Дулат Исабеков. БИІККЕ БЕТТЕГЕН...

Дулат Исабеков. БИІККЕ БЕТТЕГЕН...

Асқар Алтай – талайдан бері әңгіме жанрында жиі көрініп жүрген жазушы. Газет-журналдарда жарияланған әңгімелерінің бірін оқып, бірі қолыма түспей, түсе қалса уақыт таппай, оның шығармашылығы жайлы тұтастай бір пікірге келе алмай жүруші едім. Жақында ол маған «Казино» деп аталатын «Атамұра» баспасынан жарық көрген әңгімелер жинағын сыйға тартты.

    Көптен бері кітапты тұтастай оқып шығудың реті келмей жүр еді. Жуық арада барлық шаруаны жиып тастап, үш-төрт күннің аясында кітапты түгелдей оқып шықтым. Оқып шықтым да қуандым. Біздің әдиебетімізге талантты жазушы қосылыпты.

     Ол бұл кітабымен өзінің ешкімге ұқсамайтын, алдындағы ағаларының сарынын қайталамайтын, өз тақырыбы, өз үні, өз тілі, өз стилі бар, нені жазса да жанымен жазатын, біліп жазатын, нені айтуды емес, қалай айту тәсілін түбегейлі меңгерген, қазақ қара сөзінің бояуын қанына сіңіре білген жазушы екенін танытты. Әдебиетімізге өзінің айтары мол жазушы келіпті. Оның тақырыптары да, географиясы да кең, ауқымды – Алтайдан Атырауға дейін. Біздің кезіміздегідей бір аймаққа тәуелді боп қалған жазушылар емес. Олар бәрін көрген, сол ауамен тыныстаған, қайыңдары мен изендеріне дейін туған табиғатындай суреттей біледі. Асқардың қазақ жерінің түкпір-түкпірін, сол «түкпірдің» адамдарының мінез-құлықтарын, табиғатының ой-шұқырын өздері сол жерде туып-өскендей суреттеп бере алатыны ерекше көңіл қуантады. Кең байтақ қазақ даласы – олардың Отаны, төрт аймақтағы исі қазақ – олардың қандастары, туысы, бауыры, досы. Ал бұлар болса, сол кең байтақ дала мен қилы-қилы мінезден жаралған адамдардың төл перзенттері.

     Асқар Алтай кітабындағы әңгімелерін «Кентавр», «Альпинист», «Мар» деп шартты түрде үш тарауға бөліпті. Әр әңгіменің арасын «сүрлеу» деп атап, олардың айтары бір-біріне мүлдем ұқсамаса да, шартты түрде олардың бәрі жаратылыс заңы бойынша бір-бірімен жалғас жатқан Адамдар әлемі дегенді мегземек болса керек. Оларды қалай атаса солай атасын. ол – автордың өз еркі, бізге керегі – жақсы әңгіме.

     Кітап «Казино» деп аталыпты. Автор «өмір деген ойын» деп атағысы келді ме екен, әлде, осылай атаса оқушыны көбірек еліктіремін деп ойлады ма екен, бәрібір, бұл ат кітап мазмұнынан қияндау жатыр. Ал жинақтың мәні мен мазмұны бұдан тереңірек жатыр. Мұндағы әрбір әңгіменің өзіндік мәні мен мазмұны ерекше, бір-біріне ұқсамайтын сюжет, әдебиетте сирек кездесетін оқыс оқиғалар. Ауық-ауық Оралхан Бөкей мен Қадірбек Сегізбаевтың хикаяларын еске салып өтетін әуендер болмаса, бәрі де өзінікі, Асқар Алтайдікі. «Сібір офицерін» аласыз ба, «Казино» мен «Шаһидті» ақтарасыз ба, «Лайбаран» мен «Кержақтың монологына» үңілесіз бе, «Мәйіт» пен «Қызбейітті» шұқшия оқисыз ба, бәрінде де сізді бұрын естіп-білмеген оқыс оқиғалар күтіп тұрады. Бір кездері «Сүйекші» деген повесть жазғандықтан, салған жерден кітаптағы «Қабіршіні» оқып шықтым. Қабір қазудың кезіндегі кейбір сәттер болмаса, мұнда ой басқа, шешім де басқа, мұң да басқа. Ал «Кентавр» әңгімесі адам жанын түршіктіруге дейін апарар жұмбақ дүние. Кентавр-Басарыс – Аққазы мен Моншақтан туған кеудесі адам, аяғы ат тұяқты бала. «Атаңа нәлет атом сынағынан небір сұмдық мақұлықтар туып жатыр ғой. Адамнан да, малдан да» (113 бет). Міне, сол бала жарты жылдың ішінде есейіп, ертегідей тез ер жетіп, әбжіл де балуан аңшы болды. Әке-шешесі оны ел көзіне көрсетуден қорқып, «Жұрт көзінен жырақта – кәрі таудың қуысында» тәрбиелейді. Аяғы ат, кеудесі адам деп тіксінбесең, Басарыс өзгелер секілді кәдімгі адам. Атом бомбасының қасіретінен жаралған сол қорқынышты жұмбақ адам – кентавр ұйқыда жатқан Аю-Ана мен оның есейіп қалған екі қонжығын оятып, үшеуін де жауыздықпен жайратып салған кәдімгі Адамдардың, өз жақындарының қатігездігіне қарсы шығып, бейкүнә жануарларды екі аяқтылардан ажыратып алмақ болған. Ақыры «жануар тәнді, адам ойлы құбылыс» «мейірімді пенделердің» мылтығынан оққа ұшты. Өліп тынды. Әбүйір болғанда «қарақшыдай қатып қалған Дулат аман қалды».

     Тарбағатайдың табиғаты да, адамдары да қатал. Өйткені өмір қатігездіктен тұрады. «Сібір офицері» мен «Кержақтың монологы» сол қатал өмірдің езгісіне түскен құрбандар туралы ащы шындық. Оқиғаның оқыстығы мен күтпеген шешім «Қызбейіт» пен «Мәйіт» әңгімелерінде ерекше көрініс тапқан.

     Асқардың тілі бай, Алтай тауларының топырағындай құнарлы, шөбіндей шүйгін. Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған, жал-құйрығы күзелмеген, бөгде сөзбен былғанбаған ортада ер жеткен жазушы екенін кітаптың әр бетін оқыған сайын біле түсесіз. Бірақ сол ортада жалғыз Асқар Алтай ғана өскен жоқ еді ғой, басқалар неге бұлай байымаған? Демек, тіл де құнарлы жерге ұя салатын болғаны ғой.

     Әдебиетімізге өз үнімен, өз тілімен, өз шындығымен екпінді, қарқынды қаламгер келді. «Қара сөздің құты қашты, тіл білмейтін адамдар әдебиет жасап, төрге ойнақтай бастады, ертеңгі күніміз қандай болар екен?» деп сарыуайымға салына бастаған шақта үзілуге дайын үмітті жалғап, уайым уытын қайтарып, көңілге көктем лебіндей қуаныш әкелген осы кітап қазақтың қара сөзінің қуаты әлі де мол екенін, ондай бейнелі де тірі тіл тұрғанда, шалажансар әдебиетке жол жоқ боларына сендіріп кетті. 

Дулат Исабеков, 

Халық жазушысы

Қазақ үні