БАСТАУ БҰЛАҚ: ЫБЫРАЙ мен АБАЙ

БАСТАУ БҰЛАҚ: ЫБЫРАЙ мен АБАЙ


Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылықтың қайнар көзі туралы сөз қоғалса, әлбетте, ойға бірден Халық ауыз әдебиеті оралары хақ. Жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақ, өтірік өлең, ертегі сынды дүниелер ғасырлар бойы қазақ балаларының сана-сезімінің қалыптасып, тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келді.

Дегенмен, мәселен, сонау Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлы заманында балалар әдебиеті болмағаны тағы аян.

Міне, дәл осы кезеңде жаңа үлгідегі жазба түрдегі балалар әдебиетін жасау міндеті алға қойылады. Осы мәселені шешуге алғаш кіріскен Ы.Алтынсарин осы салада біршама жетістіктері бар орыс әдебиетіне көз салғанын көреміз.

Ыбырай орыс әдебиетінен алғанда да балаларға арналған оқу құралдарынан, жинақтардан керегін тапты. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин К.Д.Ушинскидің «Детски мир и хрестоматия», «Родной язык», Л.Толстойдың «Первая русская книга для чтения», «Вторая книга для чтения», «Четвертая книга для чтения», «Новая азбука», И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в руском языке» оқу кітаптарына педагог ретінде көбірек назар салған. Ә.Дербісалиннің анықтауынша, Ыбырай аудармаларының жалпы саны – отыз бес. Олардың ішінде И.И.Паульсоннан – жиырма, Толстойдан – алтау, К.Д.Ушинскийден – үшеу, қалғандары И.Крыловтан, Шмиттен, В.Дальдан үш-төрт шығармадан аударған.

Рас, Ы.Алтынсаринның қай шығарма өзінікі, қайсысы аударма екенін ажыратудың өзі кейде қиынға соғады. Академик Қажым Жұмалиев Ыбырайдың «Бай баласы мен жарлы баласы» (Асан мен Үсен) мен Салтыков-Щедринның «Бір шаруа екі генералды қалай асырады?» арасындағы идеялық, сюжеттік құрылысы жағынан ұқсастықтарға назар аударады. (Қ.Жұмалиев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том, А.,1960, 55-бет).«Бай баласы мен жарлы баласы» аударма ма, жоқ әлде Ыбырайдың өз шығармасы ма? Ойланарлық-ақ мәселе.

Төл туынды дейін десек, Салтыков-Щедриннің әңгімесіне негізінен тақырыбы, оқиғасы, идеясы жағынан ұқсап тұр. Ал аударма дейін десек, оған қойылатын талаптарға мүлдем келмейді: шығарманың тілдік, стильдік жағынан түпнұсқаға сәйкес келу керектігін айтпағанның өзінде кісі аттарынан бастап, оқиға желісіне дейін өзгеше. Қазақ әңгімесін зерттеушілер бұл әңгімені Ы.Алтынсаринның төл туындысы деп қарастырып жүр. Олай болса «Абайдың Евгений Онегині» неге аударма делінеді? Қазақ тіліндегі Абайдың «Евгени Онегині» орыс тіліндегі түпнұсқадан оқиға желісі, сюжеті, композициялық құрылымы жағынан мүлдем басқаша. Демек, бұл жерде де ойланарлық мәселе бар екен.

Ы.Алтынсарин көркем шығарманы дәл аударуды мақсат етпейді. Ыбырай орыс тіліндегі туындыға ол қазақ оқырманына, онда да жастарға, мектеп оқушыларына тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан қажет пе, түсінікті ме деген сауалдар тұрғысынан келіп, оның ағартушылық, педагогтік жақтарына үлкен мән беріп отырған. Ол түпнұсқаның шеңберінде қысылып қалып қоймай, қажетті жерінде одан шығып, еркін кетеді. Шығарманың оқушыға тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан пайдалы болу керектігін басты мақсат етіп алға қойған Ыбырай кей жағдайда түпнұсқаның жалпы нобайын сақтап отырса, көп реттерде оның тек идеясын ғана алып, сюжетін де, оқиғасын да кісі аттарын да өзгертіп жібереді; кей жерлерде түпнұсқаның бір ғана оқиғасын, немесе деталін ғана алып, содан бас-аяғы бөтен туынды жазып шығады. Ыбырайдың мұндай шығармаларын аударма деуден гөрі белгілі бір жазушының сарынымен жазылған өз туындысы деп қарастырған жөн.

Қаламгердің орыс әдебиетінен алғандарынан дені прозалық шығармалар. Әрі прозашы, әрі ақын Ы.Алтынсарин орыс поэзиясынан И.А.Крыловтың бірнеше мысалын аударған. Олардың кейбіреулерінің кімдіке екендігі даулы. «Егіннің бастары»... Даусызы – «Қарға мен түлкі» Ы.Алтынсаринның шығармашылығын зертеушілердің барлығы дерлік бұл мысалдың Ыбырайдікі екендігіне күмән келтірмейді. «Қарға мен түлкі» қазақ әдебиетіндегі әдеби аударманың алғашқы адымы болуымен бірге «мысал жанрының да алғашқы жыл құсы» болды. [15,26] Енді осындай екі жақты маңызы бар туындының түпнұсқамен арақатынасына, яғни қаншалықты сәйкес келетіндігіне, аударма талаптарының қаншалықты орындалғанына назар аударайық.

Ең алдымен «Ворона и лисица», «Қарға мен түлкі» болып дәл аударылған. Мысалы орысшасында 26 жол болса, қазақшасында 28 жол. И.А.Крылов мысалы

 «Уж сколько раз твердили миру,

  Что лесть гнусна, вредна; но только все не впрок,

   И в сердце льстец всегда отыщет уголок.» ¬– [16,13] – деген негізгі идеяны аңғартар кіріспемен басталса, қазақшасында бұл жолдар түсіп қалған. Ыбырай мысалдың өн бойында айтылатын мақтаншақтықтан сақ болыңдар деген ойды айтып жатуды артық көрген. Жалпы көркем әдебиетке қойылар негізгі талаптың бірі онда айтылар ой, идея жалаң берілмеуі керек; табиғи түрде көркем бейнеленіп, оқушысын ойландырып барып, көзін жеткізуі керек. Осы тұрғыдан келгенде, аударманың кіріспесіз бірден басталуы ұтып тұр.

И.А.Крылов мысалы:

Вороне где-то бог послал кусочек сыру;

На ель Ворона взгромоздясь,

Позавтракать было совсем уж собралась,

Да позадумалась, а сыр во рту держала.

На ту беду, Лиса близехонько бежала;

Вдруг сырный дух Лису остановил:

Лисица видит сыр, –

Лисицу сыр пленил,

Плутовка к дереву на цыпочках подходит;

Вертит хвостом, с Вороны глаз не сводит

И говорит так сладко, чуть дыша» –

деген жолдармен бастаса, Ы.Алтынсарин осы жолдарды

«Ашығып түлкі жүрді жапандарда,

Тамақ іздеп жол шекті сапарларға...

Ешнәрсені көре алмай келе жатса,

Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.

Жүгіріп түлкі соған жетіп келді,

Қарға ағаштың басында мұны көрді.

Тістегені аузында тәтті ірімшік,

Оны көріп, түлкі екең сөйлей берді» –

түрінде береді. [17,39] Түпнұсқа мен аударманы салыстыра қарағанда, ең алдымен, орысшасында қарға мен түлкі атауларының кісі есімі сияқты бас әріптермен жазылуы көзге түседі.

И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкісін» Абай да аударған. Абайда бұл мысалдың екі түрлі нұсқасы бар. Оның бірі «Жұрт біледі, күледі» де, екіншісі – «боқтықта талтаңдап». М.Әуезов осының екіншісі Абайдікі екендігіне күмән келтіріп, Ыбырайдікі деген пікір айтқан. [18,199]. Кейіннен Ы.Алтынсарин аударған «Ашығып түлкі жүрді жапандарда» деп басталатын мысал анықталды да, зерттеушілер Мүрсейіттің қолжазбасында бар екі нұсқаны да Абайдікі деп жүр. Абай «Қарға мен түлкінің» екі бірдей әдеби аудармасын жасаған. Мысалдың екі түрінің де мазмұны, айтар ойы – бір. Айырмасы бірі дәл аударылса, екіншісі еркін. Түпнұсқадағы жиырма алты жолдық мәтін дәл аудармада қырық жеті, екіншісінде – елу бес.

Абай да Крыловтың кез-келген мысалын аудара бермеген. Өзіне қажеттісін ғана таңдап, талғап аударған. Кезінде В.Г.Белинский Крыловтың мысалдарын үш топқа – еліктеу сарынындағы, моральдік бағыттағы, көркемдігі жоғары сатиралық мысалдарға жіктеген екен. Абай орыс мысалшысының шығармаларының ішінен біріншісіне тиіспей, соңғы екі түрінен көбірек аударған. Онда да қазақ тұрмысына, сана-сеіміне мазмұны жағынан үндес келетіндерін ғана іріктеген. Ағартушылық бағытағы Абай да Ыбырай сияқты тәрбиелік мақсатты көздейтін моральдік бағыттағы мысалдарға көбірек көңіл бөлген.

М.Әуезов «Мен өзімнің бала күнімнен білетін ескі қолжазбаларымды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары:

1. «Есек пен бұлбұл»;

2. «Бүркіт пен қарға»;

3. «Шегіртке мен құмырсқа»;

4. «Түлкі мен қарға»;

5. «Піл мен қанден» – [12,20] – деп, бес мысалдың атын атайды. С.Талжанов: «...ұлы ақынымыз Абай: «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлы бай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», атты мысалдарын өз мүлкіміз етіп тастап кетті.» [14,199] – деп жазады. Соңғы уақыттары зерттеушілер Абайдың И.А.Крыловтан он екі аударма жасағанын айтып жүр. Сонымен олар: «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», (Жұрт біледі күледі...) «Қарға мен түлкі» (Боқтықта талтаңдап...), «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», «Есек».

«Шегіртке мен құмырсқа» – И.А.Крыловтың «Стрекоза и муравей» мысалының дәл аудармасы. Түпнұсқасы – отыз, қазақшасы отыз алты жол. Абай мәтіндегі «стрекозаны» инелік деп емес, шегіртке (кузнечик) деп өзгерткен. Өйткені сирек кезедесетін инелікке қарағанда, жаздың күні далада қаптап жүретін шегірткенің тіршілігі қырда өскен қазақтың баласына етене таныс. Оның үстіне мысалда айтылатын ой мен мазмұн инеліктен гөрі шегірткенің өмір сүру табиғатына дәлірек келеді. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың сирек кездесетін инелікті шегіртке деп алуы ұтымды шыққан.

Сонымен, Абай орыс мысалшысы И.А.Крыловтың мысалдарын қазақшалағанда, мағыналық, құрылымдық және идеялық тұрғыдан ауытқымай дәл беріп, кейде еркінірек кетіп, аударма жасаудың небір клласикалық үлгілерін жасады. Аударма өнерінде ақынның екі түрлі принципті ұстанғандығы көрінеді. Оның біріншісі – эстетикалық, көркемдік принцип. Яғни мысалда суреттелген оқиға, мазмұн, айтар ой қазақ оқырманына сол күйінде түсінікті болған жағдайда барған. Оның «Емен мен шілік», «Піл мен қанден», «Қарға мен түлкі», («Жұрт біледі, күледі»), «Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл», т.б сияқты мысалдары азын-аулақ өзгертулеріне қарамастан, осы көркемдік принципті, яғни түпнұсқаның көркемдік қалпын сақтай отырып, аударылған.

Аударма ісінде Абай ұсынған екінші принцип – өнердің адамның күнделікті тіршілігіне қажеттілігінен туындайды. Ағартушылық бағыттағы Абай, Крылов мысалдарының ішінен қазаққа пайдалысын, даланың тұрмыс салтына орайласатынын оқырманына ұғынықтысын таңдайды. Осы тұрғыдан қазақ пен орыстың өмір сүруі, сана-сезімі, ұлттық ерекшеліктері сияқты көптеген әлеуметтік факторларды ескере отырып, кей тұстарда түпнұсқаны өзгерте жырлауға саналы түрде барады. Мұндағы басты мақсат аударманының қазақ оқырманына түсінікті болып, оған өнердің құдіретімен әсер ету, яғни әдебиетті тәрбие құралы ретінде пайдалану болған. Аудармашы екінші бір тілден аударма жасағанда, оның оқиға желісін, идеясын пайдаланғанымен де оның көркемдік болмысын түбірінен қайта жасауына тура келеді. Сол себепті де әдеби аударманы сөз өнерінің ерекше бір саласына жатқызып, оны да ұлттық әдебиеттің ауқымында қарау керек.

Сайып келгенде, ұлттың ұлы тұлғалары Ыбырай мен Абай қазақтың балалар әдебиетінің дамуына да теңдессіз үлес қосты деп білеміз.

Дандай Ысқақұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор.