып шығатын, көктемнен хабар беретін нәзік болса да, жігерлі гүл. Сынаққа түскен әр адам осы гүл сияқты болу керек, сонда ғана ғұмырының көптен күткен көктемін көре алады.
- Өмірдің бұралаң жолында сын мен сынақ жиі жолығады. 10 жыл ауыр дертпен күресіп, жеңген жан ретінде қиындыққа қайысып кететін замандастарыңызға не айтасыз? Денеңізді дерт дендегенде сізді жеңіске жетелеген не құдірет?
- Әрине, айтуға оңай… Өмірде әртүрлі сынақ кездеседі. Алла адамды жамандықпен ғана емес, жақсылықпен де сынайды екен. Жалпы сынақтың үлкен я кішісі болмайды. Адам баласы болған соң әр қиындық жанымызға батады. Бірақ әр сынақтың адамға үйрететіні бар. Соны түсініп, сынағының аяқталарына сенген адамның алдынан әртүрлі себептер шығады. Менің дерттен айығуыма себеп болған жандар өте көп. Соның ішінде ата-анама ерекше таңданамын. Бауыр еті балаңның қиналғанын көріп, сонда да мойымай, көрсетпей, жақсылыққа сене білді, Құдайдан тіледі, үміттерін үзбеді… Ата-анамның, ағайын-туыстың қолдауы өте маңызды екен. Сонымен қатар еліміздегі дәрігерлерге ерекше ризамын, өмір бойы алдарында бас иіп өтем. Себебі мені жеңіске жетелеген, жақсы сөзімен сендіре білген асыл жандар осылар. Жалпы айналамдағы барлық жандарға ризамын. Мені бірнеше жыл бойы үйден оқытқан ұстаздарыма рақмет! Осындай ізгі жандардың қолдауымен мен де сынаққа сынбадым деп айта аламын. Мені жеңіске жетелеген құдірет – осы аталған жандардың үмітін, сенімін ақтау. Сондай-ақ өзім де бала күнімде ауырып жатқанымда ересек өмірімді аурумен елестеткен емеспін. Қазіргі жарық күнімді, жетістіктерімді қойындәптеріме жазып, елестетіп отыратынмын. Ең қызығы сол кезде жазылған армандарым қазіргі күнімнің көрінісі. Мұны заманауи тілде аффирмация дейді емес пе? Сынаққа түскен жандарға айтарым: қанша қиын болса да сеніңіздер, күресіңіздер. Өмір үнемі қара жолдан тұрмайды, жүре берсек, ақ жол да алдымыздан шыға келеді. Әр қиындықтың артында үлкен жақсылық бар! Мен осындай сынақтан өткеніме еш өкінбеймін. Есесіне кітап жаздым, өзге жандарға үміт сыйлап, жігер бердім. Өзім де осы сынақтың арқасында көп ой түйдім, өмірдің, әр тынысыңның, әр жұтым судың бағасын білдім. Сынақтың киесі де осында екен…
- Екінші кітабыңыз «Қарлығаш. Махаббат ескерткіші» деп аталады. Әдетте, анасы, жеңгесі не әпкесімен сырласатын қыздар, шығармада атасымен сырласады. Себебін қалай түсіндірер едіңіз?
- Жалпы қыз баланың өмірінде, тәрбиесінде әкенің, атаның, ағаның, яғни ер азаматтың орны айрықша. Өкінішке қарай, қызды тек ана не жеңге тәрбиелеу керек деген стереотиптік ой бар. Бірақ қыз баланың тағдырына әр адам, әсіресе ер азаматтар жауапты. Оны бүгінде психолог мамандар да растайды. Біздің қоғамда әке, ата махаббатын көрмеген қыздар көп. Мен Қарлығаш есімді кейіпкерімнің сырласын, ақылшысын атасының образымен көрсеткенім де осыдан. Қоғамда қызын аялайтын, оның жүрегіне, жанына құлақ түретін ер азаматтар көбейсе екен дедім. Сонымен қатар өзім де атама жақын болып өскен соң аталар жайлы ән де, шығарма да, өлең де аз екенін байқадым. Қазақ аталарының әдемі образын жасағым келді. Ұрпағына сөзі өтетін, дана, білімді, мәдениетті әрі зиялы ақсақалдарымыз көбейсе екен дедім. Осындай ниеттен туған шығарма еді.
- «Қарлығаш. Махаббат ескерткіші» кітабында оқырман ынтыға күткен Қарлығаш пен Қасымханның кездесуі екіұшты, жұмбақ күйде қалады... Шығармада кульминация болмай қалғандай әсер қалдырады. Сол себепті, Қарлығаштың жалғасы жазыла ма?
- Екінші кітабымның жарыққа шыққанына бірнеше ай болды. Қазіргі таңда жастар, әсіресе қыз балалар жиі оқып жүр. Мені қуантатыны да осы. Әрине, екі кейіпкердің кездесуі оқырман үшін жұмбақ болып қалғанын біраз адам сынады. Бірақ бұл кітап махаббат жайлы ғана емес, басты идея – қыз балаға деген атасының махаббаты, ата мен немерелері арасында болатын тағылымды диалог, отбасылық құндылықтар, қазақ ауылының көркем көрінісі, адамдар арасындағы сыйлы қарым-қатынас, ұрпақ тәрбиесі, қазақ тарихындағы қыздың, әйелдің, ананың орны және басқа да тақырыптарды қозғау еді. Ал Қарлығаш пен Қасымханның кездесуін оқырман өзі топшыласа дедім. Кітапты соңына дейін оқып шыққан адам барлығын түсінеді деген ойдамын. Шығарманың жалғасын жазу да уақыттың еншісінде… Бұл мен үшін де жұмбақ.
- Өзіңдей өмірін, өнегесін әдеби шығармаға айналдырғысы келген жастар жазуды неден бастау керек?
- Мен екі жылдың ішінде ауылдарды, аудандарды аралап, еліміздің бірнеше қалаларында да жастармен кездесу өткіздім. Қазақ жастары өте талантты! Әсіресе ауыл аймақтарда сөз киесін білетін, поэзия мен прозаны қатар жазатын жастар көп екен. Бірақ оларға қолдау азырақ. Сондай жастармен барынша байланысып, хабарласып жүремін. Оларға: «қорықпаңдар, жазыңдар, әр қаламгердің өз оқырманы болады» деп жігер беруге тырысамын. Жазуды бастау үшін таза ниет пен таза жүрек қажет. Шабыт болса, жазасың әрине. Сондай-ақ жастарға көп оқыңдар деп айтып жүремін. Білімі, көкжиегі кең, сөздік қоры мол жастардың жақсы шығарма жазатынына сенемін. Ең алдымен сондай жастарға Мемлекеттен, жергілікті биліктен, меценаттардан көбірек қолдау болса екен деймін. Заманауи қазақ әдебиетін көтеру қажет! Соңғы жылдары әлем халқы Димаштай азаматтардың арқасында қазақ өнерімен, мәдениетімен танысып келеді. Ендігіде қазақ елін әлем халқы әдебиет, ғылым арқылы да таныса екен деймін. Бұл үшін қазақ жастарының потенциалы да, білім дәрежесі де, талабы да жеткілікті!
- «Кітап оқудан тыйылған адам, ой ойлаудан да тыйылады» деген тұжырым бар. «Жастар кітап оқымайды» деген пікір де жиі естіліп жатады. Қоғамда қалыптасқан бұл пікірге көзқарасыңыз қандай?
- Жаңа айтқанымдай, біздің жастар өте дарынды. Әрине, қазір технология заманы болған соң кейбіреулері смартфонның қызығына алданады. Бірақ кітап оқитын жастар да өте көп. Соңғы кезде жастар арасында кітап оқу, театрға бару мәдениеті қалыптастып келеді. Жастармен кездескенде: «барлық кітапты оқудың қажеті жоқ, өздеріңізге ұнайтын бір жанрды тауып алыңыздар, әр адамның өз кітабы болады» деп айтамын. Біреу фантастика оқыса, енді біреуі ғылыми әдебиетке, психологияға немесе көркем шығармаға жақын болады. Ата-аналар мен ұстаздар да балаға күштеп емес, өз жан-дүниесіне жақын кітапты таңдауға көмектессе екен. Сонда кітап оқитын елге айналамыз деп сенемін!
- Жамиля, әңгімеңізге рахмет! Жазарыңыз ортаймасын!
Автор: Дана МЫРЗАҚАДІР
Фото: Жамиля Бахтиярқызының жеке мұрағатынан