Әкім ТАРАЗИ: ДОСТАРЫМДЫ МЕН ӨЗІМ ТАҢДАДЫМ
2022 ж. 28 қараша
4323
0
Қорғанбек Аманжол,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Қазақ қаламгерлерінің ішінде өмірдегі һәм өнернамадағы мінезі де, мәнері де өзгеше жазушы Әкім Тарази ағамыз екендігіне ешкім шүбә қелтіре қоймас.
Кезінде әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атануы да әбден заңды құбылыс еді. Ал енді екінің біріне беріле бермес Бейімбет Майлин атындағы сыйлықты еншілегенде суреткердің айрықша шынайылық қырлары ескерілгені анық. Өмір шындығын жүрек сүзгісінен елеп өткізіп, боямасыз да әсіресіз көркем шындыққа айналдыруда Әкім Тарази меңгерген шеберлік мектебінің тағылымы мол. Сол үшін де біз әңгімені Әкім ағаның әдебиетке қалай келгенінен бастағанды жөн көріп едік. ¬
– Менің әдебиетке келуім, бір жағы қалжыңға сүйеп айтсам, етікшіге байланысты болды, – деп жазушы аға әнтек жымиды да, сөзін әрі қарай жалғады. – Кәдімгі етік тігетін кісі. Ол кезде мына Шу ауданының орталығы Новотроицкіде жас мұғаліммін. Осында менен бірер жыл бұрын, 50-ші жылдардың басында, сотталып Сібірге айдалар алдында атақты тарихшы Бекмаханов сабақ берген. Сонда біздің үйдің қасында бір етікші кісі тұрды. Үйінің алдынаи арлы-берлі өтіп жүремін. Бір күні «Әй, бала, бері кел!» деп шақырып алды.
– Сен мына Үкеңнің баласысың ба?
– Иә.
– Үкеңнің баласы болсаң, ары өтесің, бері өтесің, неге маған сәлем бер- мейсің? Мен отырмын ғой мына жерде...
– Кешіріңіз, аға, сізді танымаймын ғой, – деппін сасқанымнан.
– Е, жұрттың бәрі танығанда сен неге танымайсың. Мен етік тігудің шеберімін. Міне, мына етіктерді қарашы. Мына етік, ана етік. Менің тек бір кемшілігім бар. Мен тек 38-ші өлшем етік тігемін...
...Мен үндемей тыңдап тұрмын. «Неге?» деп сұрасам тағы да қиын боп қала ма деймін. Ал етікші көршіміз әңгімесін ары қарай айта берді.
– Сен білесің бе? Совет Одағының жауы көп, – деді.
– Егер мен 39,40,41-ші размерлі етіктерді тіксем, анау америкалықтар, ағылшындар, немістер ойлайды ғой, мынау Қазақстандағы қазақтардың бәрінің аяқтары өсіп кеткен екен деп. Ертеңнен қара кешке дейін жұмыс істейді екен деп ойлайды. Ал егер 38-ден төмен, 35,36-шы өлшемді етік тіксем, дұшпандарымыз аямайды бізді. «Әй, мыналар жалқау екен, үйден шықпай жатып алады екен. Сондықтан аяқтары өспей қалған» деп ойлайды. Осы себептен де мен ылғи тек қана 38-ші өлшем етік тігемін.
– Қызық жағдай екен. Советтік қоғамның пародиясы сияқты ма, қалай?
– Күлеміз-ау. Күлетін емес, жылайтын нәрсе, әрине... 15 шақты етікті сөреге тізіп қойыпты. Ішімнен күліп тұрмын. Көзінше, енді күле алмаймын ғой. Үйге келгесін бәрін әкеме айтып едім: «Қарағым, ол үйге неменеге барып жүрсің. Ол бір есі кіресілі-шығасылы науқас адам ғой» деп қабағын шытты. Кейін ойласам, науқас адам тұрмақ, сау адамның да советтік санасының осыдан озып кеткені шамалы екен-ау. Мен оны қайдан білейін, содан кейін сол әсермен «Етікші» деген» фельетон сыпатындағы әңгіме жаздым. Бір жақсысы, сол кезде «Ара» – «Шмель» журналы шыға бастады, редакторы Ғабит Мүсірепов деген хабарды «Социалистік Қазақстан» газетінен көзім шалды. Содан әңгімемді әлгі журналға салдым да жібердім.
Біраз уақыт өтті. Хабар жоқ. Е, баспайтын болған шығар деп жүре бердім. Бір күні үйге телефон соқты.
– Әкім деген бала бар ма?
– Бар.
– Әй, сен ана Үкең деген ақсақалдың баласысың ба?
– Иә.
– Мен Әбен Сатыбалдиев деген ағаң боламын. «Ара» журналының жауапты хатшысымын. Сенің «Етікшіңді» оқыдық. Күлдік. Бірақ баспаймыз. Дегенмен, сен өзің келіп бізге жолығып кет.
Осыдан көп ұзамай пионер вожатый ретінде балаларды бастап апаруым керек болып Алматыға жолым түсті. Бір күні келе жатсақ, бас поштаға қарсы беттен «Ара» – «Шмель» деген жазуы бар үйі ұшыраса кетті. Балаларды тапсырдым да, кірдім. Бойымнан толқу сезіндім. Бір есікте «Ғабит Мүсірепов» деген жазу тұр. Оған кіруге батпадым. Себебі, оқулықтан суреті де, шығармалары да санамызға сіңіп қалған, пірдей елестейді. Қазақ совет әдебиеті ол кезде Сәбит Мұқановтан басталады. Мұхтар Әуезов. Ғабит Мүсірепов. Ғабиден Мұстафин. Оқулықта осы төртеуі тұратын. Содан мен «жауапты хатшы» деп жазылған есікті аштым. Телефонда сөйлескен Әбен Сатыбалдиев. «Етікшің» бізге ұнады. Бірақ баспаймыз» деп анада айтқанын қайталады тағы. «Баспаса неге шақырады?» деп ойлаймын. Іле осы ойыма жауап қатқандай: «Есесіне біз сені қызметке аламыз» – деді. Шамалыдан кейін Ғабит Мүсіреповке алып кірді.
Ғабең жарықтық әуелі маған қараған жоқ. Басын салбыратып өз ойымен отырғандай. Міз бағар емес. Үндемейді, алып кірген кісі де үндемейді. Әсіресе, жас кезімде менің мінезім де келіскен мінез емес еді. Осы, қарғып тұрып шығып кетсем бе екен деп ойладым. Бір сәт дегбірім таусылып тұруға оңтайлана бергенімде Ғабең басын көтерді.
– Сен, қарағым, Үртай Әшімовтің баласысың ба?
– Иә.
– Ол кісі Орынборда оқыған ғой.
– Иә.
– Сол жақта мен ол кісіні көргенмін бірнеше рет... ал сенің мынауыңды біз баспаймыз, қарағым. Бірақ мен сені қызметке аламын. 85 сом айлық жете ме саған?
Ол кезде мұғалімдердің айлығы 40-50 сомның айналасында.
– Жетеді, аға, – дедім.
– Онда мына жігітке приказ бер. Ертең сағат 8-де келсін.
Былай шыққасын Әбен аға «Жолың болғыш жігіт екенсің!» – деп арқамнан қақты.
Осылай «Етікшім» басылмаса да қызметке тұруға септігін тигізді, әдебиет ортасына енгізіп жіберді. Бірақ кейін жарияланды.
– Қамқоршыңыз Ғабең болса жолыңыз қалай болмасын? Шынында да, ақжолтай екенсіз. Одан соң да талай жақсы ағалар кездескен болар?
– Иә, сөйтіп Ғабең жолымды ашты. Бұл 1956 жыл жиырма үш жастамын. Нағыз қайнап тұрған кезім. Әу бастан осылай жақсы адамдар, әулие кісілер кездесті. Солардың тәрбиесінде болдық. Әбен Сатыбалдиев. Одан соң тікелей бөлім бастығым – Өтебай Қанахин. Бұрынғы офицер. Тәртіптің адамы. Кейін үлкен жазушы болды. «Етікшімді» оқығаннан кейін «Социалистік Қазақстанның» фельетоншысы Балғабек Қыдырбекұлының да оң қабағына іліндім. Үнемі ілтипатында жүрдім. Осындай жақсы ағалардың арқасында әдебиетке жол ашылды. Ел ішіне командировкаға көп шықтым. Анда-мында жібереді, шағым хаттарды тексеремін. Көбінесе Шымкент, Қызылордаға барамын. Ғабеңнің бір жақсылығы, әкем қатты ауырып, үйде болуыма тура келгенінде де қызметтен босатпады, мақаламды жазып тұрдым, ауылда жүріп-ақ жалақымды алып тұрдым. Әнеки, үлкен жүректі аға қамқорлығы осы емес пе?!
Жастықтың жігер-жалынымен көп жаздым, бірақ авторы ретінде атымды көрсетпедім. Түрлі бүркеншік аттар қойдым. Хат иесінің атынан да фельетон жазатынмын. Сол фельетондарды өзімнің шығармам деп айтуға намыстанып жүрдім. Әдебиетке мөлдіреген таза қалпымда, ештеңеге былғанбай, жазушылық атқа кір жұқтырмай келуім керек деп ойладым. Фельетон да әдебиеттің бір жанры екеніне мән бермеппін.
– Тілді, жанды, қанды салып жазған шығарсыз оған да?
– Жаздым. Қаламымнан шыққан нәрсенің бәріне барымды салатын әдетім. Бір қызығы, прозам 7 том, пьесаларым мен фельетондарым бір-бір том болып кейін кітаптарым шыққан соң қарап оқысам, менің барлық шығармаларымда мысқыл, әжуа, кекесін табы бар екен. Стиліме сіңісіп, табиғи түрде араласып кіріп кеткен. Ғабеңнің арқасында. Юморы да бар, бәрі де бар. Өмірдің өз күлкісі. Жазушы болғаным, әдебиетке келуім сондай үлкен ағалардың арқасы деп білемін.
Осы арада айтайын, менің бір өкінішім, қол созса жетерлік жақын жерде тұрып Әуезовке батылым жетіп, батып бара алмадым, сәлем бере алмадым. «Абайын» оқыдым. Қызықтым. Ол кісімен бір күні Мәскеуде, «Москва» қонақүйінде ұшырасып қалдым. «Крокодилге» де жазып жүретін кезім. Іссапармен келіп тұрамын. Мен қонақүйге кіре бергенде Мұхтар Әуезов шығып келе жатыр екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі жайымен шығып кетгі. Ал кешке сыртқа шығайын десем, ішке кіріп келе жатыр. Содан өзім сол арада біртүрлі боп, ырым қылып есіктегі қолы тиген жерді ұстадым. Мынау Мұхаңның қолы тиген жер ғой деп едәуір уақыт толғана, толқып ұстап тұрдым. Дәл қасында тұрып батып сәлем бере алмағаным өмір бойғы ғасыл арманым болып қалды. Әуезов Мәскеуде қайтыс болғанда да мен сонда, ВГИК-тің екі жылдық сценарийшілер курсында оқып жүргем. Жазушылар одағында кезекшілік атқаруға келген Ғабең де Мәскеуде болатын. Айтайын дегенім, менің мінезім қатты. Әкем өлгенде жылай алмадым. Шешем сонда: «Жыла! Неге жыламай тұрсың?!» деп желкемнен түйіп жіберді. Кейін анам қайтыс болғанда да жылай алмадым. Неге екенін білмеймін. Онда «Жыла!» деп желкемнен түйіп жіберетін де ешкім болмады. Ал енді Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда өз-өзімнен жыладым. Мәскеуде оқуда жүргем. Қасымда ешкім жоқ. Жалғызбын ғой. Сол әсер етті ме? Жалғыздықтың күйігі ме? Әлде әдебиеттің киесі ме мені жылатқан? Сірә, екеуі де болар.
– ВГИК-тің курсына қай жылы түсіп жүрсіз?
– Киногерлер одағының екі жылдық курсы ғой. Киносценарийшілер дайындайды. Бұған түсуіме де Ғабеңнің шарапаты тиген. Барған жылым –1960. 1962 жылы бітірдім. Бір жылдан кейін қайтадан бардым. Бірте-бірте Мәскеу мені баурап, біте қайнасып кеттім. Кейін «Литературная газетада» екі жыл қызмет еттім. Алматыдағы тілшісі болдым.
– Әкім аға, орыс тілін осыншалықты деңгейде қай жерде, қалай меңгеріп алғансыз сонда?
– Жаңа айтқан Новотроицк деген – Шу ауданының орталығы. Сонда оншақты ғана қазақ болатын, қалғанының бәрі орыс. Мен өзім мектепті қазақша бітірсем де, осындағы орыс мектебінде орыс тілінен сабақ бердім. ВГИК курсында екі жыл, одан Жоғары комсомол мектебінде бір жыл оқыдым. Осының бәрі әрі Мәскеуде жүріп оқуым орыс тілін тез, жақсы меңгеруіме септігін тигізді. Себебі, үнемі ізденіс, оқу-тоқу үстінде болдым. Шуда пионер лагерінің директоры болып жүргенде-ақ Толстойдың әуелі төрт томын түгел оқып шықтым. Одан екі том «Анна Каренинасын». Сөйтіп бірте-бірте орыс әдебиеті арқылы орыстың тілін, онда да көркем әдеби тілін меңгердім. Көшенің тілі емес, құнарлы орыс тілін Толстой арқылы, Пушкин, Лермонтов арқылы, Тургенев арқылы үйрендім. Әрі менің зердем, жадым, есте сақтау қабілетім күшті болды. Бір-екі оқығаннан жаттап алып орыс тілінде мәнерлеп айтып беремін. Пушкиннің небір өлеңдерін саңқылдатып жатқа соғамын, оқушыларыма.
– Ал енді алғашқы кесек шығармаларыңыз жайында да айта отырсаңыз?
– Әуелде жазушы боламын деген ойым жоқ еді. Ғабеңнің қол астында «Ара» – «Шмельге» орыс тілінде келетін хаттарға жауап беріп жүрдім. Сосын өзім де ананы-мынаны орысша жаза бастадым. Сөйтіп «Тұлпардың ізімен» атты алғашқы повесімді орыс тілінде жазып бастырдым. Осылай жалғастырып жаза бергенімде бұл күндері мүйізі қарағайдай орыс тілді қазақ жазушысы болып қалыптасуым да бек мүмкін еді. Бірақ іштен бір намыс түрткілей берді. «Мен неге?!. Орыс тілі – бай тіл. Толстойдың тілі, Чеховтың тілі. Құрметтеймін. Бірақ мен неге өзімнің ана тілімде жазбаймын?!» деп күрт қазақ тіліне көштім. Бұл оңай болмады. Әуезовті оқып шыққаннан кейін – Әуезовтің тілі, Әуезовпен ауырдым. Мүсіреповті оқығаннан кейін Ғабеңе еліктедім. Ақырында, әдебиетке, көркем әдебиетке көркем әдебиет арқылы келдім. Өзім бел ортасында жүрген өмірді жаздым, негізінен. Кейіпкерлерім де айналамдағы адамдар, замандастарым болды. Айталық, «Аяз бен Бибі» повесінің негізіне Шудағы пионер лагерінде жүрген кездегі оқиғалар алынған. Жазушылық жолдың ауырлығын, қат-қабат қайшылығын да, солақай сынның есеңгіретер соққысын да сезінбей, бастан кешпей қалған жоқпын. Мысалы, тәуір шығармаларым санатындағы алғашқы романым «Тасжарған» туралы «Сумасшедший бред Акима Тарази» деп шыққан бетбақ мақаланы да көргенбіз, көтергенбіз. Шүкір құдайға, біраз жылдар өткенде осы романымды әділімен бағалап, аспанға көтерген, менің пайымымша, ақиқатын айтқан: «Тасжарған» десе Тасжарған!» деген жүрекжарды лебізді де естуді нәсіп етіпті.
Ақырында келіп елге белгілі, қазақтың белді бір жазушысы болғаным үшін, тағы да айтамын, Ғабеңе рухани қарыздармын. Сонымен бірге сол жылдарда мен шығармасын оқымаған қазақ жазушысы жоқ болатын. Бұл да әдебиетке адалдықтың бір көрінісі. Сол кездердегі аға жазушылардың бауырмалдығы керемет-тін. Бір күні көшеде келе жатсам Тайыр Жароков аға: «Әй, әлгі етікші туралы жазған сен баласың ба?» – дейді. Басымды изеп едім, «Бері келші, маңдайыңнан иіскейін» деп маңдайымнан иіскеді. Әдеби ортадағы алғаусыз көңіл, ылғалсыз ауан осындай-ды.
– Сіздің қатар құралпыластарыңыз шетінен мықты жазушылар. Достық, құрдастық әңгімелеріңіз де, әзілдеріңіз де ғажап. Соны бір еске түсірсеңіз қайтеді?
– Замандастарымның ішінен достарымды мен өзім таңдадым. Елде жүргенде де жас толқын қатарластарымды да көп оқыдым. Сайын Мұратбеков пен Қалихан Ысқақовқа бірден құлап түстім. Ал Рамазан Тоқтаровтың шығармаларын ұнатпай жүрдім. Бірде: «Сенің мұның не, шығармаларыңның бәрі халтура» деп ұрыстым. Содан ол маған қатты ренжіп, ерегісіп, Солтүстікке, Мұзды мұхитқа кетіп қалды. Қайтып келгеннен кейін бірнеше ай өткенде маған телефон соқты: «Әй Әкім, мен «Солтүстік шұғыласы» деген жаңа роман жаздым. Міне, саған өзім айтып отырмын, «Жұлдыз» журналына шығып жатыр, сен соны оқышы», – деді.
Романын оқып шықтым да, Павлодарда жатқан Рамазанға өзім барып, үйінде қона жатып, жақсы шығармасымен құттықтадым. Мәре-сәре болдық. «Мынау керемет! Алматыға қайт» дедім. Рамазан да балаша қуанды. Осындай да болған.
Қалихан мен Сайынды да өзім тауып алдым. Олар мені Алтайға алып кетіп, үш ай бойы аралатып көрсетті. Таудың басына шықтық, етегіне түстік. Сол кезде ел көріп, жер көріп, қыдырып жүре береміз. Жазушы болған соң өмірді, табиғатты көру керек дейміз. Бір күні Сайын келіп Талдықорғанға шақырды. Ол жақта екі ай жүрдім. Шымкент пен Мақтаралды өзіміз барып көрдік. Талантты жазушы Нәсіреддин Серәлиев Қызылордаға шақырып, Нәсіреддин досымның қасында екі ай жүрдім. Сыр елінің шуағына бөленіп, керемет әсерлендім.
– Ойпырмай, сол кездегі достықтарыңыз қандай, ә?!
– Менің байлығым – осындай тамаша достарым болды.
– «Бес тапал» деген әңгіме де осыған байланысты шыққан ба?
– Әйгілі бес тапалдың әуелдегі құрамы: мен, Қалихан, Рамазан, Сайын, сосын Бек Тоғысбаев деген жазушы досымыз. Өзі әрі тәуір әнші еді. Бірақ Сайын бір күні өкпесін айтты. «Әй, мен сендерден он сантиметрдей биікпін ғой» – деді. «Онда сен шықтың» дедім. Қалихан бірдеңе деп келе жатыр еді. «Қалихан, қой, екеуміз өкпелемейік, сен екеуміз тапалдықтан өмірбақи құтыла алмаймыз» деп тоқтаттым. «Енді төрт тапал, бір нахал болдық» дедім. «Бір нахал» дегенім ана бізге қосылғысы келмей тұрған Сайын ғой. Бұл өзі бір клуб сияқты болды. Сайын айтуын айтса да, іс жүзінде өле-өлгенше осы клубтың жұлын-жота, бел омыртқасындай болып өтті. Бекті кейін шығарып тастадық. Себебі, ол мақала жазып, бәрімізді сынады. Сынағанына ренжіген жоқпыз, бірақ мінезімен келісе алмадық. «Бес тапалдың» клубына кейін Қадыр Мырзалиев, басқа да жігіттер қосылды. Жетеу болдық, одан да көбейдік. Жарна төлеп, ресторанға апарамыз. Сондай бір қызық дәурен, керемет әзіл-қалжың, жарастықтың заманы болып еді.
– Әкім аға, осы достарыңыз бар, өздеріңіз алпысыншы-жетпісінші жылдардан бастап әдебиеттің туын көтердіңіздер емес пе?
– Менің достарым әдебиеттің тарихында классик болып қалды. Қазақ әдебиетінің төртінші буыны бұл. Сайынды классик емес деп кім айтады? Қалиханды, Рамазанды классик емес деуші табыла ма? Қадыр мен Жұмекеннің классиктігіне кім таласады? Біздің тобымыз үлкен. Қырық шақты болып келдік. Соның бір он бесі қазақ әдебиетінің классигі атанды. Мұқағалидың жасы үлкенірек, әдебиетке бұрынырақ келсе де, біздің буынға кірді. Жетекшіміз Мұқағали болып қалды. Сырбай, Ғафулардан кейінгі біздің жаңа буынды сол басқарды. Біз әдебиетке әдебиеттен келген жоқпыз. Біз елдің, қазақтың тұрмысын көріп, солардың көрген қиындығын көріп келдік. Ал әдебиетке әдебиеттен келгендер іске жарамай қалды. Мен журналистерді құрметтеймін, қатты сыйлаймын. Бірақ үлкен әдебиетке журналистикадан келуді де құптамаймын.
Бірге жүрген достарымның бәрінің кітаптарын соңғы жылдары түгел қайтадан оқып шықтым. Тірлікте қадірін білмейсің. Солар дүниеден өтіп кеткеннен кейік бәрін сағынасың, іздейсің. Кезінде де оқығам. Бірақ қазіргі оқу басқаша. Автордың өзінің көзі жоқ, кейінгіге аманат етіп қалдырған сөзімен ғана бірме-бір, бетпе-бет қаласың. Барынша әділ боласың. Басқа көзбен қарайсың. Тапалдар клубындағы достарым шетінен толағайлар екен деген тоқтамымды осылай бекіттім. Мен осы достарымның ешқайсынан артық болған жоқпын, артық емеспін. Әр уақытта өзімнің алдымда Сайын, Қалихан, Рамазан, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Сағи бар деп сөйлеймін.
– Қазір немен шұғылданып жүрсіз?
– Біраз айдың жүзі болды, Әкім Тарази деген жазушыны оқып жүрмін. Сыни тұрғыдан. Астын сызып. Бір ауыз сөзбен түйіп айтсам, Әкім Тарази деген жазушы Әкім Әшімов деген оқырманға ұнады. Тіпті, леп белгісін қойған жерлерім де бар.
Бірақ соңғы сөзді қазақтың оқырман қауымы, кейінгі ұрпақ айтады, шығармаларымның әділ бағасын болашақ береді деп білемін.