ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

Жас қаламгер, кейін елге танымал баспагерге айналған Қонысбек Ботбайдың аты-жөнін сол кездегі республикамызға белгілі газеттер арқылы жақсы танитынмын. Жиын-тойларда кездесіп қалатынбыз. Елгезек, кішіпейіл, үлкенді аға деп сыйлайтын, ініге ізеттілік көрсете білетін, халқымыздың ең жақсы қасиеттерін бойына жинаған жігіт еді. Тез тіл табыстық. Менің көп өлеңдерімді жатқа оқитын. Өзі өлең жазбаса да, поэзияға жақын, ақынжанды жігіт екенін бірден байқадым. Поэзияны жанындай жақсы көретін, әрі есте сақтау қабілеті де жоғары еді. 

    Ақындардың жазғандарынан жылт еткен жақсы тіркес, өрнекті ой көрсе, сол ақынның ұнаған өлеңін жаттап алатын ерекше қасиетін байқадым. Сонымен бірге, сол жақсы өлең жазған, өзіне ұнаған ақынның кітабын баспасынан сапалы етіп шығарып беретін. Қонысбекпен жиі араласқанымыз кейінгі кез. Онда да жұмыс барысында араластық. Бір жағы көршіміз. Қызметтік көрші. Оның баспасы мен біздің «Жалын» журналы редакциясының арасы онша қашық емес. 

Қонысбек менің жасымды сыйлап, «Мұхаңа сәлем бергелі келдім» деп, редакциямызға ұдайы келіп тұратын. Кейде түскі шайға дөп келеді. Көп әңгіме дастархан үстінде өрбиді. Бірде ол өзінің орынбасары екеуі Мұқағали Мақатаевтың бір кітабын көтеріп келді. Қалыңдығы бір қарыстан астам. Салмағы да біршама. Әлгі кітапты бәріміз кезек-кезек ақтарып, қайран қалдық. Қонысбек маған: «Сіздің кітабыңызды да осылай етіп шығарсақ», – деп ұсыныс айтты. Әрине, қуана келістім. Көп ұзамай, барлық өлең-дастандарымның басын қосқан әлгіндей көлемді кітап біздің де қолымызға тиді. Ол шығармаларымның жинағын басқа пішінмен шығарды. Кітаптарды да өзі таратты.

Біз - ұлт патриоттары жыл сайын 22 қыркүйекте мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтату мақсатында митингі өткіземіз. Биліктің рұқсаты болғанымен, митингі өткізу дегенің бір машақат. Соған орай ұйымдастыру шараларының өзі бір айға созылады. Ең бастысы - митингіге халықты көбірек тарту. Ол үшін жарнамаға басымдық беру керек. Баннер дайындайтынбыз. Жарнамалық қағаздар таратамыз. Ол қағаздардың өзін жүз мыңдаған данамен шығарамыз. Ол дегенің қыруар қаржы. Қаржыдан бөлек, билік қолдай қоймайтын ондай іс-шараларға көмек қолын созуға типография қожайындары тәуекел ете бермейді. Міне, сондай қысылтаяң кездерде бізге ұдайы Қонысбек көмекке келетін. Ешқашан бетімізді қайтарған емес.Кейде түнімен жұмыс жасайтын кездері болады. Ешқашан бас тартқан емес. Мен Қонысбекті сол үшін де құрметтейтін едім.    

Осы жасыма дейін талай журналисті көрдім, бірақ Қонысбек тек журналист қана емес, мықты баспагер болды, баспаның қыр-сырын терең меңгерген зерделі зерттеуші екеніне талай көз жеткіздім. Өз ісін бес саусағындай жақсы білуші еді. 

    Ешкімге арамдық ойламайтын, жанындағылардың барлығын адал ниетті дос санайтын. Олардың барлығына жақсылық жасауға тырысатын. Қызғаншақтық, көре алмаушылық деген жаман әдеттен аулақ, таза, ақ көңіл, адал жүректі жан еді. Араласқан уақыттың ішінде қазақ әдебиетіне, қазақ прозасы мен поэзиясына шынымен жаны ашитын жігіт екеніне көзімді анық жеткіздім. «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді». 

Қонысбек Ботбай өмірден өткенімен, жасаған жақсы істері, шын дарындыларға жасаған қамқорлығын ешкім ешқашан жоққа шығара алмайды. Баспадан тасқа басылып шыққан кітаптарды ешкім де жоя алмайды. Қонысбек бауырым шығарған «Қазақпарат» баспасының кітаптары еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда көрнекті орындарда тұр. Оның барлығы Қонысбектің баспа ісіндегі айқын қолтаңбасының куәгерлері.

Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері


ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, ЖАҚСЫ АЗАМАТ ЕДІ…

Белгілі баспагер, журналист Қонысбек Ботбай туралы сыр

Былтыр күзде мен аяқ астынан жүрегіме күрделі ота жасайтын болып, ауруханаға түстім. Құдайға сансыз шүкірлік, татар дәміміз бар екен, бәрі сәтті болып, аман-есен жүріп жатырмыз.

Мен ауруханада жатқанда белгілі баспагер, журналист Қонысбек Ботбай бақи дүниеге сапар шегіп кетіпті. Қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбек көкеміз де өмірден өтіп, ертеңіне ота жасау үшін коронараграфиядан өткізеді деген күні Көпекеңнің қара шаңырағына барып, көңіл айтып келдім.

Ал Қонысбек туралы тура сол кезде хабардар болмай қалыппын.

Жаны жайсаң, жақсы адам еді…

Алла алдынан жарылқасын.

Қонысбекті мен ең алғаш Жарылқасын Дәулеттің баспа үйінде көрдім. Бір буклеттер жасатуға барып, күтіп отырғанда кештетіп Қонысбек кіріп келді. Сәлемдескеннен кейін бірден «Мен сені жақсы білемін сыртыңнан. Қазыбек ақын емессің бе? Өлеңдерің күшті, оқып жүремін» – деп, жылы шырай танытып, күлімсіреп, бірден бауырына тарта сөйледі. Мен де оны «Ана тілі» газетінен білетінімді айттым.

Өзінің де «Қазақфильм» студиясы аумағында баспасы бар екен, соған шақырды. 

Кейін мен бір кітап шығару мәселесімен Қонысбекке бардым. Сол кезде ол мені тағы да жұмысқа шақырды. Мен келістім. Бірден «ҚазАқпарат» корпорациясына вице-президент етіп алып, тіпті бір жүргізушіні де бекітіп берді. Содан жақсы араласып кеттік. 

Мен сол Қонысбектің баспасында істеп жүргенде, 1999 жылы алғаш рет парламент сайлауына түстім. Осы баспадан бірнеше авторлардың кітабын шығардық. 2000 жылы «Қазақ шежіресі» сериясымен алғаш «Қоңырат. Байлар-Жандардың Көшік атасы» атты кітап шығардық. Осы баспада жүріп, газет ашу идеясы оянып, 2000 жылы «Қазақ Үні» газетін аштым. Қонысбек Ақ жол тілеп шығарып салды. Одан кейін де жақсы араласып жүрдік.

Қонысбек ақкөңіл азамат еді. Көңілі жақын достарымен қалжыңдасқанды қалап тұратын. 

Ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін де, баспаға шығаруға кітап әкелген авторлардың бетін қайтармай тапсырысты көп ала беретін.

Бейнелеу өнерін жақсы көретін. Сондықтан да, суретшілермен көп араласты. Белгілі суретші Бексейіт Түлкиев салған әйгілі «Ұлы көш» алып тарихи полотносы идеясының авторларының бірі болды.

Менің де мамандығым суретші екеніне баса назар аударатын. 

Менімен бірге оқыған белгілі суретші Тоққожа Қожағұлдың акварельмен салған Қонысбектің портреті маған қатты ұнайды. Ойлы образын дәл ұстап, акварель бояуымен мөлдіретіп салған. Қонысбектің өзі де бұл портретті қатты ұнатты. Ол портрет қазір Тоққожада ма, Қонысбектің үйінде ме, білмедім.

Қонысбектің басы идеяларға толып жүретін. Менің 1995 жылы тұңғыш кітабым «Керімсалға» шыққан бейнелеу өнері тарихына арналған «Әсемдік әлеміне саяхат» атты ерекше өлеңім бар еді. Онда әлемнің әйгілі суретшілерінің 28 картинасы өлеңмен бейнеленеді.

Қонысбек осы өлеңге қатты қызығатын. «Тек осы өлеңге арнап бір кітап шығарайық. Әр бетіне бір картинаның суреті мен соған арналған өлең шумағын салып, түгел картиналарды жариялап, бейнелеу өнері мен поэзияны қатар қанатастырып, ерекше кітап етіп шығарайық» – деген идеямыз болатын екеуміздің…

Мұқағали, Оралхан Бөкей, Сейдахмет Бердіқұл, Мұхтар Шахановтардың бүкіл шығармаларын бір жинақ етіп, кірпіштей көлемді де көрнекі кітаптарды ең алғаш шығарған осы Қонысбек досымыз болатын. Ол алып кітаптар қазір қазақтың ақиық ақындарының қара шаңырағынан бастап, жырсүйер қауымның үйлерінде тұр.

Бір күні Шымкентке Қонысбектің көлігімен бірге шықтық. Көлікті өте қатты, ұшыртып айдайды екен. Жол бойы неше түрлі әңгімелерді айтып, аты белгілі курстастарының қызығын айтып күлдіріп, көңілді сапар болып, Шымға қалай жеткенімізді білмей қалғанымыз есте қалып қойды.

2006 жылы болуы керек, Қонысбек Ботбай Бішкекке барып келді де маған: Сенің «Құдаша қыз» әніңді қырғыздар көшіріп алып, шырқап жүр бар жерде, міне, кассетасы» деп, ән таспасын ұсынды. Тыңдап, таспадағы жазбаны да оқысам, менің өлеңімнің алғашқы шумағы мен қайырмасы сол күйінде де, әрі қарай өздерінше өзгертіп алып кетіпті. Ал әні сол күйі сақталған. Мен өзім кейін Қырғыз еліне белгілі жазушы Сәбит Досановпен бірге барғанда оған көзім жетті. Қай жеріне барсаң да, той-томалағында «Құдаша қыз» әні шырқалады екен. Бізді қарсы алған қырғыздың «Ел ақыны» Марқабай Ааматов сол кезде Қырғызстан Авторлар қоғамы төрағасы екен. «Арыз жазып, мол айыпақы өндіріп берейін» дегенде «Айта берсін, біздің әншілер де, ұрлап жатыр ғой қырғыз әндерін» деп күліп қойғанмын…

Мен бұл туралы «Құдаша қыз» әні қалай шықты?..» атты мақаламда жаздым.

Қонысбектің қан қысымы көтеріліп жүретін және қант диабеті бар еді. Мен бірде Иранға барғанда «қан қысымын түсіреді» дегесін сіз үшін сатып алдым» деп ерекше тастардан жасалған тәспі әкеп бердім. «Шынында да, қан қысымын қалыпқа келтіруге жақсы әсер етеді екен» деп, қуанып, кабинетінде үнемі ұстап отыратын. 

Бір қызығы біз алғаш кездескенде Қонекең маған жасы үлкендеу көрінді де «сіз» деп сөйлегенмін. Кейін білсем, жасы менен екі-үш жас қана үлкен екен. Бірақ сол күйі «сіз» деп сыйласқан күйі кеттік…

Ұл-қыздары Шыңғыс пен Айнұрды жиі айтып, әр жетістіктеріне қуанып отыратын. Менің үлкен ұлыммен бір-екі рет көлігіне мінгенде сөйлесіп, сөзіне қатты қызыққан еді. Содан бері кездескен сайын «Әзірет қалай?» – деп сұрап тұратын.

Мықты баспагер, жақсы журналист, ақкөңіл азамат Қонысбек Ботбайдың өмірден өткеніне де бір жылдың жүзі болып қапты.

Қонысбектің артында қалған шығармаларының бәрін жинап, оқырманға жеткізуді ойластыру керек.

Пейіште рухы шалқи бергей Қонысбек досымыздың. Артында қалған отбасына, ұрпақтарына ұзақ ғұмыр бергей.

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты. 

Алты жыл аялап ұстады 

Қонысбек бауырдың бақилық болғанына да жыл толып қапты...

Шынымды айтсам әлі де жер басып жүрген сияқты. Мен үшін. Бәлкім, соңғы сапарында бола алмағандығымнан да болар. Мен бауырымның опат болғанын айлар өтіп барып естідім...Қым-қуыт заман ғой. Бір қалтарысында ұмыт қалған болармыз.

***

Қонысбек бауырымды білуім ертеден. «Ленжаста» жүргенінде мөлдіреген жазбаларымен көрініп жүрді. Прозаның да лирикасы болады. Соған жақын еді.

Қонысбекпен әріптес болам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген жайт. 2004 жылы елу жылдығымды жасамақшы болдым. Оның үстіне тұңғышым бас қоспақшы ниетін де жеткізген. Үйленем деген адамға үйленбе деп айта алмайсың ғой.

Қоғам және мемлекет қайраткері Қасымбек Медиұлы ағамыз ол тұста облыстық Мәслихаттың хатшысы еді. Сол кісімен хабарласайын.

– Сталабайдан шығатын уақытың болды... – деп шегелеп қойды.

Әр жағы түсінікті еді. Облыстық басылымымызда елудің әр жақ-бер жағындағы бес-алты жігіт бар едік. Солардың елуге келгендерінің барлығы да мерейтойларын асханада жасаған.

Менің ойымда да асхана тұрған.

Енді, болмайды, әрине...

Сонда?!

Думанханаларда жасау үшін қаражат керек. Ол кездегі жалақы да, қаламақы да мардымсыз болатын.

Біздер үшін ақша табудың оңай жолдарының бірі аудармалар болатын. Бірақ ол да ұшпаққа шығармаушы еді. Одан кейінгісі – дипломдар жазу еді. Тіпті, кандидаттық жазуға да болатын. Сондай диссертацияның реті келе қойсын. Тақырыбы дала демократиясы туралы еді.

Қаламақысы 150 мыңға жетеқабыл еді. Бұл бір мың доллар деген сөз ғой.

Содан дәндейік дедік. Енді кітап жазуға отырдық. Естелік кітаптары, әрине. Ондай кітаптардың шежіремен әйтеуір бір қатысы болушы еді. Сондықтан жасқаншақтамай кірістім. Өзім жақсы білген, болмаса білетін кейіпкерлерім қашанда алып шығып отырды. 

Аруақтар туралы жазу өте қиын еді. Әсіре қызыл сөзге бара алмайсың. Мұның өзі кейінде менің шежіреші болып қалыптасуыма үлкен ықпал жасады.

Мен Мәшекеңді игеруге күш салдым. Өйткені ол кісінің шежіресі көркем әдебиеттен бірде төмен емес еді.

Кітапты жазуы жазасың, енді шығару керек ғой. Қарағандыда, Астанада баспалар болды. Алайда сапалары төмен болатын. Содан Алматы жаққа көз тігер едік. Ондағы кеңесшім қазақтың қазіргі үлкен ақыны Ғалым Жайлыбай еді.

– Қонысбек деген ініңіз бар. Тәуір баспагер. Ол бауырыңызбен өлген кісіні тірілтіп алуға болады...

Содан қойшы, Қонысбектің алдынан бірақ шықтым.

– Бізге Арқаның жігіттері келе қоймайды, келген екенсіз – төрде болыңыз...

Содан ай сайын Алматыға баратын болдым. Барарда қолжазбамды, қайтарда кітабымды арқалап қайтам.

Ең бастысы мені түзетіп әуре қылмайды. Тіпті, әрпімді де өзгертпейді.

Содан сол жылы он екі кітап жазып шықтым.

– Осының бәрін өзіңіз жазып шықтыңыз ба? – деп сауалдайды.

– Көріп тұрсыз ғой, – деп күмілжимін...

– Бір аптада кітап жазып шыға аласыз ба?..

– Мәжбүрлік болса бір жұмада жазып шығуға болады...

– Мен жұмысқа шақырсам келер ме едіңіз?

Мен үнсіз қалайын. Өйткені мұндай ұсынысты күтпеген едім. Әрі-беріден кейін осынысы шыны ма, қалжыңы ма деп те ойладым...

– Үш кесек жалақы қоямын...

Бұл енді менің миыма кірмейді. Өйткені менің жалақым сол кезде елу мыңнан аспаушы еді.

– Не қызмет? – деп әлсіздеу сауал тастадым.

– Директорлық. Баспаның директоры боласыз...

– Қарамағыңызда қырық шақты адам болады. Соған қарамастан операторы да өзіңіз, редакторы да өзіңіз, корректоры да өзіңіз, техпер де өзіңіз, директор да өзіңіз боласыз...

Шынын айтсам мен есімді жия алмай тұр едім...

– Пәтер талап етпейсіз, командировочный сұрамайсыз, қосымша жұмыс істеп жатсаңыз қарсылығым жоқ...

Енді не керек деймін іштей.

– Қызметтік көлік беремін. Өзіңіз жүргізесіз...

– Куәлігім жоқ...

– Біреудің жанын біреуге тапсыра алмаймын...

Сол күні бұйрықты бұрқ еткізді. Үш күннен кейін мен жұмыста отырдым. Салт істегендіктен уақыт молынан болды. Он сегіз сағаттан жұмыс істеп отырдым. Баспамыз екі ауысыммен жұмыс істей бастады.

Қонысбек бауырдың маған жасаған бір кеңшілігі баспаның екінші қабатынан бір бөлмені босатып берді. Онда жұмыс істеуге барша жағдай бар еді.

Сонан бір ай зу етіп өте шықсын.

Жұмыс аяғына қарай есепшінің көмекшісі аузы желімденген хатқапты тастап кетсін. Бір сәт оңашаланғанда аузын аша қояйын. Келіскендей жап-жасыл үш кесекті санап-ақ шықтым. Онан басқа тағы да екі жүз елу мың теңгені санайын...

Ешқандай да ойланғам жоқ. Хатқапты алып бастығыма барайын.

– Біреудің жалақысымен ауысып кетіпті, – деймін.

– Бізде директор біреу. Оның жалақысы шатысып жатса не болғаны?..

Жалақымызды доллармен алатын болдық. Оған да етіміз үйренді.

Бір күні Қонысбек бауырым қоңырау шалсын. 

– Қазір бір ағамыз кітап әкеліп тастайды. Ие болыңыз... – десін.

Біраздан кейін айтқанындай ағамыз келсін. Бір дискетін тастады. Мынаған ие бол деп және бір бума ұсынды.

Буманың ішінде не бар екендігін білетін сияқтымын. Ал кітапты...

Дискетті ашып қарасам автордың аты-жөні, кітаптың атауы ғана тұр. Мәтіні жоқ.

Ойбу деп атып шығып, әлгі ағамды қуып жетейін.

– Сіздің аты-жөніңіз бен кітап атауынан басқа ештеңе жоқ...– деп алқынып тұрмын.

– Сен ол жерде не бітіріп отырсың?

Бұл менің өлген жерім еді.

Мен ол кітапты жазған жоқпын. Алайда жазушылар табылды.

Тағы бірде неміс тілінде кітап шығаруға тапсырыс түссін. Мен қарсы болдым. Бізде «хенди хохтан» басқа немісше білетін адам жоқ еді. Алайда ол кітап та шықты.

Жеке тапсырыс берушілер қарасы көп-ақ. Жай келмей бірдеңелерін қыстыра кетеді. Алмасыңа қоймайды. Мен болсам оны бастығыма апарып беремін. Бір күні тағы барайын.

– Болмайды, – деді бастығым,– әр нәрсенің жөн-жобасы болады, сіз отырған креслоның да өзіндік несебесі бар. Сіз алмасаңыз басқа біреу алады...

Кітап шығаратын болған соң тендер ұтып алуың керек. Оның да өзіндік бейнеті бар. Министрлік Астанада. Іс басындағы біраз азаматтарды танимын. Содан да іссапарлар көбейе түсті. Бара-бара Астанадан шықпайтын болдым. Ең бастысы бітіріп қайтамын. Қалай бітіріп келдім – ол жағын сұрамайды.

Жұмысымыз да реттеле түсті. Арнайы бағдарламалар жасадық. Сол жоспарларымызды жүзеге асырып отырдық.

Қазіргі қазақ прозасы сериясымен біраз дүниелер шығардық.

Қонысбек бауыр кейінгі жастарға қамқоршылықпен қараушы еді. Солардың тырнақалдыларын тегін шығарып та беруші еді.

Қонысбектің ерекше бір қасиеті текетіреске бармаушы еді. Кез келген айқай-шуларыңызды ың-шыңсыз шешіп жіберетін.

Қонысбектің тағы бір ерекшелігі алдына мақсат қоя білуші еді. Сол мақсатына жетуде ештеңеден аянбайтын. Және жету жолына көп күш, қажыр-қайратын салар еді.

Қонысбек барынша ақылды жігіт еді. Өкініштісі сол ақылын әлгі мақсатына жету жолына салатын. Ақылмен ала алмаған жерін айламен алар еді. Айла да ақылдың өнімі...

Оның араласқан ортасы дұрыс еді. Әр аптаның кейінгі үш күнін «тынысқа» арнаушы еді. Тыныс деп ол рухани демалысты айтатын. Тынысым тарылды дейтін де тартып отыратын. Шымқаласын жақсы көрді. Астананы онша ұната бермейтін. Астанадағы шаруалардың ықтиятын маған тапсырар еді.

Нұртөремен, Шәмшімен, Жүсіпбекпен араласты. Оларды барынша құрметтеді және құрмет тұтты.

Ең бастысы ағаларына іні бола білді. Аян, Қуандық, Зейнолла Сәнік ағаларымен сағаттап әңгіме-дүкен құрар еді. Жыл аяғында сол ағаларының басын ең жақсы думанханаларда қосар еді, сый-сияпатын жасар еді.

Ондай сый-сияпатты өзіміз де аз көрмедік.

Мен Қонысбек Қожамжарұлымен алты жыл әріптес болдым. Менің осы алты жылым барынша өнімді жылдарым болды. Жылына кемі жиырма кітап шығарып жүрдім.

Ол менің шығармашылық еркіндігімді тұсаған жоқ. Жұмысқа келу, келмеу еркіндігім де өзімде болды. Кейде бір апта да жоғалып кетуші едім. Сонда қайда болдыңыз деп сұрамайды да. Өйткені жұмыс өз ырғағымен жүріп жатушы еді...

Кейін басқа жұмысқа ауысып кеттік. Алайда біздің байланысымыз ешқашан үзілген емес. Қашанда хабарласып тұрдық.

Онда әу бастан денсаушылық жоқ еді. Менің қолымнан келгені Арқаның екі елі шығаратын жабағысын жеткізіп тұрдым. Ағарғанға икемдеп едім – оған көндікпеді.

Ең соңында бүйректері жұмыс істеуден қалды. Өзіне сай келе қоятындай бүйректер шыға қоймады. Қыруар ақша ұсынса да табылмады.

Еуропаның бүйрегі жарамайды, Қытайдың бүйрегі жарайды деді. Ең соңында ол да болмады.

Бауырларының бүйрегі жарайды деген әңгіме де шықты. Мұны ресми медицина да қуаттайды. Алайда ол бауырларының да бүйрегі жарамады.

Екеуарада тағы бір әңгіме айтылып еді. Баланың бүйрегі деген.

Екеуарадағы бұл әңгіме сыртқа шықты деп айта алмаймын.

Сыртқа шыққандай болса Шыңғыс баламыз бір емес екі бүйрегін де берер еді деп ойлаймын.

Шыңғыс сол кездің өзінде әкесіне сүйеусіндікке жарайтын. Ұғымтал болып өсіп жатты. Ұрымтал қимылдайтын.

Қонысбектен мол мұра қалды деп ойлаймын. Соны ел игілігіне жарату алдағы күндердің ісі деп білемін.

Шыңғыс баламыз тұрғанда ол күндер де алыстай қоймас...

Төрехан Майбас, 

жазушы.

ҚОШ, ҚАРАША!

(Талантты қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, курстас дос Қонысбек Ботбайға)

Сен өзің досым, біртұтас ғасыр едің,

Жарық дүниеге тоймастай ғашық едің.

«Қарашада өмір тұр»... деп еді Ақын,

Жапырақ қурап, жоғалтты ол жасыл өңін.  

Қайда сол күндер, жайдары жазымыз біздің,

Студенттер едік түп-түгел – жанымыз ізгі.

Күн шуағындай шалғында шашылып жатыр,

Кешегі жастық – ұшқыны әзіліміздің.

Өмір-ай, өмір!.. Баладай қылығың тәтті,

Алатау күзі талдардың бұрымын жапты.

Маржан моншақтай сол тізілген қалпы,

Риясыз күлкің ауада ілініп қапты.

Кісінің бетіне жел болып тимейтін,

Сен жүрген жерде жақсылық гүлдейтін.

Қарашада сенің тұрған өмірің,

Сапар боп шықты, қайтесің, қайтып келмейтін!..   

 Бақытжан Абызов,   

ақын

Құстай ұштың, Қонысбек-ау...

    Қарашада алды-артыңа қарамай.., 

   «Қарашаңа», хош деуге де жарамай,

   Құстай ұштың Қонысбек-ау, неге сен,

   Неге асықтың мәңгілік қонысыңа қарай,

   Қарашаның, қара желі көтеріп,

   Алатаудан әрі асырып, бара ма -ай..?

   Бір-ақ мезет ақ бұлттарды аралай,

   Қас пен көздің арасында, 

   ...сағат сәт те санамай,

   Көк пен Жердің жалғастырып, арасын, 

   Жылқұсындай қайда көшіп барасың..?  

   Жүректерді жаралай,

   Жерліктерді аямай...

    «Суық күзде» суық хабар жеткізіп, 

   Құстай ұштың Қонысбек-ау не еткенің,

   Сыңарынан айырылып, шарқ ұрып, 

   Жалғыз ұшып келді аппақ кептерің..!

   Сені аңсап, шабытты шын сәттерің,    

   Шарқ ұрады - ау, «шау тартамын» деп пе еді... 

   Сарғайғысы келмейтіндей, шашырап,  

   Хабары жоқ, бұл өмірдің екенінен өтпелі - 

   Сені күтіп қаламың мен дәптерің...

   Кеше ғана жұлдыз тамып, Ай күліп,  

   Тұр еді деп, қыр қырмызы қызғалдақ -

   «Қос қауашақ» мұңаяды қайғырып, 

   Өксіп-өксіп жас жұтып, өлеңім де өкпелі...

   Аласұрып қарааспан жасын бұлап төккені.

    ... Қаратауың қарауытып қабағы,   

   Ыстық жасы омырауына тамады,

   Өр серпіген Қошқар ата өзені,

   Бір өкіріп, бір булығып ағады..,

   Көкзеңгірің көкірегіне мұң-тұнып, 

   Жұлдыздар да жымыңдамай тұр тұнып.

   «Арыстанды Қарабасты - қара жел, 

   Ішін тартып тұрды да сәт,... жұлқынып,

   Жылан басын тау мен тасқа ұрғылап,      

   Жанұшыра сені жоқтап, ышқынып,

   Айдаһарым ойран салды ысқырып... 

   Хош, хош деуді, мен секілді айта алмай, 

   Қараша айы қабарады тіксініп... 

Баян Бекетова,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби 

сыйлығының лауреаты