Түркі дүниесінің тұлғасы болатын
2022 ж. 05 желтоқсан
4213
1
Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Мархабат Байғұт ағамыздың дүниеден озғанын естіп,жүрек жылап отыр! Соңғы рет ол кісімен Алматыда жүздестік. Осы жылғы жаз айларының бірінде, «Ақкент» шағын ауданындағы үйімнен жұмысқа шығып бара жатыр едім.Төмен жақтағы көрші үйден Орысбай Әбілдаев пен Баян тәтем, Мархабат аға мен Қыздаркүл жеңешем шығып келеді екен. Өздері көңілді. КазГУ-де университет бітіргендеріне айтулы дата толып, соған кездесуге бара жатыр екен. Бұл кісілер құдай қосқан құда. Мархабат ағаның дүниеден ерте озған Баубек деген баласы мен Орекеңнің ортаншы қызы ертеректе тағдыр қосқан. Одан бірнеше ортақ немерелері бар… Емен-жарқын амандасып, қауқылдасып қалдық. Ауладағы ұзын орындыққа отырып,хал-жай сұрастық. Мархабат ағам өзінің қашанғы өзгермейтін қалпымен жылы жымиып, нұрын төгіп, ерекше бір мейірім шуағын шашып адамның бауырына кіре әңгіме созып, біраз аялдадық. Жазушылар одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бәйгесінде алған Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық алғаны үшін Ұлықбек інісіне, маған алғысын жаудырып-ақ жатыр. Қайран қатал тағдыр-ай! Бұл менің ол кісіні соңғы рет көруім екен-ау! Кейін тағы бір мәрте телефон арқылы сөйлестім. «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125-жылдығына орай қыркүйектің 28-жұлдызында Семейдегі шараға Мемлекет басшысы баратынын, соған Әуезовтің қазіргі көрнекті ізбасары ретінде барып қайта аласыз ба?» деп сұрағанымда өзінің сырқаттанып жатқанын айтты. Бұл ол кісімен соңғы тілдесуім екен. Кейін Шымкентке жол түсіп барғанда, жүрегіне ота жасатқан ағамызға көңіл сұрай барып шыға алмадық. Отадан кейін үйге шығыпты, бірақ ешкімді кіргізбейді екен. Дәрігерлер сондай тыйым салыпты деді білетіндер. Тек жақын-жуықтардан сәлем айттық. Одан бері де көп өткен жоқ. Жазылып кетуін Алладан тілеп жүрдік. Амал нешік, қайырымсыз ажал Ағамызды жеңіп тыныпты. Өкініш өзекті өртейді. Оңтүстік өңіріндегі әдебиет дегенде, алдымен тілге Мархабат Байғұт есімі оралатын еді. Біз қай бір сапармен Шымкент, Түркістанға барсақ, алдымыздан өзіне ғана тән жылы жымиысымен Мархабат аға шығатын. Сонау бір жылы Елбасы Түркістан қаласында этноорталықтың ашылуына келіп, оншақты қазақ зиялысымен кездескенде, ортамызда Мархабат аға болып еді. Бір жылдары Ұлықбек, Ғалым үшеуіміз Темірғали Көпбаевтың елу жылдығына барғанымызда Шымкенттің сәулетті сарайының бірінде сөз тізгінін өзі ұстап еді.Ханбибі Есенқарақызының жетпіс жылдығында марқұм Көпен аға екеуі салтанатты кешті әдемі жүргізген. Қасымхан Бегмановтың алпыс жылдық тойына Түркістанға барғанымызда, тағы да алдымыздан Мархабат ағам шықты. Айта берсең, ұшы-қиырсыз көп кездесу, жарқын жүздесулер. Мархабат аға ақырын жүріп, анық басатын, көркем мінезді, жазғандары ел жүрегіне ұя салған аса дарынды жазушы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер тұлғамыз еді. Берісі – алты Алашқа, арысы бүкіл түркі дүниесіне танымал болатын. Кейінгі жылдар бедерінің өзінде Ұлы Жібек Жолындағы орналасқан Түркістан шаһары туралы тарихи деректі шығармасы Бейжіңнен қытай тілінде жарық көріп еді. Ал оның «Әкімнің әйелі» шығармасын көрші ел Өзбекстанның Президенті Шавқат Мирзиеев барлық өзбек шенеуніктеріне сөз арнап, Қазақ жазушысы Мархабат Байғұттың «Хокимнің хотуны» прозалық шығармасын оқып шығуға үлкен жиын үстінде пәрмен беріпті. Осыдан екі-үш жылдай бұрын Алыстағы Түркияда Мархабат ағаның кітабы түрік тілінде басылып шығып, «Түркі дүниесіне зор қызметі үшін» мәртебелі сыйлығымен марапатталды. Осының өзі қандай ұлы жазушымыздан көз жазып қалғанымызды аңғартатын мысалдар.
Мархабат ағаның жақын-туыстарына, барша қазақ еліне ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын! Бақұл бол, қара сөздің су төгілмес үстінен сұлу жорғасы, Асыл аға! Жаныңыз жәннаттың төрінен орын алып, кәусар бұлағынан сусындаңыз, Жан аға! Біз Сізді ұмытпаймыз!
Бауыржан Жақып,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары
qazaquni.kz