ОН БІР КІТАП: АЗ БА, КӨП ПЕ...

ОН БІР КІТАП: АЗ БА, КӨП ПЕ...

Балалар әдебиетінің жас жеткіншек үшін мейлінше көркем де терең танымдық болуы, әсіресе, елдің бүгінгідей өзгерістер дәуірінде маңызды екені түсінікті. Өйткені мемлекеттің жарқын келешегі осы өскелең буынның қолында. Бүлдіршіндердің кішкентайдан ішкі әлемі сұлу, түсінігі мол, жан-жақты болып өсуі көп мәселені айқындайды. 

Ә дегеннен айтайық, бұлар бір жыл ішінде ғана шыққан кітап саны. Қолмызға тиген дүниенің аттарын атап айтсақ: 

1. Оразбай Байбақұлы. «Ұят деген не?».

2. Нұртан Төлепберген. «Қорқақ қоян, ашулы арыстан», «Әріптер мен қалалар, кел жаттайық, балалар», «Балалар мен достар – алуан түрлі құстар».

3. Арасанбай Естен. «Көне кенттер күмбірі».

4. Бекен Ыбырайым. «Аспандағы саяхат».  

5. Заря Жұманова. «Ақбота».

6. Мейіржан Жылқыбай. «Тауға саяхат».

7. Дәнеш Ахметов. «Робот және алты асық». 

8. Көмек Ыбырайұлы. «Есті көктем самалы». 

9. Есенәлі Ералы . «Кірпі мен сұржыланның айқасы».

10. Рахат Наурызбаева. «Ғажайып әлем».  

11. Тілеуғазы Бейсембектің «Көкжиде аңыздары».


Оразбай Байбақұлының «Ұят деген не?» деген кітапшасы отыз жеті топтамадан тұрады. Шағын дүниенің ішінде балаларға арналған мол дүние бар болып шықты. Білетін мен білмейтіннің арасындағы қайшылықты іздеу, оны шешудің жолын қарастыру, оқырманын ойлауға бейімдеу жолында жұмыс істейтін қаламгер. «Құдайы қонақ» әңгімесінде Әлихан деген баланың Жауһар деген қарындасы бүлдірген теруге кетіп, содан үйге оралмайды. Оны жезтырнақ ұрлап әкеткен екен. Әлихан ақ саусақ емес. Қолынан садақ тарту да, найза лақтыру да, сойыл жұмсау да келеді. Жезтырнаққа сақадай сай болып барады. Сөйтсек жезтырнақтың түрі қорқынышты емес екен. Мінезі биязы. Соңғы жүз жылдықта ешкімге жамандық істемепті. Тек жалғызсырап жүріпті. «Ұрадағы бейтаныс», «Ұстаз» ертектері де осы сарындас. Тілі қарапайым.

Нұртан Төлепбергеннің бірінен-бірі өтетін суретті үш кітапшасын қолыңа ұстап, қызықтап отыра бергің келеді. Альбом секілді. Кітап қағазы сапалы, безендірілуі тіптен әдемі. Кейде бір шығарманың оқиғасына қызықсаң, бірінің формасына қарап әсерленесің. Бұл кітаптардың әуені, бояуы, әсері бір ырғақты, үйлесімді. Мәселен, «Балалар мен достар – алуан түрлі құстар» кітабында құстардың көзінің, тұмсығының, қанатының ерекшелігін, мінездерін, қалай ұшып, қалай қонатындығын, бір-бірімен қалай үн қатысатынын екі-үш шумаққа жеп-жеңіл сыйдыра салады.

Дуадақтың мұрты болатынын, гага деген құстың тасқа ғана ұя салатынын, кивидің ін қазатынын айтып қызықтырады. Орнитолог ғалым секілді. Бір сөзбен айтқанда, құстар туралы өлеңмен жазылған кіші энциклопедия. Шуақты күлкі, жылы юмор бар.

Арасанбай Естенов кітабына өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар жинақталған. Суреттері әйбат. Өлкетану, Табиғаттану, Салауаттану, Ой ұшқырлау мектебі деп аталатын төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімдегі өлеңдерді оқыған сайын шыңдалған, кемелденген, байсалды суреткерлікке ойысқан ақынды көреміз. Ел қамы, халық тағдырымен еншілес тақырыптарды қозғаған. Үлкен өмірді саралауға көшкен. Арасанбай Естеновтің Аспара, Баласағұн, Баршынкент, Доржыкент, Испиджаб, Отырар, Жент, Сығанақ, Іңкәрқала туралы шағын өлеңдері шап-шағын, жып-жинақы дәйекті деректермен берілген. 1580 жылы 27 тамызда Иван Грозный арнайы жасақ жіберіп, Сарайшықты қираттырады. Себеп: Кремль бейнесі Сарайшық қаласынан көшірілген екен. Орыс патшасы «Әлемде Мәскеуге ұқсайтын қала болмауы тиіс» деп Сарайшықты жермен жексен еткен. Осындай деректерді жақсы форматта, нәрлі тілмен көркемдеп жеткізген. Жаңбыр мүлде жаумайтын қаланы, шөбі жоқ құрлықты, теріс ағатын өзенді, өзені жоқ елді, астанасы жоқ елді, Ата заңы жоқ елді, орден, медальмен марапаттамайтын ел туралы географиялық жұмбақтары өлеңмен жазылған сөзжұмбақ іспеттес. Жаныңмен беріліп оқисың.

Бекен Ыбырайымның ертегі-хикаяты кезінде республикалық «Алтын қалам» әдеби конкурсының бас жүлдесін жеңіп алған еді. Ол туралы жазушы, драматург, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлы «Егемен Қазақстан» газетінде: «Кішкентай оқырман өзін кітап оқып отырғандай емес, мультфильм тамашалап отырғандай күй кешеді» дей келіп, жан-жақты талдапты. 

Заря Жұманованың балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегілері, мысалдары, әңгімелері, хикаялары жинақталған кітабы мемлекеттік бағдарлама бойынша жарық көрген. Баяғы балдәурен шақта жалмауыз кемпірдің қайдан шыққанын білмей дал болатынбыз. Жалмауыз кемпір, мыстан кемпір бар, неге жалмауыз шал, мыстан шал жоқ деп ойлайтынбыз. Жауабын таба алмайтынбыз. Оны Заря Жұманова біледі екен. «Ұйқыдан тұра сала дастарханға отыра кететін. Беті-қолын жумастан. Көзі былшық-былшық болып. Анасы қолынан жетектеп апарып, күшпен жуындыратын. Құмған, леген көрсе, бұл шошқадай шыңғырушы еді. «Көзім ашыды, ойбай!» деп, үйдің ішін азан-қазан қылатын. Күнде бұлардың үй-іші у-шу. Талай баланың басын жарып, көзін шығарған. Шөп қора өртеді, қозы лақтың аяғын сындырды». Енді жапан далада жалғыз тұрып жатыр». 

Шын өмірдегі жалмауыз кемпір де дәл осындай шығар. Портретін айнытпай салған. Сөйлеген сөзі құлағыңа естіліп тұрғандай, іс-әрекеті көз алдыңа елестейді... 

«Мақтақыз бен Ернар» – ескінің ескі ертегісінің жаңа формасы, «Көбелек қуған балақай» – ояна сала теледидар мен телефонға үңілетін «мультик-пультик» бала жөнінде, «Мың бояулы мың жылдық шаһар» – қала, адам, қоғамды жайлаған ұлтсыздану, тілсіздену, рухсыздану дерті туралы.

Жазушы ретіндегі ұстанымы – балалардың таза болғанының үстіне таза болуы, кісілікті болғанының үстіне кісілікті болып қалыптасуына ықпал ету. 

Балалар әдебиетін тек балалар оқуы керек деп ойласа, оны үлкендер «баланың сөзі» деп қабылдаса, онда тұйықталу шеңберіне кіргеніміз. Ұрпақ тәрбиесінің фундаментін қалайтын – балалар әдебиеті. Заря Жұманова ұлттық рухта жазылатын әңгімелерге ден қойғыш. «Ақботаның» төртінші бөліміндегі аудармалары сол жауапкершіліктің жүгін көтеріп тұр.

Мейіржан Жылқыбайдың кітабы – тырнақалды туынды екен. Мейіржан жазғандарымен жедел алға шығып, көптен оза бастағаны туралы бұдан ертеректе естіп қойғанбыз. Сұрыптағанда да суырылып, сөз бен ой қуатынан есе жібере қоймайтынын аңғартты. Кітапта бір ауылда тұратын жануарлардың тауға саяхат кезіндегі оқиғалары суреттеледі. Мейіржанның жазуы күрделі емес, түсініксіз, күңгірт те емес. Қарапайым, әрі сондай шынайы. Өмір сүру сіз ойлағандай қиын емес екендігіне көз жеткізеді. Бала қораз – Айдар, оның қарындасы балапан – Үрпек, күшік – Дос, мысық –Мими, құлын – Жебенің іс-әрекетінің суреті көз алдыңда ұзақ сақталады. Себебі осы шығармасынан Мейіржанның ауыз әдебиетін бойына сіңіріп өскендігі де, Г.Андерсеннің ертегілеріне еліктегені де аңғарылдады. Су ортасында жапырақ үстінде отырған бақаға мақтанғысы келген Айдар, сөзін жоғалтып алған Үрпек, оның сөзін тауып бермекші болып жапырақ сыбдырын, жел гуілін тыңдаған Мими, құлын Жебені көрген Үрпектің құлын болғысы келгендігі, кейін әрқайсысының өз бейнесінде қалғандығы дұрыс екендігін мойындауы «әдебиет не береді, адамның өмір сүруіне бағыт-бағдар бере ала ма?» деген сұраққа жауап дер едім. 

Дәнеш Ахметовтің кітапқа енген «Айлы түнгі айқас», «Бөгде құстар», «Жаңғалақ», «Қимас достар», «Робот және алты асық» (Қырық өтіріктің жаңа түрі) әңгімелерінің қай-қайсысы да өзіндік үнімен ерекшеленеді. Өзіндік үн деген – сол дәуірдің сипаты десек, техникалардың сайысы туралы жазылған «Жаңғалақ» әңгімесіндегі велосипедтің ұшқалақтығы, «Қимас достардағы» жанармай таситын машина мен алып лайнердің достығы , «Робот және алты асықтағы» Қазақия деген мемлекеттің әлемде алатын орны туралы жазылған әңгімелері кәдуілгі өлшемдерден өзгеше. Оқып отырсаң қарапайым секілді, бірақ бір өзгешелігі, жетелеп әкететін сиқыры бар. Баланы жалықтыратын басы артық, ұзақ сонар суреттеулер, ділмарлыққа салыну жоқ, нақпа-нақ, кейіпкерлерінің мұрын, көзіне дейін көз алдыңда тұрады.

Көмек Ыбырайұлының кітабы балаларға арналған өлеңдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар. Балаларға арналған 20 шақты кітабы, 300-ге жуық ән-күйі бар. Ұстаз. Өткен жылы жарық көрген кітаптардың ішіндегі 400 беттік қалыңы да Көмек Ыбырайұлыныкі. Бөлімдерін санап, саусақ жеткізе алмайсыз. Бұл кісі шығарма жазса бәйге алады. Ғабит Мүсірепов кезінде Сәбит Мұқановқа:«Сәбит-ау! Біз шалдар жазбай отыра алмаймыз ғой. Тек бір ғана тілек айтқым келеді – жаман жазбасақ екен. Біздің жаман үлгіміз жастар үшін жақсы үлгі болып көрініп жүрсе, бізге бұдан ауыр күнә болмауы керек» - деген екен. Көмек Ыбырайұлы сол жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген ақын. Өзге жұрттарда балабақша жасындағыларға, мектепке дейінгі, бастауыштағы балалардың жас ерекшелігіне қарап жазатын қаламгерлер қалыптасқан. Біздегілердің көпшілігі жоғары сынып оқушыларына арнап жазады. Бөбек тілін игере алмаудамыз. Көмек Ыбырайұлының бір ерекшелігі – осының орнын толтырып, «р»-ға тілі келмейтін, сақау балаларға арнап «р»-ы жоқ әндер, «р»-ы жоқ өлеңдер, өтірік өлеңдер, жаңылтпаштар жазғаны. 

Есенәлі Ералының бастауыш сынып оқушыларына арналған кітабына он үш ертегі енген. Бұл қаламгердің ерекшелігі – жазғандарынан мейірім төгіліп тұрады. «Мыстан кемпірдің ұлы» деген ертегісінде, мыстан мыстан болып қалмайды, өміріне, қателіктеріне өкінеді. Бармағын тістейді. Сөйтіп ұлына өнегелі өсиет айтады. «Мен адамдарға өмір бойы кесір келтірдім, жаманшылық жасадым. Адамдардың бақытын ұрладым. Мына таяқ – сиқырлы таяқ. Жақсылыққа сілтесең ісің оңғарылады. Ал жаманшылық болсын деп сілтесең адамдар тасқа, жануарға айналады. Таяғымды игілікті мақсатқа пайдалан» - дейді. Бір қарағанда от басы, ошақ қасы, тұрмыстық жағдайлар секілді көрінуі мүмкін. Дәл осы мәселелерді ел-жұрттың тағдырымен өзектестіріп, қоғамдық деңгейге көтереді. «Мөлдір тамшылардың ұзақ сапары» ертегісінде тамшы ұлы мұхиттың анасы дегенді аңғартады. Өмір құбылыстарының ағысы іспеттес қарастырады. Жазушының қаламына көрік беретін, ажарландыратын, нұрландыратын, беделін көтеретін, оқырманға сыйлы ететіні – адамшылықты, салт-дәстүрді басты ұстаным етіп отыратындығында десек Есенәлі Ералы балаларға бұлт арасынан күнді тауып алуды үйрететін жазушы дер едік.

Рахат Наурызбаеваның үш тілде жарық көрген жинағы өзіндік танымы, тәлімімен ерекшеленеді. 

Тілеуғазы Бейсембектің кітабын «кейіпкерлері балалар, идея үлкендердікі» деп айтуға болады. Талғам мен таным құбылыстарын айтып отырған сюжетін ашуға орынды қолданады. Кейіпкерлерін қақпалап, қайырмалап, саясаттың ығына жығып бермейді. Осы кітап мазмұнына сай суреттермен безендіріліп шығарылғанда көркемділігі өрнектілігіне сай болар еді. 

***

Балалар драматургиясынан қолымызға ештеңе іліге қоймады. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының соңғы кезде қойып жүрген спектакльдері де саусақпен санарлықтай. Бұл салада жас драматург Әлібек Байболды, Әлішер Айтуарды, Мұрат Қанағатты, Айдана Аламанды, Әділхан Асановты,Ықылас Шалғынбайды ерекше атауымыз керек. Сондай-ақ әлеуметтік желі бетіне балаларға арналған шығармаларын салып, ой-пікірлерін бөлісіп отырған Серікбол Хасанға, Қуат Адиске, Әдина Жүсіпке, Олжас Қасымға, Есей Жеңісұлына, Алмат Исаділге, Мира Сембайқызына, Еділбек Дүйсенбекке, діни бағытта жазатын Гүлмекен Қасенқызына шексіз ризашылығымызды білдіргіміз келеді.            

Біз бұл сапар көпшілікті балалар әдебиеті бойынша он екі ай аралығында түрлі баспалардан жарық көрген кітаптардан хабардар етуді мақсат тұттық. Бұл көрсеткіш аз ба, көп пе? 

Мұны патша көңілді оқырманның өзі айтар.

Ділдар Мамырбаева, 

жазушы