Әмбебап әдебиетші Әуезхан
2013 ж. 30 сәуір
1853
0
ӘМБЕБАП ӘДЕБИЕТШІ ӘУЕЗХАН
55-ші көктемін қарсы алды
Белгілі әдебиетші, жазушы, ақын, аудармашы Әуезхан Қодар 55 жасқа келді. Осыған орай, қазақ білімінің қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «Әлем әдебиеті ұғымындағы қазіргі қазақ әдебиеті: салт-дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық конференция өтті. Жиында Испаниядан келген Гранада университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рафаэль Гусман Тирадо және Ресейдің белгілі профессорлары қаламгердің шығармаларын талқыға салып, қазақ әдебиетінің қазіргі аяқалысын сөз етті. Бұл шараның басты ұйымдастырушыларының бірі – Ресей Ғылым академиясы Орыс әдебиеті институтының жетекші ғылыми қызметкері , Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры Сергей Кивальник.
Әуезхан Қодар – қазақ және орыс тілдерінде жазатын танымал ақын, философ, аудармашы, көсемсөзші, «Тамыр» журналының бас редакторы. Ол өзіндік стилі қалыптасқан жазушы. Оның төл әдебиетімізге қосқан үлесі үлкен. Қауызын алғаш қара өлеңмен ашқан қаламгердің бірнеше томдық жинақтары бар. Олардың біразы әлем сыншыларының сүзгісінен өтіп, теңдессіз туындылардың қатарына жатқызылды. Оның аударма саласында еткен еңбектері – бір төбе. Хәкім Абай мен Мағжанның жырларынан сусаған жазушы қара сөз зергерлерінің ондаған шығармасын орыс тілінде сөйлетті.
Жиында жазушының аудармашылық қызметі көбірек тілге тиек етілді. Шетелдік мамандар қара сөз жорғасының түрлі тақырыпқа қалам тарта алатындығын да ерекше атап өтіп, Әуезхан Қодардың әмбебап жазушы екенін баса айтты.
Қаламгердің өзі былай дейді: «Бұл менің шығармашылық есебім деп ойлаймын. Кейбір адам өлең жазса, мақала жаза алмайды, мақала жазса, өлең жаза алмайды. Мен осының барлығын бірдей жазам. Ақын, әрі досым Жұматай Жақыпбаев менің қазақша жазуыма себепкер болды. Қазақ әдеби мұрасын бөле қараған емеспін. Қазақ әдебиетін әлемдік контекстке көтеретін кез келді. Біз әлемдік мәдениетпен сайысқа түсуіміз керек. Біздің көштің Дидар Амантай, Асылбек Ықсан сияқты таланттылардың буындарымен толығуы қуантарлық жағдай».
«Тектіден текті туады» дегеннің рас екендігіне осы жолы тағы да куә болдық. Әкесінің ізін жалғастырушы қызғалдағы Айман Әуезханқызы оның философиясына тоқталды. Артынша Айман тыңдарман қауымға қонақкәде жасады. Ол әкесінің өлеңіне ән жазып әкеліпті. Айманның сазгерлік өнеріне тәнті болдық. Айман өзінің өнер жолындағы ұстазы – асқар тау әкесі екенін мақтанышпен айтты.
Айман Қодар музыка мектебін бітірген. Бүгінде шығыстану факультетінің 1 курс студенті. 18 жасында адамзат жанының ішкі иірімдерінің шексіз қырларын ашатын прозалық монологтар жанрындағы «Айналайын» кітабының авторы болды.
Қазақ және орыс тілдерінде қатар жазатын Әуезхан Қодардың өз шығармалары бүгінгі таңда әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Жиын соңында арнайы мамандар сол туындылардан үзінділер келтіріп, қаламгердің шығармашылығына зор табыс тіледі.
P.S. 30 сәуір күні сағат 15.00-де Алматыдағы Мұхтар Әуезов мұражайында Әуезхан Қодар шығарып отырған «Тамыр» журналына арналған әдеби кеш өтпекші. Келем деушілерге есік ашық.
Ақтолқын ТӘЖІК