БАТЫР БАУКЕҢ ӘҢГІМЕЛЕРІНЕН
2022 ж. 06 қараша
2383
0
Тарту
Шырт ұйқыда жатыр екенмін, телефонның ащы шырылы оятып жіберді.
– Ұйқымды бұзған кім болды екен? – Ренжи телефон тұтқасын құлағыма тостым.
– Мамытбек! – Баукеңнің даусы. Тез ширай қалдым.
– Оятып жібердім бе?
– Иә.
– Пырылдап ұйықтай беретін мысықпысың? Артық ұйқы денсаулыққа – зиян.
Мен үндемедім. Қапелімде сәлем беруді ұмытқанымды енді аңғарып,
абыржи түстім.
– «Сусынның қоюы түбінде» деген сөзді естіп пе едің?
– Естімеппін. – Аха-ха-халай күлді.
– «Ойдың қоюы мақалда» деген сөзді ше?
– Оны да естімеппін.
– Бата туралы қандай мақалды білесің?
– «Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер».
– Дұрыс. Қалам-қағазың дайында.
– Қалам-қағазым дайын.
– Мен бұрынғы батамды қайта қарап толықтырып, жаңа нұсқасын жаздым. Сағат қазір таңғы бес. Бұл батамды саған тарту етемін, сен жазып ал. Оқиын ба?
– Оқыңыз.
Е, жаратушы жасаған,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Тозақтағы оттан сақта,
Ызыңдаған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта.
Тірісімен жұлыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта.
Қара жүрек батылдан сақта,
Дәйексіз тіл, тақылдан сақта.
Адалдықты арбаған ақыннан сақта.
Ашу жеңген ақылдан сақта,
Қайырымсыз жақыннан сақта.
Қатесіне қиналмас,
Көк долы қатыннан сақта.
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта.
Халықты зәбірлер бастықтан сақта.
Жақынга жала жабатын,
Қанқұйлы қастықтан сақта.
Сырты сұлу, іші кір,
Қадір білмес бастықтан сақта.
Өз пікірі татымсыз,
Кісі ақылымен күн көрер,
Қатылы жоқ жастықтан сақта.
Несібе кесер кесірден сақта.
Некесіз бала табатын,
Жолы лас жесірден сақта.
Әкімінде шапағат жоқ,
Әділдікте шарапат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Жетесінде инабат жоқ,
Азаматында ар-ұят жоқ,
Қариясында бата жоқ,
Сөздерінде бәтуа жоқ,
Құр айқай, шат-шәлекей таңнан сақта.
Е, жаратушы жасаған,
Өмір берсең жайлы ғып бер,
Дәулеті мен байлығын бер.
Қарияларды кемел сыпайы ғып бер.
Ағаларды ойлы ғып бер.
Апаларды мейірімді ғып бер.
Ұрпақтарды намысты ғып бер
Тұлпарларды шабысты ғып бер.
Әумин.
«МЕЙІРЛЕНЕ АРҚАМНАН ҚАҚТЫ»
– Он бестегі кезім. Бір топ қария кешкілік аулымыздың сыртындағы кішілеу төбе басына жиналып¬, әңгіме-дүкен құратын, – деп Баукең сөз бастай бергенде, Кәмеш жеңгей үстімізге еніп, Баукеңнің құлағына әлдене туралы сыбырлап еді:
¬ – Қысатыныңды қыс! ¬– деді қатты дауыстап.
¬ – Қысулы, Баукең, қысулы, ¬–¬ деп жеңгей бөлмеден жылдам шығып кетті.
¬ – Ойымды бөліп жібергенін көрмейсің бе? Не айтып отыр едім?
¬¬ – Төбе басына жиналған қарттар туралы.
¬– Е, есіме түсті. Ақ сақалы омырауын жапқан Жәрімбет қажы атам сөйлеп отыр.
– Шыңғыс хан ақылшыларының біріне «сен қалай ойлайсың, тарихта менің атым қала ма, қалмай ма» дегенде, оқымысты ақылшысы:
– Әскеріңіз жұртты жаппай қырып жатыр. Егер тірі адам қалса, атыңыз, сөз жоқ, қалады, – депті. Қалай айтқан, ә?! Оның сөзінің астарында: «Сен жауызсың. Елді қашанғы қыра бересің? ¬ Ойлан» – деген терең сыр жатқан жоқ па? Сонда Шыңғыс хан:
– Сені білгір қымыстым десем, менің арманымды түсінбейтін қара жаяу біреу екенсің. Мен әлемде қан төгілмеуін, бейбіт өмір орнауын көздеп соғысып жүр емеспін бе? Айналаңда не көп жеке мемлекет көп. Олар бар кезде соғыс ешқашан тоқталмайды. Мамыражай бейбіт өмір қай уақытта орнайды? Жер бетінде бір мемлекет болғанда ғана орнайды.
Кенет Жәрімбет қажы атам сөзін доғарып:
– Әңгімеміз не жайында, балам? ¬– деді маған сұрақ қойып. Мен:
– Қымызға қызып қалды дейтіндей қымыз ішкен жоқсыз. Әңгімеміз не жайында дегеніңізге жол болсын? ¬– дедім ренжігенімді жасырмай.
¬– Мен бұл сұрақты «әңгімемізді тыңдап, не тыңдамай отыр ма? Тыңдаған күнде де мән-мағынасын түсіне ме, түсінбей ме» деген ойда әдейі қойған едім, – деді жымия күліп .
– Сіздің «біздің Пәленшеміз хан ұрпағы бола тұра биліктегілерге неге жарамсақтанады? Риза емеспін. Ханның ұрпағы бұлай болмауы керек. Шамамда, өзі қоспадан жаралған біреу-ау» деген сөзіңіз маған қатты ұнады, – дегенімде, мені қасына шақырып:
– Сенен, балам, бірдеме шығады, – деп мейірлене арқамнан қақты.
ОҢҒАРБАЙ АҚЫН
– Мұхаң... Мұхтар Әуезов біздің ауданды аралағанда атақты Оңғарбай ақынның үйінде қона жатып, ол кісінің жерге, елге, келіндеріне айтқан өлеңдеріне таңғалған екен, – деген Баукеңе:
– Есіңізде қалған бір-екеуін айтып беріңізші? – деп өтіндім.
Баукең күле отырып келісті.
– Оңғарбай бірде Өтебай болыстың үйіне барыпты. Өзі жоқ, екі әйелі бар екен. Екеуі майтары жасап жатқан көрінеді. Бәйбіше Омекеңнің көзін ала бере майтарыны жасырып үлгеріп:
– «Мезгілсіз шақырған қораз жаман, мезгілсіз келген қонақ жаман», – дейді. Өзіне көже бермек ойын ұққан Оңғарбай:
– Оу, келін, етек-жең кең болмаса, әйел беркесі болмайды, – дей келіп:
– Біліп ем осы сөзді айтарыңды,
Жасырмай ап кел бері майтарыңды.
Жұртта жоқ сені «жомарт» атандырсам,
Інішек қағып алар сайтаныңды, –
дегенде:
– Өйбүй, бізді құдай ұрыпты. Күйеуіміз: «Оңғарбай деген ақын бар. Сол кісі мен жоқта кеп қалса, әзір болыңдар деп еді» – дейді де, байпаң қағып, Оңғарбай ақынның алдына ішек-қарын араластырған ет әкеліп қояды. – Аға, үйде ініңіз жоқ еді. Етке ішек-қарын араласып кетті, айып етпеңіз.
– Е, шырағым оқасы жоқ. – Оңғарбай өзін менсінбеген бөкселі екі әйелге:
– Ішек-қарын болмаса,
Ет берекесі болмайды.
Сабан араласпаса,
Шөп берекесі болмайды.
Әйел бөкселі болмаса,
Көт берекесі болмайды. –
деген көрінеді, – деп Мұхаң жарықтық ішек-сілесі қатып күліп:
– Туысқаның жақсы екен бір туған соң,
Өзіңнен қашқақтайды ұл туған соң.
Туғаннан, туысқаннан еш пайда жоқ,
Жаныңа бір шыбындай күн туған соң....
Тартпа мықты болса да,
Атайылдай болмайды.
Қанша жақсы дегенмен,
Ағайындай болмайды, –
деген тәрізді туысқандарын бірлікке шақырған өлең шумақтарын жатқа айтып: «Омекең оқымаған кісі, оқымаса да алдына жан салмайтын философ. Ол кісінің «Атаның айтқан сөзіне ғана емес, баланың айтқан сөзіне де тақ тұрған халықпыз», – дегенінің астарын асқан риза көңілмен талдап, түсіндіргені де бар.
«ТАБИҒАТҚА ТАБИҒАТ КӨЗІМЕН ҚАРАЙТЫН»
– Сіз өзіңізді суретшімін деп білесіз бе?
– Жоқ, мен әуесқой суретшімін.
– Автопортретіңізді салдыңыз ғой?
– Салғаным рас. Оным жай – әуесқойлық. Суретшілік жолға түсуге менде уақыт болмады. -Сурет өнерін көзбен көріп, қолмен ұстай алмадым. Қолмен ұстай алғанымда, жанталасып ажырамас едім. – Баукең аха-ха-халап дауыстай күлді. – Әзіл ғой. Сурет мені өгейсінді, қазақшалап айтқанда, маған қонбады.
Қазақ «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегенді жай айта салмаған. Тектілік қайдан келеді? Ойланып көрдің бе? Ол со-он-ау жақтан, яғни ата-бабамыздан келеді. Біздің тау-тасқа қашап салған дүниелеріміз қанша ма? Олар сурет өнерінің алғашқы туындылары.
Саған оңбай сүрінгенімді айтайын. Ауылымда Кербез деген жеңгем бар. Сатан деген жалғыз баласы менен кіші еді, үйленбей өліп кетті. Кербез жеңешем қазір тірі, сексеннің сегізінде: Кербез десең, Кербез. Бойы аласа, келбетті кісі. Ойпырма-ай, тыным таппайды ғой. Өзі тағы әдепті, қонақты күте біледі. Жолым үлкен болғандықтан атымды атамайды, шырақ дейді. Ауылға барған сайын базарлығымды алдымен сол кісіге табыс етемін. Әйел болса да біздің әулеттегі жасы үлкен кісі өзі.
Кербез қайынағасы Орынбайдың жетім қалған Әйтім, Рақым деген екі баласын өсірді. Қазір Рақымның қолында тұрады.
...Бұл жолы да алдымыздан сүріне-қабына Кербез шықты.
– Баукең сіз туралы айтқан, мен сіздің сіңліңіз боламын. Мынау сіздің көйлектік сыбағаңыз, – деп әйелім Жәмила жібек мата ұсынды. Содан екеуі шүйіркелесті де қалды. Әйелдерге:
– Мінеки, Бауыржан әкелді, келін әкелді, – дейді Кербез жеңешем көйлектік жібек матасын мақтана көрсетіп. Көргенсіз бір әйел:
– Әпке, мынаны маған беріңіз, маған лайық екен. Сіздің көйлегіңіз толып жатыр ғой, – десе, «негізі жарымаған неме, мұны маған керой қайным мен келінім әкелді» депті сөгіп. Сараң емес, қолы ашық кемпір, бірақ бұл жолы қатты намыстаныпты. 1937 жыл мен 1977 жылдың арасында қанша жыл бар?
– Қырық жыл
– Көз алдыңа келтірші, қырық жыл бойы күйеусіз, аға, апасыз өмір сүру, жалғыз ұлын жерлеу қандай екенін түсінемісің? Оның үстіне асыра сілтеушілік заманын, соғыс зардабын басынан кешірді. Соғыстан кейінгі жылдар да оңай болған жоқ. Сексен сегіз жасында осылай өзін лайықты ұстай білу, өр сезіну, ақылды сөйлеу қалай, ә?
...Екі-үш ай азаптанып, Кербез жеңешемнің протретін салдым. Өзімше үлкен іс тындырдым деген ойда мәзбін. Жақын маңдағы Тоқболат Тоғысбаев деген талантты суретші жігіттің шеберханасына Кербез жеңешемнің портретін алып барып, пікірін білгім келді. Ол «образ шықпаған, көзқарасына ойшылдық жетпей тұр» деді. Салым суға кетіп тағы екі-үш ай азаптанып, басқа нұсқасын салдым. Тоқболат ары қарап, бері қарап, талдау жүргізді. «Образ әлі солғын, мына көлеңке-сызық орнын таппай тұр, портрет жоқ» дегенді айтты.
Әулетіміздің әйелдеріне Кербез жеңешем: «Әй бүйтіңдер, өйтіңдер деп ақыл-кеңесін жөнімен айтатын. Жөнсіз айтса, мазасыз кемпір деп кім тілін алады? Әр жолы сүйсініп, «ой, тектінің қызы текті-ау» дейтінмін. Оңашада терең ойға шомып, екі кемшілігімді сездім. Бірінші, қартайыппын, оның үстіне денсаулығым да жоқ. Екінші, «тектінің қызы» дегеніммен Кербез жеңешемнің әке-шешесін, өскен ортасын білмейді екем.
Тәжірибеме сүйене келе суретшінің қыл қаламды ұстауы мақсат емес, оған ие бола білуі – мақсат деген тұжырымға келдім. Ол да аздық ететінін, қылқалам иесінің дүниетанымы кең, тарихты, әдебиетті, музыканы білу керегін ұғына түстім. Мысалы, кімде-кім соғыс кезеңін бейнелегісі келсе, оның әр деталына дейін зерттеп, білуі қажет. Кең ауқымды білім, өте терең әрі нәзік дүниетаным тынымсыз ізденістен туады. Суретші жүрегінде нәзік сезімталдық болмаса, жалғыз шеберлікпен жұрт тамсанар дүние жасау мүмкін емесін талантты суретші Тоқболат Тоғыспаев маған түсіндіре білді.
Қатпар-қатпар сырға, ойға бай суретті көргенде жүрегіміз неге дір етеді? «Апыр-ай, мына көріністі қандай көңіл күйде салды екен» дегендей ғажап әсерге бөленіп, әсем ән тыңдағандай суретшінің парасттылығына бас иеміз, шеберліктің ең биік шыңымен сырласқандай күй кешеміз.
Тағы бір басты нәрсе, суретшінің кейіпкеріне деген махббаты дер едім. Ол солай. Дүниенің бәрі махаббаттан тұрады. Оның саласы көп. Отанға, туған жерге, елге, ата-анаға, балаға, жарға, ағайын-туыған, көршіңе, ұнатқан мамандығыңа деген махаббат. Онсыз ешуқытта жақсы дүние тумайды.
Бұл – ақын-жазушыларға да қатысты нәрсе.
Біз жүрегімізде қалғандарға ғана көңіл бөлеміз. Суретшілер атақты адамдардың
портретін салуға құштар. Себебі, олар жүрегінде қалғандар. Соны өз өнер құдіретімен елге жаткізгілері келеді.
Тоқболат баламның шеберханасына түнгі үште телефон соқтым. Ояу екен.
– Қашан ұйықтайсың?
– Кейін ұйықтаймын.
– Оның атақты суретші атануы – еңбекқорлығының жемісі. Күндіз де, түнде де шеберхансынан шықпайтын. Ол табиғатқа табиғат көзімен қарайтын, көпшіл, жан
дүниесі таза жігіт.
«ЖАҚСЫ ЕНЕ, ЖАҚСЫ КЕЛІН»
– Енді сен сөйле.
– Оралтай деген жігіттің анасы мен жұбайы арасындағы қарым-қатынасты
айтайын.
– Өзің біл..
– Анам өте қарулы кісі еді. Ерегіскен кез келген атпал азаматты аттан аударып
алатын. – деді Оралтай күле отырып. – Мен де сондаймын. Ұстаса кеткенді атып
ұрамын.
– Анаң кім болып істеген?
– Мақта егістігі даласында звено жетекшісі болған. Мектепті «беске» бітірген анамды аудандық
оқу бөлімі Москвадағы пошташының оқуына жібермек болғанда, әжем: «Орыс боп кетеді, Москвада оқу деген не сұмдық», – деп келіспеген.
...Бригадир жұмыс аяғында: «Қазір бас агроном келеді, кетіп қалмаңдар, кетіп
қалсаңдар маған ұрсады», ¬– десе, жұрт бригадирден қорқып, кетпейді екен. Анам: «Мен тапсырманы екі есе орындадым. Үйде қартым, тірлігім бар. Жолымды неге бөгейсің?», – деп бригадирді тыңдамайтын көрінеді.
Анам қолы босағанда газет-журналды, кітапты көп оқитын. Өзі ақын еді. Бұрынғы кезде әпкелері екеу-екеу болып жігіттермен айтысқанда, жап-жас анам жасырын столдың астына кіріп алып,
әпкелеріне «бүйтіп айт, өйтіп айт» дейді екен сыбырлап.
Жазған өлеңдерімді оқып берсем, «жақсы екен, құлыным» деп қуанатын.
1954 жылы ауданымыздағы он алты колхоздың ішінде біздің колхоз миллионер атанып, анам басқарған звено бірінші орынды жеңіп алады. Сөйтіп Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне
барарда әжем қарсы болады. Әжемнің алдына колхоз басқарма төрағасы Тәңірберген
Жайлыбаевтың өзі келіп:
– Әжетай, бір кезде маған бата берген едіңіз. Мен де сіздің балаңызбын, маған
сеніңіз, – деп рұқсатын әрең алған екен.
...Мен Целиноград облысы Қорғалжын ауданының қызына үйленгенімде, ауылымыздың
әйелдері анама: «Солтүстіктің қыздары орыс боп кеткен. Енді келініңді мықтап ұста», – десе, анам:
– Әй, жұмыстарың болмасын. Келінім «здрасти» десе де, мен көңіліме алмаймын, – деп бәрінің аузына құм құйыпты. Біздің оңтүстік жақтағы өмір салтын сіз жақсы білесіз, шал-кемпір үйге
жиналып, шай ішеді ғой. Сонда әйелім кеселерді ұзатумен қатар кітап оқып отырады.
– Әй, орыс келініңнің кітап оқығаны несі? Аталарына, апаларына дұрыстап шай
құйып бермей ме? – дегендерге анам:
– Шал-кемпірдің әңгімесі бітуші ме еді? Қарағым келін, шайыңды құйып, кітабыңды оқи бер. Барлық жақсылық – кітапта. Ол ертеңгі күні балаларыңа жақсы тәрбие, жақсы білім беруіңе де
көмектеседі, – дейтін. Әкем де солай деуші еді.
– Ұмытып қалдым. Мұны айтып отырған жігіттің атын кім деп едің? – деді Бауке.
– Оралтай.
– Қазіргі біздің айтып жүрген ізгілік, демократия дегеніміз Оралтайдың отбасында
екен ғой. Меніңше, қалай ізгі болуды, демократияны Оралтайдың отбасынан үйренген жөн...
ҰЛЫ ҮЛГІ
– Алматыда албанның отбасылары көп, – деді Баукең түсініп тыңда дегендей иегін көтере сөйлеп. – Танысым қоймай шаңырағына ертіп барды. Қуанғаным, төрде отырған ақжаулықты әжемен сөзім жарасым тапты. Бәрін айтпай, бірін айтайын. Үстімізге ізетпен сәлем жасап, кексе
әйел мен жас келіншек енді.
– Қай туған боласыңдар? – деді әже.
– Әлжанмын.
– Сен ше, қарағым?
– Мен – Шоғанмын.
– Шоған болсаң, бері менің қасыма келіп отыр. Сенің орның төрде.
– Кешіріңіз, әже, мен жап-жас болып төрге қалай өтемін? Мына енем өтсін.
– Сенің жасың кіші болғанмен жолың үлкен. Енең екеуіміз де Әлжанның қызымыз. Шоған би Әлжан бабамызды, Райымбек батырды бағып-қағып,
тәрбиелеп, қатарға қосқан.
Қанша тартынса да жас келіншек әженің қасынан орын алды. Бұл ата
дәстүрімізді сыйлау ма, сыйлау емес пе?
– Сыйлау.
– Абайдың өміріне зер салалық. Әкесі Құнанбай, арғы аталары Өскенбай, Ырғызбай, Кеңгірбай жаңа тебіндеген балаларының жағдайын жасап, ештеңеден тарықпаулары үшін бәрін дайындап беріп кеткен. Бір ғажабы, олар
«жау ішінде жаулар» барын ажырата білген.
– Кешіріңіз, «жау ішіндегі жаулар» кімдер?
– Қазақ астарлап сөйлеуге шебер халық деп саған сан мәрте айтқан
шығармын. «Жау ішіндегі жаулар» – жағымпаз жандайшаптар, парақорлар, бәлеқор-жалақорлар, өсекшілер, іші тар қызғаншақтар.
– Енді түсіндім, рақмет.
– Ол «жаулардың» кінәсін қазақ «бір анадан ала да туады, құла да туады» деп жуып-шайған. Менің айтайын дегенім, кезінде ұрпағының қамын ойлап, қолынан келгенше жақсылық жасап кеткен нағыз абыз Шоған бидің адамгершілігін төрде отырған әженің ұмытпай, ардақ тұтуы, ғасырлар бойы
қалыптасып, сүйегімізге сіңген ата дәстүрімізді құрметтеуі ұлы үлгі...
«ОЛ ЕШТЕҢЕ ДЕЙ АЛМАДЫ»
– ¬Күннің ыстық боларын білсеңіз де, Кубаға барғанда сусар бөркіңізді
киіп бардыңыз. Жұрт қатарлы ши қалпақ киюіңізге де болатын еді ғой, –
дегенімде:
– Сусар бөрік – ұлттық паспортым, керек десең, ол менің – ар-ұжданым. Куба әуежайына жетіп, сыртқа шыққанымызда жұрттың бәрінің назары менің
сусар бөркіме ауды. Бұл бір есімде қалған жағдай.
Екінші есімде қалған жағдай, Кубаның қорғаныс министрі Раул Кастро
жылы қарсы алып:
– Өзіңізді үйіңіздегідей еркін сезініңіз, – дегенде, костюмімді шешіп,
талтаң талтаң басып бір креслоға, галстугімді шешіп, талтаң-талтаң басып екінші креслоға апарып іліп едім, Раул Кастро қабағын шытып, жақтырмай қалды. Баукең:
– Сіз маған «үйіңіздегідей сезініңіз дедіңіз, үйімдегідей сезініп едім,
қабағыңыз түсіп, жақтырмай қалдыңыз. Жоқ, мен өзімді қонақ ретінде
сезінем, – деп костюмімді қайта киіп, галстугімді қайта тақтым. Ол екі иығы
селкілдеп күлгеннен басқа ештеңе дей алмады...
Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы.