ЖЫР КЕРУЕНІ ОҚЫРМАНДАРЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

ЖЫР КЕРУЕНІ ОҚЫРМАНДАРЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

Жақында Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-баспагер Баян Болатханованың құрастыруымен жарық көрген «Махаббат жырлары» атты ұжымдық көлемді жыр жинағының тұсаукесері өтті. Тартымды өткен іс-шараға жинаққа өлеңдері енген авторлар, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары, қала тұрғындары мен баспасөз өкілдері қатысты.

         Бұл өмірде өлмейтін, ешқашан өшпейтін, мәңгілік жасайтын бір ұғым бар, ол – махаббат! Махаббат – мөлдір, тұнық сезім, еш бояусыз өмірдің өзі...

«...Егерде қолың тисе білегіне,

Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.

Бетіңді таяп барсаң тамағына,

Шымырлап бу енеді сүйегіңе» -деп жырлаған ұлы Абайдан бастап қаншама ақындар жыр арнады десеңізші!.. Махаббат ғасырлар бойы жырланып келген, әлі де жырлана бермек, оған біз осы мәдени шарада көз жеткіздік. Оған Отанға деген, анаға деген, балаға деген, туған жерге деген махаббатты қоссаңыз бұл киелі ұғымның ауқымы кеңейе түседі.

       Махаббат туралы жыр жинағының таныстырым шарасын ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Үсенбаев жүргізді. Тұсау кесер рәсімін ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арасанбай Естен, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, лирик ақын Қызжібек Жарқынбаева, Қазақстанның Құрметті баспагері, әдебиет зерттеушісі Балжан Хабдина, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы Сәуле Досжанова және басқа да көпшілікке кеңінен танымал тұлғалар жасады. Бұл жыр жинағы хақында жазушы, баспагер Баян Болатханованың өзі де жас ақындарды оқырмандарға таныстырумен қатар: «Біздің мақсат: салқар даламыздай кең құлашты поэзия кеңістігінде туған ана тіліміздің мәртебесі биік екендігіне көз жеткіздіру», - деген пікірін білдірді. Айта кетелік, республикалық «Абитуриент», «Турист» газеттерін шығарумен, басқа да сансалалы баспа өнімдерін, авторлық жеке кітаптар, топтық жинақтар шығарумен айналысатын, 2000 жылы ашылған Алматыдағы «Molia & DOS» баспасы мұның алдында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 30-дан аса ақындардың өлеңдерін топтастырып, «Мезгіл әуендері» атты жыр жинағын қалың оқырмандарға ұсынған болатын. Бұл жинақтың басты ерекшелігі – кеңбайтақ еліміздің барлық аймақтарында тұратын жас ақындардың көпшілікке танымал болуына жол ашты, шығармашылық жағынан ынталандырды.  

     Бұл жолғы «Махаббат жырлары» жинағына да отызға жуық ақындардың өлеңдері енді. Олардың арасында республикамыздың түрлі аймақтарында тұратын, елге белгілі ақындар мен алғашқы шығармаларын ұсынған жастар да бар. Белгілі ақын, жазушы Арасанбай Естен жинақтың маңызын ерекше атап, оған енген жырларға қысқаша шолу жасап, өз пікірін білдірді.

«Махаббат тақырыбы әдебиетіміздің барлық жанры үшін, оның ішінде әсіресе, поэзия жанры үшін мәңгілік тақырып. Ол жасқа да, жасамысқа да етене жақын да ыстық әрі киелі ұғым. Ана мен бала, бозбала мен бойжеткен арасындағы сүйіспеншілік сезім, отан мен туған жерге деген махаббат бар. «Махаббат жырларында» осы айтылған тақырыптардың бәрі қамтылған. Олай болатын жөні бар. Өйткені жинаққа өлеңдері топтастырылған ақындардың ішінде ардақты әже, абзал ана аталып үлгерген жандар да баршылық. Бұған кітаптағы белгілі ақын Қызжібек Жарқынбаеваның жырларын оқыған кезде көз жеткіздік. Қайнысы мен жеңгесінің диалогы арқылы берілген сыйласымдық сезімдерінен қалың оқырман халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерімізге қанығады» - деді ол.

    Сол сияқты Арасанбай Жексенбекұлы тағы да бірқатар ақындардың жинаққа енген жырларына тоқтала кетті. «Ақын, журналист, аудармашы Айсұлу Рүстемованың «Бурабай – Әулиекөл», «Жұмбақтас», «Биші қайыңдар» атты жырларынан табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілікті аңғарамыз. Бұған дейін «Құм ішіндегі ән» атты жыр жинағы жарық көрген ақын қызымыздың өлеңдерінде айшықты жыр жолдары көптеп кездеседі. Ақынның Анна Ахматова мен Марина Цветаевадан аударған тәржімәлары да көңілге қонымды, сәтті шыққан дүниелер. 

«Боз аспан, бозғұл тұман, бозғұл далам,

Мұнартып, сағым болып... қол бұлғаған.

Кеудеме бір күй толды күмбірлеген,

Сен болып мөлдіреді... мөлдір ғалам» – деп жырлаған Бақытгүл Мадиярованың туған жерге, туған ауылына арнаған өлеңдері де перзенттік махаббатқа толы.

«Жүрегімді жүруші еді торып мұң,

Саған жаным, жолықтым-ау, жолықтым.

Бақыт деген сен екенсің аяулым,

Бар екенсің, бүгін міне, соны ұқтым!» - деген ақын Айжан Имантаеваның мамандығы ұстаз. Сыршылдыққа толы ақын жырларында «Сезімімді жағушы ем шырақ қылып» (Күзгі бақ), «Әлдекімді сағыну да бір бақыт» (Бақыт), «Соқыр махаббат» (Махаббат туралы аңыз) сынды тосын теңеулер мен айшықты тіркестер жиі ұшырасады.

«Аналарға ақ жаулық жарасады,

Аппақ ардан құралған болашағы!

Бала өсіріп, қыз ұзатып, келін алып, 

Немеремен көгерген әр ошағы!..» - бұл жыр жодарының авторы Меруерт Жартыбаеваның мамандығы есепші. Өлеңдері бірді-екілі жинақтарға енген танымал ақын.

«Шындық менің көз моншағым төгілген,

Шындық менің төс қабырғам сөгілген. 

Шындық менің қара шашым қос жарып,

Шашбауымсыз өрілген... –деп жырлаған Самал Зікірияқызы Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің түлегі. «Іңкәр сезім» атты кітабы жарық көрген. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы №152-мектеп гимназиясының ұстазы.

        Ұжымдық жинаққа айтыскер ақын Зирагүл Нұрданбекқызының 14 өлеңі еніпті. Айтысқа түсіп шыңдалған автордың сөз саптасы да елден ерек.

«Бәрі жат, бәрі мешеу төңіректің,

Көңілге сендік сырды серік еттім.

Іздедім сені ғана суық түннен,

Ішінде маздап жандым өмір-өрттің» - деп келетін «Серік еттім» өлеңі басынан аяғына дейін осы бір ұйқаспен жазылған. Бұл да айтыс өнерінен қалыптасқан шеберлік болуы керек» -деп жоғары баға берді Арасанбай Естен ақындар жырларына.

       Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы Сәуле Досжанова «Махаббат жырлары» жинағына өлеңдері енген авторларға шығармашылық табыс тіледі. Одан кейін сөз алғандар да бүгінгі нарық қыспағында қалған қаламгерлерге жеке кітап шығару оңайға түспейтінін айтып, бұл ретте ұжымдық жинақтың әсіресе жас авторларға мол мүмкіндіктер беретінін айтты. Сол сияқты шараға қатысушылар жинаққа жастармен бірге бұрыннан белгілі қаламгерлердің қатысуының да маңызы зор екенін атады. Елімізге белгілі ақындармен бір жинақта өлеңдері шығуы жастарды қанаттандыратынын, ерекше ынталандыратынын жеткізді. Оған қоса жас ақындар осындай кездесулерде алдыңғы буын қаламгерлерден кеңес алып, ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылығын дамытады деген пікірлерін білдірді.

     Одан соң сөз кезегі «Махаббат жырлары» жинағының авторларына берілді. Айсұлу Рүстемова, Айжан Имантаева, Бақытгүл Мадиярова, Мағираш Тұрсынова, Өлмес Рақымбаева, Меруерт Жартыбаева, Самал Зікірияқызы, Зирагүл Нұрданбекқызы, Алуа Асқар, сондай-ақ таныла бастаған Ернар Тастан, Фархатжан Асылбаев тәрізді ақындар да шараға белсене қатысып, өлеңдерін оқыды.

     Тағы бір айта кететіні, шара барысында Ұлттық кітапханада жинаққа енген қос суретші әрі ақын ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әуелбек Искаков пен әуесқой суретші, өнертанушы, сазгер Ерсайын Жапақтың сурет көрмесі ұйымдастырылып, келушілердің қызығушылығын арттырды. Қатысушы қонақтар ақындар қолтаңбасымен кітаптар алып, естелік суреттерге түсті. Осы ауқымды шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Қазақстан Ұлттық кітапханасы қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Мұнда түрлі тақырыптағы іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады.

      Ия, тағы бір жыр жинағының тұсауы кесілді, отызға жуық ақын шығармасынан тұратын жыр керуені оқырмандарына жол тартты. «Махаббат жырлары» жинағын жырсүйер қауым жылы қабылдайды деп сенеміз.

Зейнолла АБАЖАН, 

Қазақ үні