ОТЫРАРДЫҢ ОТТЫ ПЕРЗЕНТІ

ОТЫРАРДЫҢ ОТТЫ ПЕРЗЕНТІ

1980 жылдары астанамыз Алматы қаласы ақын-жазушыларымен дүрілдеп тұрған кез еді…

Студент ақындар ҚазМУ қалашығының түндігін желпілдетіп тұрды. Бүгінде есімі елге белгілі аймаңдай ақын-жазушылар Есжан Айнабек, Қайрат Әлімбек, үш Бауыржан (Үсенов, Жақып, Омарұлы) Нұрлан Мәукенұлы, Темірғали, Светқали, Мұратбек Оспан, Базарбек Түкібай, және тағы басқалар қатар қалам сілтеп, қатар қанат қақтық.

Бұл топқа Қазақ жоғары оқу орнының қарашаңырағы Абай атындағы ҚазПИ-ден біз, ақын-жазушылар Қазыбек Иса, Нұрлан Әбдібек, Қадірбек Құныпия, Асқар Алтай, Шарафаддин Әмір және басқалар келіп қосыламыз. Осындай жұлдызды шоғырлар Алматы аспанын жарқыратып тұратын кезең болған еді бір кезде…

Қазақтың дарынды жазушысы Есжан Айнабекпен осы дүбірлі додада таныстық. Екі көзі шоқтай жайнаған, жанып тұрған жігіт бірден елдің назарын аударатын.

Бетің бар, жүзің бар демейді, шындықты бетке айтып тұрады. Ешкімнің жасына, атақ-мансабына иліге қоймайды. Нағыз Отырардың отты перзенті дерсің!

Барлық әдеби-мәдени үйірмелер, қаламгерлермен кездесулердің басында жүретін.

Көзі шоқтай, сөзі оқтай, қайратты қара шашы қайыруға келмей тұратын мұртты жігіттің қолын сермеп қойып, мінбелерде өлең оқып, сөз сөйлеп тұратын өткір келбеті сол кездегі студенттердің есінде қалып қалған болса керек…

ҚазҰУ-де қатар оқыған достар Есжан Айнабек пен талантты ақын Қайрат Әлімбек, ол да өмірден ерте кетті, екеуі жан достар еді. Есжанның мінезі қызба, шартпа-шұрт еді, Қайрат арынды ақын болғанмен, сабырлы еді, екеуі күшті жарасқан, таңдаулы тандем болды. Екеуі айырылмай үнемі бірге жүретін. Тіпті қызға барса да, бірге баратын… Жазда Талдықорғанда өткен Қайрат Әлімбектің 60 жылдық еске алу кешінде Есжан туралы да еске алғанымыз сондықтан.

Мен 1984 жылы Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітіріп, елге кеттім. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылында мектеп мұғалімі болдым. Сурет пәнінің мұғалімі, ақын болғасын әдебиет пәнінен де сабақ беріп жүрдім.

1990 жылы 1984 жылы мектепке келгенде класс жетекшісі болған оқушыларымды мектеп бітіртіп шығардым. Содан 1991 жылы өзім де Алматыға баруға бел байладым. Алдымен Шымкентті көрейін деп, сол кезде “Жібек жолы” журналын шығарып жүрген баспагер Төрегелді Байтасовқа бардым. “Өзің секілді дарынды ақын бізде жұмыс істегісі келгенге қуанып отырмыз, бірақ қазір бос орын болмай тұр” -деп, Төкең кәдімгідей қысылып қалды. “Оқасы жоқ” деп, өзім сыйлайтын ағаммен қоштасып шыға сала, есік алдында ескі дос Есжан Айнабеков жолыға кетті. Жөн сұраса кеттік. Шаруамды айттым. “Ой, Шымкентті неғыласың, сені Алматы күтіп тұр! “Жас қазақ” деген газет ашып жатырмыз, кеттік, сонда істейсің!”-деп шеше салды мәселені.

Содан, Шымкенттен жұмыс таппай тұрған басым, Алматыдан бір-ақ шығып, “Жас қазақ” газетінің бөлім редакторы болып шыға келдім.

Бас редакторымыз - көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы  

Ұлықбек Есдәулет ағамыз. Бас редактордың орынбасары жалындап тұрған жазушы Есжан Айнабек. Бөлім редакторлары- Нұрлан Мәукенұлы, Қазыбек Иса, Ғалым Жайлыбай, Темірғали Көпбай, кілең ауылдан келген ақындармыз. 

Редакцияға мен келгенде Ұлықбек аға: “Хош келдің бауырым! Бәріміз ақындар болатын болдық қой”-деп күлді. Есжан: “Ақындар мақала жазса, күшті жазады”-деп қостап қойды. 

Содан “Жас қазақ” газетінің тұңғыш нөміріне “Дәуір” баспаханасында өзім кезекші болдым.

Алғашқы нөмірден бастап,”Жас қазақ” жарқырап, жалындап кетті. Алғашқы демократиялық басылым болды десек те болады. 1937 жылғы зұлматтың бұрын айтылмаған ақтаңдақтарды, жазылмай келген шындықтың көбісін алғаш біз жарияладық. Тәуелсіздік алуға шақырған мақалалар “Жас қазақта” жариялана бастады. Желтоқсан ақиқатын аша бастадық. Дүрілдеп тұрды газетіміз. Шапқылап жүретін Есжан бәріне. 

Есжанның ерекше қасиеті – елдің жұмысы деп елпілдеп тұратын. Өзінің басынан асып жатқан мәселелерін жиыстырып қойып, өзгенің қамымен шапқылап жүретін. Қаламы да қарымды еді. 80 – жылдардың ортасында жас ақын-жазушылардың республикалық кеңсесінде оның әңгімелері мүйізі қарағайдай жазушылардың жоғары пікіріне ие болып еді.

Жалпы, Есжанның шығармашылығы туралы белгілі әдебиетші, сыншы, ғалым ағасы Құлбек Ергөбек жақсы жазды “Қазақ үні” газетінде.

“Құдайдың Есжанға «еліңе бер» деп берген талантының мыңнан бірін ғана беріп кетті. Есжанның «Өмір сабағы» деген әңгімесін классикалық әңгіме деп бағалаймын. Есжанды Саттардан кейінгі классик дер едім”-дейді Құлбек Ергөбек.

“Ол үлкен ақын, жазушы, сыншы бола алатын еді. Шын сүйгені, қулықсыз өмір сүргені кедергі болды. Солай болуы керек шығар. Мүмкін, кеткен оның қадірі, жүрген бізден жоғары болар…”-деп толғанды Желтоқсан көтерілісінде қатар жүрген қазақтың көрнекті ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы ағасы.

Иә, Есжан әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде алаңның қақ ортасында жалындап жүрді. Мейірхан Ақдәулет екеуі бірге жүрді от пен оқтың ішінде. Екеуі де өзге желтоқсандықтар секілді бұл ерліктерінің азабын аз тартпады… Жұмыстарынан шығарылды, тұрмыс тауқыметін тартты.

Есжан дүниеден өткенше нағыз достарша отбасымызбен араласып тұрдық. 

Мен үйленгенде Алматыдан Ұлықбек Есдәулет бастап, Есжан қостап, “Жас қазақ” газеті ұжымы болып, бір қауым ел Шардараға, Қызыр аралаған Қызылқұмға келгенбіз. Келіннің беташар тойы Наурыз тойына ұласқан. Жалпы ақкөңіл, адал азамат Есжан арқылы біз оның мектепте бірге оқыған Темірғали Көпбай, Нарзулла Оразымбет секілді достарымен де шын дос болып кеттік. Нарзулла досымыз да өмірден өтіп кетті.

Ол өмірден ерте кеткен досы Есжан Айнабекті елжірей еске алып, көп айта беруші еді... Енді Есжанның артынан Нарзулла досымыз да іздеп кеткеніне екі-үш жыл болып қалыпты. Пейіште рухтары шалқи бергей. 

Біз Есжан, Темірғали Көпбай үшеуміз Алматыда "Жас Қазақ" газетінде істеп жүргенде кейде елден Нарзулланың бізді іздеп келіп-кетуі бір қызық серуенге ұласатын... Жалын атқан жастық дәурен екен ғой шіркін бәрі...

Мен елге соққан сайын, реті келсе, Есжанға жолығып кетуге тырысатынмын.

Түркістанда жүргенде өмірінің соңында ауырып жүрді. 

Соның өзінде қаламын қолынан тастаған жоқ. Еңбекқор еді. Соңында көркем де құнды шығармалар қалдырды.

Белгілі ақын, баспагер Темірғали Көпбай екеуі қазақтың бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы «Бекзат» атты көлемді де, көркем кітап-альбом шығарды.

“Есжан досың өмірден өтті” дегенді естігенде, Алматыдан жаназасына ұшып келіп, топырақ салдым. Шымкенттен Базарбек Түкібай досымыз қосылды. Шәуілдірдегі митингіде қоштасу сөзін сөйледім. 

Иә, биыл Есжан Айнабектің туғанына 60 жыл болып отыр. 

Бір қуанатыным, кезінде Түркістан қаласының бір көшесіне Есжан Айнабек есімін беру жөніндегі бастама көтеріп, соның жүзеге асуы жолында жан-жаққа жазып, ұлт зиялылары атынан “Қазақ үні” газетіне Ашық хат ұйымдастырып, әйтеуір жеріне жеткізгеніме шүкір деймін. Енді міне, бүкіл Түрік әлемінің рухани ордасы, облыс орталығы Түркістанда Есжан Айнабек көшесі бар! 

Бірер жыл бұрын Есжанмен мектепте бірге оқыған досы, ақын, баспагер Темірғали Көпбай “Ескерткіш” атты кітабын шығарды. Бұл кітап қазір оқырмандардың қымбат дүниесі.

Биыл міне, киелі Отырар елі Есжанның 60 жылдығын еске алып, атап жатыр. Отырар аудандық әкімдігі мүшәйра ұйымдастырып, ақындар Есжан есімін ардақтап, жыр жазуда. Республикалық “Қазақ үні” газеті де Есжан Айнабекке арналған осы мүшәйраға арнаулы бәйге тігіп отыр.

Соңында қалған үш қызы Гүлсая, Жансая, Аида бүгінде өнегелі отбасы иелері.

Сөзімнің соңында Есжанның барлық ыстық-суығына төзген асыл жары, үш қызғалдағының анасы Шәкизаданың “Түркістан” газетінде жарияланған естелігінен бір үзінді келтіре кетсем деп тұрмын. 

“Негізі армандар орындалады деген тап рас екен. Себебі, пәтер жалдап жүрген шақта қыздарыма айтады екенмін: «Үй аламын, сол үйді алғаннан кейін көшені Есжанның атына сұрап алам, Есжан жайлы кітап шығарамыз» деп. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, бала күнгі досы əрі үзеңгілес əріптесі Темірғали Көпбаевтың демеушілігімен «Қазығұрт» баспасынан «Ескерткіш» атты кітабы жарық көрді. Киелі Түркістанның кеңпейіл халқының қолдауымен, досы, белгілі ақын Қазыбек Исаның ұйымдастыруымен еліміздегі қазақ жазушыларының, ұлт зиялыларының Ашық хаты себеп болып, ресми орындардың ұйғарымымен, қазіргі тұрып жатқан үйіміздің алдындағы көшеге есімі де берілді. Кенді қала Кентауға апарар күре жолдың бойындағы «Тұран» ауылының Көк күмбезді мешіті жанындағы көшеге бұрылар тұсқа қағылған тақтаға «Есжан Айнабеков» көшесі” деп жазылған жазуды көрген сайын тебіреніп өтеміз.

Бір күні қызым Жансая жанымыздағы «Ғажайып» дүкеніндегі терминалдан ұялы телефонына қаржы салуға кеткен. Сәлден соң көзі боталап келіп тұр. Иегі кемсеңдеп қолындағы бір жапырақ қағазды ұсынып: «Анашым, оқыңызшы. “Сіз Есжан Айнабеков көшесіндегі терминалдан қаржы салдыңыз” деп жазыпты. Есту басқа да, көру басқа екен ғой. Əкемнің аты ғой» – деп тебіренгені. Бəріміз «тостағанымызды» бір толтырып жуып алдық. Есжан көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ.“-деп жазады өмірсерігі болған жары.

Иә, нағыз Отырардың отты перзенті, дарынды жазушы, жалынды журналист, баспагер Есжан Айнабек есімі елімен бірге жасай береді.

Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - «Алтын Күз» ордені иегері,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.