Ұмытылып бара ма дарынды ұл?!
2024 ж. 08 маусым
3290
1
Есжан Айнабеков табиғат тәрбиесін түгел алған, жандүниесімен сезінген, Отырар даласының төсінде көбелек қуған, табанынан құла құмның ыстығы өткен, айдарынан Арыстан желінің самалы сипаған, түздің өзіне тартып туған талант еді. Есжан шығармашылығын жұбайы Шәкизада әзірлеген кітаптан оқығанымызда жерлесіміздің туып-өскен топырағымен тамырлас туыстығы бар екенін сезіндік.
Ауылымда көше де жоқ көлбеген,
Қора-қопсы, қиқы-жиқы, көлденең.
Іргесінде Арыс жатыр бұралып,
Сөйте тұра біздің ауыл шөлдеген.
Иә, расымен де сол кезеңде ауыл көрінісі дәл осындай болатын. Ауыл бейнесін қаз-қалпында суреттеп, аяқ жағынан су жүйелерінің жүргізілмей жатқанын астарлы мәнермен мәселе етіп қояды. Бұл ақынның өлең жазудағы шын шеберлігі, ілкімді ізденісінің бірі ғана.
Тарихи өлке Отырарда туылған Есжан ақынның поэзиясына және де алғашқы туындыларына әділ бағасын берген Қалиқан Ысқақов, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Құлбек Ергөбек, Бейсенбай Байғалиевтер болды.
Ақын өз өлеңдерінің өртіне шарпылып, ол кейде табанымен шоқ басып, тілімен от көсеп, ол кейде көк күмбезіне қарғып мініп, мұңға тұмшаланып, қап-қара бұлтқа айналып, артынша нөсерлетіп, енді бірде жел қанатына жайғасып жапан түзді кезіп кететіні бар. Сол жүрген жолдарынан қадамына құт, ақылына азық, сезіміне саят іздейді.
Ақын-патша, құзырыңа бас ұрдым,
Саған ғана сырым шерттім жасырын.
Күллі дүние мал жинаса ентелеп,
Көкірекке жидым сөздің асылын.
Міне, Есжан ақынның қағидасы осындай. Өлеңдері мұң-шерге толы болса да мұңдары оқырман көңілдерін тазартады. Ақын үнемі өзін жазғырып, жазалайды, өзіне жаны ашымайды.
Содан кейін күлгін бояу жырлады,
Сенімімді, сезімімді ұрлады.
Тұман ойлар адастырды, шаршатты,
Оты жанған ошағымда күл қалды, – деген өлең шумағындағы соңғы қатарды басқа ақындар айта алмас еді. Батыр ауыздың сөзі, дүниенің жалғандығын ескертуі іспетті.
Ақынның айрықша қабілеттілігінің бірі – өз өлеңдеріне окказионализм сөздерін де қолдана алуы. Окказионализм – автордың тілдік нормадан өзгеше, оқырманға эстетикалық әсері жоғары сөз қолдану тәсілі. Мысалы қылыш-қалам, ми-ұршық, тоқпақ-ой, құлақ-күй, ақын-патша сөздері бұған айғақ әрі өлеңдеріне әдемі өрнек берген. Ақын өлеңдерінен түңілуді, түңілсе де үміттенуді, мұңаюды, мұңайса да мұнараға өрмелеген өршілді көреміз. Есжан өз шағында өзі ғана мұңданыпты. Келісті заманнан келеңсіздікті көріпті. Ол кезде біз байқамағанды аңғарыпты, алаңдапты. Ел мүддесін ойлапты, Абайға шағыныпты, ұлттық құндылықты зерделепті.
Ұлықтарым пара алуын қоя алмай,
Жүріп жатыр жемтігіне тоя алмай.
Ұрыларым қарақшыға айналды,
Малды қойып, адамыңды соярдай.
Иә, осы жолдарда айтылғандар дәл бүгін де өз үстемдігін құрып тұр. Ол аздай...
Байлары да, билері де білімді,
Жұмыртқадан жүн қырқады жырынды.
Жарты патша сезінеді өздерін,
Арам іске жұмсап білім-ғылымды.
Өміршең өлең деген осы. Отыз жыл бұрын айтылса да тап қазіргіні айтып отыр. Есжанның жиырма жасында әскерде жүріп ақын Мейірхан Ақдәулетұлына жазған хаты бар. Ол хатта қазақ әдебиетінің жай-күйіне алаңдауы баяндалады. «Маған қазақ әдебиетіндегі қазіргі жайсыз атмосфераны бірлесіп күреспесе өзгерту қиын-ау деген ой келе береді. Себебі, әлдебір айтқан дұрыс пікірің үшін көзтүрткі қылып, жолыңа шырақ алып түсетін әумесерлері, қатерлі әумесерлері бар мұндай әдеби атмосфераға бұдан ары шыдау мүмкін емес. Жамандық қашан да қасына зұлымдықты атқосшы қылса, арамдық аярлықпен ауызжаласып бірге жүреді. Бұлардың бірін жойғанмен, екіншісінен тамыр алып, арамшөптей өсімтал келеді. Сол үшін бәріне бір-ақ зауал жасаған жөн. Ең бастысы ұйымшыл, білімді, талантты топ керек-ау. Мұнсыз маған әдебиеттің жандайшаптарынан да, сыншысымақтарына да, жалпы айтқанда «кісінегіштерге» қарсы күресу жай сандырақ сияқты. Бізде әдебиеттің тазалығы, ары үшін жанын беретін жігіттер баршылық. Тек тұтата білу керек. Әйтпесе әр жерден жалғыз-жарым шығармамен, өлеңмен, мақаламен доқ көрсетіп ашынғанмен әдебиеттің мерейі артпасы анық».
Хат ықшамдалып алынды. Мұнда таланттарды тұсаулап, кедергі келтіріп, кес-кестеу немесе жұмыс жасатпаулар айтылып отыр. Ақынның да осыған күйінері бар, қоғамын лағынеттеуі бар. Әлгілердің ақын өміріне қосыла кетіп, қосақтасқаны бар.
Есжан журналистика саласында да өзінің қолтаңбасымен танылды. Жарқырата жазды. Ал, әңгіме жазуы да көпшілікті тәнті етті. Әсіресе жездесі Құлбек Ергөбек «Тасбақа» атты әңгімесін оқи отырып, «Тәмсіл» формасын пайдаланып жазған философиялық әңгіме. Классика!» деген екен. Бұл Қазақ әдебиетіндегі аса жоғары сыншының берген бағасы.
Е.Айнабеков журналист, жазушы, драматург, сыншылық салаларын меңгерді дегенімізбен оның ақындығы басым. Оның поэзиясы қызылды-жасылды сөз саптасы емес, шындықпен шұрқырай табысқан өмірдің өзінен алынған шындық, сезіммен сырлас сұлулық, табиғатпен тілдес адам.
Шоқтығы биік, жұлдыздай жарқыраған талант иесі көзі тірі болғанда биыл алпыс жасқа толар еді. Ауылында алаулаған бір тойын өткізіп, өміршең өлеңдерімен өздеріңізді қуантар еді. Амал бар ма... Есжанның 60 жас тойы емес, осы жылдың қазан айы ішінде еске алу күні өткізіледі. Аудандық мәдениет сарайында өткізілетін Есжан Айнабековке арналған еске алу күнінде ақынның фотошежіре көрмесі, ақын өлеңдерінен композициялық қойылым, мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау, зиялы қауым өкілдерінің еске алу лебіздері және ас беру бағдарламалары қамтылған.
Қазақ әдебиетіне тамшыдай болса да үлес қосып, қазақ әдебиеті классиктерін елең еткізген, Саттарша сырғып өткен Есжан Айнабековті өз Отырары ұмытпасын, ұлықтап есіне алсын, мәдени іс-шараларда аты-жөні аталсын, тіпті оның атынан көше берілсін дегенді де ашық айтқымыз келеді.
Әділхан МӘЛІК,
Халықаралық «TURAN» көркемөнер сыйлығының лауреаты