ШАЛКӨДЕДЕН ШЫҚҚАН ШАРҒЫН ШАЙЫР
2023 ж. 29 мамыр
2370
0
1970 жылдарда Шарғын Алғазиевтың өлеңдерін аудандық «Советтік шекара» (қазірігі «Хантәңірі») газетінен ара-тұра оқып жүрдік. Өлеңдері оқыған адамды тартатындай құдіреті бар еді. Кейін ол кісі жайында «Шарғын үлкен ақын» деген әңгімені де естідік. Осыдан соң ақынның өлеңдері мен өмірі мені де қызықтыра бастан-ды.
Шарғын бала кезінде хат танып, сауатын ашыпты. Совет өкіметі орнаған жылдары қызметке тұрып, жаңа заманға белсене араласқан. Заманның аумалы-төкпелі 1930-шы жылдардың асыра сілтеу уақытын да көзімен көрген. Елге түскен ауыртпалықтың салдарынан шекара асып, жалпыға белгілі себептермен Қытайға өткен екен. Іле қазақ облысына қарасты Текес, Моңғолкүре аудандарында ағарту саласында қызмет істеп, мектепте мұғалім, кейін аудандық оқу бөлімін меңгерушісі болыпты. Елде сауат ашу, жастарға білім беру жұмысына бір кісідей қызмет етіпті. Өзі сияқты білімді азаматармен араласып, ұлттық мәдениет пен әдебиетке назарын да ерекше аударып, оның бас-қасында жүрген. Тілге жүйрік, сөзге шебер Шарғын ел арасындағы мықты ақындармен айтысып, суырып салма ақын екендігін де танытқан. Кейін Құлжа қаласында жұмыс істеп, қазақтың мәдениеті мен әдебиетін танытуда тындырымды істер атқарыпты. Өлең, жырлары Құлжа қаласында шығатын газеттерге де басылып, ондағы ұлттық әдебиет пен мәдениетті үнемі назарында ұстайды. Соның бірін Шарғынды көзі көрген Мудын Диманбаев деген қария былай еске алған еді.
«1949 жылы Құлжа қаласында әр аймақтан мықты домбырашыларды жиып, жарыс өткізді. Жарысқа талай мықтылар қатысты. Олардың ішінде қырғыздар да болды. Мен де қатысып, атақты күйші Қожекенің және Тілемістің күйлерін тарттым. Осы істі ұйымдастырушы Шарғын болатын. Бұл Шарғынның бір ғана ісі. Бұдан басқа ол кісінің ұлтқа деген игілікті істері баршылық. Сондықтан болар Шарғынды жақсы танитындар «халықтың адамы», «халық ақыны» деп айтатын деген.
1959 жылы Шарғын өзінің тарихы атамекеніне оралғанымен қызметке тұрмаған. Оның себебі, Совет өкіметі шекараның арғы жағынан тарихи атамекеніне келгендерге қырын қарап, қоғамға керек етпеген-ді. Білімді де білікті мамандарды тек мал бағуға жіберіп, кеңестік құрылымға тартпады. Соның бірі Шарғын ақын да осылардың кебін киіп, бала-шағасын асырау үшін өзі өскен Киров атындағы колхозда (Шибұтта, қазіргі Шалкөде ауылы) сиыр баққан екен. Бұл 1970-ші жылдардағы ақынды жақсы танитындардың айтқан әңгімесі.
1980 жылдары Шибұт ауылында жұмыс істейтін інімнің үйіне болғанымда Шарғын қарияны іздеп барып сәлем бердім. Ол кісі риза болып, кімнің баласы екенімді сұрады. Әкемнің атын айтқанымда, «білемін, Шалкөдеде сиыр баққанымда үйлеріңде болғамын» деді. Кейін тағы бір рет жолым түсті. Үйіне сәлем беріп шығайын деген ниетпен барғанымда төрт-бес қария әңгімелесіп отыр екен. Мені таныған қария: «Балам ертең кел» деген жылы жүзбен шығарып салды. Отырғандардың ішінде Бастау, Иемберді, тағы бір үлкен кісі болды. Бастау Қарасаз ауылдың жаңа клубын жасап жүргенде сырттай білетін едім. Құрылыста прораб болып жұмыс істеген. Ол кісіні білетіндер «Бастау «халық жауы» болып сотталып келген. Сібірде жазасын өтеп, кейін ақталғанын сөз етуші еді. Бұған да менің көзім жетті. Мен Шибұт ауылына барғанымда көшенің жоғары жағынан біркелкі бөренеден қиып салған ағаш үйін көрдім. Бұл үй Бастаудыкі деді ауылдағылар. Үйді Бастау Сібірде жазасын өтеп келгеннен кейін тұрғызыпты. Қуыршақтай әдемі үй шебер қолдан шыққаны бірден көрінді.
Мен ертесінде Шарғын қарияның үйіне бардым. Төргі бөлмеде ол кісі төрт қабатталған көрпенің үстінде жамбастап газет-журнал оқып отыр екен. Шынтағындағы жастықтың астындағы «Жұлдыз» журналы, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Жетісу» мен «Советтік шекара» газеттеріне көзім түсті.
– Кел балам, – деп қасына шақырды. Біздер біраз әңгімелестік.
– Шалтабай сенің аталарың, заманында сауыққой ақын, домбырашы, әнші болған. Айналасына үш жүздей әнші, домбырашы серілерді жиып, сауық құрып өмір сүріпті. Мен бір дастан жазып жатырмын. Ол екі жастың махаббаты жайлы (Ұмытпасам дастанның аты «Айсұлу» болу керек). Екі жас Қызылұшта отырған Шалтабайдың тобына барып қосылады, – деді де, –Мына бір өлең Шалтабай атаңдыкі. Бір жиында ақын Шалкөде мен Қарқара туралы толғапты деп екі парақ төтеше жазылған қағазды ұсынды. Қарияның қолынан алған төтеше жазылған өлең мен үшін үлкен сый болды. Шарғын қария Шалтабайды білетіне іштей қуандым. Көп кешікпей төтеше жазуды өзіміздің әріпке түсіріп оқығанда бабамыз Шалтабай өзіміз өскен Шалкөде жайлауын өлеңге қосып, былай жырлапты.
Дейді жұрт жер жәннаты Шалкөдені,
Айғайтас көкке тіккен сәукелені.
Қыз қуған, сайыс, палуан, көкпар тартқан,
Ат шапса сөре жасап сары төбені.
Жарысқан құс пен жүйрік аттар,
Неше алуан көрсетер ат өнері.
Жайнайды әтір гүлі Шалкөденің,
Көңілді желпіп алып көтереді.
Бір жазы Шалкөденің жылға татыр,
Жиылып қызбала ән төгеді.
Ел ерте Шалкөдеге беттеп көшер,
Ескенде жаз белгісі, көктем лебі.
Жаз шыға аққу, қаздар, су құсы үйрек,
Томпаңдап тоқтыбалақ көп келеді.
Сары уыз сапырулы қымыз ішсең,
Айығар кінаратың өкпедегі.
Шалкөде жазда ерекше сәнденеді,
Ақтасы орманына сән береді.
Бір көрген Шалкөдеге құмар болып,
Айналып көремін деп сан келеді.
Келіңдер Шалкөдеге азаматтар,
Сары қымыз, бағлан еті,
Бойына күш қуат дем береді, –
деп жазылған болса, екінші бетте Шойбектің өлеңі Қарқара туралы екен.
Ел-жұртым мекендеген Қарқараны,
Жиын той күнде болып тарқамады.
Көпшілік басын изеп құп алады,
Сөйлесе азаматтар мәрте балы.
Жиылып қауым халық бас қосқанда,
Ел жүгін ерлер барып арқалады.
Суы бал, шөбі шүйгін Үшқарқара,
Бәрі әсем Қарқараның әр тарабы.
Құлыны құлан тайдай асыр салып,
Жаңылтар құнан қойды марқалары.
Кербез келіп, қырмызы ән шырқаса,
Ауызынан әтір атып, бал тамады.
Сары асу Мыңжылқының кең кемері,
Лабасы шығысынан қалқалады.
Қарасаң Әділбектің ақ шоқысы,
Сұлудың омыраудағы алқалары, –
деп жазылыпты. Шалтабай заманында көпке белгілі ақын, күйші болған, ал, Шойбектің кім екенін мен біле алмадым.
Бір жылдары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің бас редакторы Дәулет Желдікбаевтың Шарғын ақын жайында бір беттік көлемді материалы жарияланды. Материалда ақынды кең көлемде таныстырып, шығармашылығы мен үлкен дарын иесі екенін талдаған. Сондай-ақ өмірбаяны туралы деректер жазылып, ақынды ауданға таныстырып жазған. Материалдан ақын туралы көп нәрсе білген едік.
Шарғын туралы 2000 жылдары атамекеніне оралған Асылбек қажы Інкәнұлы да жақсы білетіндігін білдірген еді. «Ол кісі Текес ауданында қызмет істегенін және ел ішіндегі танымал ақын Таңжарық ақынмен бірнеше мәртебе айтысқанын және Нәсілхан деген ақын әйелмен де айтысып жеңгенін айта келіп, «ол айтысты мен жатқа білемін. Сондай-ақ өзі жүрген Текес ауданындағы Текесті, Үш Бақалықты өлеңге қосса, 1955 жылдары туған жеріне келіп, Шибұтты, Қошқарды, Шалкөдені жырға қосқан. Елге белгілі болған ақын», – деді.
Қытайдағы Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетін тұңғыш зерттеуші Тілеужан Сақалов та Шарғынды жоғары бағалап, екеуі араласып та тұрыпты. Бір жолы Тілеужан қарияның үйіне арнайы барып, әңгіме-дүкен құрған. Бұл туралы Тілеужанның жары Бөпен апай жоққа шығармай: «Тілеужан Шарғын қариямен болған сол кездесуінде ол кісіден біраз әдеби мұраларын таспаға түсіріп келген еді. Бірақ оны мен жоғалтып алдым» деп, маған бір жапырақ қағазды берді. «Бұл Шарғын ақынның Тілеужанға жазған хаты» деді.
Баласы сенсің Сақалдың,
Жасынан жақсы атандың.
Үйде жаттың тырп етпей,
Жайын білсең атаңның.
Кигендей болып отырмын,
Ақыреттің шапанын,
Аруақ болып ариды,
Жүк көтерер атаның.
Бәрін өзің білесің,
Көнелердің мақалын.
Құдай өзі біледі,
Қанша дәмді татамын.
Көріп тұрмын мен бүгін,
Кәріліктің шатағын.
Әніңе салып ән шырқа,
Кешегі сері Аханың,
Қай жерге барсаң бет алған,
Оң болсын қалқам сапарың.
Қоштасатын сөзім бұл,
Көр ауызынан тақалдым, –
деген қысқа өлең. Бұл қарт ақынның 1988 жылы жазған соңғы өлеңі болуы мүмкін.
Міне, тарихта біз біле бермейтін неше бір асыл адамдар бар. Соның бірі ақын Шарғын Алғазыұлы. Ақынның артында көптеген өлеңдері, неше бір керемет дастандары және айтыстары қалған екен.
Амал не сол құнды дүниелері әлі де жарыққа шықпаған. Уақыты келгенде ол да оқырманның қолына тиер деген ойдамыз.
Жексен Алпартегі,
Қазақ үні