25 ҮЗДІК ЖАС ҚАЛАМГЕР МАРАПАТТАЛДЫ
2023 ж. 11 шілде
1779
0
Бас қаламыздың Жастар театрында 7 шілде күні Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, елордалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен Елордамыздың 25 жылдық мерейтойына орай жас ақындар мен жазушыларды қолдау мақсатында «ҮЗДІК ЖАС ҚАЛАМГЕР» байқауы өтті.
Осынау ширек ғасырда еркіндік пен елдігіміздің нышанына айналып үлгерген бас қаламыз қаламгерлердің де қасиетті ордасы. Бүгінде Жазушылар одағына мүше 160 ақын-жазушы астаналықтар қатарында.
Жас ақындар мен жазушыларға шығармашылық дамуы үшін жағдай жасау және жастардың оң бастамаларына қолдау көрсетуді мақсат еткен байқауға 14-35 жас аралығындағы елордалық жас ақындар мен жазушылардан 100-ге жуық өтінімдер мен шығармалар келіп түскен. Астана күніне орай марапатқа ие болған қаламгерлер қатарына төмендегі ақындар мен жазушылар енген екен: Жәнібек Әлиман, Жадыра Байбұланова, Рауан Қабиболдин, Олжас Қасымов, Айзада Рахымжанова, Азамат Тасқара, Арман Шеризат, Бақытбек Қадыр, Есбол Нұрахмет, Біржан Ахмер, Айдын Байыс, Алпамыс Файзолла, Айдана Сегізбаева, Ділдә Уәлибек, Айдана Қайсарбек, Батырхан Сәрсенхан, Ботагөз Мұқиден, Айсұлу Әлмаш, Дәулет Жалелов, Қарлығаш Қабай, Дәулет Телманов, Әлия Іңкәрбек, Дүйсенәлі Әлімақын, Жұлдызай Ысқақ, Ажар Ерболған.
Байқау аясында үздік шығармалар жиналып, әр жүлделі 25 қатысушыға – 500 000 тенге қаржылай сыйлық табысталды.
Қортында марапаттау кешіне жазушы-драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Астана қалалық әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Дәкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы және Жазушылар одағының мүшелері мен қала қонақтары қатысты.
Байқауға қатысушылар Астана тарихында жас қаламгерлерге жасалған тұңғыш қамқорлық жылда жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.
«Биыл – байрақ көтерген Астанамыздың 25 жылдығы. Ерке Есілдің жағасындағы елорда көркейіп, қанат жайып, жалпы қазақтың қуанышына айналды.
Ақын-жазушылар елорданың рухани келбетін қалыптастырды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бұған дейін 80 қаламгерге сыйақы табысталса, бүгін 25 үздік жас қаламгерге 500 000 теңгеден сыйақы беріледі. Қаламгерлер атынан қала басшылығына алғыс айтқым келеді» - деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы, Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.