Шардарада Қазыбек Исаның жыр кеші өтті

Шардарада Қазыбек Исаның жыр кеші өтті

Бүгін ақиық ақын, қоғам қайраткері, жерлесіміз Қазыбек Исаның 60 жылдығына орай салтанатты кеш өтті. 

Қазыбек Иса Жарылқасынұлы – ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.


Ақынның шығармашылық кешіне аудан әкімінен бастап, бір топ ел ағалары, жерлесіміз, қоғам қайраткері Ислам Әбішов, облыстың «Құрметті азаматы», ғалым, әдебиетші, академик Құлбек Еркөбек, ҚР Парламентінің депутаты Серік Ерубаев, «Ақ жол» партиясы қаржылық-ревизиялық комиссия төрағасы Болат Өтепбаев, Моңғолия елінің еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сұраған Рахмет, ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы, ақын, тележурналист Нұрлан Әбдік, «Ақ жол» партиясы Шымкент қаласы филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов, кәсіпкер Абзалбек Сағымбекұлы және ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Батырхан Сәрсенхан және ауданның зиялы қауым өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты. 


Кеш аудандық мәдениет үйінің алдында орналасқан Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Сондай-ақ, кешке қатысушылар Қ.Иса шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. 


Іс-шара барысында аудан әкімі Қ.Жолдыбай бүкіл аудан атынан жерлесімізді құттықтап, ақынға құрмет көрсетіп, ақбоз ат мінгізді. Сонымен қатар, кешке келген ел ағалары мен азулы ақындар құттықтау сөз сөйлеп, естеліктерін еске түсіріп, арнау өлеңдерін оқыды.


Мерекелік тарту ретінде аудан басшысы Қ.Жолдыбайдың тікелей қолдауымен "Шежірелі өлке шайырлары" атты шардаралық ақындар антологиясының тұсауы кесу рәсімі өтіп, көпшілікке таныстырылды. 



Бұдан бөлек жиында Қазыбек аттас бозбалалар ақын шығармашылығынан жатқа өлеңдер оқып, туған күніне жырдан тарту жасады. Қ.Иса бала шайырларға риза болып, өз кітабын сыйлыққа беріп, бірге өлең оқысты. 


Аудан өнерпаздары Қазбек Исаның сөзіне жазылған әндерден шашу шашып, мәдениет сарайын әсем әуенмен көмкерді. 


Ақын төбесіне көтеріп құрметтеген жерлестеріне ақ алғысын жаудырды. 

Қ.Жарылқасынұлы салтанатты кештен кейін, аудандық оқушылар үйінде болып, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» мүшелерімен, өнер адамдарымен кездесті. Кездесуде ауданның ақын-жазушыларымен пікір алмасып, ұсыныстар айтылып, шығармашылық тұрғыда ой өрбітті. 

Шара соңында ақиық ақын халық қалаулысы Қ.Иса бастаған топ Қазақстанды әлемге танытып отырған «Шардара Армспорт» клубына барып, ондағы жұмыс барысымен танысып, спортшылармен кездесті. Шардараның даңқын шартарапқа танытып жүрген спортшы жастарға ақ батасын беріп, жеңісті күндер тіледі.