ҚЫЗЫЛ КӨРПЕ ХИКАЯСЫ

ҚЫЗЫЛ КӨРПЕ ХИКАЯСЫ

«Жалқау» жаңбыр

Қазан айының сол бір күні бұлыңғыр еді. Әшейінде Абылай бабамның ақ қалпағын киіп алып, керуенге ұқсас алып нарлардың өркештеріндей бел-белестері, шыршалы қойнауларымен көзіңнің жауын алатын Алатау да бұлыңғыр. Көрінбейді. Күзгі жаңбыр да «жауайын ба, жаумайын ба» дегендей еріншек күйге енген.

Бес намазымның бірі секілді қара шаңырақ Жазушылар одағына соғып кететін әдетім бар-ды. Ісімді тындырғансын сыртқа шықтым. Қол шатырын ұстап Әзағаң тұр екен. Оның да өңі тұнжыраулы. Әлгінде ғана шыққан сыңайлы. 

– Ассалаумағалайкүм! 

– Әлейкүмәссалам! 

– Машина тосып тұрсыз ба? 

– Жо-ға... 

– Неге жалғызсырап тұрсыз?

Осынау оқыс та ыңғайсыз сауалымды қапылыста айтып салыппын. 

– Иә.., – деді Әзағаң қабағын шытып, – Халимашымның жылын бергеніне де көп айдың жүзі болғанын білесің, жалғыз екенім рас...

Әлгі сұрақты бекер қойған екенмін. Өкінішім жегідей жеп: 

– Кешіріңіз! – дей бердім. 

– Кешіретін не бар, бәрі дұрыс, – деп Әзағаң жерге қарады.

Сол бір сәтте қайда барса да Әзағаңның қасынан қалт қалмай, қолтықтасып алатын Халима жеңгем ойыма оралды. Ғажап адам еді ғой!..

– Машина тоқтатайын ба? 

– Әуре болмай-ақ қой. 

– Онда троллейбуспен кетеміз бе? 

– Оған да отырмай-ақ қояйық...

Әзағаң қолшатырын пілдің құлағындай далбита ашты да: «Кәне, аяңдайық!» – деді. 

Екеумізде екі қолшатыр. Жаңбыр сол қалпы селдетпейді де, сіркіремейді де, сирек тамшылағансып, сазарып алған. Әзағаң деп отырғаным – атағы айдай әлемге аян Әзілхан Нұршайықов. Үйіміздің арасы жақын болғандықтан, әредік кездесе кеткенде әңгіме-дүкен құра кететін әдетіміз бар-ды. 

– Халық жазушысы, лауреат атағын алғандар тап Сіздей болса ше? – деп сөз бастадым. 

– Неге олай дейсің? 

– Сіз мен үшін өзгелерден мүлдем өзгеше көрінесіз. 

– Себеп? 

– Себебі сол – өте қарапайымсыз. Есіңізде шығар, өткенде бір серуендеп келе жатқанда да: «Құдай қаласа таяу арада сексенге толасыз. Той-томалақ жасайтын шығарсыз дүрілдетіп» дегенімде: 

– Маған әлгі атақты мүшелтой жасау үшін берген жоқ, бұл – бір. Екіншіден, өз басым «дүрілдету» мен «даңғазалату», «жандайшаптауға» қарсымын. Өткізсем, айғай-шусыз, жалдамалы жиын-жайсыз, көпірме сөзсіз, қарапайым ғана ағайын-туыс, достарыммен атап өтуім мүмкін.., – деуіңіз Сіздің ешкімге ұқсамайтын қадір-қасиетіңіздің өзі осында жатыр ғой... 

– Жә... – деді Әзағаң, – мен саған таяуда болған бір оқиға жайында әңгіме айтайын, – деп сәл жымиды да, сөзін бастап кетті... 

– Тұтқиыл соғылған тслефон. Президент басқармасына қарасты орталық аурухананың II терапия бөлімінде емделіп жатқаныма аптаға жуық

болатын. Мен жатқан 8-ші палатадағы телефон шылдыр ете қалды. Әдеттегідей емес, әлсін-әлі «кісінеп» қоя берді. Қалааралық телефон байланысы іспетті. Солай екен. 

– Әлөу, әлөу, маған Әзілхан ата керек еді?.. 

– Тыңдап тұрмын. 

– Ауруханаға Сізді мазалап телефон соққаным үшін кешіре көріңіз, бұл Нүрғамила қарындасыңыздың келіні Тамара Әбеуқызы ғой. Кентау әкімшілігінен...

 – Жарайды қызым, жарайды, – деуім сол екен, – үйіңізге телефон соғып ауруханада жатқаныңызды білдік. Енді телефонды енеме беремін, –деді Тамара.  

– Әлөу, Әзаға, сырқаттанып қалдыңыз ба, кешікпей сауығып кетуіңізге тілектес өзіңіздің «Меңтайыңыз» ғой, – деді әйел дауысы. Мен Нұрғамиламен университетте бірге оқыған едім. «Махаббат, қызық мол жылдар» романымдағы «Меңтай» – осы Нұрғамила Нұрбосынованың прототипі болатын. 

– Иә, Нұрғамила, тұтқиыл телефон соғуыңда не гәп бар? – дедім. 

– Гәбі сол – жасым жтпіс беске толды. Зейнеткерлікке шыққанымды білесіз. Соған қарамастан менің ұзақ жылдар бойғы ұстаздық қызметімді ескеріп, Кентау әкімшілігі маған «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағын беріп, тойыңызды өткіземіз, – деп қолқа салып жатыр. Егер, таяуда өтетін тойыма Сіз келсеңіз әкем мен шешем тірілгендей қуанар едім. Әзаға, кеңілімді жыға көрмеңіз, қалайда келетін болыңыз, жарай ма. Егер студенттік кезде мен қызыл көрпеге оранып жатқанда шығарған өлеңіңіз шын жүрегіңізден жазылған болса келер деп үміттенемін. Өзіңізді асыға күтемін, қалайда келетін болыңыз. 

– Нұрғамиланы көрмегелі қырық жылдан асып кеткен еді. Баяғыдай сыңғырлап тұратын дауысы жоқ. Қарлығыңқырап шыққан қартаң ана дауысы. «Қой, қалайда баруым керек шығар» деген байламға бекініп өзімді емдеп жүрген дәрігерім Макееваға келдім. Ординатор бөлмесінде оқшау отыр екен. 

– Анастасия Михаиловна, аман-есенсіз бе, үй-ішіңіз, бала-шағаңыз.., – деп жылы-жылы сөздермен жылғалатып келіп әлгі жағдайды айттым. 

– Жүрек ауруымен қалай жолсапарға шығасыз, бөлім меңгерушісіне жолығыңыз, егер келісе қалса қарсылық білдірмейін, – деп дәрігерім қол ұшын беретін сыңай танытты. Бөлім меңгерушісіне келдім. Маған рұқсат беруін қиыла сұрадым. 

– Жасыңыз ұлғайған әрі әлденешс рет алған инфарктіңіз бар, қалай болар екен, – деп қиналған Гүлшара Дайырбекқызы әрі ойлап, бері ойлап, электрокардиограммамды тексерді де, көңілімді жыққысы келмеді. 

– Сонымен?.. – деп және сұрап едім: 

– Жарайды, жол болсын, бірақ, дәрі-дәрмектеріңізді қалтаңыздан тастамаңыз, қайтып келісімен бірден ауруханаға келіп емделуіңізді жалғастыратын болыңыз, – деп кесіп айтты.

...Апыл-ғұпыл киініп, үйге келдім. Кешіккен Кентау сапары басталып кетті.

Кентауда... 


– Шымкент перронында әдейі тосып тұрған кентаулық ағайындар мені «Мерседеске» отырғызды. Және бір жеңіл машина бар. Әбден жайғасып болысымен Кентауға қарай құйғыта жөнелдік. Кентау қаласының қарасы көріне бергенде бергенде жол шетінде тұрған бір көк «Жигулиге» көзіміз түскен еді. Бірақ біз оған мән бере қоймай, жолымызды жалғастыра берген едік. Әлгі «Жигули» жұлқына шығып алдымызға түсіп алды да, «сәл тоқтасаңыздар» дегендей белгі берді. Айналсоқтап алдымызды орағыта берген соң, тоқтауға тура келді. Бақсақ, бізді әдейі күтіп жүр екен. Машина салонынан екеу шыға келісті. 

– Әзілхан ата, Сізге телефон соққан Тамара келініңіздің күйеуі, яғни, Нұрғамиланың ұлы Тұрашпын, ал мына кісі шешемнің бауыры Сатыбалды ініңіз, – деп мені таныстырып жатыр. – Хош келіпсіз! – деп қойды Сатыбалды да қолымды қысып, күлімсірей қарап.

...Тұраштың үйіне тұмсық тіредік. Тамара мен Нұрғамила құшақтарын жая қарсы алды. Ұзақ жылдар бойы көріспеген кейіпкерім «Меңтайды» ұзақ қүшақтап бетінен сүйетін шығармын деген ойым орындалмады. Қолымды қос қолдап қысты да қойды. 

– Жаңа танысқан адамдай суықтау амандасқаныңыз қалай? – деп әзілдеп едім. 

– Әзаға, – деді Нұргамила, – мен өмір бойы екі шеңбер арасында өскен адаммын. Бірі – педагогикалық та, екіншісі – Сіздің «Махаббат, кызық мол жылдардағы» Меңтай бейнесі. Осы екі шеңберден шықпауым керек. Әдептілік, қалыптасқан дәстүр дегендей... Ұлтымыздың бойына сіңген небір өнегелік қасиеттерді Меңтай бойына үйіп-төккен өзіңіз ғой. Оғаш қылығымды көрсе, жұрт не дейді, шәкірттер не дейді...

Нүрғамила сәл күлімсіреп қойды. 

– Ә, сөз тапқанға қолқа жоқ, тауып айттың, – дегеннен басқа ештсңе айта алмадым. 

– Шаршап келген шығарсыз, жоғарылатыңыз, шешініп бой жазып, өз үйіңіздей көріңіз, – деді Тамара келін де айрықша ілтипатпен.

Кешкісін «Қаратал» ресторанында той басталды. Нұрғамила Нұрбосынованы жетпіс бес жасқа толуымен құттықтаушылар көп болды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігінен, Кентау қаласы басшылары, білім беру салаларынан, өзге де көптеген ұжымдардан шоқ-шоқ гүл ұсынып, мейрамхана ішін қуаныш құшағына толтырып жібергендей еді.


Қызыл көрпе


– Ақ бетіне қызыл көрпе басылып

Көкірегі жатыр екен ашылып.

Кеудесінде дірілдейді қос алма,

Қара шашы толқындай боп шашылып.


Оны көрсе жүрек күйіп-жанатын,

Кездессе жүз – естен мүлде танатын.

Болсам еттім, әттең дүние, сол көрпе,

Құшып-сүйіп құмарым бір қанатын...


Мен өз романымда Нұрғамила хақында осылай деп тебіренген едім. «Махаббат, қызық мол жылдар» романымды «Атамұра» баспасы таяуда қайтадан басып шығарған болатын. Сол кітабымның жетпіс бес данасын мейрамханада тойға жиналғандарға таратып бердім. 

– Әр жылына бір-бір кітаптан, егер жүз жас жасайтын болсаң, тірі жүрсем, жүз кітап сыйлауым мүмкін, – деп әзілдедім.

Жұрт ду қол соқты. 

Әлден уақытта Нұрғамила ұзақ жылдар бойы кызмет атқарған мектептің бір топ мұғалімдері мені де құттықтап, лама жүнінен жасалған жұп-жұмсақ мамық қызыл көрпе сыйлады. 

– Сіздің Меңтайға деген махаббатыңыздай қызыл көрпені еске түсіргейсіз, – десіп жымыңдасып қояды. Ойнап айтса да ойындағыларын айтқандай.

Жұрт жамырай күлісіп, жарыса қошамет көрсетіп жатты. Егер жазушының бақытты екені рас болса, осы шығар деп ойладым ішімнен. Қызыл көрпе! Студент кезімде тұңғыш махаббатымды оятқан көрпе!...

...Түн ортасы таянғанда той да тамамдалайын деді. Енді қорытынды сөзді менің тірі кейіпкерім – Нұрғамила сөйледі. Өте толқи сөйледі. Тебіренгендігі соншалық, көзіне қуаныш моншақтары мөлт-мөлт тізілгендей еді. 

– Әзаға, Сіз сырқатыңызға қарамай, менің қуанышымды бөлісуге алыстан ат арытып, тон тоздырып келгеніңізге мың да бір рахмет. Екеуміздің арамызда айтылған сөзді менің ауылдас ағайындарым да естісін деп тұрмын... «Дәрігерлер босатса, сөзсіз баруға тырысамын. Саған алдын ала қояр үш шартым бар», – дедіңіз... 

– Иә, иә, – дей бердім. 

– Біріншісі – ат мінгізіп әуре болмаңдар. Екіншісі – шапан жаппаңдар. Үшіншісі – конверт сыйлаушы болмаңдар, – осылай дегеніңіз рас қой? 

– Рас, рас!... 

– Мен Сізге... ойланайық, – дедім. Он ойланып, мың толғанып мектеп ұжымы сыйлаған өзіңіз ғашық болған менің қызыл көрпем ақыры өз жылуын сізге дарытар, – деп ойладым. Мен он бес жасқа толғанда: «Өмір бойы саусағыңнан суырушы болма», – деп берген анамның алтын сақинасын Сіздің саусағыңызға кигізуді үйғардым. Себебі, Сіз романда мен ғана емес, менің анам жайында күнделігімді де көркем сөзбен кестелеп жазған едіңіз. Яғни, анам бейнесін де мәңгілікпен ұштастырдыңыз. Енді бұл сақина менен гөрі Сіздің саусағыңызға лайық секілді.

Нұрғамила менің саусағыма бойтұмардай анасы сыйлаған киелі алтын сақинасын кигізді. Бұдан артық қандай сый, қандай құрмет болмақ деп ойлайсыз...

...Той тарқады. Алматыға оралдым. Үйге келісімен сол сақинага жіті көз жүгірттім:

«Махаббат, қызық мол жылдар». Меңтай – 75. Кентау, 2002» деп жазылыпты. 

***

Әзілхан Нұршайықов әңгімесін тамамдады.

Ойлап отырсам... атақтары әлемге мәшһүр Бальзак та, «Дон Кихотын» дүрілдеткен Сервантес те, «Соғыс пен бейбітшілігін» шартарапқа шарлатқан Толстой да Әзағаңа Меңтай сыйлаған сыйды өңдерінде де, түстерінде де көрген жоқ шығар...

Саф алтын сақинаға жазушының аты мен шығармасын жазып, кейіпкерінің сый-сыяпат жасауы сирек құбылыс екені даусыз.

Шын мәнінде Халық жазушысы осылай болуы керек қой...



Өмірдерек


Нұршайықов Әзілхан (15.12.1922 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Келінсүйегі деген жер (Ақбұзау ауылы – 2011 жыл) – ҚР Халық жазушысы.

Қалың көпшілікке етене жақын «Махаббат қызық, мол жылдар» романы (1970) мен «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясы (1973) жазушы шығармашылығының шырқау биігі саналады. Өлмес туындының алғашқысында жастардың қайнаған жастық өмірі туралы баяндалған, бұл роман оқырманның, әсіресе, жалынды жастардың ерекше сүйіп оқитын махаббат гимніне айналды.

Ә. Нұршайықов Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1980), А.А.Фадеев атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлық – күміс медалінің (1987) иегері. 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» (1957), «Халықтар достығы» (1984), 3-дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» (1995) медалімен марапатталған.



Ескі альбом

МҰХТАР АҒАНЫҢ ҮЙІНДЕ


Қарсы бөлмеден үстінде жасыл түсті көйлек, көк шалбары бар, аяғының басына жұмсақ кебіс ілген Мұхаң шығып келе жатты. Шығып келе жатып, сөйлеп келе жатты. 

– Бәлі, келіп те қалдың ба, дәл уақытында келдің, төрлет, – деген сөзді және айтты.

Кіре берісте, оң жақта дөңгелек киім ілгіш тұр екен. Мен соған шешініп, киімімді ілмек болдым да, қолымдағы кітапты кайда қойсам екен деген оймен сол жағыма қарай бұрылдым. Жаңа, есіктен кіре берген сәтте сол жағымнан кішірек бір кенере аңғарғандай едім. 

– Әзілхан, кітабыңды айнаның алдына қойма, маған бер, – деді Мұхаң қолымдағы кітапты қоятын жер таппай тұрғанымды аңғарып. 

Сөйтіп менің ұстап тұрған кітабыма қарай қолын соза берді. 

– Бәлі, бұл біздің кітап екен ғой, – деді Мұхаң «Қараш-Қарашты» қолына алып жіберіп. – Мұны алғаның жөн болған. Бұл өзі тез тарап жатқан кітап. Тиражы да көп емес, қырық-ақ мың дана. Қазіргі шетінен сауатты

оқушы қауым үшін бұл бүркуге де жарамайтын тираж. Біраздан соң мұны магазиндерден іздесең де таппай қаласың. Ал, сенің бұл кітабыңа мен автограф жазып беремін.

Мен шешініп, киімімді іліп болғанша Мұхаң осылай деп шешіле сөйлеп, менің абыржып, сасқалақтағанымды басқысы келген сияқтанды. 

– Кәне, мен сені осы үйдің жандарымен таныстырайын,– деді Мұхаң менімен бірге ішке қарай қозғала беріп. – Міне, мынау жатқан – Дос. – Мұхаң киім ілгішке тақау тұрған жылжымалы көкшіл қоршауды нұсқады.

Оның алдында басы, шынында да, арыстанның басындай, қара ауыз, шолақ құйрық, тайыншадай сары ит жатыр екен. Иесінің «Дос» деген сөзін естігенде ол ауыр басын жерден көтерместен, еркелегенін таныта шолақ құйрығының тұқылын қозғап-қозғап қойды. 

– Осы үйдің төменгі жағында осы Дос екеуіміз тұрамыз. Ал, бұл үйдің қалған жандары – жоғарыда. 

Біз Мұхаңның кабинетіне кірдік. Оның кабинет екенін терезе алдына қойылған үлкен үстелден, үстел үстіндегі Мұхаң суреттерінде әрқашан оның оң жағында тұратын әйгілі тас қаршығадан таныдым. Кабинеттің қабырғалары еденнен тұтас төбеге дейін тіреле кітаптар толтырылған үлкен-үлкен шкафтар екен. Бұрын өзім көрмеген алтын мұқабалы қисапсыз көп кітаптарға ақырын көз жүгірте отырып, Мұхаңның маған Павлодар жайында, Баянауыл туралы қойған сұрақтарына жауап бердім. Ана жылы барғанда кездескен кейбір адамдардың тағдыры туралы айттым. – Анау өлкетану музейіндегі Дмитрий Поликарпович қарт бар ма, қуатты ма? – деп сұрады Мұхаң менен сөз арасында.

Дмитрий Багаев Павлодар өлкетану музейінің директоры болатын. Жас күнінен фотосуретпен шұғылданған ол Керекудің кәрі тұрғындарының бірі еді. Дмитрий Поликарпович атақты орыс ақыны Павел Васильевтің «Тұзды ереуіл» поэмасында суреттелетін революцияға дейін Павлодарды билеген белгілі капиталист Деровтың конторында қаршадай бала кезінен қызмет еткен. Багаев облыстық газеттің редакциясына жиі келуші еді. Ол бізге бұрынғы Павлодар, ескі Екібастұз жайынан көптеген мағлұматтар беретін. Кейде газетке өткен өмір жайында естеліктер бастыратын.

1958 жылы Павлодарға барғанында, қайтар бетте, Мұхаң арнап осы Багаевтың музейіне соқты. Жасы ұлғайып қалған қарт фотограф жазушыларды бар ыстық бейілімен қарсы алып, оған ықыластана қызмет етті. Мұхаң одан Павлодардың арғы-бергі тарихы, онда тұрған атақты адамдар жайында бірсыпыра деректер алды.

Осы Багаев өмірінің ақырғы сағатына дейін бір күн үйде отырған кісі емес еді. Жасы ұлғайып, денесі ауырлап, жүрісі саябыр тартса да, жалпақ алақанымен жүрегін бір басып қойып, ылғи музейге қарай кетіп бара жататын. Сол Дмитрий Поликарпович биыл жазда, өзі дайындаған тағы бір қымбат экспонатты музей қабырғасьша іліп болып, жерге түскен де, креслоға жантая келіп отырған. Сол қалпында дүние салған.

Мен Мұхаңа осыны айттым. Мұхаң басын шайқап отырды да: 

– Ол кісі нешеге келіп еді? –деп сұрады.

Биыл жетпістен асқан екен. 

– Өзі ұйыстырып, үлкен мекеме еткен музейде жұмыс үстінде отырып жүріп кетті дейсің, ә? 

– Иә, Мұха.

– Елім деп қызмет еткен егде адам үшін бұл бақытты өлім ғой. 

Бұл сөздерді жазушы өзімен-өзі сөйлескендей, солғын, бәсең үнмен айтты. Содан даусын сәл көтере түсті. 

– Мен Дмитрий Поликарповичті соншама бір ұқыпты, болашақ үшін жан аямай қызмет етіп, сонау музейді жалғыз жабдықтап шыққан қажырлы адам деп танып едім. Маған оның Антон Сорокин, Павел Васильев жайында көп мағлұматтар айтқаны есімде. Ол кісі өтініп, музейден шығарда бізді де суретке түсіріп алып еді-ау. 

– Иә, Мұха. Айтпақшы ол сурет сіздің қолыңызға тиді ме? 

– Келген, осында бар ол сурет.

Осылай сөйлесе отырып, Мұхаңа үй іші жайлы өзім де сұрақтар қойдым.

Осы кезде есіктің қоңырауы шылдырлады. 

– Мұха, мен ашып келейін, – дедім орнымнан көтеріліп. 

– Жоқ, сен отыра бер, қонақсың ғой, – деді Мұхаң сәл бөгеле түсіп. –Оның үстіне есік ашу – осы үйдегі менің жазушылықтан кейінгі екінші кәсібім. Өйткені, мына Дос екеуміз төменде тұрамыз ғой. Біреу есік қақса,

қоңырау шылдыратса, оны мен естімей қалмасын дегендей, Дос қоса хабар береді. Бұл есіктен жұрт тек маған ғана келеді. Жазушылар, жастар келеді, ел адамдары соғады. Валентина Николаевнаға көршілер, жақындар жиналады...

(Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың естелігінен)

Мыңбай РӘШ, 

жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты