Өлеңі ел шежіресімен ұштасқан ақын

Өлеңі ел шежіресімен ұштасқан ақын

Өтеген Оралбайұлының шығармашылығы және бүгінгі қазақ поэзиясы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында көрнекті қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлының 70 жасқа толуына орай «Ө.Оралбайұлының шығармашылығы және бүгінгі қазақ поэзиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кездесуді ашқан университеттің Басқарма мүшесі – Ғылыми инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жан­сейіт Түймебаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хаттарын оқыды.

Сонымен қатар, ҚазҰУ Ғылыми Кеңесінің шешімімен Өтеген Оралбайұлына университеттің «Ерен еңбегі үшін» алтын медалімен марапатталды. Дөңгелек үстелді Жамбыл атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры ф.ғ.д, доцент А.Мәуленов жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз кезегін ақынның шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы мазмұнды баяндама жасап, таныс­тырып өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Мереке Құлкенов қаламгер қауымының атынан арнайы құттықтап, Өтеген Оралбайұлының қазақ әдебиетінің дамуына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.

 Зинол-Ғабден Бисенғали, Дандай Ысқақ, Тұрсынбек Баймолдаев сынды әдебиетші ғалымдар сөз сөйлеп, мерейтой иесінің жур­налистика және әдебиеттану саласындағы ғылыми еңбектеріне талдау жасады.

 Филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова, журналистика факльтетінің деканы Нұржан Қуантайұлы, тарих факультетінің деканы Дос­бол Байқонақовтар ұжым атынан өздерінің ізгі тілектерін білдірді.

Филология факультетінің 1-курс студенттері П.Балғынбаева, Т.Жеңісқызы, О.Нұрмұхамед, Б.Асланбек, Ф.Рашид ақын Өтеген Оралбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.


Өтеген Оралбайұлы – баспасөз, телевизия саласында да қызмет атқарып, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалып­тастырған тұлға. Оқырманға ой салар өткір мақалаларымен, көрер­меннің көзайымына айналған түрлі бағдарламалар жасап, көпшіліктің қолдауына ие бола білген жан.

Ақынның шығармашылық жолы Тәуелсіз елдің шежіресімен қатар өріліп, біте қайнасқаны анық.

Ұзақ жылдар Президент Әкім­шілігінде жауапты қызметтер атқара жүріп, шығармашылықтан қол үзген жоқ.

Ақынның қаламынан туған «Мәңгілік қозғалыс», «Шуақты шақ», «Жолдар мен жылдар», «Қағбаның қарлығаштары» жинақтары оқырман жүрегіне жетіп, жоғары бағасын алды.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық универиситетінің рухани тынысын кеңейтуге елеулі үлес қосып, көшбасшы білім ордасының дамуына атсалысып келеді.

Кездесу соңында қонақтар, оқытушы-ғалымдар мен студенттер мерейтой иесінен қолтаңба алып, естелік суретке түсті.


Алмасбек МӘУЛЕНОВ,

Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу» Орталығының директоры

Ардақ КАКИМОВА, ғылыми жетекші маман

qazaquni.kz