ОЙ ТӨРІНДЕ ЖҮРЕР АҒА

ОЙ ТӨРІНДЕ ЖҮРЕР АҒА

Нұрлан Оразалин,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер...

Осы сөздерді дүниеден ерте қайтқан Сағат досым жиі айтушы еді...

Айлар артта қалып, жылдар жөңкілген сайын сол есте қалған күндермен қоса, есте қалар таныс жандар қатары да көбейіп барады... Жаныңа жақын қадірлі адамдар туралы өткен шақпен ойлау, сөйлеу сәттері де, өкінішке қарай, жиілеп барады.

Соны сезініп, қиналасың, толғанасың, тебіренесің, өкінесің, мұңаясың... Мына өмір мен тіршіліктің шын мағынасында «жалған» екеніне бір уақ көзің жете түскендей болады. Күні кеше ғана сымбатты, сұлу жарық дүниенің сәуле нұрына шомылып, қатар жүрген, сыйласқан, сырласқан, талай-талай жиын-тойларда бірге болып, әр алуан сәт сағаттардың қуаныш-шаттығын, қасірет-қайғысын бөліскен әлгі жандар туралы ойлаған сайын әр қилы күй кешерің де, өзіңмен өзің отырып, бақилық сапарға кеткендермен үнсіз тілдесерің де ақиқат.

Өйткені олардың әрқайсысы сенің өмірбаяныңа араласқан, өмір- тіршілігіңе қатысы бар, «есте қалған күндердің» бір-бір иелері, ақиқат дүниесінің айғақты белгілері, қалыптасу, қатаю кезеңдерінің көңіл төрінде қалған сілемдері.

Мүсекең – Мүсілім Базарбаев ағамыз мен үшін осындай ой төрінде жүрер қадірлі жандардың бірі. Ол менің «есте қалған күндерімнің» елең-алаң айдынында өзінің ерекше сыпайы мінезімен, зиялы болмысымен, зерек ойларымен, сирек қалпымен қалған адам.

Мен Мүсекеңмен 1972 жылдың наурызында таныстым. Таныстырған Сафуан Шәймерденов ағамыз.

Ол кезде Мүсекең – Мәдениет министрі, ал Сафекең министрліктегі репертуарлық редакциялық коллегияның бас редакторы. Екеуі де ел танып, мойындаған, тұғырлы биіктегі тұлғалы азаматтар. Қатар жүріп, қатар өскен дос-жар адамдар, бірін-бірі қас пен қабақтан танитын сыралғы жандар... Ал, мен университет қабырғасынан түлеп ұшқаныма бас-аяғы екі жылдай ғана уақыт болған, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің қатардағы әдебиет қызметкерімін.

Өзегіміз өлең деп өртеніп, бозбала күндердің бозмінез жырлары жүрек-санамызға маза бермей жүрген кезіміз. Әредік газет-журнал беттеріне шыққанымыз болмаса, атымызды жалпақ жұрт біле де бермейді. Уақыттың көбі қағаз шимайлауға, апы-күпі боп газет тапсырмасын орындауға кетеді. Қысқасы, Алматының қиыр-қиыр пұшпағын түгендеп, пәтер жалдап жүрген жас семьямыз. Тапқан-таянғанымыз пәтерақы мен тамақтан аспайды...

«Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс», – деп ұлы Абай айтқандай, осындай арманды – қанат, мақсатты – мұрат қып, таудай талаптың жетегінде жүрген жас жігітпен күндердің бір күні телефонда күтпеген адам сөйлесті.

– Алло... Нұрланбысың?

– Иә.

– Аманбысың, айналайын.

– Сәлеметсіз бе...

– Мен ғой... Сафуан ағаң... Жұмысың қалай?

– Сәлеметсіз бе, ағай... Жаман емес.

– Неге жақсы деп айтпайсың?.. Жарайды... Қысылма. Өлең қалай? Жазылып жатыр ма? Дұрыс... Аяқ алысың дұрыс. Қадағалап тұрамын.

– Рахмет, ағай.

– Сен уақыт тауып маған келіп кетші... Мәдениет министрлігіне... Сегізінші март пен Гоголь көшесінің қиылысы... Бірінші қабат... Репертуарлық коллегия.

Айтқан уәделі кезде алып-ұшып, Сафекең отырған кабинеттің есігін қақтым...

Сафекең маған күтпеген ұсыныс жасады. Репертуарлық коллегияға редакторлыққа шақырды. Жұмыс жайын, ыңғайын айтты. Мен атқаруға тиіс міндеттермен таныстырды. «Мүсекеңмен... Министрмен келісіп қойдық», – деп шегелеп те жіберді.

– Ойланайын ағай...

– Ойланайын?! Қой! Ойланба... Кел! Беделді жер, белгілі адамдармен істес боласың. Екі күннен қалмай, жауабын бер. Министрге алып кіреміз... –деді.

«Министрге алып кіреміз» деген сөз маған ерекше әсер етті. Бұрын естігені болмаса бірде-бір министрдің алдын көрмеген жас жігіттің жан күйін, әрине, ұғуға болады...

Мен осындай ой мен толқу құшағында бас редактор кабинетінен шықтым...

Араға бірер күн салып, министрлік босағасын қайыра аттадым. Сафуан ағамыз мені бірден министр кабинетіне жіберді. Екі қабатты сары үйдің екінші қабатына көтерілдім де оңға бұрылып, «Министрдің қабылдауы» дейтін жоян ақ есіктің алдына келдім. Тізем дірілдегендей болды. Ішке ендім. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз мені ұзақ күттірмеді. Баяндады.

Үлкен бөлмеге кірдім. Көзіме түскені – төрдегі үлкен стол мен столдың арғы жағында отырған шашы боз шулан тарта бастаған ақ құба өңді сұлу кісі. Үстінде мұнтаздай ақ костюм. Мен есікті ашар-ашпастан тосылып тұрып қалдым. Кабинет иесі менің әлемтапырық халімді түсінгендей, демеңкірей дауыстады:

– Келіңіз... Төрлетіңіз...

Мен столға жақындадым. Өңі сұлу, қабағы сұсты кісі бас-аяғыма барлай қарап, қолын ұсынды.

– Отырыңыз... Есіміңіз?

– Нұрлан.

– Фамилияңыз?

– Оразалин.

– Мұнда неге Оразалиев болып жазылған? Псевдоним?... – Мүсекең мырс ете қалды: – Псевдоним деген жасырын ат емес пе? Мынауыңызда жасырын ештеңе жоқ қой. Жұрнақтары бөлек болғанымен түбірі ортақ... – деп ақсия күлді.

– Алғашқы өлеңім жарық көрерде бір ақын ағамыз «Оразалиев» деп, иіп, бүгіп жатқанша, «Оразалин» деп қысқа қайырмайсың ба? – деп, «лиевті» «инге» өз қолымен ауыстырып еді... – дедім мен ақталған болып.

– Жарайды... Өзіңізге ұнаса болды... Оразалин болса, болсын... – деді әнтек жымиып. – Театрға баратын ба едіңіз?

– Студент кезімнен.

– Бітіргеніңізге қанша болды?

– Екі жыл.

– Ендеше, театр есігін ұмыта қоймапсыз... Шәймерденов түсіндірген болар. Ақшалы жер... Атақты кісілер көп келетін орын... Қағазға... Әсіресе, іс қағаздарына ұқыпты болыңыз. Драматургия жүрген жердің «драмасы» да көп болады. Дұрыс қабылдап, дұрыс сөйлеу керек, – деді Мүсекең қолымнан қысып тұрып: – Айлығыңыздың көлемін айтты ғой.

– Иә.

– Үй мәселесін де көп соза қоймаспыз... Ісіңіз сәтті болсын!

Менің Мүсекеңмен таныстығым осылай басталып еді...

Базарбаевтың бұйрығымен есігін ашқан сол Мәдениет министрлігінде мен табандатып отырып, аттай он екі жыл қызмет етіппін...

Репертуарлық коллегияда істеген жылдар мен үшін, сөз жоқ, есею, өсу жылдары болды. Осы арада жүріп мәдениет пен өнердің кең өрісіне шықтым. Театр дейтін киелі дүниенің қойын-қонышына сүңгідім. Аударма жасадым. Пьесалар жаздым. Оларым біраз театрларда қойылды. Үлкен әдебиет пен үлкен өнерге деген құштарлық оты лаулай түсті. Республика театрларын көп араладым. Өнертану айдыным ғана емес, өміртану айдыным да кеңейді. Жаңа достар таптым. Қысқасы, театр дейтін сұлулықтың төресі саналар өнердің ең ғажайып, ең киелі, ең көне түріне мықтап бауыр бастым. Осында жүріп мен редактор ретінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Бауыржан Момышұлы, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Оразбек Бодықов, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Софы Сматаев, Роллан Сейсембаев, Баққожа Мұқаев, Смағұл Елубаев, Әділбек Тауасаров, Сұлтанәлі Балғабаевтардың жаңа, біразының (Оралхан бастаған соңғы буынның) тұңғыш пьесаларының өмірге келуінің куәсі болдым.

Шынында да, репертуарлық коллегия айтыс-тартысы, дау-дамай, өкпе-реніші мол, Мүсекеңнің сөзімен айтқанда, драматургия маңы «драмалары» жиі болатын жер еді. Пьесалары өтпей жатқан ағайындар Орталық Комитетке, Министрге ара-тұра арыз айтып, шағым түсіріп жататын. Төрт жылдай қарамағында істеген кезімде табиғатынан таза, тура мінезді Мүсекеңнің пьеса қабылдау ісіне орынсыз араласып, тізе батырған бірде-бір сәтін көрген емеспін. Ол кісі қай кезде де тектілік сыңайынан, сырбаз сыпайылығынан жаңылмай (үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлеуші еді ғой), «қара қылды қақ жару төрелігін» репертуарлық коллегия мен коллегия жанындағы Репертуарлық кеңес ғұзырына тапсырып отыратын. Ақшалы жердің «айқайын» Мүсекең осылай басушы еді. Түсі суық көрінгенмен, жаны, жүрегі жұмсақ ағаның талай өнер маңы дауларын кәсіби білімі жетік мамандар талқысына салып, қиын-қиын тұстардан қиналмай шыққан басшылық білігінің сан мәрте куәсі болғанымыз бар.

Мәдениет министрлігі ол жылдарда ерекше дәуірлеп тұрды. Мәдениетке деген ықылас пен ынта мол еді. Әр түрлі бағыттағы профессионалды ұжымдардың дәреже-деңгейін, бағыт-бағдарын анықтап, олардың кәсіптік түрғыдан оң дамуын қамтамасыз етер мемлекеттік шаралар көп болатын. Алматы қаласының жасарып-жаңарған, көркейіп-түлеген кезімен тұспа-тұс келер осынау өнер атаулының шарықтау дәуірінің бірер жылы Мүсілім Базарбаев басшылығымен атқарылғанына ешкім көз жұма алмайды.

Мүсекең өзіне дейінгі өмірінің соңғы сәт-сағаттарын арнаған Ілияс Омаров ағамыздан алған мәдениет билігінің тізгінін алты жыл абыройлы ұстады, оны өнерге, өнер адамдарына қалтқысыз қызмет еткен, өзінің адал замандасы Жексенбек Еркінбеков ағамызға сәтімен тапсырды. Артында мәдениет пен өнердің обалын көтерердей әңгіме қалдырған жоқ, қайта өнер адамдары мен өнер әлемі айта жүрердей талдау мен танымның, білік пен білімнің, мәдениеттілік пен қамқорлықтың өзіне гана жарасар әдемі үлгілерін қалдырды. Өнер ордаларының игілігіне айналған ғимараттардың біразы осы Мүсекеңнің тұсында өз тұсауын кесіп, өнер адамдарының талайы, осы Мүсекеңнің тұсында Алматының орталығындағы сәнді үйлерге қоныстанды. Өзгесін айтпағанда, Қонаев пәрменімен жетпісінші жылдары үлестірілген «жүз үйдің» тұрғындары өнерге көрсетілген осынау өлшеусіз қамқорлықты ұмыта қоймаған шығар деймін. Сол жүз үйдің біреуінің иесі ¬– осы жолдардың авторы – менмін. Алматы қаласынан алған (Мүсекеңнің өз қолынан) алғашқы екі бөлмелі пәтерімді қалай жадымнан шығарайын?

Иә, Мүсекең қайсар мінезді кісі еді. Орынсыз кішіреюді, не орынсыз кісімсуді білмейтін. Тура сөйлеп, тура жүретін. Айтарын да жасырмай бетке айтатын. Жасаған жақсылығын «жасадым» демейтін. Өзінен гөрі достарын, тілеулестерін көбірек ойлайтын.

Өмір қызық қой... Бір адамдар болады – қызметте жүргенде танауы көкті сүзіп, ешкімді менсінбейді, қызметтен түссе, көрінгенге жалпақтап, өзінің де, өзгенің де дегбірін алады. Мүсекең қызметте жүргенде де, қызметтен кеткен кезде де өзі, өз мінез бітімі көтерген биігінен түскен жоқ, сырбаз, сері қалпынан жаңылмады. Тектілік тұрпаты мен өзіне ғана жарасар дегдарлық кейпінен бір шыққан емес. Ол әр кез азаматтық пен адалдықтың, талғампаздық пен табандылықтың асқарынан көріне білді.

Өз биігіндс жүріп, өз үлгі, өз мектебін жасады, өз тағдырын қашады.

Өз биігінде жүріп, өмірден өтті, Мүсекең менің көңілімнің төрінде осындай қалпымен қалды.

Иә. «Есте қалар есті күндсрдің» бір иесі – мен білетін қадірлі Мүсекең, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, қазақ ғылымы мен көркемдік ойлау кеңістігіне қалтқысыз еңбек еткен Мүсілім Базарбаев осындай кісі.

Әзіл

БАЗАРБАЙҰЛЫ «ТӨЛЕГЕН»

Мүсілім Базарбаев қол боста фотосуретшілікпен айналысқан адам. Оның альбомдарынан қазақтың танымал тұлғаларының бейнелерін, сондай-ақ табиғаттың тосын көріністерін байқауға болады.

Және Мүсекең көптеген қаламгер әріптестері секілді тастаяқ ойынына құмартқан.

Сол кездегі үй-жайы Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратына жақын орналасқандықтан, қалт етсе сондағы бильярд үстелі маңайынан табылатын әдеті болған.

Бір күні үйге алыстан ат арытып сыйлы меймандар келіп қалса керек, зайыбы Гүлбараш соңынан одаққа іздеп барса, жолдасы атақты Бауыржан Момышұлы ағасымен бірге тақтаны айналып, ойын көрігін қыздырып жүр екен.

Сонда Гүлбарашты байқаған Баукең жағдайды түсіне қалып, бір жағынан, Мүсілімнің шыққан тегін, кескіні мен мансабын әм әуестігін меңзеп және келінінің көңілін аулап:

– Базарбайұлы «Төлеген» –

Ерте туған көбеген.

Келіннен рұқсат сұрамай,

Бильярдқа жөнеген! –

деп табан астында бір шумақ өлең шығарып жіберіпті.

Құлтөлеу МҰҚАШ

Ниет

МИРАСЫ МОЛ ЖАН АҒА

Көз алдымда ер тұлғаң,

Сұлу, сымбат мүсінің.

Салмақтылық қалпыңнан

Айнымас бір Мүсілім.

Үлкенге де, кішіге

Күлімсіреп тұратын,

Мейір төгер кісіге,

Болатұғын мұратың.

Ғайбат сөзді айтпаған,

Биязы еді-ау мінезің.

Бағытынан қайтпаған

Тарлан тұлға бір өзің!

Берік едің дініңе,

Туған елің тіліне.

Сәуле шашқан үніңнен

Саф ойларың күніне.

Өмір ¬– толған сұраулар,

Жауап тілер тарихтан.

Дарыны дүр дыраулар

Тұстары мол анықтар.

Садақ, найза асынған

Хас батырлар бір тұстан.

Қасақы жау басынған,

Маңдайлары тыртысқан.

Күміс көмей әншілер,

Жағы талмас жыраулар.

Деп тұр бәрі: «Енші бер!»,

Таусылмайды-ақ сұрақтар.

Бар-баршасын зерделеп,

Көзмайын көп тауысқан.

Мұрағаттан термелеп,

Дәлелдерін қауышқан.

Өзің едің жан ағам,

Асыл ойлы азамат,

Қазылардай қараған

Топшылауың ғажап-ақ!

Пайғамбардың жасынан

Көп асырмай қу ажал,

Алып кетті-ау тосыннан

Болмақ бізде не амал?

Өлмес, өшпес мұраңды,

Өрендерге қалдырдың.

Сен шешпеген сұрауды

Тарқататын туар күн.

Жатқан жерің жәннеттен,

Топырағың торқадан

Екендігін жан ағам,

Сенімменен айта алам.

Құрақ ұшып, қолға алып,

Мол мұраңды Гүлбараш.

Оқып жүрміз толғанып,

...Заман мынау қарбалас...

Мыңбай РӘШ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

Суреттің біріне надпись: Мүсілім мен Гүлбараш. 1950 жыл.

qazaquni.kz