ХАЛҚЫН СҮЙГЕН ЕСІЛ ЕР...
2023 ж. 21 қаңтар
3191
0
немесе тағы да батыр Бауыржанның жан сыры туралы
«ОҚЫРМАНДЫ ОЙЛАНТПАЙТЫН ШЫҒАРМА»
Түс қиыса «Алатау» шипажайында демалып жатқан Баукеңе бардым. Мені көңілді қарсы алды. Амандық-есендік сұрасқан соң:
– Қолжазбаңды түгел оқып шықтым, – деп өз ойымен бөлісті. – Шығарманың мазмұны оның көлемінде емес, өзегінде, тақырыбында. Сен жалпылама жаза беріпсің. Мұның жарамайтын нәрсе. Әр тақырып өз алдына бөлек дүние. Оқиғаның асқынып дамуы, бәсең тартуы, түйілуі бар. Оқырманға: «Мен сені уысыма бір түсірдім, мықты болсаң, шығып көр. Енді амалсыз оқисың», – дей білуің қажет.
Сенің бір ұнамаған жерің, адамды қайта-қайта суреттейсің. Бұл мүлде артық. Оқырман ретінде әлгі көріністі бағана беріп еді ғой, қайта бергені несі деймін.
Әркімнің жазу мәнері әрине әртүрлі. Дегенмен, портретті әртүрлі әрекет үстінде әр қырынан көрсеткен жөн. Оны суреттеуде кейіпкердің түрлі қимылы, қас-қабағының, бет-әлпетінің қозғалысы үлкен маңызға ие.
Портрет және оның көрінуі деген сөздің астарына ой жүгірт. Бұл үлкен нәрсе, қарағым. Оған терең көңіл бөлу керек. Табиғат – бізді қоршаған орта. Ол образ сырын ашуға қалай көмектесті, қаһарман қандай жағдайда әрекет етті, қоршаған ортаға оның әсері қаншалықты болды деген мәселелер өте маңызды. Мұның бәрін образбен бірлікте бермесең, жазғаның оқырманды ойлантпайтын шығарма болып шығады.
Сенде образ бен табиғаттың байланысы жоқ. Табиғатқа жалғыз айнала қоршаған дүние емес, адам да жатады. Мысалы, біреу кіріп келсе, образ жадырайды, не қабағын шытады, басқа түрлі өзгеріске түседі. Табиғатқа жан-жануарларды да қос.
Тағы бір ескертетінім, шұбыртпалы сөйлемдердің керегі жоқ. Қысқа-нұсқа жазу керек. Бір ойлаған ойыңды бейнелеуге бір жақсы суреттеменің өзі жетіп жатыр.
Сенің қолжазбаң болашақ шығармаңның сұлбасы ғой, оны түсінемін. Қайта қарағанда жоғарыдағы пікірлерімді ескерсін деп әдейі айтып отырмын.
Тараудың ішінде кішкене тараушылар болады. Мына жерде оқушы зейінін сәл кідірту керек екен-ау, ойланып оқысын, астарын түсінсін деп ашық орын, не көп нүкте қоятын тұстарды да ескергенің жөн...
Баукең стол үстінде жатқан бір кітапты алып, белгілеген бетін іздеп, таппай біраз отырды.
– Кеше оқығанымда: «Ой, мына жерін Мамытбек келсе, айтып түсіндірейін», – деп белгілеп қойып едім. Табылмағанын қарашы. Жарайды, жалпы ой аяқталып, жаңа бір сырдың төбесі көрінетін жағдайда ашық жол қалдырып жазу керек. Немесе жұдызша қойған жөн. Сол жағы да есіңде болсын.
Баукең ақ қағазды алдына жақындатып:
– Ана кітап сөресінен Қасым Аманжоловтың өлеңдер жинағын әпер, – деді бұйыра сөйлеп. Мен айтқан кітабын қолына ұстаттым. Баукең ақынның «Орал» деген өлеңінің үш шумағын төмендегі тәртіппен ақ қағазға жазды:
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғанмын.
Жағаңның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс...
Өлең жолдарын бұлай орналастыру адамның ойланып оқуына көмектеседі. Бір ізбен зымырай бергеннен кей жолдардың астары түсініксіз күйде қалып қояды.
Оқушы демалмайды, ойланбайды. Түзу жолмен тарта берген қалай, жоқ бұралаң, қисық жолмен оқта-текте демалып жүрген қалай? Сенбесең, мә, оқып көр, – деп Баукең көзілдірігін жөндеп қойып, қайта жазды.
Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.
Келгенше қайта оралып,
Алып қал сен жырымды.
Сіркіреп жаңбыр жауғанда,
Байқарсың өзің анықтап.
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауаңда сенің қалықтап.
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда.
Айтпақшы, қайда бораның,
Кетейін алып майданға...
Көрдің бе? Жоғарыдағы шумақтардың ирек-ирек орналасуы оқырманды еріксіз ойлантады. Қасым ақын кейіпкері майданға Оралдың боранын да алып барып соғыспақ. Қандай қаһарман?! Оның тұлғасын сомдауға боран қандай қызмет етіп тұр?
«ЖАНЫМА ЖАҚЫН САНАДЫМ»
– Жалғыздықты сезініп жүрген жоқсыз ба?
– Жоқ. Халқым, ой-серігім барда жалғыздықты сезінген емеспін. Осы жасыма дейін ешкімге масыл болып көргенім жоқ, алдағы уақытта да масылдықтан аулақ болсам деймін. Бұрынғыдай үй маңында кешкілік серуендеуден қалсам да, ой ойлаудан қалғаным жоқ. Құдайға шүкір, баспанам жылы, жатын орным жайлы. Көңілімді айналамдағы інілерім ағалап, балаларым аталап аулайды. Ауыра қалғандай жағдайда ауруханада жатып, қалаған санаторийлерге барып емделем. Халқым азды-көпті еңбегімді бағалап, ақ ниетімен ардақтайды. Маған бұдан артық не керек?
Бала-шағасы сыйлап, құрметтегеніне кез-келген ата-ана қуанады ғой. Халқымның сый-құрметіне жүрегім жарыла қуанамын. Жасыратын ештеңем жоқ, мен қайда барсам да, қайда жүрсем де, елім аман болуымды, ауырып қалған кездерімде тезірек сауығып кетуімді тілейді. Өзің ойлашы, мұндай жағдайда жалғыздықты сезінуім мүмкін бе?
– Мүмкін емес.
– «Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырам ба» деген сөз бар. Өзіңмен көптен бері ағымнан жарылып сөйлесіп жүрмін. Атам қазақша ойымды түйіндесем, «бір енегі ішіндегі» арамзалармен ешуақытта ашық сөйлескен емеспін. Жасы үлкен адам ретінде шындығыммен бірге кемшілігімді айтудан айныған кезім жоқ. Ондай кемшілік өз бойында болғандықтан да шығар, мені көпшілік көбірек тыңдайды деген ойдамын.
– Бізге беймәлім бір кемшілігіңізді айтыңызшы?
– Адамгершілігі бар жандардың біразының тұлғасын шығармаларымда сомдадым, біразының бағасын бере алмағаныма өкінем.
Жалғыздықты сезінбеген тағы бір себебім, мен халқымды шексіз сүйдім, адамгершілігі бар кісінің бәрін¬ жаныма жақын санадым...
БАТА ҚАСИЕТІ
– Әжептеуір қызмет істеп жүрген жігіт үйіме келіп: «Аға, бата беретін жасқа жетіп қалыппын. Сөз тауып, көпшіліктің көңілінен шығу қиынның қиыны екен. Соңғы кезде сыртқа сыр бермегеніммен, іштей қиналып жүрмін. Мүмкін деп тапсаңыз, маған бір-екі бата сөзін айтып, не жазып беріңізші?» – деді.
– Қарағым, шамаң жеткенше түсін. Батаның қасиеті бар. Қызмет етіп жүрсің. Сауаттысың. Ненің жақсы, ненің жаман екенін менен де артық білесің. Тегіне тартып, азамат атанған перзенттің ата-анасының мерейі әр кез үстем болатынын түсінерсің. Бағалай алсаң, сенің тәртіпті болып, жақсы жолмен жүргеніңнің өзі – бата. Аман бол, сау бол дегеннен онша пайда жоқ, – деген едім, ол келіспейтін сыңай танытты: «Ой, аға, оны біз бата демейміз ғой»...
– Бұл сөзіңді жұртқа естіртіп айтпасаң да, жақсылықты ойлағаныңның, армандағаныңның өзі – бата.
...Ол жазып берген екі-үш батамды алып, рақмет айтып қоштасты. Кейін естідім, жиын-тойларда «Бауыржан атамның батасы адамның ой-ниетін жақсы жаққа бұрады екен» деп айтып жүрген көрінеді.
КЕКШІЛДІК
Телефон тұтқасын көтердім.
– Халіңді білейін деп едім, – деген Баукеңнің дауысын танып, түрлі шаруадан қолым босамай, көптен бері хабарласа алмағаныма ыңғайсызданып қалдым. Ол кісі амандық-есендік біліскен соң:
– Өлген адамды қазақ «қайтты», «опат болды», немесе «өмірден озды» дейді. Басқа да атаулар жеткілікті, – деді аздап шамдана сөйлеп. – Соңғы кезде журналистер «көзін жұмды» деп сандырақтағанды шығарды. Адам құм кірсе де, ауырса да, ұйықтаса да көзін жұмады. Өмірден озды мен көзін жұмды дегеннің мағынасы екі басқа емес пе?
– Иә.
– Неге журналистер көгілдір экранда да, радиода да өлген адам туралы хабарлағанда үнемі көзін жұмды дейді?
– Солай сөйлеу дағдыға айналып кетті.
– Қазақтың тілін өзгерту – қиянат. Құм кіргенде, не ұйықтағанда мен көзімді жұмам. Бұл ¬– табиғи нәрсе. Қайтыс болған адамды көз жұмды деген журналистерді өртеуіміз керек шығар. Ол топқа сені қосамыз ба, қоспаймыз ба?
– Қоспай қоя тұрыңыз, – деп мен күлдім.
– Не жаңалығың бар?
– Бір журналист кекшілдік ұлтқа өте қажет деп жазыпты. Сіз оның бұл пікірін құптайсыз ба?
– Жоқ. Сауатсыз журналист не болса соны оттап жаза береді. Кек пен намыс екеуі екі басқа. Кектің түбі қан төгіспен аяқталады. Ол жеке адамды да, халықты да орны толмас өкінішке ұшыратады. Ұлттық намыс деген бар. Ол жақсылықты қорғаушы.
– Әлгі журналист Расул Ғамзатовтың: «Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек» дегені кекшіл болу керек дегені депті.
– Оттапты. Расул Ғамзатов Лениндік сыйлықтың иегері, дүние жүзіндегі миллион ақымаққа бергісіз адам. Ол «кішкентай халыққа үлкен қанжар керек» дегенде біреуді өлтіру үшін емес, екі жүзді қанжардай жарып бұзатын өткір, өжет ұлдар керек, ұрпақ керек дегенді айтқан. Енеңді ұрайын, ана журналист мұны неге түсінбейді. Ойланбай, аузына келгенін жаза бере ме? Ұлтқа кекшілдік өте керек дегені не сұмдық?! Ол неліктен кекшіл, ұлтын сақтау үшін кімнен кек алмақшы? Мен ол журналисті адам деп есептемеймін. Оның ойы, ісі адамгершіліктен жұрдай. Кекшіл болу керек деген сөзінің өзі кім екенін айқайлап айтып тұр.
Кекшілдік – қанішерлік. Оның «әкеңді өлтіргенді өлтіруің керек» деуі қанға – қан, жанға – жан ал дегендік. Ол мұндай кекшілдікпен ұлтының ғана емес, қара басының намысын сақтай алмайды.
Әй, оңбаған... Расул Ғамзатовтың «кішкентай халыққа үлкен қанжар керек» деген сөзінің мағынасын түсінбеген ол кім?
– Әлгі журналист: «Кекшілдіктің ең үлкен үлгісін еврей халқы көрсетті. Олар Гитлердің қылмысын мойындатып, қолды болған бұрынғы зауыттарының, жер иеліктерінің құнын түгелдей қайтарып алды», – деп жазыпты.
– Қазақта «жеңілген жауға қатын ер» деген сөз бар. Халықаралық адам құқығында: «Жау конституциялық заңға қайшы әрекетке барып, жеріңді күшпен басып, не тартып алса, оны қалпына келтіріп қайтаруға тиіс», – деп жазылған. Ол еврейлердің кекшілдігі емес. Журналист, не жазушы болу үшін оның дүниетанымы жан-жақты әрі жоғары болуы керек. Оның еврейлер кекшілдік жолмен өтісін қайтарып алды дегені барып тұрған – сауатсыздық.
Еврей халқы ешкіммен кектескен жоқ. Сондықтан тірі келе жатыр.
Әлде еврейлер пәлен елге шабуыл жасап, пәлен халықты қырды дегенді есіттің бе?
– Жоқ.
– Онда неге ана ақымақ журналистің сөзіне сеніп отырсың?
– Мен сенгенім жоқ, Бауке.
– Бас көтерген еврейлердің бәрі жиналып, түк өспейтін құмның үстін көгалдандырып, бау-бақша егіп, жемісін жеп отыр.
АҚЫН ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?
– Кеше Жазушылар одағына барыпсыз ғой?
– Иә, төрағамыз Олжас Сүлейменовке жолықпақ едім. Екінші қабаттағы фойэ маңында үш бала жігіт «ассалаумағалейкум» деп әдеппен сәлем берді. Ауылдан келген балалар екенін сезіп:
– Уағаликумассалам. Сендер кімсіңдер? – дедім. Бойы сырықтай, жұқалтаң біреуі:
– Біз – студенттерміз. КазГУ-дің журналистика факультетінің бірінші курсында оқимыз, – деді.
– Одаққа неге келдіңдер?
– «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған тырнақалды өлеңдерімізді әкелдік.
– Поэзияның болашақ сарбаздары екенсіңдер ғой. Кәне, сұрағыма жауап беріңдер. Ақын деп кімді айтамыз?
– Өлең жазғанды айтамыз?
– Мұхтар Әуезов ақын ба, ақын емес пе?
– Ол кісі өлең жазған жоқ, ақын емес.
– Менің ұғымымда Мұхтар Әуезов – ақын. «Абай жолының» әр тарауы қай дастаныңнан кем? Сендердің түсініктеріңе қарным ашыңқырап қалды. Бірақ бұл сендердің кінәларың емес, мектептегі әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалімдеріңнің кінәсі. – Қолыммен нұсқай көрсеттім. – Мынаны арқа дейміз, оның төменгі жағын не дейміз?
Балалар ұялып, төмен қарады. Айқайлай сөйледім.
– Неге сұрағыма жауап бермейсіңдер?!
Орта бойлы, толықтау келгені «жамбас», бәкене бойлысы «құйымшақ» дейміз, – деді.
– Көтті көт деп айта алмайтын қандай ақынсыңдар? Мәдениеті аз десеңдер де бойларыңда бар нәрсе ғой. Демек, бар нәрсе – шындық. Шындықты жасырып қалай ақын боласыңдар? Үлкен өмірге жаңа араласып жүр екенсіңдер, айтарым, ақын әрқашан адал, батыл болуы керек. Келешекте сол биіктен табылуларыңа тілектеспін. Уақыттарыңды алғаныма ғафу өтінем. Сау болыңдар, қарақтарым.
– Сау болыңыз.
ТЕЛЕФОНДАҒЫ ӘҢГІМЕ
– Сәлеметсіз бе, ағай. Мен Алматыдағы Әскери иниституттың қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент Ғибат Тамаева қызыңызбын.
– Сәлемет пе? Таныдым.
– Әскери иниститутымызда сізбен кездесу өткізсек деген ойдамыз. Шақырсақ, келесіз бе?
– Сөз жоқ келем. Бауыржан ағаға байланысты жер түбіне шақырсаңыздар да барамын, бармауым мүмкін емес.
– Жаңа бастығыма сіз туралы айтқан едім. Енді өзіңізбен сөйлесіп отырғаным қандай ғанибет. Бауыржан ағаның көзі ¬– сіздің даусыңызды естудің өзі бізге кәдімгідей қуаныш.
Кітаптарыңызды қайта-қайта оқып, керемет рухани нәр алам. Сіздің шығармаларыңызда қарапайым боп жаратылған ауыл баласының үлкен тұлғаға айналғанға дейнгі ерекшелігін ашып, танытатын жоғарыға өрлеген жол, биіктік жатыр. Байқайсыз ба, ағай, қалай десем екен, сіздің кітаптарыңыз маған оқып, сөреге жинап қоя салатын кітаптар емес, тәрбие құралы, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін таныту құралы сияқты сезіледі. Әсіресе, олар мен үшін, әскерилер үшін – қарым-қатынас үлгісі, әскери қағида, адамдардың мәдениеті. Бауыржан ағаның әрбір дүниесін жалықпай зерттеп, үлкен шеберлікпен, үлкен талғаммен жинақтай бейнелегеніңізге шексіз ризамын. Қалай жалықпағансыз, ағай? Кітаптарыңызды қайта-қайта оқимын да, қайта-қайта ойға батып, таңғалам.
Сіз шығармаларыңыз арқылы Бауыржан ағаның биік адамгершілік иесі – азамат болып қалыптасуы баспалдақтарын жұрт жүрегіне жеткізудің прагматикалық адастырмас соқпағын салғансыз. Кейде мен «шіркін, осы құбылысты ғылыми талдап түсіндіретін ғалым табылса ғой» деп те армандаймын. Сонда қазақ әдебиетіндегі тұлға тану прагматикасы деген бірнеше сүбелі тақырыптағы еңбек дүниеге келер еді. Ғылымды сүйетін, ғылымды танитын талапкерге сіздің кітаптарыңыз таза, түбегейлі ғылыми еңбектің таптырмас негізі болатынына көзім жетеді.
Жасыратыны жоқ, әдебиетте де, журналистикада да, тілде де, философияда да зерттеулер таптауырын ізбен сыңаржақ жүргізіледі. Пай-пай деп таңдай қағып тамсанатын кесек дүниелер жоқтың қасы. Мақтауларының өзі құрғақ, жалпылама қызыл сөзге құрылады, ғылыми талдаулар, ғылыми дәлелдер жетіспегендіктен көңілге қонбайды. Ең өкініштісі – сендірмейді.
Айталық, Бауыржан ағаның жанында қандыкөйлек достары Дмитрий Снегиннен, Мәлік Ғабдуллиннен бастап, бейбіт өмірде Шерхан Мұртаза, Сәуірбек Бақбергенов, Аян Нысаналин, тағы басқалар қоян-қолтық араласты, тіпті көрнекті ғалымымыз Мекемтас Мырзахметов үйінде жүрді. Бауыржан аға тұлғасын бейнелеп, ел жүрегіне жеткізіп, танытуда ол кісілер енжарлық танытты. Әзілхан ағаға рақмет, бізге «Аңыз бен ақтқат» романын сыйлап кетті. Әйтсе де маған осынша дүниені жазу сізден басқа ешкімнің қолынан келмейтіндей сезіледі.
Әдебиетте бағалау деген бар. Бағалау – құны, өсиеті, қадірі, сапасы деген ұғымдардың жиынтығы тәрізді. Оның түрлі тақырыптары, белгілері кездеседі. Бағалау жұртқа сөз арқылы жеткізіледі, әрі оның жауапкершілігі үлкен. Өйткені халықтың ішінен шыққан көрнекті адамдар туралы ойыңды жұртқа жеткізудің өзі үлкен әрі қиын шаруа. Осы ерекшелікті ескергенде сіз прагматиксіз. Қазақта прагматиканың зерттелуі ала-құла. Ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз, журналистерміз жалпылама мақтауға, қызыл сөзге әуес.
Прагматика орыстарда кеңінен дамыған. Осы жөнінде зерттеу жүргізгім келеді. Өкінішке қарай, күнделікті күйбең тірліктен қолым тимейді. Тағы қайталап айтамын, сіз прагматиксіз, ағай.
– Қалайша?
– Айтайын ба, ағай?
– Айтыңыз.
– Үлкен аудитория мен тұлға арасындағы қарым-қатынасты орнатушысыз. Сіздей адамды прагматик деуіміз керек.
Біз енді ғана даму жолына түскен елміз. Мен бұрын біздің өмірімізде сіздей адамдар болса деп армандайтынмын. Сіз тұлғаларымыздың асыл қасиеттерін жастарға, болашақ ұрпаққа танытып, тәрбие, мәдениет, адамдық құндылықтар қандай болу керек дегенге қадау-қадау шығармаларыңызбен белгі салып, жол көрсетіп келе жатқан бағдаршам сияқтысыз. Сіздің кітаптарыңыз ұрпағымыздың ұрпағына бағдаршам қызметін атқаратынына сенімдімін.
Тұлға бар. Енді оның тұлға екенін жұрт жүрегіне жеткізетін кімдер? Олар ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер. Солардың арасынан мен білетін нағыз прагматик –¬ сізсіз ағай. Бауыржан Момышұлындай ірі тұлғаның ешкім айта алмаған, ұрпаққа керек дүниелерін келістіре жазып та, айтып та келесіз.
Қарапайым бір мысал келтірейін. 2019 жылы, тоғызыншы мамыр күнгі интернет жазбасынан Ербол деген баламыздың: «Бауыржан Момышұлы көкеміз нағыз қазақ! Жасыратыны жоқ, баяғы Кеңес үкіметі кезінде де, қазіргі кезде де жастар осы Бауыржан көкеге еліктейді», – деген пікірін оқып, қуандым, Бауыржан Момышұлының неге нағыз қазақ екеніне, ол кісіге жастардың не үшін еліктейтініне сіздің кітаптарыңыз ғана толық та тиянақты жауап беретінін үлкен қанағаттанғандық сезімде мойындадым.
Абай атындағы педагогикалық иниститутта деканның орынбасары болып жүрген кезім. Белгілі философ ағай келіп, Абай туралы зерттеу кітапшасын сыйлады. Мен:
– Әлемдік әдебиетті, әлемдік философияны білгеніміз дұрыс. Бірақ бізде де әлемдік тұлғалармен иық тірестіретін философ-тұлғаларымыз бар ғой. Қазақ философиясын неге жазбайсыздар? Махамбеттің, Абайдың, бүкіл жыраулардың, Бауыржан Момышұлының философиясы неге зерттелмей жатыр? –¬ дедім. Бұл ойымды басқа да ғалым ағайларға да айтқанмын. Көп ұзамай қазақ философиясын зерттеу қолға алынды. Бұған жұрт болып қуандық.
Келесі кездескенде кітапшасын сыйлаған философ ағайға: «Сіз Абай туралы зерттеу кітабыңызды прагматик философ ретінде емес, тілші, әдебиетші ретінде қарастырыпсыз», – дедім.
– Мұны сен қалай білдің?
– Сөздің ішкі бірліктерін қазақ сөздің мәнісі дейді. Ол молекула сияқты келесі ойдың дамуына негіз болады. Оны мән дейміз. Бала бағу, мал бағу деген мәннен Абай ой бағуды бөліп алған. Бұл басқаларда жоқ, Абайда ғана бар. Осы ерекшелікті сіз ескермегенсіз. Ол кісі:
– Прагматик дегенді қалай түсінуге болады? – деді.
– Прагматик деп жаңа, ешкім бара бермейтін құбылысты жаңаша түсіндіретін, ғылыми талдауы, ғылыми бағалауы терең адамды айтамыз.
Ол кісі келісем, не келіспеймін демей қоштасты. Ағай, сіздің тақырыбыңызға қызығатын себебім, менің диссертациялық тақырыбым «Категория вежливости». Қазақшалағанда «Кішіпейілділік категориясы». Бұл тақырыпты өзім жақсы көрем. Мұны жапон тілінде бір талапкер қорғапты. Бағалау, сыйлау, құндылық, қасиеттілік деген дүниелердің қайдан, неден бастау алатыны қызық.
Отарлау саясаты ұлтымызды жаншып, өзінің бүкіл салт-дәстүрін бізге жайып, біздің болмысымызды тәркі ете жаздады. Әйтпесе, мәдениетіміз бүгінгі мақталып жүрген жапондардың мәдениетінен де жоғары еді. Есіктің алдына дүбірлетіп атпен келмеу, үй ішіндегілермен айқайлап сөйлеспеу, көгеріп өсіп тұрған шөпті жұлмау, бәрінен жастарымыз өздерін еркін ұстап, халықымыздың ерке баласы ретінде құрметтелуі тәрізді ғасырлар тереңінен сақталып келе жатқан дәстүрімізді жойып жібермек болды.
Осы жағдайлардың бәрі сіздің кітаптарыңызда төрт көзі түгел бар. Сіз ұлтымыздың, жеке адамдарымыздың қадір-қасиетін сыйлаған, бағалаған жұрттың ортасында өсіп, куәсі болған прагматиксіз. Халықтың сый-құрметіне бөленген адамды қалай жазу, қай қырынан көрсету керегін сіз жақсы білесіз. Әдебиетіміздің танымдық көкжиегін кеңейтіп, бүкіл рухқа, ұлтқа, тұлғаға қызмет етіп келесіз. Мүмкін болса, құпия сырыңызбен бөлісіңізші? Бұл тақырыпқа алғаш қалай бардыңыз ағай?
– Елдің ел болуы үшін әр кезде де оны қорғап, алға бастайтын ері, ердің ер болуы үшін оны қолдайтын елі керек. Осындай жағдайда ғана біздің ақыл-ойымыз түгел, жүрер жолымыз айқын болады. Ар майданында аласармаймыз, – деген ой жетегінде жүргенімде тағдыр мені Бауыржан ағамен кездестірді. Тұла бойынан өзім іздеген қасиеттерді танығаннан кейін ол кісіден бір елі ажырамадым. Жазып жүрген докторлық диссертациямды да жиын тастап, жиырма бір жылымды Бауыржан әлемін танып-білуге арнадым.
– Сіз шын мәнінде келешек рухани дүниеміз қалай болу керек деген ойдың шамшырағысыз. Кітаптарыңыз мәңгі қалатын дүние. Шаршамай еңбектене беріңіз. Тілеулеспін, ағай.
– Рақмет.
Мамытбек Қалдыбайұлы.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы.
qazaquni.kz