ЖАЛҒЫЗ ӨЛЕҢІ ҮШІН ЖАЗАЛАНҒАН...
2023 ж. 30 қаңтар
3536
0
Мандельштам мен Мусин туралы сыр
Бірде орыстың ХХ ғасырдағы ірі ақындарының бірі, прозашы, аудармашы Борис Пастернак әріптесі Осип Мандельштамға түсі бозарып: «Сіздің маған оқып мына жырыңыздың әдебиетке, поэзияға түк қатысы жоқ. Бұл – өзіңді-өзің өлтіру ғана. Мен мұны құптамаймын және бұл іске араласқым да келмейді. Сіз маған оқыған жоқсыз, мен естіген жоқпын. Мұны басқаларға да оқып бере көрмеңіз, өтінемін!» деген екен.
Алайда Пастернак ақын бауырына ескертуін тым кеш жасаған секілді. Себебі, Осип Эмильевич мұның алдында сол 1933 жылдың қараша айында жазылған бұл өлеңін бірталай адамға оқып та үлгерген көрінеді. Солардың біреуі дереу жоғарыға жеткізіп барды ма екен, Мандельштам көп ұзамай тұтқынға алынады...
1891 жылы Варшавада жебірей отбасында дүниеге келген, ХХ ғасырдың басындағы орыстың әйгілі ақыны, аудармашы, сыншы, әдебиеттанушы О.Э.Мандельштамның бұдан былайғы тағдырын шешкен өлең (эпиграмма) түпнұсқасында «Мы живем под собою не чуя страны» деп аталады. Өлеңге «Сталинге» деп айдар тағылмаса да, «Кремльдегі мұртты таулық, апайтөс осетин» кім екенін жұртшылық бірден сезді. Мұнда сталиндік дәуірдің қатал көрінісі, үрей билеген халықтың дәрменсіз күйі суреттеледі.
Мы живем, под собою не чуя страны,
Наши речи за десять шагов не слышны,
А где хватит на полразговорца,
Там припомнят кремлёвского горца.
Его толстые пальцы, как черви, жирны,
И слова, как пудовые гири, верны,
Тараканьи смеются усища
И сияют его голенища.
А вокруг него сброд тонкошеих вождей,
Он играет услугами полулюдей.
Кто свистит, кто мяучит, кто хнычет,
Он один лишь бабачит и тычет,
Как подкову, дарит за указом указ:
Кому в пах, кому в лоб, кому в бровь, кому в глаз.
Что ни казнь у него – то малина,
И широкая грудь осетина.
Өлеңді мүмкіндігінше қазақшаға аударып көрейік:
Біз бұл елде жүрген жоқпыз нық басып,
Он қадамнан әрі дауысың аспайды.
Жарты сөзді естірте алсаң ұқсатып,
Кремльдегі таулықты айтып жасқайды.
Саусағы оның жердің семіз құртындай,
Кір тасындай салмағы ауыр сөзі шын,
Жымиғаны тарақанның мұртындай
Етігінің жалтылдатып қонышын.
Қылкеңірдек көсемдері толып жүр,
Адамсымақ тобыр мұның ермегі.
Бірі мысық, бірі күшік болып жүр,
Тек бұл ғана зекіп, нұқып, шертеді.
Жарлықтары таға болып тағылар:
Шапқа, басқа, қасқа, көзге табылар.
Жаза кессе – ұры-қары ұясы.
Осетиннің апайтөсі тағы бар.
Алда зұлмат репрессия төніп келе жатқан, алғашқы құрбандары әлдеқашан атылып та кеткен 1933 жылы Сталин туралы бұлай өлең жазу, оны әркімге оқып беру, шынында да, Пастернак айтқандай өзін-өзі өлтіру болатын. Бір ғажабы, әдебиетке ұдайы көңіл бөліп, онда кімнің кім екенін біле жүретін, бірақ тышқанмен ойнаған мысықтай, қаласа құртып, қаламаса жарылқайтын Сталин Мандельштамға қатты қаһарлана қоймаған сияқты. Бухариннің жазған хатына: «Мандельштамды тұтқындауға кім рұқсат берді оларға?» деп бұрыштама жазған. Бәлкім, өлеңдегі кейбір шындық көсемге ұнаған да болар деп жазады зерттеушілер. Өлеңде жағымсыз болып көрінгенмен, Сталинге керегі де сондай рөл, сондай бейне еді. Тағдырына мойынсұнып, атылып кетуге дайын болған Мандельштам бұл жолы жеңіл құтылады, Пермь өлкесіне үш жылға жер аударылады. Әйелі Надежда Яковлевна да онымен бірге болды. Айдаудағы жылдар ақынның жүйкесін тоздырып, қажытса да, шығармашылығы жалғаса берді. Жер аудару уақыты біткен соң, арада бір жыл өтісімен Мандельштам 1938 жылдың мамыр айында қайтадан тұтқындалады. Жазалау механизмі іске бір қосылып кеткеннен кейін тоқтауы қиын екен. Мандельштамды кешіре алмаған Сталин емес, өлеңнің екінші бөлігінде айтылатын «мияулаған, қыңсылаған қылкеңірдек тобыр» сияқты. Анадай өлеңнен кейін Мандельштамның жұрт қатарлы өмір сүруі соларға көбірек батқандай, солар төзе алмағандай. Ақын Мәскеудегі Бутырка түрмесінен бір-ақ шығады. Айыптау қорытындысы Сталинге өлең шығарғаны үшін деп емес, жалпылама жазылады. «Кеңес үкіметіне қарсы элементтердің жетегінде кетті, халық жауларымен байланыста болды», т.с.с. 1938 жылы қыркүйек айында О. Мандельштам бес жылға еңбекпен түзеу лагеріне кесіліп, Қиыр Шығысқа айдалады. Одан әрі Колымаға жіберілуі тиіс болса да, әлдебір себептермен Владивосток түбіндегі лагерьде қалып қояды. 27 желтоқсан күні сол жерде жүрек ауруынан көз жұмады.
Мұның барлығы көзі қарақты оқырманға мәлім жайттар.
Біздің қолымызға қалам алдырған нәрсе – қазақтың қайсар ұлдарының бірі, ақын, актер, Қазақстанның Халық әртісі Шахан Мусинның тағдырындағы осыған ұқсас оқиғалар.
Шахан Мусинның дүниеге келген жері бұрынғы Ақбота болысы мен Дегелең болысының аралығы, кейін Семей полигонына айналған өңірге жақын. Қазіргі Павлодар облысы Май ауданының Үлкен Ақжар ауылы. Осы жерде 1913 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келген Шахан Мусинның Абыралы жеріне де жаттығы жоқ, Дегелең мен Майлықара тауларында балалық шағын өткізген. «Дегелең шыңы» деп аталатын өлеңі де бар. Сібірде айдауда жүріп, қырғыз досына шығарған өлеңінде:
Арман көп, асқар досым, әлі есімде
Айғыржал, Абыралы, Қу мен Дастар.
Солармен қоштасқанда шеккен қайғым
Бүгінгі мұң-зарыма болмас астар, –
деп Абыралыны ерекше атап өтеді.
Шахан Мусин 1932 жылы туған өлкесіне іссапарға барады. Ашаршылықтың үдеп тұрған кезі. Жол бойы қырылып жатқан адам сүйектерін көріп, 19 жастағы жігіттің жаны түршігеді. Қайғы-қасыреті мен наразылығы дәптерге өлең болып құйылып түседі. Өлеңнің аты – «Майлықара».
Бұл өлеңді жазу да сол кезде өзіне-өзі үкім шығарумен бірдей еді. Кеңес Одағының ұлы жетістіктері мен нұрлы болашағы туралы ұрандардың аясында мұндай өкінішті, мұңлы өлеңді жазу батылдық болатын. «Құба-жонда қайғы-жараға өртеніп, жеке-дара қалған» Майлықара тауы, «Шын күліп, шырқай алмай жүрген қыз-бозбала», «Жартаста зар жылап отырған байғызды» айта келіп, өлеңді былай аяқтайды:
Кешегі құлпырған, сән, нұрың қайда?
Бүгінгі ай ұқсамайды бұрынғы айға.
Құдайдан қызығыңды қызғанушы ем,
Торғайша жем болыпсың тұрымтайға.
Қамықпа, Майлықара, қабағыңды аш.
Қаңғырған қорек іздеп аш-жалаңаш
Ұл-қызың сүйретіліп Сібір кетсе,
Асырар, бөтенсің деп аластамас.
Ізінше «Наркомға хат» деген тағы бір өлеңін жазады.
Мұнда тепсе темір үзетін ер-азаматтың аяғын әрең басып, әлдеқайда жеті түнде жер ауып жатқанын, ашықса да жалбарынбай, «жасанды бір құдайларға» бас ұрмай кеткенін жазады. Голощекиннің атын атап өтеді. «Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі, о, замана, бұл азаны кім білген?» деп ашынады. Тағы бір жерінде: «Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім, қаныпезер атқан оқтан қансырап» дейді. Шахан Мусин кейін бір жазған естелігінде: «Өлетін бала бейітке жүгіреді деген осы. Сонда өзім наркомның кім екенін де білмеймін. Кім нарком? Қай нарком? Ал Голощекинді бәріміз де жақсы білетінбіз» деп жазды. Әйтеуір жоғарыдағы бір құдыретті басшыдан үміт күтіп:
Көрші осыны ағатайым, бастығым,
Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың.
Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой,
Қоймаларда етің, майың, астығың, –
дейді де, олардан қайыр болмайтынын сезгендей:
Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің,
Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің.
Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып,
Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін, –
деп ызаланады.
Жас ақын Шахан бұл өлеңді еш жерде жариялатқан жоқ. Бірақ, 1935 жылдары Семей театрында жұмыс істеп жүріп, ашаршылық туралы өлеңдерін өзім деген сырластарына жатқа оқып беріп жүреді. Мандельштамның жағдайындағы сияқты, мұны да бір досы жоғарыға жеткізген болар. 1936 жылдың қаңтар айында Шахан Мусин түрмеге қамалады. Бұл жолы сот оған екі жыл шартты жаза беріп, босатады. Сол жылдың аяғында қайтадан тұтқындалып, бес жылға Колымаға аттандырылады. Сол кеткеннен бес емес, соғыстың салдарынан он жыл жүріп қайтады. Үш рет өлім аузынан қалады. Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» сияқты, Ш.Мусинның «Колыма зары» деп атаған өлең дәптері сол жылдардың куәсіндей. Ақын азабы мұнымен де бітпепті. 1948 жылы үшінші рет тұтқындалады да, тағы да Сібірге айдалып, 1954 жылы әрең босап шығады.
Мандельштамға қарағанда, Шахан ағаның көрер жарығы бар екен. Ерекше талантты азамат жылдар бойы театрда, кинода көптеген рөлдерді сомдады. Белгілі филолог-ғалым, академик Рәбиға Сыздықовамен шаңырақ құрып, ұзақ жыл отасты. 1999 жылы өмірден өтті.
Жалғыз өлеңі үшін жазаланғандардың өмірінде кейбір ұқсастықтардың да бар екені рас. Енді сол туралы аз сөз.
Шахан Мусинның туған күні – 27 желтоқсан, өмірден өткен күні – 26 желтоқсан. О. Мандельштамның көз жұмған күні – 27 желтоқсан. Екеуінің де әйелдері филолог-ғалым, оқытушы болған. Екеуін де алғашқы рет тұтқындағанда жеңіл жазалап, екінші ретінде бес жылға Колымаға жіберген. Жазаға тартылуларына себепші болған екеуінің өлеңі де он алты жолдан тұрады. Мұндай кездейсоқ деуге болатын ұқсастықтар, әрине, іздесеңіз шыға береді.
Ең басты ұқсастық ¬– екеуінің де ақындық рухының күштілігі, қилы кезеңде биліктің сөзін сөйлемей халық жағында болып, шындықты айта білгені, сол үшін жазаға тартылса да, бас имегені.
Қайырбек Шағыр,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі