«МҰҚАҒАЛИ НАМЫСТАН ӨЛДІ»...
2022 ж. 03 қазан
3090
0
(Күнделік дәптерден)
Оқырман назарына көрнекті ақын, философ, аудармашы марқұм Өтежан Нұрғалиевтың жазбаларынан үзінді ұсынылып отыр.
Әр нәрсе өз уақытында. Тобық та, кетті. Өз уақытында. Неге кетті? Неге асықты? Оны айтатын да кез келеді. Айтпасаң сөзі өледі. Сөзі өлмесін, өзі қалмаса да, оны көргендердің сөзі қалсын, – деп жазып отырмын.
Ақын өлді – намыс құлы,
Құлады оқтан, у кекпен.
Еңкейді, иді – басын ұлы,
Шыдамай сұм өсектен...
Арақтан азып емес, намыстан тозып өлгендердің бірі – Мақатаев.
Мақатаев Пушкин емес. Әлімжанов І Николай емес. Пушкин алыстағы ауа сияқты, сейілген тұман сияқты бұлдыр нәрсе. Көп айтып тозып кеткен асыл әңгіме сияқты. Мақатаев күні кешеге дейін қасымызда жүрген, нервімізге тиген, проблемаға айналып, мына пәледен қалай құтыламыз дегізіп, басымызды қатырған... Бұл өзі қаладағы квартира сияқты, түзелмейтін денсаулық сияқты мәселе: әйелде «ұмытшақ ауру» дейтін ауру болады – туып алғаннан кейін екі күннен кейін «ой, бала туу да жұмыс боп па?» дейтіні бар олардың. Үй алғасын – сол үйдің соңында қырық жыл салпылдағанымызды екі күнде ұмытып, үй мәселесі бұл қалада тәуірленіп қалды ғой дейтініміз тағы бар...
«Союз» деп біз Жазушылар одағының кеңсесін айтамыз. Бір күні «Союзға» – бірінші секретарьдың кабинетіне басымды енді сұға беріп ем, –оларда екі есік болады – шалбардың екі қабат ілгегі болатын сияқты: бірінші есік пен екінші есіктің арасында тұрып естімеген сұмдық естідім. Ұмытпасам, 1972 жыл, Қарасу кезі...
– Ал, енді мына Мақатаевты не істейміз?
Бұл сөзді айтып жіберген секретарымыз – Әди Шәріпов, тыңдап отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы – Нығаң... Нығымет Ғабдуллин.
– Мені оқудан шығарғалы алты ай болды. Тауман Амандосов Хамаңның айтуымен... «Сабақты да үлгермеді, тәртібі одан да сорақы» деп, КазГУ-ден қуды, – дегенде мен әлгі сөзді естігенде қандай болсам, ол да сондай болып:
– Бұл сұмдық қой, – деп еді Жұмағали Саин марқұм. Тура солай деп еді...
Екі серік бар Сатурнда. Бірі – қызыл, бірі – көк. Көгі күнге бұрылса –қызыл, айға бұрылса – көгіс тартады. Күніне үш құбылатын әлгі екі серіктің аты – Фобос, Деймос. Қазақша – Қорқыныш және Сұмдық... Мақатаевты не істейміз деген қарапайым ғана сұрақ ақынға енді қандай қамқорлық істесек екен деген ойдан тумаса керек.
Айтқаным айдай болды. Әди Шәріповтің не істегенін қайдам, әйтеуір, Мақатаев «Қазақ әдебиетінен» қуылды. «Жұлдызға» барды – қуылды. Ең соңында Москваға оқуға жіберілді. Пушкинді көріп, «сені ұшып кетпесін деп шынжырлап қойған екен!» деп өлең де жазды сол сапары. Ысқырып ән сап қояды, сол сапары қай сапар? Москвадан «алқаштарыңды алып кет!» деген телеграммаға байланып, қасында Бахтиясы – қайтып келді. Күнде – сыпсың, күнде – ехидство. «Мақатаевты милицияға тапсырып жіберіпті, Мақатаевты бардан көтеріп алып кетіпті. Мақатаевты енді жұмысқа да, басқаға да алмайды екен...». Әңгіменің бәрі «Союздан» тарап, «Союзбен» аяқтальш жатты.
Жалғыз досы – Тоқаш. Жалғыз серігі – Бекен Әбдіразақов. Ұрғашыда жауы – Лашын. Еркекте – Әнуар Әлімжанов, қала берді Ілекең (Есенберлин). Бұл «Қазақ әдебиеті емес, мазақ әдебиеті» – юбилейде айтары осы. Осы айқайы: «біздің қанға қашан тоясыңдар?». Біз жер бетіндегі бұлтты күннен көреміз. Күннің тек нұр жіберіп тұратыны, оның жерден көтерілген тозаңда, лас пен боқта шаруасы жоқ таза нәрсе екені миымызға кіріп те шықпайды. Ал Мұқағали – «Признаюсь, я жил!» деп, кітап жазып, тентексоқтығына мақтанатын Пабло Неруда сияқты омыраулы личность. Оның қандай адам болғанын, оған менің қалай қарағанымды мына сөздерден білуге әбден болады.
Ол өзін-өзі «Шалқар қазаққа атым кетті, кез келген разъезге барсам: «ағай, осы сіз Мұқағали Мақатаев емессіз бе?» – деп бір бала сәлем беріп жатады дері, есік алдына бара, осы бәледен құтылайықшы деп, жалт етіп, Еркін Ібітанов екеуі мені тастап, көшеге атып шығары, ертең көргенде осының бәрі сабақ, мойыма, аман құтылсаң боптысы – Тоқаштың әбден ұмытылып, ызыңдаған, мазасыздығынан жуан жұдырықпен бір періп құтылғысы келгені. Ит-ай, қолым тимей келіп еді, қолымды ластады-ау деп, түйедей болып жылағаны, көз алдымнан өте шығады.
Мұқағали кім еді кеше? Ол кеше, меніңше, мынадай болатын:
«Ол бірде... оты сөніп жұтаған үй,
Ол бірде оты лаулап, тұтаған үй,
Ащы сөз, ащы насыбай, ащы өмірдің
Тобықтай бір түйіні – Мұқағали.
Кірле, кірле, байғұсым,
Бат күнәға,
Өмір бізді дос қып ед,
Жат қыла ма?
Кетті жалпақ қазаққа атың тарап,
Ресторанда көп сатқан, сатқын аға!
Қып-қызыл боп жыр оқып, – жұртқа қарап,
Насыбайды боқ қылып, мұртқа жамап,
Сонау ұйғыр жерінде бірге жүрдік,
Аяғыңның басынан құрт домалап!
Көздің отын
Қылыштай жарқ еткіздің,
Қазақ елін қарғадай қарқ еткіздің,
Ерлік деген сенде көп,
Бір ерлігің –
Сен Тоқашты мұрнынан сарт еткіздің!»...
Осы бір безалаберный, көйлегі сыртына шығып жүретін, адам баласына арамдығы аз, сарқарын тартқан көмбіс адамды – әбден терісін сона тескен мортық сиырдай көргеніміз рас. Ол да өз есебін жіберген жоқ: дүниеде өмірден есесін жіберген жоқ – дүниеде өмірден есесін жіберген ақылдыны мен білмеймін. Оның Нарынқолдан қашып шыққандай аяңдап, Алматыға келуі де мықты есеп. Әбділда Тәжібаевты – ол екінші секретарь «Союза писателей», «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып жүргенде пана тұтуы да аз есеп емес. Мен Мақатаевты мықты ақын деп те, өзіме жақын деп те есептеген емеспін. 1956 жылы 10-класты бір жыл кешігіп бітіріп, Алматыға математик немесе горный инженер болуға келген, Ақтөбенің Байғанинінен шала үмітпен сүйретіліп жеткен маған сонау Нарынқолдан русский литфакқа – КазГУ-ге очныйға келген Мақатаев кездейсоқ ұшырап, көзтаныс болды. 1951-1952 жылдардың бірінде «Әдебиет және искусствоға», «Біздің жақтың іңірі» атты өлеңі шыққан ол, оны өлеңінен, фамилиясынан тани кеткен маған жылы ұшырап: «Слушай, сен аяғыңды жусаңшы» деп жүрді. Қазрадионың дикторлығынан, ауылындағы комсомол вожактығынан жеріп, бірде ауыл, бірде қала мінезге басып жүрген сәті екен. Кейін бес бөлмелі үй тигенде бас-аяғы үш-төрт сағат ішінде Мұқағалиды таксиге салып алып, анда апарып, мында апарып, центрдегі үй өзіңнің қыдырып жүріп-тұруыңа жақсы болады деп, үш бөлмеге алмастыратын атақты алаяқтау Байжанбаев – сонда Мұқағалиды «ащы суға» енді үйретіп жүрсе керек. Бірер күннен кейін Виноградова 88-дегі жатаққа аласа бойлы, шимақпал ученический куртка киген, ақ бастана бастаған – Тоқаш Бердияровты алып келіп, Мұқағали өзінің кімнің досы екенін, қай жұлдызға бағыт алып бара жатқанын әбден ұқтырды. Сол кетістен ауылда жүріп, одан хат та алдым. Киров колхозы деп жазды, іштартып. Қызығып, алда кездесетінімізге үміт артыпты.
Сол Мұқағали мені тауға да, тасқа да салды. Үстіндегі қытай плащын көкбазардағы шешен шалға елу теңгеге сатып, лағманға да, басқаға да тойдырды. Әр келген сайын сары плащы қаудырлап, қалың қара цыгей жағалы пальтосымен Нарынқолдың аязын ала келді.
Намыс жыртқан, көңілді кірлеткен бір жерін білмеймін. Аттар, айғырлар, суға бас қойып, коғаның ішінде, ішін тартып, шіңгірлеп, тебісіп жатады. Тұяғының тасырлағаны арқадан қаққан сияқты. Мұқағали осылай кісінеп, құла айғыр құсап желіп, қазақ қырынан өте шықты. Қазір оған дос емес, оған бір жарты коньяк сыйламаған сол жылдардың Алматылығы жоқ.
«Лашын – Королева Маргоға, Мұқағали Байронға айналды. Оның несін айтасың?! Сағынарсың әлі Мұқағалиды» – дейтін. Айтқаны келді. Өтірігінің өзі шынға бергісіз, назы төбеңнен мұздай су шашқандай, төстек, еркін; қажет болса аю мінез, қажет болса қыз мінез шал, Тоқашын ертіп, мәңгіге кетті.
Талай жақсы сөз, талай жақсы үлгі қалдырды. Жамандағандар досына, кешегі қашқандар қуып жүріп оқитындарына айналды. Жаман, шіңкілдек ешкі Әлімжановтар Курганцевтің аудармасына алғысөз жазып, Мұқағалидың досына айналды.
Аз сөз алтын, көп сөз күміс.
Союздың алдында ұлтарақтай алаң бар. Ақын қыдыратын алаң деп атайтын да, өзі сонда қыдыруды қатты ұнататын. Жұрт өзіне көз салып, қызығып тұр деп санайтын. Сол алаң туралы бір ауыз сөзім бар:
Бұл арамен кімдер бұрын жүрмеген?
Қашқандар да жүрді дейді түрмеден.
Жауды жеңген жауынгер де өтіпті,
Чапаевтай мұрт ширатқан түрменен.
Онша атақты болмаса да бұл алаң,
Талай тағдыр өткен бұдан бұралаң.
Тағдыр деген оймақ болса, бұл жерді,
Оймақтайдан ойып алып құраған.
Өлең жасап алау менен жалаудан,
Бұл арадан өтті кеше Төлеужан.
Алматының мырзалары тастаған,
Он тиынды шаршады да санаудан.
Төрт баласын жүрегіне бөлеген,
Өтті кеше бұл арадан Төлеген.
Ұзақ жүріп шаршамады, әуре боп,
Сайтан екен барып тұрған көреген.
Бұл арадан кеше ғана сор қайнап,
Мұқаш дейтін ақын өтті ойбайлап.
Ойбай өшті. Сор тазарды. Бейшара ¬–
Өте шықты мес торысын борбайлап.
Шоршыған жоқ шорағайдай шоршаңдап,
Қойшы құсап тығылған жоқ торсаңдап.
Екі табақ жинақ кірсе баспаға,
Қуанатын семіз қарны борсаңдап.
Бүгін соның тышып кеткен боқтарын,
Табам ба деп үйіндіге тоқтадым.
Ине кетті үйіндіге жылт етіп,
Жібі қалды жібін үзбей сақтадым.
Қарға құсап жан-жағына жалтаңдап,
Әлсіз мойным ұясында қалтаңдап,
Мұқағали қыдыратын алаңда
Мен қыдырып жүрмін бүгін талтаңдап...
Айналайын, әрі жолдасым, әрі сырласым сен жоқ екен деп өтірікке бармадым, рухың кешірмейді. Сен бар екен деп жүгімді жеңілдетпедім, оны менің өзімнен гөрі сен білесің.
Ауылда бес жыл жүріп, азып-тозып Алматыға келгенде саған арнаған өлеңім жаудың маған атқан оғы болды. Газет оны сенің атыңды жамылып елге жала жапты деді. Десе десін. Осы өлеңді ел қабылдар, ел қабылдамаса, топырағы торқадай жер қабылдар – тағы да осы өлеңді бір оқып берейін. Осы қолжазбаның бетінен. Бұл сенің аруағыңа жаққан шырағым болсын:
Алдымнан бір тау қозғалып келе жатқандай,
Алдымнан мол шоқ қозданып келе жатқандай,
Қаз дауысты Қазыбек диктор сияқты
Дауысың жұмсақ, Мұқағалиым менің,
мақпалдай.
Отызға менің жақындап қалған жасым-ай,
Өзіңді көрмей ауырып жүрген басым-ай,
Ұратын миға насыбай сенде бар еді,
Жазсылсын басым, аттыршы маған насыбай.
Төгілмей, шашылмай, лекілдемей, тасымай,
Қалтаңда жатыр, уыты қайтып, жасымай.
Қаңғырып түскен сигарет емес қалтаға,
Исатай менен Абайдан қалған насыбай.
Төбелесіп алған батырлар бұны ататын,
Күйеуі өлген қатындар мұны ататын.
Сатылмайды көңіл, насыбай да сол сияқты,
Жойылсын қыздар, насыбайларын сататын!
Олар оны Союздан шығарды, ал партиядан Мұқағали мүлдем кездейсоқ ойға сыймайтын алаңғасарлықтан, өзін-өзі шығарды. Киров пен Коммунист көшесінің қиылысында бұларды милиция ұстайды да «черный воронға» салады. Машина емес, мотоцикл. Машинаға болмайтын Мұқағали мотоциклге пысқырған ба, бір көк светке сәл тормозить еткенде, Мұқағали атып кетеді, милиционер мотоциклден түсе алмай қалады. Аман-есен қалғанына көзі жеткен Мұқағали ертең сәскеде ғана ¬қызыл билетті жоқтайды. Сол кеткеннен сол билет әлі кетіп барады. Мұқағалидың Марксті басына қойып оқығаны, ауылда әрі вожак, әрі агитатор болып, астанада коммунистер қатарында болмағаны ¬осыдан болыпты. Бұл марқұмның жазылмайтын сан жарасының біреуі болатын.
Коммунистерден көрген зәбірін Нұрғиса Тілендиевке шағатын да, өзінен көрген өз қорлығын күлкіге көметін. Бәрінен айырылған, денсаулықтан, билеттен, абыройдан... айрылса да рухы түспей кеткен намысты жігіт ¬¬¬–
Жүрегімізге осылай ұя салып еді.
Ол ұяны
Бұзатын жылан –
Қазір уынан да, батпақтан көтеріліп
Базданып жатқан буынан да айырылды.
Мұқағалидың күні ұшып келе жатыр!
11.03.1989.
***
– Көзбен көргенімді айтайын ба? Жоқ құлағыммен естігенімді айтайын ба?
Адам естігенін айтқысы кеп тұрады. Екі адам кездескенде – не жаңалық бар деп сұрайды? Не естідің деп жатпайды. Бірақ екеуі де естігенін айтады. Көргенін ішіне тыға тұрады. Мұның себебі, көрген алдамайды. Көз – философия. Ал құлақ – үшінші нәрсе. Әуелі көз көреді, ол миға жібереді, вычислительный центр оны есептеп, тек өзіне қажеттісін алады, ал адам жауларының жақсы жағын көріп тұрса да, көрмеген болады. Жамандық осыдан өрбиді. Көрсең де көрмеген, білсең де білмеген боп, жаланып тұра бересің. Жаңа ғана тышқан жеп алған мысық – тышқанды қалай шиқылдатқанын, оның ыстық қанына тырнақты қалай батырғанын, тілі болса да айтып бере алмайды. Бұдан асқан құдірет бар ма?
Әр жауыздықта тіл болмайды. Жауыздық басқаның қолымен от көсейді, басқаның көргенін өзі түзеп айтады. Оны «Молва» дейді. «Қап тесер келіп айтты көртышқанға – бір хабар жайылып тұр жер-жиһанға» – дегендей, бізге-дағы күн көретін күн туды, Жем болды мысық залым арыстанға...
Осыдан туатыны – естігенім алдымды орай береді. Шамаң келсе – көргеніңді жаз. Болмаса өзіңнің істегенінді жаз. Тіпті болмаса, істеймін деп, қолыңнан келмей, әуре болғаныңды жаз. Милициядан құтылам деп билетін жоғалтқан Мұқағалидың – бір түйір бұршағын терем деп бір уыс бұршағын шашып алған маймылдан несі кем?
Мен Бахтияны 1958 жылдардан білем. Қазақтың самолюбиесі, чванизмі орыстан да, ұйғырдан да ірі. Көзіме бірде іліп, бірде ілмей, қашан Мақатаев – Сен қызталақ Бахтияға еріп – үшеуміз ұйғыр ауданына жүреміз, бұған қалай қарайсың дегенше, Ілия Бахтия туралы ол да адам екен-ау, оған да жолым мен ісім түседі екен-ау, – деп бір ойланбаппын. Он екі күн бірге жүргенде жол тау болса, жолдасың Мұқағали Мақатаев болса, мінген көлігің әр ауылдан, әр РТС-тан бір өзгертіп мінетін будкасы бар «техпомощь» болса – Бахтия түгіл сайтанды да дос қылып аласың. Бахтия дегеніміз – өмірі кресло біткеннен жақсылық көрмеген, бастық атаулыдан рахмет алмаған Диоген Синопскийдің өзі болып шықты. Диоген Синопский Коринфте туса, бұл Шоң Ачиноқи, кішік Ащиноқи дейтін екі жардың қуысындағы, ұйғыр ауылындағы, Молот қажының жалғыз ұлы болып шықты. Ұйғыр әдебиетінің оқулығында, 9-класта балалар мұны тоғыз сағат оқиды екен. Өзі қадалған жерден қан алатын «упрямый осел» екен де, Вааламның есегі мұның қасында дым емес, ал упрямыйлығына қоса айла, қулық дегеннен әбден айырылып, тек скелеті қалған мамонт сияқты – қара күші ғана қалған екен. «Ақшасыз миллионерден» қандай құдірет? Тек майда тілмен әке-үке, өліп бара жатқан адамның мүләйім көзі, сосын ұйғыр халқының әлі тазарып болмаған патриархальный рулық-жершілдік бүйір жылтуы, жетпіс договорымызды – әрқайсысы он бес теңгеден мөрлендіруге қол жеткізді. Әр ауылдан әр ауылға, тозған жүйке, сасық вино, лас кузовтың үстіндегі үш ақыннын келесі ауылдан күтетін үміті сүйреп отырды. Қалай дегенде, аштар, жылдар жетпейтін шыңырау түбіндегі зәм-зәмдай шындықты ¬– шелектеп ішіп отырдық. Шындық қашанда там-тұм болғанды сүйеді. Жердің астындағы көл-көсір мұнай қашып, біресе Иранға, біресе терең жартастың түбіндегі тұзға сіңеді. Миллиондаған сомың да, төккен терің де – мұнайға түк емес. Бахтия өзінің кім екенін, осы уақытқа дейін неге біздің Илья Бахтияны білмей келгенімізді – соқырлық деп тапты да, көзімізді ашуға кірісті. Күннің ыстығы 40 градусқа барады, ал Шонжы мен Алматының коробкасы, оны су қайнатуға дейін апарады, Мұқағалиды болса, болмаса да білесіңдер, Бахтияның бір жақсысы, көп сөзге бармай, бірден іске көшеді екен. Қолында сеткасы бар екен де, оның ішіне не то газетке, не то почтаның сары қағазына ораған пісірген Хек бар екен. – Сол сетканы Рамис Рысқұловтан да көрген едім. Ғабит таң елеңмен қолына сеткадан да сүйкімсіз әйелдердің екі бутылка арақ сиятын сөмкесымағын алып, дүкенге бас жазарға шыққан шәкіртін сойғаны бар екен – тура сол маған түсті. – Бала, сен ренжіме, осы араның итіне дейін мені таниды, мын Бахтия Алматыға барып, қайыршы боп кеткен екен демесін, сені ешкім біле қоймас – мынаны сен алып жүр деп «багажын» маған табыстады. Мен, оң, сол, Зенит, Горизонт деген ұғымдарды белінен басып келе жатқан «капитанды» оған табыстадым. – Өзі де ішіп алған, іші толы ұйғырдың азаматы, машинадағы жалғыз полковник орысты қорлағанын, тілдеп, боқтап, желкесінен ұстағанын, гостиницаға түскеннен кейін, әлгі полковниктің Жамхаңа арыз айтып, Илья екеуінің паспортын уақытша сыпырып алып, Илья, паспортсыз Ильяға айналғанын есепке алмасақ, сапар – он екі күндік, жаман болған жоқ.
Ильяның бірінші оқуы – бұл ұрғанын, мейлі ол күрек тіс болсын, мейлі забордың қызыл кірпіші болсын, қажет десе қазақтың ұлы ақыны Мақатаев болсын – шындап ұрса ұшырып түсіретін мүттәйым боп шықты. Және оның жауларының өзі шетінен азу тісі сыртына айналып біткен вепрь, мүйізі төбесіне біткен, қарнынды жарып жіберетін носорог сияқты адамдар болып шықты. Қысқасы, жер бетінде Бахтия, тек менің оң жағымда келе жатқан, күре тамыры кішігірім су соратын шлангыдей күре тамырлы жұдырықтың арқасында ғана аман жүр екен. Иә айлық алмаса, иә үйдің қасыңда тұрып өсіретін екі сотық жері болмаса, үстіндегі костюмінің өзін Қызмет Абдуллиннен майына киіп шықса, оның сөзіне сенбегенде қайда барасың?! Мен гаң-гуң деген сөзді Бахтиядан бірінші естідім, «әкесін сабады дегенді естіп едік те, арбаға байлап қойып сабады дегенді естімеген едік», – дейді ғой Ғабит. – Төбелесті кәсіп еткен хулиганды талай көріп едік те, гаң-гуңмен чемпион болған ақынды бірінші рет көрдік. Олар первым долгом – өзінің денесін жалаңаштап, әр мүшесін бүлкілдетіп, көзін сыртына айналдырып, тілін сыртына шығарып, оны сүлгімен орап, өзі тартып, созып көрсетеді екен, қызыл кірпішті қыздырып маңдайына басып күйдіріп, шоқтың үстіне өкшесімен тұрып Мұқағалидың әлсіз тәуекелін әбден жасытып алды. Американың құбыжық фильміндегі төбелестерден кейін Америкаға деген махаббатымыз онша бола қоймайды. Ал, мен айтқанға сенбесең – ұрып көр іштен, Мұқағали ағамыз тілмен ұруға болғанмен, қолмен ұратын варвар емес қой. Дегенмен, көңіл үшін байқап көріп еді, оған мығзи қоятын төсі болмады Бахтияның. Геркулесті шыбын теуіп өлтіре ала ма? Бұл әңгіменің түбі – менің Бахтия туралы мынандай жолдарыма барып тірелді:
Бұл туралы, Алматыда тұратын –
Айтып берді мен сенетін бір ақын.
Екі жылдай... гаң-гуң болып Құлжада,
Тапқан екен өмірдегі мұратын.
(Байқап отырсыз ба, өмірдегі мұратты төбелестің шебері болудан тапқан. Әрине, бұл жағдай, бізде болған емес, капиталистік дүниеде – Құлжада болған. «Құлжада екі жыл тұрдым, әкем Молот қажы болған соң конфескацияға ілінді, мен сонда тұруға – ол кезде шекара жоқ. – Таудан астым», – деп түсіндіреді. Менің сөзімде де аздаған ехидствоның уы бар, – Өмірдегі мұрат оқу да, еңбек те емес, төбелесіп, біреудің құлағын жұлып алу... Мен Бахтияны жұдырық күшім жетпеген соң, тілмен соғып отырмын).
Гаң-гуң жайын... Тіл жетпейді жазарға,
(бұл да ехидство, хи...хи)
Соғыс тілеп түнейді екен мазарға.
(Әлемнің анасы соғыс, Гераклит)
Бар ма екен деп, кішігірім төбелес, –
Таңнан тұрып барады екен базарға.
Өзі сеніп... күштеріне ел сеніп,
Бірме-бірге шығады екен белсеніп.
Бірін-бірі жүнін жұлған әтештей,
Қашан құлап түскенінше теңселіп.
Бірі жеңіп, бірі жерге құламай,
Бірі жерде жатады екен жыламай.
Әділ күрес. Әділ әдіс. Гаң-гуңдер,
Тозады екен екі жылға шыдамай.
Келші-келші, келші кәне келші деп,
Басың менен кеудемді ұрып көрші деп.
Қайындардың тас емшектің безіндей,
Бірін-бірі ұрады екен бершімек.
(Осы арага келгенде Мұқағали марқұмға
төніп-төніп ұратын кісі құсап кетеді).
Нағыз гаң-гуң... ұрыспаса – ас батпайды
(Арақ ішпеген алқаш.)
Қабақтары қатады екен қаспақтай.
Ұрған сайын тас денесі ширығып,
Домалайды сүтке тойған баспақтай.
Талай-талай томар-томар жұдырық,
Тас төбемнен жүріп өтті қыдырып.
Темір тырнақ қайыңдардың қабығын,
Құлағымның терісіндей сыдырып,
(Қыдырып кетіп бара жатқан
екі аяқты жұдырықтар).
Талай өтті. Талай рет тоңдым мен,
Талай рет көк жуадай солдым мен.
Осылай деп таныстырды ол бізді,
Ұрған сайын семіретін гаң-гуңмен.
(Күзен!)
Жақсы екен-ау, ұрған таяқ батпаса,
Таспен ұрып, аяқпенен таптаса.
Нағыз гаң-гуң адамшылық арларын,
Гаң-гуңдердің төзіміндей сақтаса.
Кеуделері керген көндей күмпілдеп,
(барабан)
Бірін-бірі жүрмейді екен құр тілдеп.
(басқарманың ақ денесі, шұбатқа ұрысуды білмейді екен зіркілдеп, піскен. Мұқағали дене...)
Семіруді білмейді екен іркілдеп...
Семіруден басқаны білмейтін, іркілдек, благородный еркек денемен – осы өлеңді оқығаннан кейін екі-үш сағаттан кейін кездестік – бұл жайында айтып беруге әбден тұрады – өзіміз қошанға тойып, еткен шайға қаньш, кітпік ащи-ноқидан шоң ащиноқиға ма, әлде орташа ащи-ноқиға ма, шықтық. Су, маса, Тастақ өзенінің жағасы, бір сағат, екі сағат жаттық. Іштегі у айығар болмады. Машинаға кейін қайттық та, біз ауыл иттерін абалатып, –
Келер ме беттеп осы үйге,
Оттар ма екен өңештеп,
Ит үрсе жаным шошиды,
Ұсқынсыз біреу елестеп.
(Сырбай) – дейтін қалыпта соқырдың жар жағалағанындай, қараңғы көшелерді қармап, әйтеуір, бір үлкен заборға тірелдік. Ұйғыр үйлерінің тілін білетін Бахтия – бірден терезе жақтан шықты. Мен сау көзбен, аналар бұлдыр көзбен – мынандай ғажап көрдік. Түнгі стол, тамаша жұлдызды коньяк, пышақтары күміс, қайысқан қазы, майысқан сұлулар. Еркек – біреуі кейін білсек, давлениесі бар, келбетті келген, ақпырт, біз шамалас колхоз председателі де, екіншісі – қарашай келбетті, орақмұрт, ит көз, өмір бойы қой сойып, жілік мүшелеп жүретін майлы тұмсықтар болады, соның дәл өзі, аға боп шықты. Аға-жеңге, іні-келін қонақ боп, өздері тойдан келіп аяғын жалғап отыр екен, бас-аяғы екі сағаттан кейін Мақатаевтың кім екендігін әбден білген ақпырт басқарма да, оның басыңды жұлып алайын сенің! – деп, себет пышақты ала ұмтылған ашушаң ағасы да – стол басында Бахтиямен әке-үке болып, түсінісіп сөйлесе бастады. Мен де, Мұқағали да тыным таптық. Жеті түн ортасында есікті бұза жаздап кіргенімен тұрмай, – арақ ішетін жерді тапқан екенсіңдер, ешкім көрмейді деп ойлайсыңдар! – деп, Мұқаң жеп қоярдай ежірейеді. Алматы как будто соларды аңды деп жібергендей... Екі-үш сәтте маса талаған есіктің алдына қайта шығып қала жаздаған сәтіміз де болды. Халықтың аты халық, таң да атты, Мұқағалидың күні жарқырап қайта шықты.
– Қалай, бала? Түнде зәреңді ұшырдық па? – дегендей, табиғат біресе алыстағы алау боп күледі, біресе тоңазыған қазы болып бусанады. Көңілде кірбің жоқ, жүректе кек жоқ. Он бес теңгелік табақтай қағазға мөрін соқтырып алып, Бахтия Кетпентаудың басымен ары қарай аттана береді. Мұқағали түнгі сауықтан кейін ақсақ қозы құсап, тіпті, маңырауын да ұмытады. «Болттар» мен «гайкаларды» санап, бір бұрышта қалғи бастайды.
Бірақ табиғаттың қалғуы бір-ақ сәт. Қалғу сәті тойдырып, арыстан тырнағын жазады. Тырнайтын Геркулес бар ма деп белін созады. Күнге қарап, қуат шақырады. Жайылған меймандос дастархан, мипалаудың үстіндегі бағылан құйрық, атын айтпаса да түсінікті, сыйлы астардың тағы да бір-екі түрі тұр – әуелі арсы-күрсі сөзге, асылықтау айтылған пікірге апарады да, аяғы қалжың болып, Илья ол ұнатпайтын асығыс сөзін де айтып жібереді:
– Көптен көрмеген ауылыма – бұлардың жүріс-тұрысы осылай болады, – деп, мына пілді көрсетеді ғой зоопаркте, жынды қазақтарды көрсетейін деп, қазақтың ақындарын ертіп келдім. Артық еркелігі болса кешірерсіңдер, талайды көрген елсіңдер ғой!
Қалжың сөз бұра сөйлеуге жақсы. Үлкендер күледі, әйелдер мазақ қылады. Не болғанда да, Мұқағалидың кездесуге бара алмайтындығы өзіне де, бізге де белгілі болады.
Біз қой қырқатын жерге барып, жиналған қырық-елудей адамға өлеңімізді оқимыз. Әуелі мен оқып, енді Бахтия бастап:
– Өзіміз үш адам едік, өздеріңе мәлім, қазақ деген арақты көтере алмайды. Мұқағали Мақатаев дейтін ақынымыз бар еді, ол келе алмайды! – дей бергенде:
– Атаңның көрі келе алмайды. Міне, мен келдім! – деп, жабулы тұрған есіктен емес, бір жағы құлама құз, сарқыраған су, үстінде қап-қара аспан, жұлдыздардың арасынан, тура Жетіқарақшының ішінен, шашы жалбырап, ақ көйлекті Мақатаев – тура әруақ құсап, Қожанасырдың аязда қатырған көйлегін киіп, сәл сауалған, өлең оқуға әбден қабілетті, президиум столын жағалап, бірден трибунаға шықты. Намыс құлы! Істеп отырған тамаша секретарьлығын тастап Алматыға қашырған – намыс, диктор боп сайраған радиосын тастап, елге қайтарған намыс, бір сабақтан – «4», бір сабақтан – «3» қойдың, медаль бермедің деп, алманың шірік бұтағына ученический ременьмен салбырап қалған, асылып өле жаздаудан секундтар ғана құтқарған, балалығын у қылған, ақындығын әпендім қылған сол намыс, жартастың арасынан шыға келмегенде не істейді?
Мен Бахтияны артынан сирек көрдім. Күрт әлсіреп, көзіне бұлдыр ұялап, Комсомол мен Әуезовте остановкада отырғанын көрдім – мен мінген трамвайдың өзі кейін қарай жүретін болды дегеніне толық сендім. – Өнержайдан келе жатқан бетінде – енді мен Фурмановкаға барам, жер өңдеп, жуа, сәбіз салам. Мына үстімдегі тонды кигізді деп тонын көрсетті. Әрі әнші, әрі ақын тонның иесі, бір кезде Ильяның үйінде бір жыл тамағын асырап, енді Ильяны тауып, әбден аяп, кәрілік пен дәрменсіздік, жалғыздық мойытқан Бахтияны елге ала кеткісі келген екен.
Бахтия ол жерге жете алмады.
Союздағы бір жиналыс, Бахтияны партиядан шығарды. Председатель Ғафу, бір кезде көкбазардағы баяғы Пролетарская, 11-дегі кезден білетін ақын, оны қорғап шығуға тілегі болса да, күші жетпеді. Екі тиыннан төлейтін взностың өзін, көшпей қалған Қодар мен Қамқаның өсекке құрбан болғанындай, сөзге ілініп, сыртынан партиядан шықсын деп шешті. Бір кезде төбелес іздеп Құлжаға барған, құлағының терісін темір тырнақ сыдырғанын Мұқағалиға мақтанып көрсеткен – таудың тағы ұйғыры үйінің қасындағы остановкадан көтеріле алмай, трамвайға өкпелеп отыр екен. «Қырсыққан ит қыңыр жүгіреді», Бахтияның трамвайы – ол мінсе иә кейін кетеді, иә тоқ келмей қалады екен.
Дастарханды ұйғыр баққа жаяды. Бақтың түбінде алма ағашы гүлдеп тұрады. Самаурын божылдап, алманы Бахтия сілкіп дастарханға түсіреді. Қашан болса да алма жей бастағанда Бахтияға үйдің иесі, көбінесе еркек, Бахтияға қарамай, бір сұрақ қояды.
– Осы сенің семьяң ба ма, Илья?
Илья да бұл сұраққа әбден үйреніп алған, құйрығымен шыбынды үркіткен сиыр құсап, бір жауап береді, қашан болсын, бір жауап:
– Қызым бар. Ажырасқан әйелден қалған қызым. Әйелім қазір Москвада тұрады. Өзім де биыл сонда оқудамын. Мына Мұқағали екеуміз Москвадан келдік, осы келісімізде...
Әрі қарай үй иесі сұрамайды:
– Е, бопты, бопты, балаң болса болды.
Бір кезде басын арыққа тығып қойып өлтіргелі жатқан Дүлейден «Жалының» баспасының директоры (ол кезде жай редактор баспада) Қабдікәрімді арашалап алған, Бахтия ұзақ жылдар баспада істеді. Талай қазақпен дос болды. Сан кітап шығарды. Ең соңында ақыр байдың түбі аштан өледі, кейінгіге қадірі кетті, уақыт толқыны салынды құсатып, жалғыз бөлмелі қисық аяқ орындығы бар столсыз кельяға қуып тықты. Монахтың құдайы бар...
Бахтияда гаң-гуңның опытынан басқа, өзінің өткеніне кеңкілдеп күлген – мағынасыз меланхолиядан басқа ештеңе қалмады.
Оның шойын жұдырығы иығына қонған көк шыбынға соңғы қайратын қыла алмады.
Мүмкін оның қызы да бар шығар. Одан немерелер, шөберелер өрбіген де болар. Бірақ, бәрібір Бахтияның гаң-гуң болғаны, қара басына иненің жасуындай пайда жасамай, жұрт кілемге тайғанап алтын мен күміске шомылып жүргенде, үстіне Қызмет Абдуллинның ескісін киіп, көк будкалы техпомощьпен Шонжының басқармаларынанн жылу жинап, «Москвада оқып жүр едім, Мақатаев екеуміз елден көмек сұраңдар» деп айтқасын келдік деп, 15 теңгелік қағазға мөр жинағанын, – олардың білетініне, білсе де мақтаныш етегініне, шәгім бар. 1972 жылы ішіне ащы балық салған тесік сеткіні маған осы араның итіне дейін мені таниды, мына сеткіні енді сен көтеріп жүресің дегенде – осыны айтып еді. Дүние өзгереді. Үміт қайта гүлдейді. Өшкен қайта жанады. Мақатаевтың жұлдызы Жетіқарақшының түбінен жарқырап шыққанына, түнде үйіне әрең кіргізген Ачинохидағы ұйғыр басқарма, оған пышақ ала жүгірген оның ағасы, қазір толық көзі жетеді. Мақатаевтың жұлдызының қасында қара жұлдыз тұр. Ол жұлдыздың да жарқырайтын күні онша қашық еместігіне сенгім келеді.
Бұл жайында айта алмаймын ойланбай,
Бұл жайында айта алмаймын толғанбай.
Біреу сеніп, біреу қазір сенбейді,
Бұның бәрі бір кездерде болған жай.
12. 03.1989.
qazaquni,kz