ЖЫРҒА АЙНАЛҒАН ЖАМПОЗ
2023 ж. 12 маусым
1921
0
Қайрат Әлімбек – 60
Соңында «Сөзімнің гүлі», «Жоқ іздеген жігітпін», «Намыс найзагері», «Махаббатстан» сынды жыр жинақтары қалған Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ақын Қайрат Әлімбек арамызда жүрсе алпыс жасқа толар еді.
Амал не, тағдыр мұны бұйыртпады, арсыз ажал азаматтығы мен адамгершілігі де биік дарынды шайыр, қарымды журналистті ерте әкетті.
Төменде ақын замандастарының естеліктер топтамасы ұсынылып отыр.
Жоқ іздеген ақын
Адамзат баласы ес жиып, етек жапқан соң асау арналы өмір-өзенде алдымен өзін іздейді. Жүрегінде сәулесі бар жандар қалайда дөңгеленген дүниенің бір кірпіші болып қалану жайын қамдайтыны айдай ақиқат.
Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ оқу-тоқумен жадына сіңген ұлы Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген өсиетті өлеңі өзі ақынжанды Қайратты алға жетелеген екен.
Оған дәлел – онжылдығын жақсы бітіріп, ҚазМУ-дің қара шаңырағына жол тартты. Міне, біз сол өткен ғасырдың сексенінші жылының басында осы оқу ордасында таныстық. Алғашқы қол алысуымыз тамыры берік достыққа ұласты. Ол кезде журналистика факультетіне түскен студенттердің тең жартысы өлең жазатын еді. Бәрі ақын, бірінен бірі асып түсетін сияқты. Туған күн, тағы басқадай басымыз бір дастарханда тоқайласатын сәттер аз емес. Сондай ақжарма отырыстарда, әсіресе, Қайрат жасындай жарқылдап, жазғандарын төгілдіре жөнелетін. Тершіген маңдайын сүйкей сүртіп, шашын саусағымен кері қайыра толқындатқанда тоқтатып көр. Көбіне жастық дәурен, ҚазМУ-дің шаңырағы, махаббатқа толы мөлдір сезімдер қайшы алыса, түйдек-түйдек түсіп жататын. Кестелі жолдардың кейбір кедір-бұдырына қарамай, жадыраңқы көңілмен жамырай қол соғамыз. Сол сәтте бетінің ұшына қан жүгіріп, ұяң қалпында орнына ұяла отыратын. Осы сурет менің көз алдымда күні бүгінге дейін сақтаулы.
Қаламы қатая бастағанда, енді өлеңнен өзін іздеді. Жұмбақ әлемнің тылсым сырларымен тыныстауға машықтанды. Поэзия-түбіне жеткізбейтін «тереңде тұнып жатқан дауыл-күй» (Қасым) ғой. Өзін осы иірімнен іздеді. Әсіресе, сол кездердегі жас ақындардың дені Мұқағалиды жастанып жатып оқитын. Жаттап алатын. Жандарына кәдімгідей дауа табатын. Қайрат мұзбалақ Мұқағалиға ерекше берілді. Табынды десек те болады. Кесек болмысымен ұқсағысы да келді. Кейбір өлеңдері Мақатаевпен егіз қозыдай үндесіп кететіні де содан. «Мұқағалидың ізімен» атты мына өлеңге назар аударайықшы:
– Ең қымбаттың?
– Отаным ғой –
Мекен еткен менің ғажап достарым.
Бақытым сол –
мына өмірде найзағайдай
Қас-қағым.
Арасында жүрсем болды,
Керегі жоқ басқаның!
Амал қанша, ақын досымызды ажал арамыздан алып кеткелі де біраз жылдардың парағы жабылды. Дәл биыл алпыс жасқа толып, тойлап жатар едік. Өзекті өртейтіні сол, өмірден де, өлеңнен де өзін тауып, шығармашылығы шынымен толысқан шағында кете барды. Екі қабатты жайлы үйге жайғасып, жүйкесін тоздырған тұрмыстың тұсауы шешіліп, ағыл-тегіл ақтарылам деп жүрген шағында көз жазып қалдық.
Енді біз-курстас достары жоғымызды іздеуге мәжбүр болып отырмыз.
Жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабай өзі бас болып, осы ұсынысты ортаға тастаған екен. Қолдай кеттік. Қайрат ақынның да туған топырағы Жетісу аймағындағы Жәркент өңірі. Жарасып-ақ тұр. Іздеушісі бар деген осы.
Ептеп шегініс жасасам, Бейбіт, Қайрат үшеуміз Алматының Т.Жароков көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінен жайлы пәтер жалдап тұрдық. Көше ақынның атында болған соң екеуміздің арқамыз қозады. Бейбіт салқынқанды, арғы-бергіні ақыл елегінен өткізіп, күнделікті күйбең тірлікке ширақтығымен үлгі көрсететін. Тіпті, кей күндері сабаққа да соның «айғайымен» баратынымызды несіне жасырайын. Бейбіт домбырамен де, гитарамен де небір әсем әндерді нақышына келтіре орындайды. Қайрат екеуміз екі жағынан «барылдап» қосылған боламыз. Оны өзімізше «Жароковски трио» деп қоямыз.
Қазақтың «келешегі кемел бала» деп басталатын сөзінің жаны бар. Басы идеяға толы досымыздың әр минуты санаулы, жоспарланулы болады. Қала берсе бокс қолғаптарын арқалап жаттығуына кетеді. Біз үйде өлең жазумен отырамыз. Кешке оқимыз. Тас-талқан сын, кейде оны көтере алмай керісіп қалатын кездеріміз де аз емес.
Қайран, Қайрат дос аңқылдаған, ақкөңіл, жүрегі таза жаратылған жан еді. Көңіл есігі кімге де болса әрдайым ашық болатын.
2006 жылы Алматыдағы Ғалымдар үйінде менің шығармашылығыма арналған кездесу кеші өтті. Осы шараны басынан аяғына дейін Қайраттың өзі жүргізіп отырды. Сонда: «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деп ағынан ақтарылғаны бар еді, ақын досымның. Бүгін сол сөзін өзінің рухына қарата айтудың реті келіп тұр.
Енді ақындық қуатына келсем, қатарластардың ішінде 1994 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жоқ іздеген жігітпін» атты кітабы үшін «Қазақстан Жастар одағы» сыйлығының лауреты атанды. Қазіргідей қаптаған сый-сияпат емес, қадау-қадау өнер адамдарына берілетін өте биіктегі мәртебе болатын. Осыдан-ақ досымыздың қалам қарымын аңғарамыз. Сыйлықты тапсыру салтанатына мен де қатыстым. «Абай» журналын баспаға өткізу үшін Алматыға жол түскен еді. Алақанды аямай, қызарғанша соғып отырмыз. Қасымда мықты, терең ақын жарықтық Нұрлан Мәукенұлы болатын. Марапатты Фариза Оңғарсынова апайдың қолынан алды.
Сыртқа шыққан соң: «Жүзің сынық қой Қайрат, неге қуанбайсың?!» деген сөзіме, алдымен Қуанышқа апрып көрсетейікші (жан жарының есімі Қуаныш) ол қазір ауруханада жатыр демесі бар ма. Таксимен сонда тарттық. Таңға дейін қызығымыз тарқамады.
Толтырғым кеп біліммен тостағымды,
Ағытқан да өзіңсің тоспа мұңды.
Ұмытпаймын десем мен ұмытпаймын,
Көрсеткенің үшін тек достарымды.
Мен кетермін, болашақ шақырды алдан,
Белгі қалса болмас-ты ақында арман.
Ал, өзіңде арман жоқ, қалашығым,
Жартасында жанымның атың қалған!..
Иә, бұл ақын жанының жартасында жазылып қалған ҚазМУ-дың қалашығы ғой. Баққа оранған осы қалашықта талай таланттар тау биіктерге құлаш ұрды. Қайрат Әлімбек те сол шоғырдың бел ортасында болды. Әдебиет әлеміндегі өзіндік орны ойсырап тұратыны даусыз.
Ғарышқа шықты мақсұтым қаптап,
Анашым, жалғыз сені іздей.
Өссек пе дейміз ақ сүтіңді ақтап,
«Баласы нашар...» дегізбей.
Көңілім сенбей санамды бөлем,
Қалайша нансын бұл көңіл?!
Түсімде тірі анамды көрем,
Ұйықтай да қалсам түнде бір...
Түн баласы түсінен шықпайтын анасының басына ескерткіш тас апара жатып көлік апатына ұшырады. Мәңгілік көз жұмды. Тірі жанға қылдай қиянаты жоқ досымыздың жайы жәннатта шығар деп топшылаймын өзімше!
Мұратбек ОСПАНОВ,
ақын
Қара өлеңнің Қайраты
Қайрат Әлімбек... Жырқұмар қауымға танымал есім... Ілгеріректе журфакқа оқығандар оны жақсы біледі. Нағыз ақын еді ол. Шабыт қысып ширыққан шайырдың шынайы болмысы оның бүтін бітімінен, түр-сипатынан айқын көрініп тұратын. Адам баласына зияны жоқ. Тіпті, шыбынға да залалы тимейтін. Тек ит жыны тырысып отырғанда сол шыбыныңның өзі келіп ұрынып жүрмесе болды...
Қайрат дегеніміз – қара өлең. Сол қара өлеңнің әр жылдардағы үзіктері... Қайрат дегеніміз – «Тотияйын көкке қадалып қылған оқ шыңдар»... Қайрат дегеніміз – «Топталып маған күледі, бір қауым қарға, Күлсе күлсінші, соларды ұрғаным бар ма?»... Қайрат дегеніміз – «Басқа жанға өзіңді қайда қию, Басталады сен кетсең, Аида, күю. Англияға ассаң да жетіп барам, Ай лав ю! – деп сосын, – Ай лав ю!». Қайрат дегеніміз – ЖенПИ-дің жатақханасы... Қайрат дегеніміз...
КазГУ-дің қалашығынан одан өткен адал, одан өткен ақкөңіл адамды табу қиынның қиыны еді. Көмек сұрап келген адамға қолындағы барын береді. Ешнәрсе сұрамағандарға да әйтеуір бірдеңе үлестіріп жүреді. Ақынның қолы ашық екенін білетін төменгі курстың балалары кешке қарай «Қайрат аға, аюдай қорбаңдаған, Дәл келе ме, военка формаң маған», – деп әскери сабаққа киетін киімін сұрап, қиылып кеп тұратын.
Өзінің көңілі қандай кіршіксіз болса, өлеңдері де сондай таза болды. Жүрегімен жазды. Жанымен жырлады. Жанарымен жеткізді. Ол күлгенде бүкіл әлемді шуаққа бөлеп, бүкпесіз күлетін. Қыстыгүні Қайрат көшеге шыққанда, шашынан будақ-будақ бу көтеріліп келе жататын. Сірә, ішкі әлемі мен сыртқы әлемі жиі арпалысқа түсетін болса керек. Ол үнемі қыз-қыз қайнап жүретін қызуқанды жігіт еді. Бірақ қызуқандылығы мінезіне берілмеген, жер қозғалса, қозғалмайды. Бірақ сол бір жылдарда идеалына айналған көзілдірікті қызды көргенде қозғалмақ түгілі бір орында тұрмай, безек қағып кететін. Бұл бір көзілдіріктілер көзілдіріксіз, көзілдіріксіздер көзілдірікті бойжеткендерге қарап емініп жүрген есірік заман-ды... Сол көңіл-күйді Қайрат ақынның:
Көрмек болып анықтап тамашаны,
Көзілдірік тағыпсың, жарасады!
Қара көзің ерекше мөлдірейді –
Анық бәрі, ап-анық болашағы.
Келтірмесін жаныңа сөзім күдік,
Кейде білмен, өзімді өзім біліп.
Айналамды анықтап алатұғын,
Керек боп жүр көңіліме көзілдірік, –
деген өлеңі дәл бедерлейтін.
Мен оны алғаш көргенімде сидаңдау, тікірейген кірпі шашы өзіне керемет жарасатын көркем жігіт еді. Кейіннен жылдар өте келе шашы едәуір сиреп, оның есесіне ойы қалыңдап, жауырыны жалпайып, өлеңі де, өзі де толысып, қазақ поэзиясының нағыз Балуан Шолағына айналды.
Әдетте, ақындардың бәрі бірдей журналистікке бейім бола бермейтін. Ал Қайраттың журналистік шеберлігінде мін жоқ-ты. Кез-келген дүниесін машинкаға бірден диктовка жасайды. Сол диктовка жасаған мақаласының өзі он ойланып, тоғыз толғанып, қаламмен қағазға түсіргендей болып мінсіз түзілер еді. Ол ең өнімді жазатын журналистің бірі болды.
Қайрат сері бірде өзінің диплом жұмысын жазуға отырды. Қорғауға бар-жоғы бір-ақ күн қалып еді. Таңертең бесінші жатақхананың он-он бес кітап, төрт-бес орындық тұратын «қызыл мүйісіне» кірді де, кешке дейін қамалып отырып, дипломын бітіріп бір-ақ шықты. Қара тер, қара жым... Оның есесіне жұмысы дайын. Маржандай жазумен елу бет. Оны енді жатақхананың жанкешті қыздары бір жерден машинка тауып, түнімен басып береді. Таңертең – қорғау! Саған онға дейін жетекші мен рецензенттің пікірін алып үлгеру керек. Үлгереді оған да... Бір-ақ күннің ішінде диплом жұмысын жазып шығудан қиын ғой дейсің бе?! Қайрат ылғи да осылай экстремальды жағдайда жұмыс істеді.
Қайраттың жүрген жерінің бәрі қызықты хикаяға толы еді. Бірде бесінші жатақханада керіліп-созылып ұйқыдан тұрып жаттық. 503-бөлме. Алдымен оянған Қайрат балконға шығып, қыламықтаған қарды көріп, «Аппақ қар, ақ қар, ақ мамық...» деп өлең өре бастады. Көзін бір-ашып, бір жұмып, манаурап жатқан Талғат Батырхан жалмажан орнынан атып тұрды. «Қар жауып тұр ма не?! Қар жауды дегенше, қан жауды десейші... Бүгінгі «Қайраттың» ойыны ойын болмайтын болды ғой...».
Тумысынан супержанкүйер Талғат қаралай күйініп, тау құлағандай күй кешіп жүрсе, Қайрат: «Мағ-ғ-ған бәрі-бір!», – деп шиқылдап тұрып күледі.
– Осы футбол дегеніңді суқаным сүймейді, – дейді сосын. – Барсам болды, елдің бәрі: «Қайрат»... «Қайрат»... деп, жан-жақтан айқайлап, даусы жеткенше балағаттап, жер-жебіріме жетеді. Қара есекке теріс мінгізеді... Өйткен футболыңның...
Тағы бірде Қайрат сері бізге «серіліктің бәрін қойып, ылғи сабақ оқып, бірыңғай өлең жазам» деп уәде берді. Кез-келген ұғымға «қазақ-совет» дегенді қоспаса, сөздің дәмі кірмейтін кезең. Сол тұста жігіттер мұны әбден қалжыңға бұрып, екі сөздің біріне «қазақ-совет» дегенді тіркейтін де жүретін. Соған орай біздің Қайратымыз да қазақ-совет ұланының үлгісіндегі әп-әйбат бала болып қалыптасып келе жатқан-ды. Сабақ – кітап – өлең... Басқа жаққа бұрылмайды. «Жаса, Қайрат, жас Қайрат», – деп жігерлендіріп қойып, өзіміз қыдырыстап кетеміз.
Белгілі фантаст жазушы, ұлағатты ұстазымыз Абдул-Хамид Мархабаевтың «Кәкен екі күнге жетті» деген шығармасы бар еді. Сол ағамыз айтқандай, ақ Қайроштың тәртіптің құлы болғанына екі күн емес, тура бір апта өтті. «Ұзағынан болсын!», – дейміз де тағы ұзап шығамыз. Бір күні жатаққа келсек, Қайратымыз көрінбейді. Төсегі ұқыпты жиналған. Тура солдаттың төсегіндей. Бірақ керуетінің үстіне бір парақ қағаз қалдырып кетіпті. Сол баяғы маржандай жазуы... Бір шумақ өлең...
Өмірден көрмесем де артық тепкі,
Бұл тірлік дей алмаймын жарытып та өтті.
Қысылам қазақ-совет Ары алдында,
Дегенмен, думан мені тартып кетті!..
Түн ортасына қарай жатақханаға қап-қап шабыт арқалап келді. Шыны керек, өзіміз де оқымысты Қайраттан әбден жалығып, нақ осындай көңілді Қайратты сағына бастағандай едік...
Кейін жастық шағымыздың берекелі бесігіне айналған «Жас алашта» бірге қызмет істедік. Кешке дейін атқаратын шаруаны түске дейін-ақ жапырып тастайтын.
Қара өлеңнің Қайраты осыдан он бес жыл бұрын қара жолдың үстінде мерт болды. Әбден толысқан шағында ғарышқа аттанды. Кәдімгі Есенқұл ақын «Жоғарыда жұлдыздардың съезі, Болып жатыр мен білсем...», – деп жырлайтын қою аспан, зеңгір көк...
Арамызда аман-есен жүрсе, дәл осы күндері елу сегізге толар еді. Рухы биікте болсын Қайрат досымыздың!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
профессор, ҚР ҰҒА академигі.
«Семейдің милициялары гуманист екен»
1995 жылдың жазы. Ұлы хәкім Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңы. Семей өңіріне қонақтар жан-жақтан ағылып келіп жатады. Сол қонақтардың ішінде Алматыдан бір топ ақын-жазушылармен бірге курстасымыз Қайрат Әлімбек те жолға шығады. Бұл сапар тым көңілді болса керек, поезда келе жатып, Қайраттың «тежегіші» сәл босаңсып кетеді. Түнімен ұйықтамағандықтан, Семейге қатты шаршап жетеді. Вокзалда ұйқысын аша алмай, теңселіп тұрған кезінде жанына екі милиционер келіп, жөн-жосығын сұрайды. Қайрат Абайдың тойына келгенін айтып, қолындағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі екендігін дәлелдейтін куәлікті көрсетеді. Мәселенің мәнісін түсінген екі милиция жігіті: «Қайда тоқтамақшысыз немесе кімнің үйіне барасыз?» деп сұрайды. Ол «Мұратбек Оспановтың үйіне» деп жауап береді. Милиционерлер Мұратбекті қайдан білсін. Әйтеуір мекен-жай бюросы арқылы адресті тауып, Қайратты Мұратбектің үйіне дейін жеткізіп салады.
Сол кезде Семей облыстық ішкі істер органы қызметкерлеріне ұлы Абайдың тойына келетін шығармашылық өкілдерімен және басқа да қонақтармен өте мәдениетті сөйлесу және кішкене «еркеліктері» болса, сабырмен қарау керектігі жөнінде нұсқау беріліпті. Екі милицияның Қайраттың «еркелігіне» шыдап, Мұратбектің үйіне дейін әкеліп тастап жүргендері сондықтан болса керек.
Мұратбектің үйінің есігіндегі қоңырау шыр ете түседі. Сол күні оның үйінде ұлы Абайдың тойына алыстан ат терлетіп келген курстасатры Кенже Жұмағұлов пен Бауыржан Жақып та отырады. Ашса, екі жағында екі милиция, ортада теңселіп тұрған Қайратты көргенде курстастар шошып кетеді. Милиция қызметкерлері Мұратбекке: «Аға, мына жігітті танисыз ба?» дейді. Мұратбек болса өзінің асыға тосып отырған қонағы екенін айтады. «Жарайды онда, қарсы алыңыз, аға» деп екі милиция Қайратты үйге кіргізген соң Мұратбекке қонағын вокзалдан қалай алып келгендері жөнінде айтып береді. Мұратбек екі жігітке досының «еркелігіне» түсіністікпен қарағандары үшін алғысын жаудырады. Қайрат болса үйге кірген бетте тамаққа қарауға шамасы келмей, ұйықтап қалады. Ертесінде оянса, Мұратбек досының үйінде жатыр екен. Қалай келгені еміс-еміс қана есінде болса керек. Мұратбек оған екі милиция жігітінің оны қалай әкеліп тастағанын жыр ғып айтып береді. Сол кезде бұл жағдайға шынымен де аң-таң болған Қайрат: «Мә, Алматыда болса әй-шай жоқ қамап тастайды емес пе. Семейдің милициялары гуманист екен ғой...» депті ризашылықпен.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
жазушы
Кіршікіз пейіл
Ақын Қайрат Әлімбекпен тоқсаныншы жылдардың басында республикалық «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде бірге жұмыс істедік. О замандағы «Дәуір» баспасын алып ақпарат индустриясы десе артық емес. Негізінен, бір жерге шоғырландырылған баспасөз орталығының тірлігі күні-түні қыз-қыз қайнап жатады. Тек ол кезеңдегі бір «дәстүр» – журналист ағайынның көбінің «біртартары» бар. Иә, қазағы да, орысы, немісі де шарапқа кетәрі емес... (Бұ жағынан кәріс пен ұйғыр ағайындардың «салтын» біле қоймайды екем)...
Бізбен көршілес «Ленинская смена» (кейінгі «Экспресс К») газетінің қатты қызып алған тілшілері, тіпті, тападай тал түсте дәлізге шығып, музыканы даңғырлатып қойып би билейтін. Соларға: «Әй, бұларың қалай?! Жұмысты ақсаттыңдар, қалыптасқан әдеп, мораль қағидаларына қайшы келдіңдер!» деп ескерту жасаған ешкімді білмейміз...
Бізге де кіріп-шығып жататын ел көп. Жан-жақтан келуші авторлардың газетте жарық көрген дүниелерін «жууы» жиі.
Кей-кейде Қайрат екеуміз бір жартылық «сусынды» салып алып, тоғызыншы қабатта орналасқан «Балдырған» журналының бөлім меңгерушісі, белгілі жазушы Әлсейіт Ақпанбет ағамызға барып тұрамыз. О кісі бізді көргенде екі көзі жайнап, жан-жағына алақ-жұлақ етіп бір қарап алып, алақанын ысқылап, қатты қуанады. Соған қарағанда, ылғи таңдайы құрғап, «сусап» отыратын сияқты. Әлде ақпейіл інілерімен көсіліп әңгімелесуге құмарта ма екен...
Кең бөлмеде Әлекеңмен қатар жайғасқан осы басылымның жауапты хатшысы, танымал сатирик жазушы Бейсебай Кірісбай мен сонда тілшілік қызмет атқаратын көрнекті ақын Сабырхан Асанов ағаларымызбен де арқа-жарқа амандасамыз. Бәрі де жарқыраған жайсаң жандар. «Дәмге» шақырғанымызда Сәкең ақырын ғана жымиып:
– Рахмет, жігіттер! Маған қарайламай өздерің «нете» берерсіңдер. Мен аздап болыңқырамай жүрмін, – деп бас шайқайды.
Бейсекең де ақсия күліп, құйғызып алған елу грамдай шарапты қанағат тұтады.
Бір кезде қозғалақтасып, үлкен үстел тасасына жасырған шөлмекті ыңғайлай бергенде басылымның бастығы, атақты ақын Тұмағаң... Тұманбай Молдағалиев кіріп келгені.
Аздап абдырап қалған сәтімізде ақкөңіл Қайрат ағасын арсалаңдай құшақтап, оған пиджагының төс қалтасынан өзінің жаңада шыққан «Жоқ іздеген жігітпін» деп аталатын жыр жинағын ұстата қойды. Сәл аңтарылған Тұмағаң шағын кітапты аялай сипап, көзәйнегін шешті де, бір-екі бетті парақтап, шұқшия оқыды. Одан:
– Өй, мына жаман әжептәуір өсіп қалыпты-ей! Молодец! – деді ризалық кейіппен. – Әй, сен ертеңдері маған бір кірсеңші. Әлдебір сыйлыққа ұсынайық бұ кітабыңды. Ұсыныс жазып берейін...
– О-о! – деп шуылдасып, жинақ иесін жан-жақтан қолпаштап жатырмыз. Расында, ойламаған жерде классик ақыннан мұншалықты лебіз есту екінің біріне бұйырмайтын бақыт шығар. Қайраттың да екі езуі екі құлағына жетіп, ыржыңдап тұр.
– Тұмаға, рахмет! – деді ол. – Өзім де қатты қуанып жүрмін. Осы жинақты «жуайын» деп... Кішкене «сусын» бар еді. Соны ептеп татуға рұқсат берсеңіз!
Көңілді ақын да ақжарқындық танытқан:
– Е, мақұл! Бірақ мына жерде мылжып көп отырмаңдар. Қазір жұмыс уақыты ғой... Шектен шықпассыңдар!
– Әрине, аға! Әрине...
Тұмағаң кетіп бара жатып Қайратқа бұрыла қарады да:
– Әй, көбірек өмір сүргің келсе азырақ іш, нақ!.. – деді.
Мәз болып күліп жатырмыз. Бұл да – жанашыр ағаның ініге деген кіршіксіз пейілі-тін.
Әзілмен айтылған осы уәж, бір жағынан, бәрімізге арналғандай еді.
Содан бір мезгілде Сабырхан мен Бейсебай ағаларымыз үйлеріне қайтты. Расында да, мылжыңқырап отырып жұмыс уақытының аяқталғанын аңдамай да қалыппыз.
Есесіне, қатарға Әлсейіт ағадан да едәуір ересек бір жазушы ағамыз келіп қосылған. Қасына ерткен бір-екі журналист бауырымыз бар. (Олардың кім екені естен шығыңқырапты). Бұл екі аралықта әлгілердің бірі жинап берген ақшамызды алып, іргеде тұрған Көк базар жаққа екі мәрте түсіп қайтты. «Кешіміз» қызды.
Бір уақытта қарасақ, Тұмағаңның өзі келіп тұр! Әлдебір шаруаларымен отырыңқырап қалған о кісі де әйнекті есіктен шамы жарқыраған бөлмедегі жағдайды біле кеткісі келген сияқты.
Сол кезде ғана ес кіргендей болды. Қас қарайғанша отырыппыз ғой! Кабинет іші көк түтін.
Тұманбай аға:
– Әй, қайтпайсыңдар ма! Мыналарың не?! – деді қабақ шытып. Сол кезде бірталай масайған әлгі егде жазушы бізді «қазір қайтамыз, аға. Кешіріңіз!» деуге үлгертпей:
– Өй, немене сен! Бұларда нең бар?! Жұмыс күні бағана бітті ғой. Бастықтық деген мұндайда жүрмейді. Кетсең өзің кете бермейсің бе! – дегені.
Тұмағаң биік мәдениеттің, заңғар парасаттың адамы емес пе, үндемеді. Әлгі қаламгер тілі удай, кішкене безбүйректеу, көргенсіздеу жан екен, айыл жияр емес:
– Ылғи өстіп күмпиесің де жүресің! Бірақ сенің ешбір шаруа шешкеніңді көрген емеспіз...
Тұманбай ағаның түтігіп ашуланғаны түрінен көрініп тұрса да, сыр бермеуге тырысқан. Тек:
– Сөзді қойыңдар да, қайтыңдар. Бұл сендерге мал қора емес. Арақтарыңды үйлеріңе апарып ішіңдер! – деді де, шығып кетті.
Мен ақиық ақын ағаның соңынан «Тұмаға, Тұмаға!» деп қоса жүгіре шықтым. Зиянымыз бәрінен бұрын «Балдырғанның» қызметкері Әлсейіт ағайға тиіп кететін болды-ау деп жанұшырып келемін.
Қатты ренжіген Тұмекең лифтіге де қараған жоқ, тоғызыншы қабаттан төменге қарай сатымен түсуге айналды.
– Тұмаға, Әлсейіт ағада жазық жоқ. Кішкене отыра тұрыңыз деп жібермей қойған біз едік...
Ақын әлден соң аздап жібігендей болды:
– Өй, әнебір жексұрынды қайдан қосып алғансыңдар қастарыңа?! – деді өзінің қызметтік «Волгасына» жайғасып жатып. – Жарайды. Отырған жерлеріңді аздап жинастырып, бөлмені біраз желдетіңдер де, шамды өшіріп, есік-терезені жақсылап жауып, қайтыңдар ертерек. Бірдеңеге ұрынасыңдар ғой, жігіттер-ау. Қазір көшеде милиция да қаптап жүр. Аяғыңды шалыс басқаныңды аңдаса апарып жабады да тастайды...
***
Бүгінде сонау қырсық ағамыз аман-сау жүріп жатыр. Қартайған. Бірақ кісіге орынсыз соқтығып, жан жаралайтын қыршаңқылық әдеті әлі бар-ау деймін.
Ал Тұмағаң, Сабырхан, Әлсейіт ағалар бастаған Бейсебай, Қайрат сынды ардақты азаматтар арамызда жоқ...
Құлтөлеу МҰҚАШ,
жазушы
Суретті түсірген Шүкір Шахай