Қазақ поэзиясының жезкиігі

Қазақ поэзиясының жезкиігі

 Қыздар университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын, аудармашы әрі қайраткер тұлға Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясының жезкиігі» атты әдеби-музыкалық, тәлімдік кеш өтті.

Жиынды оқу орнының Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Еркін Нұрсағатқызы құттықтау сөзбен ашып, Кәкімбек поэзиясының маңызына тоқталды. Кеш барысында Филология институтының студенттері ақын жырларынан үзінділер оқыды. Ал Мәдени тынығу жұмысы мамандығының студенттері ақынның халық арасына кең тараған «Бір ауыз сөз», «Жезкиік» сынды әндерін мәніне келтіре шебер орындады.

Кеш қонақтарының қатарына Қазақстан Жазушылар, Журналистер және Композиторлар Одағынан белгілі ақын, жазушы, композиторлар шақырылып, ақынның өзіндік қолтаңбасына, нәзік лирикасына, сонеттер шоғырына, аудармаларына кеңінен тоқталды.

ҚР Мәдениет қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше прозалық және аударма еңбектердің авторы Құлтөлеу Мұқаш естеліктерімен бөлісе келіп, 2021 жылы жарық көрген Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының қазақ тіліне аударылу тарихын баяндады. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, бірнеше жыр жинақтары мен публицистикалық еңбек авторы, ақын Төреғали Тәшенов жастарды тартымды жырларымен сусындатса, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Шәміл Әбілтаев Кәкімбектің сөзіне жазылған өзінің «Аңсау» әнін, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының үш жүздің басын қосып, ұлы жиын өткізген қазақтың қасиетті мекеніне арнаған «Ұлытау» күйі мен көрермендердің сұрауы бойынша Абылдың күйі «Абылды» орындады.

Әдеби кештің модераторы, профессор Л.Махайқызы университеттің ғылыми кітапханасына құнды кітаптарын сыйға тартқан ақын-жазушыларға, кеш қонақтарына жастармен тағылымды ойларымен бөліскені үшін ризашылығын білдіре отырып, еліне, Отанына қалтқысыз қызмет еткен, өмірі өнегелі, еңбектері елеулі, тағылымдық мәні терең шығармалары бар әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер жалғаса беретіндігін еске салды.

Ақерке МӘДІБЕК,

3-курс студенті.

Алматы.