АҚИЫҚ АҚЫН ҚАЛИЖАН
2022 ж. 06 қараша
2636
0
Мыңбай РӘШ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп қазекем тектен текке айтпаған.
Мен сөз еткелі отырған қазақ поэзиясының қабырғалы ақыны Қалижан Бекхожинның өмір жолы да осыған куә іспетті.
Оның бақытына орай әкесі Нұрғожа Бекқожаұлы арабша оқи да, жаза да білетін. Түріктің түп-тұқиянына ой-көзін жүгірткен, яғни, жалпы түрікше де сауатты, көзіқарақты дарын иесі болған. Шығыстың өлең-жырларын, дастандарын талмай оқып, көне басылымдағы кітаптарын жалықпай жинаған адам. Сондықтан да шығар, Нұрғожа Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Иса, Сұлтанмахмұт іспетті әйгілі тарландармен, Естай, Майра секілді күміс көмей әншілерімен сұхбаттас-сырлас болған. Кереку төңірегіндегі ірі мәдениет өкілдерін былай қойғанда, көрші қалалар мен қоныстардағы Ақан сері, Мәшһүр-Жүсіп, Нұржан Наушабаев секілді аттары айдай әлемге аян тұлғалармен де аралас-құралас өмір кешкен.
Зиялылар бас қоса қалғанда зерігу қайда. Сайранды сауық кештер, ауыл аспанында қалқыған ән мен жыр, айтыс... Өнер атаулының бар-баршасы бала Қалижанның делебесін қоздырмай қойсын ба! Сабақ болар сәттерді құлағына құйып өскен Қалижан елегізіп жұмбақ шабыт қанатына қонғандай.
Көп оқи бастайды. Естігені мен оқығанын көкірегіне тоқи бастайды. Шығыс үлгісінде жазылған ғашықтық дастандарды жалықпай тыңдап, қайсыбір тұстарынан үзінділерін жаттауға кіріседі.
Әкесі Нұрғожаның аузынан «Бозжігіт», «Сейфулмәлік», «Мұңлық-Зарлық», «Жүсіп-Зылиха» хикая дастандарын естіп, ұйып тыңдайды. Қатты қызығады. Елегізеді.
Үлкен дарын иесінің шабытын оятқан бұл туындылар он екіден асқан шағында-ақ шағын көлемді өлеңдер жазуға итермелейді. Ақындықты армандаған бала Қалижан жазғандарын әкесіне оқып береді. Өзгелерге оқуға ұялады. Құпия сақтайды.
«Түбі сенен ақын шығады!» – деп маңдайынан сипайды әкесі. Нұрекеңнің осы сөзі балаң ақынды алыс арманға жетелегендей әсер береді. Табиғатында сезімтал болып өскен кішкентай Қалижан өмірдің жұмбағы мол тірлік-тынысына ойы мен қаламын қоса жүгірте бастайды.
...Иә, екінші перзентті аңсаған Нұрғожа қарттың отбасы және оңқасынан туған қуанышқа тап болды. Алдында ғана дүниеге келген Қайыржан ағасынан кейін фәни жалған есігін Қалижан іңгәлап ашты. Ағалы-інілі Қайыржан мен Қалижан. Бірінің соңынан бірі едел-жедел келген екеуі де Нұрғожа көңілін аспандатып, нұрға толтырды. Екеуі де Бекқожа әулетінен. Екеуі де құбылмалы өмірдің ащы-тұщысын татып өсті. Кейін келе Қайыржаны қаламдарын жауынгер жанр, журналистикаға қайраған қалың топтың тынымсыз да таңдаулы тәлімгері болды. Ұлттық университеттің профессоры атанды. Ал, Қалижан ше? Ақындық қаламын күндіз күн көзіне шынықтырса, түнде Ай нұрына суарған қазақ поэзиясының қарымы мол қабырғалы ақыны атанды.
Біздің бүгінгі әңгімеміз ақиық, ақпа-төкпе эпик ақын, дарынды драматург һәм әдебиетші, һәм тәржімәші Қалижан Бекхожин хақында.
Біз білетін Қалижанның жүріп өткен жолдары қат-қабат: балаң Қалижан, алаң Қалижан, маман Қалижан, жауынгер Қалижан, қауымгер Қалижан, дауылгер Қалижан!
Алғашқы екеуі әр пендеге тән буыны бекінбеген, қабырғасы қатпаған кез делік. Ал, кейінгі төрт түрлі Қалижан ше? Олар да күйбең тіршілік күйлері. Оқу мен тоқу, сұрапыл соғыс, елін, жерін жан-тәнімен қастерлеу, ата тарихын ойлап қана қою емес, зерттеу, баспа бетінде жариялау. Тоталитарлықтың титықтатар таяғына тап болатынын көре, біле, сезе тұра ақындық болмысымен іштей алпарысу, күресу, қайрала түсу, яғни, жүндеуге жақсы жуас түйе болмай, мұзға таймас, буыршындай бұрқырап, қара нардай қасарысу.
Міне, біз білетін Қалекеңнің кредосы. Соңғы қасиетін дауылгер демей не дерсің!..
Қалижан өзінің балаң шағын көк шалғындағы көбелегін қуып, бұрымды бұлағының кәусәрінен сіміріп өскен Тәттімбет жазығында өткізген еді. Сол кез ақын жүрегінен былайша кестеленген екен:
Шуағындай балғын бөбек жазымның,
Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын.
Саумал көлдің қамыстарын сырнай ғып,
Өстім сонда естіп аққу, қаз үнін.
Тынысындай ерке бала шағымның,
Тәттімбеттің тәтті лебін сағындым.
Желмен ойнап жүгіріп ем ұстауға,
Жарқылдаған сәулесінен сағымның.
Көк майсада көбелектей ойнадым,
Жалғыз ғана бір бақытты ойладым.
Сол бақытым – өткен сенде ойыным,
Жалғыз ғана сол қызыққа тоймадым...
Қалижанның ҚазПИ-де бірге оқыған қаламдас досы, Қасым Аманжоловтың қан майданда қаза тапқан қаһарман інісі, аты атақты дастанына арқау болған Абдолла Жұмағалиев өзінен екі жас үлкен ағасы Қалекеңе арнап «Ақын досыма» деп жазған өлеңінде былай тебіренген еді:
О, дүние, албырт күні он-он бестің
Қайырылып соғар ма еді он-он бес күн.
Көтеріп орамалын, о, дариға-ай,
Ойыны тарқап кетті-ау сол бір кештің.
Құс болып қанат қағып ұшар едім,
Соңынан жете алмаймын сол бір көштің...
Базары тез тарқап кететін балалық шақтың лезде көрген түстей ғайып болатыны хақ. Сырлас ақынның сырын жан-жүрегімен ұққан мұңдас ақын інісі Абдолланың осылай ағынан жарыла айтқаны адам тағдырының қайталанбас ақиқаты іспетті.
Жоғарыда біз Қалижанның қайсар ақын екендігін сөз еттік. Оның айқын дәлелі тарихи тақырыпқа арнап жазған «Батыр Науан» дастаны дер едік. Бұдан сексен жылдай бұрын қызыл империя саясатынан қаймықпай, өз елінің тәуелсіздігін аңсап қазақ ұлтының намысын көкке көтерген келісті туындыны қоғамға зиянды «кесапат» идеялы санап, көкезулі дау тудырған, авторын қуғындатқан шақты да көзімен көріп, көкірегі қарс айырылған ақын мойымады, қайсарлығынан қайтпады.
Жиырма алты жасында жазған «Орман қызы» поэмасы үшін бас бәйге алған ақын ізін суытпай-ақ «Кек», «Ақсақ құлан» поэмаларын тудырды. Одан кейін де, орда бұзар отыз жасынан сәл аса берер-ақ «Тұрлаулы тағдыр», «Жусан», «Мәриям Жагор қызы» дастандарын дүрлетті.
Қалижан Бекхожинның шабыт қанатына мықтап мінген шағы да осы тұста еді. Дәлірек айтсақ, 1947 жыл. Әйгілі Александр Фадеев (сол кездегі Кеңестер Одағы Жазушылар одағының төрағасы) КСРО Жазушылар одағының пленумында Қ.Бекхожинның «Сырдария көкпары», «Келтемасат» айдарлы шағын көлемді дастандарын соғыстан кейінгі поэзиямызға қосылған үлкен үлес деп ауыз толтыра мақтады. Бұл тұжырым «Правда» газетінің 1947 жылғы шілденің 30-шы жұлдызындағы санында басылып шықты.
Ал заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Мәлік Ғабдуллинге жазған жауап хатында: «Қазақ поэзиясында соңғы кезде жарық көрген Қалижан Бекхожинның «Мәриям Жагорқызын» ең үздік табысымыз деп айтар едім» десе, Сәбит Мұқанов: «Меніңше, «Ақсақ құлан», «Мәриям Жагорқызы», «Сұңқар туралы аңыз» дастандары Қалижанның ақындық өнерінің биік шыңдары, поэзиямыздың алтын қазынасына қосылатын асыл туындылар» – деп бағалады.
Бұған біз шоқтығы биік шығармалар қатарына екі ұлы жазушы бақиға озғаннан кейін жеке жинақ болып басылған «Менің замандастарым» мен көлемді «Аппақнама» дастанын да жатқызар едік. Алғашқы кітабы үшін ақиық ақын мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Бұл 1978 жылы болатын. Әзірбайжанның ұлы ақыны Низами мен қыпшақ қызының терең махаббатын тебірене толғаған дастаны Бекхожинның шау тартқан шағындағы шуағы мол шабытты шығармасы еді.
Бұл сюжеттік желісі жағынан іштей үндестік тапқанмен кейіпкерлерінің кестелі сезім иірімдері, суреткерлік табиғаты, бояуы қанық қырлары өз алдына дараланатын туындылар. «Аппақнамада» шығыс үлгісіндегі, ғашықтық хикаяларының сарыны сезіледі.
Қалижан ақын осы екі дастан арқылы өзіне күйе жағылған ұлтшылдық қамытын лақтырып тастап, шын мәніндегі өресі үлкен интернационалист екенін паш етті.
...Қызыл империя қылышы жалақтап тұрған кезде «жау» атандырып жала жаба салу қоян терісі илегеннен де жеңіл болатын. Міне, сол бір кезге көз жүгіртіп көрелік:
«За высокую идейность литературы Казахстана» деген мақалада:
Мариям дочь Егора справедливо раскритикованы. Тема дружбы народов разрешается в грубо националистическом плане. (Ред. Статья 19.09.51. «Каз. Правда»).
Поэт Бекхожин в поэмах «Батыр Науан» и «Аксак кулан» идеализировая феодально-баиские обычаи воспевал хана Кенесары Касымова. А.Малиновский. («Каз. Правда». 16.XI, ¬– 1950).
Осы іспеттес сырттан соққыш шегір көзді сырттан байлар аз болғандай Қалекеңді қаралаушылар қаракөздер арасында да қаптаған «модаға» айналып алғаны есімізде. «Әдебиетте Кенесары қозғалысын дәріптеу». («Соц. Қазақстан». 1951.04. М.Ғұмарова).
Қалижан Бекхожин өз шығармасындағы ұлтшылдық бағытын үйреншікті дағдыға айналдырған. (А.Нұрқатов...).
Өз шығармаларында ұлтшылдық сарынды дәріптей-ді. (М.Сәрсекеев...).
...Осы іспеттес жандайшаптап жазғыштарды тізе берсек толып жатыр.
Қысылшаң шақтың қиқуларына ақын құлақ та аспады, қайысып-майыспады. Өзін бәрінен биік ұстады.
Қалекең – жан-жақты дарын иесі. Оның «Ақан Ақтаев», «Егер жүрек шын берілсе», «Нөсерден кейін» пьесалары кезіңде қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры сахнасында қойылды. 1937 жылы ҚазПИ-де оқып жүрген кезінде Сәбит Мұқановпен бірігіп қоса автор болып орта мектептің 8-сыныбына арналған көркем әдебиет оқулығын жарыққа шығарды.
Тарихи тақырыптарда өз елінің сан-салалы өзекті мәселелеріне арнап көптеген дастандар, көл-көсір өлеңдер, сонеттер жазған, поэзиядағы әлем классиктерінің шығармаларын ана тіліне тәржімалаған ақиық ақынымыз кейінгі ұрпаққа мол қазына қалдырды.
Асылы, қай қаламгердің де өз шығармаларының ішінде «Хан тәңіріндей» шоқтығы биік асқақ туындысы болады. Қалижан поэзиясындағы сәулелі де сом жасалған дастаны, сөз жоқ, «Ақсақ құлан» дер едік.
«Сол күнге замандардан зар қосылған,
Тіл қатты обаларда қан жосыған.
Ертеден ескен желмен күмбірледі
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан.
Оралып өктем күйдің әр нәшімен
Ағыттым жарауымды кермесінен.
Ағыттым құйқылжыған құланымды
Желідей жырдың жаңа пернесінен» –
деп оқырманын еліктіре жөнелген дастан азалы аңыз желісін ағындаған жырымен ақтара толғап, сиқырлы суреткерлігіне тәнті етеді.
Ағысынан жаңылмаған арқалы ақын оқ тиіп, шабысынан айырылып, сирағын сылти басып сылқ ете құлаған дала тағысының таусылған сәтін былай түйіндейді:
Күй қалды, күйші тірі осы маңда,
Құйындай қырда құлан жосығанда,
Теңселтіп хан обасын жортады күй
Сабаздай садақ тартқан Жошы ханға.
Солай бір кәрі жырау шертті маған,
Аңызды жер сақтаған, жұрт тыңдаған,
Мүсірке мұңды сонау шежіреңді
Бұл күнде қуанышқа, құтты далам!..
Айтылып жүрген аңыз бен өткен мезгілдерге бүгінгі күннің ой-көзімен қарап, тиісті бағасын беру кейінгі ұрпақ үлесіне тигенін де ақын естен шығармаған, әдебиетті зерттеуші әрі ғұлама көреген эпик ақынның толымды топшылауы осылай болса керек.
Өмірдің көкейкесті мәселелеріне бағыштап кесек-кесек туындылар берген кемел ақын күнделікті тұрмыс-тіршілігіне орай да топтама өлеңдер жазған еді. «Абаймен сырласу» өлеңінде бәз біреулерге деген реніш-күйінішін ұлы ақынмен сырласу арқылы сездіреді.
«Иә, бізде көп
Ду жиын, қызу кеңес.
Өлең үшін боламыз қызыл өңеш.
Арамызда аға жоқ сендей дара,
Жасымыз да көкбайдан кішік емес.
Бәріміз нән...
Сөз сырын кім сараптар?
Сынға қырын
Әлі көп қисалықтар.
Оралсаң сен
Сайлар ек местком етіп
Егер саған қызметін қиса Жаппар...»
Юморға құрылып жазылған осы жолдардан қайсыбірінде қаламдастар арасында болатын ақиқат нышандары қылаң береді.
Біз білетін Қалекең көпшілік досына адал, мейлінше ақпейіл, аңқылдақ мінезді атажандылығымен қоса балажан да адам еді. Ол отбасын да ойынан тыс қалдырмаған. Сүйген жары Зайдахан жеңгемізге де арнайы жыр жазды. Соның кепілі шығар, міне, «Тереземді бүркелеме» деген өлеңіне назар салып көріңіздерші:
«Тереземді бүркемеші, Зайдахан,
Күлімдеген жұрттың көзін көрейін.
Тыңдап бақтан бұлбұл дауысын сайраған
Бәйтеректей көтерілсін, мерейім.
Әйнегімді бүркемеші, Зайдахан,
Батар күннің шырайына қарайын,
Нажағайдың бұлтты қуып ойнаған
Жанарыма түсірейін арайын.
Тереземді ашып қойшы, Зайдахан,
Бір досымның талайына жайнаған
Жұлдыз көрсең соны жыр ғып айтайын.
Әйнегімді айқара ашып, Зайдахан,
Шолайыншы шың-құздарды ерте мен
Самал таудан толқындасын ой маған,
Биіктесін жырмен өрлеп мәртебем!»...
Кісікиік мінезі жоқ келісті қаламгер, көркем сөз шебері өз басын ғана күйттемей өзгелер үшін де күйбеңдейтін. Соңынан ерген жастарға үнемі қамқорлық жасайтын. Ақыл-кеңесін аямайтын. Оның кезінде Жазушылар одағында жастар секциясын басқаруы да тегін емес-ті. Әдебиетте, поэзия жанрында жалт етіп көрінген жас талантқа балаша қуанып, сәт сапар тілеп жүретін. Ал адалдық үшін пікір-таласқа түскенде оқыс көтерілген борандай бұрқырап кететін де кездерін көретінбіз. Күндеу, іштарлық іспетті арамбездік мінездерін айылын аулаққа салатын.
Қамқорлық, жастарға ұстаздық демекші, өз басым Қалекеңнің шәкірті ретінде шапағатын көп көрдім. Менің «Бастау», «Батыр-дастан», «Санияз» айдарымен жарық көрген дастандар жинағымды жалықпай оқып, баспа беттерінде алғашқы пікірін айтып қуана құптағаны есімнен кетпейді. Менің елу жылдық мүшелтойыма орай «Қазақ әдебиеті» газетіне арнайы мақала жазған да Қалекең болатын.
Сырлы сезімнің сырнай үнді төгілме тілді суреткерінің сом тұлғасы поэзия аспанының жарық жұлдызындай мәңгі жарқырай бермек.
Қайран Қалекең!
Дүниеде адам өмірінен асқан не бар дейсіз! Қанша адам болса, сонша тағдыр. Пенде біткеннің ғұмыры да солай, әртүрлі. Атамыз Нұрғожа елге серілігімен, суырып салма өнерлі жан болған адам.
Екі ұлына азан шақырып қойған аттары Қайыржан (Қайыр-Мұхаммед), Қалижан (Қали-Мұхаммед). Үлкен ұлы дүниеге келгенде атамыз:
– Бұл Мәшһүр бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі.
Құдайға қазір алса ризамын, –
Артымда Қайыржаным қалса тірі, –
деп өз мақсат-мұратын өлеңге қосқан.
«Әке балаға сыншы» деген рас қой. Үлкен ұлына «сен ғылым жолын қуарсың, менің қаламымды тентегім ұстар» дейді екен атамыз Нұрекең.
Айтса айтқандай-ақ, Қайыржан ағамыз Торғайда облыстық газеттің редакторы, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп өсірген ғұлама ұстаз, қазақ журналистикасының негізін қалаған патриархы аталған, қазақ журналистикасының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған ақсақалы, шебер көркемсөзші.
Ал, Қалекең нағыз сегіз қырлы, бір сырлының өзі болатын. Домбыраны жақсы шертетін, күйсандықта жақсы ойнайтын, әсіресе, Мәдидің әндерін нақышына келтіре жақсы орындаушы еді, жастар әндерін жақсы айтатын. Сазгерлігі де бар болатын. Аталған өнерлерінен, бәрінен де «солардың бәрінен ақындығым артық», – деп отыратын.
Талант – халық қазынасы, ұлттың мақтанышы дегенге қазір көзім анық жетіп жүр. Қалекең өз талантын жастық шағынан-ақ байқатқан. 1929 жылы комсомол қатарына өтіп, 1930 жылы Ертіс бойындағы Ақсуда еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. 1930-1932 жылдары «Колхоз» газетіне өлеңдері жариялана бастаған. 1934 жылы мамыр айында Алматыда өткен жазушылардың бірінші құрылтайына Павлодардан делегат болып қатынасып, сонда өз өлеңдерін желпіне оқыған екен. «Атақты жазушылар – Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Ілияс, Бейімбет, т.б. көргенмін, олардың құрылтайда сөйлеген ұлағатты сөздерін естігенмін, маған жаңа бір әлем есігі ашылғандай әсер етіп, жас қиялымды, өлеңшіл рухымды ерекше серпілтті», – деп еске алушы еді Қалекең өткен күндерін. Сол жолғы Сәкен Сейфулиннің: «Қысылма жігітім, өлеңді батыл жаз. КазПИ-ге оқуға кел, өзім көмектесем» және «әкеңнің қолжазбаларын алып кел» деген соң, үйдегі жазғандарын көп етіп алып келдім дейтін.
Қалекең 1934 жылы күзде оқуға түскен күннен бастап ұстаздарына зеректігімен, қабілеттілігімен ұнаған, оқуды өте жақсы оқыған. А.Пушкин атындағы стипендиат болған.
Сәбит аға 1936-1937 жылдары өзі дайындаған хрестоматияға өзімен бірге автор етіп қосады. Оқуын бітірмей-ақ, IV курста оқып жүргенде Қазақстан Орталық комсомол комитеті Қалекеңді баспаға (ЦК ВЛКСМ) бас редактор етіп қызметке шақырған, кейіннен соғысқа барғанға дейін директорлық қызметін атқарған.
Соғысқа дейінгі Дихан Әбілев, Есмағамбет Исмайылов, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Абдолла Жұмағалиев, Төлеутай Ақшолақов, Әли Есмәмбетов, Қапан Сатыбалдин сияқты бір топ жастар, жас қаламгерлер өзара сыйластықта болған.
Қалекең Сәкен ағаны ерекше құрмет тұтқан. Ол кісі туралы «Сұңқар туралы аңыз» деген дастан жазған. Гүлбарам апамды сыйлап, қонаққа шақырып, «ұлы жеңгелерім Гүлекең, Мәкең» дейтін.
Соғысқа аттанарда Сәбит ағамен Мәриям апамыз баталарын беріп, шығарып салған, содан аман келдім дейтін.
Ерлан оныншы сынып бітіргенде Москваға апарамын деп, самолетке билет алып келіпті. Ерлан да қуанып Москваға барғысы келді. Мен қарсы болып, «бармайды» дедім. Бір күннен кейін балалардың бәрін Ыстықкөлге жіберді де, олар кеткен соң Ерланның құжаттарын КазГУ-ге, журналистика факультетіне тапсырып келді. Қалекең де, мен де қуандым. «Университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков өте жақсы қарсы алды, жақсы азамат екен», –деп балаша мәз боп келгені әлі есімде.
Қалекеңнің құшағы кең, аса бауырмал, балажан еді. Мал жиямын, дәулет арттырамын деп ойлаған адам емес. Қулық-сұмдығы жоқ адал, тіке көзге айтатын, дарқан адам еді.
Сократтың сөзімен айтқанда: «Алтын емес, балаларыма, ұрпағыма одан да қымбаттырақ дүниені қалдырып бара жатырмын», – дейтін, еңбекқор болыңдар, кітапты көп оқыңдар деп отыратын еді.
Қалекең – Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар қаласының құрметті азаматы ретінде пайдалануға болатын көп жеңілдіктерге де қараған емес. Әркім таласып алып жататын саяжай орнын да алмаппыз. Баспанасыз жүрген кездерінде Жұбан Молдағалиев, Қабдікәрім Ыдырысов, Қайрат Жұмағалиев, т.б. паналатқан.
Бір жас ақынның жаңа өлеңі шықса қуанып қалатын жақсы екен деп, ұнамаған өлендерді сызып, сұрақ, леп белгілерін қоятын.
Қалекең қуғынға түсіп, сынға көп ұшыраған кезінде Мұхтар Әуезов: «Қалижан, сенің жағдайың қиын. Түрмеге түсуің мүмкін, халқымызға, елімізге керек адамсың. Түркіменстанға барып жұмыс істеп, өлеңдеріңді жаза бер», – деп ақылын айтқан соң, сол жаққа барып жұмыс істеп, мұғалім болған екен. Сол жақта жүріп шығармашылығын жалғастырып «Түркімен қызы», т.б. топтама өлеңдерін жазған.
1937 жылға байланысты Қалекең екі рет институттан, екі рет комсомолдан, екі рет партиядан шықтым дейтін.
Атақты ақын Сағынғали Сейітов «Төрт таған сеңгір» деп аталатын өлеңдерінде:
Қиялданам Қалекеңді сағына,
Ақын еді туған өлең бағына.
Абзал аға, әзиз досым әріптес,
Жастайымнан жақын едің жаныма, –
десе, халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Қалижан Бекхожин талантының қыры көп. Ол – лирик, ол – эпик, ол – сыншы, әдебиетші. Ол – ән өлеңдері мен оқулықтардың авторы. Ол – шебер аудармашы және драматург» – депті.
Қалекеңді лауреаттыққа Ғали Ормановпен бірге ұсынғанда Қалекең: «Я свою кандидатуру снимаю, жасы үлкен Ғалекең алсын», – деген екен.
Қалекең, шынында да, достарына, туыстарына адал еді. Артынан өсіп келе жатқан жастарға қолдан келген қамқорлығын аямайтын.
3айда Бекхожина,
Қалижан Бекхожинның жұбайы