ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ДАМУ ЖОЛДАРЫ

ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ДАМУ ЖОЛДАРЫ

Дандай Ысқақұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ балалар әдебиеті өзінің бастау-бұлақтарын ауыз-әдебиетінен алады. Ұлы Абай айтқандай, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші әрбір қазақтың бүкіл өмір жолы өлеңмен өрнектеліп отырған. Шілдехана, бесік жыры, тұсаукесер, тілашар, қоштасу, жоқтау, жарапазан, үйлену тойларында айтылатын беташар, той жыры, тойбастар, жар-жар, сыңсу сияқты өлеңдердің басты мақсаты жас балаларды, кейінгі толқын ұрпақты ата-баба салтымен дұрыс бағытта тәрбиеленуін көздейді. Бұрын көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқында күні бойы жұмыстан қолы босамаған жастар кешке қарай бас қосып, түрлі ойындар ойнап, сөз жарыстырып, көңілдерін көтерген. Қазақтың өмірінде кездесетін әрбір елеулі оқиға өлең-жырсыз, ән-күйсіз өтпеген. Әсіресе жастардың бастары жинала қалған кездерде өлең-жырлармен бірге мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, тақпақтар, өтірік өлеңдер, төрт түлік жырлары, аңыз-әңгімелер, ертегілер, жыр-дастандар айтылып, мәре-сәресі шығатын. Балаларға арналған ауыз әдебиетінің тәрбиелік және танымдық мақсаты басым жатты. Бұлардың барлығында дерлік балалардың білім өрісін кеңейту, ойлау қабілетін дамытумен бірге оларды адамгершілікке, ізгілікке, еңбекке, бауырмалдылыққа, отансүйгіштікке, ерлікке баулу жағы да басты назарда ұсталды. Қазақ ауыз әдебиетінде ұлттық тәрбиенің, ұлттық танымның небір асыл үлгілері жасалынды; ұлттық өмірдің не бір қиын сауалдарына мазмұн-мәні терең жауаптар берілді. Көркемдігі кемел, айтар ойы терең, мазмұны маңызды қазақ ауыз әдебиетінің түрлі жанрларында сөз өнерінің не бір асыл үлгілері жасалып, көркемдік кестенің қол жетпес биіктеріне айналды.

«Дүниедегі барлық зат қарама-қарсылықтың бірлігінен тұрады дейтін болсақ, балалар соның себебін айқындау, іздестіру арқылы ғана өмірді дұрыс тани білетін, сол өмірдің түрлі қайшылықтарына қарсы тұра алатын төзімді күрескер, өмірге бейім азамат болып өсуі тиіс» (Ш. Ахметов. «Қазақ совет балалар әдебиеті». Алматы, 1976, 8-бет). Қазақ балалар фольклорында жас балғынның жан-жакты тәрбиеленіп, өмірдің не бір қиындықтарын жеңуге дайын күрескер болып қалыптасуына ерекше назар аударылды.

Қазақ балалар фольклорын жинау, бастыру істері XIX ғасырдың екінші жартьтсынан бастап қолға алына бастады. Ә.Диваев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов, М.Ғабдуллин, М.Әлімбаев, С.Қасиманов, Ш.Ибраев, т.б. балалар ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, бастыру істерінде айтарлықтай жұмыстар атқарды.

«Жастардың оқу тәрбиесі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» (А. Байтұрсынов. Бес томдық шығармалар жинағы. 2 том, А., 2004, 6-бет) ¬– деп білген алашшыл рухтағы ұлт зиялылары мектепке арналған оқулықтарында ауыз әдебиеті үлгілерін молынан пайдаланды. Әр кездерде «Балаларға тарту» (1927), «Ауылдағы жастар, жас ұландар үшін ойын, өлең, мысалдар» (1928), «Бөбек жыры» (1943), «Жаңылтпаштар» (1963), «Қазақтың халық жұмбақтары» (1972), «Өтірік өлеңдер» (1980), «Қазақтың хайуанаттар туралы ертегілері» (1978), «Қаңбақ шал» (1983), «Алтын сақа» (1984), «Бозінген» (1985), «Өлген қазан» (1985), «Ақ сандық, көк сандық» (1988), т.б. жинақтары шықты. Балалар фольклорын жинақтау істері «Мәдени мұра» жобасы мен мемлекеттік бағдарлама бойынша да жалғасып жатыр. Балалар фольклоры арнайы баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады.

Қазақ жазба балалар әдебиетінің атасы – Ыбырай Алтынсарин. Ол 1864 жылы қазақ даласында алғаш рет мектеп ашып балаларды оқыта бастады. Оның «Қазақ хрестоматиясы» атты мектеп оқушыларына арналған окулығы 1879 жылы жарық көрді. Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» атты өлеңі күні бүгінге дейін мектеп оқулықтарынан түспей, оқушылардың гимніне айналып кеткендей. Ы. Алтынсарын балаларды өнер-білімге, еңбекке, адамгершілікке үндейтін өлеңдер, әңгімелер жазды. Орыс ақыны И.А. Крыловтың тәрбиелік мәні бар «Қарға мен түлкі» мысалын қазақ тіліне аударды.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар калан» деп әрбір жасты өмірден өзіне лайықты орнын тауып, пайдалы іспен айналысуға шақырды. Оның «Интернатта оқып жүр», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай, мақтанба» атты өлеңдері тікелей жас ұрпаққа арналып, оларды уақытты бос өткізбей, білім алуға, өнер қууға, теріс жолға түсіп кетпей, адамшылықтың тура жолымен мағыналы өмір сүруге үндейді.

XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың барлығы дерлік балаларды өнер-білімге үндеген шығармалар жазды. С. Көбеев мектеп балаларына арнап «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» (1912) оқу кітаптарын шығарды. М. Кәшімовтің «Әдеп» (1907), «Ақыл» (1908), М. Нұрбаевтың «Көргенді бала - үлгілі ана» (1908), Ғ.Мәжитовтің «Қазақ шәкірттеріне ақыл» (1910), М.Дибердиевтің «Қазақ балаларына қирағат кітабы» (1910), Т.Жомартбаевтың «Балаларға жеміс» (1912), А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының «Оқу құралы» (1927), Ө.Тұрманжановтың «Қошан кедей» (1927), I. Жансүгіровтің «Малта», «Шәркей» (1929), «Жұмбақ» (1930), т.б. жинақтары жарық көрді. С.Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» («Шәкірт ойы», 1915) деген өршіл үні сол кездегі жастардың арманшыл ойларын дөп басып, білімнің, азаматтықтың биік жолдарына батыл бастады. Сол сияқты М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, Ш.Иманбаеваның. т.б. көптеген өлеңдері елдің ертеңі балаларға арналды.

XX ғасырдың бас кезінде жарық көрген балаларға арналған әдебиеттің сыр-сипатымен танысу үшін А. Байтұрсынов пен Т. Шонанұлының «Оқу құралына» тоқтала кетейік. Кітап 3,4 оқу жылдарына арналған. Авторлар оқу құралының мақсатын «...табиғат құбылыстарын қысқаша түсіндіріп, түрлі ырым, ертегі, өтірік нәрселерге сенуді жою, табиғаттың керекті заңдарын түсіндіру, пайда, зиянын ұғындыру» (А. Байтұрсынов. Бес томдық шығармалар жинағы, 2 том, А., 2004, 22-бет) – деп айқындаған. Кітапқа кірген шығармалардың төрт бөлімге: 1) «Әдебиет, тұрмыс, еңбек», 2) «Тарих», 3) «Ғылым», 4) «Табиғат құбылыстары» түрінде жіктеліп берілуінің өзі педагогикалық тұрғыдан назар аударады. Материалдардың дені ауыз әдебиетінен, сол кездегі ақын-жазушылардан, әлем әдебиетінен, ғылыми еңбектерден алынған. Қазақ қаламгерлерінен Ы.Алтынсариннің («Өзен», «Бұл кім?», «Киіз үй мен ағаш үй», «Бай мен жарлы баласы»), А. Құнанбаевтың («Күз», «Аттың сыны», «Жазғытұры», «Жаз», «Теректің сайы», «Қыс»), М.Жұмабаевтың («Жазғы түнде», «Дін үйреткенге», «Орамал», «Толқын», «Жазғытұрым»), М.Дулатовтың («Жұт», «Шәкірттерге», «Тарихи күн»), А.Байтұрсыновтың («Иттің достығы», «Аққу, шортан, шаян»), Ж.Аймауытовтың («Жылқышы), С.Сейфуллиннің («Жел қайықта», «Жазғы дала», «Алтай», «Жұбату». «Бұлшық ет»), Б. Майлиннің («Жазғы кеш», «Нан», «Қойшы») т.б. туындылары орын алған. «Оқу құралында» қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, тарихына қатысты танымдық әрі тәрбиелік сипаттағы аңыз-әңгімелер, ғылыми материалдар кеңінен берілген. Мысалы Ш. Уәлихановтың «Сіргелі Елшібек батыр», «Ерте замандағы казақтың қару құралдары» сияқты еңбектерін де осы кітаптан оқи аласыз.

Қазақ балалар әдебиеті отызыншы жылдары Қ.Әбдіқадыров, А.Тоқмағанбетов, Т.Жароков, Ж.Саин, Ж.Сыздықов, қырқыншы жылдары Ж.Жабаев, Қ.Аманжолов, М.Хакімжанова, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, елуінші жылдары С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Бақбергенов, М.Әлімбаев, Ә.Табылдиев, Ә.Дүйсенбиев, Б.Ысқақов, Қ.Мырзалиев, Қ.Ыдырысов, Ж.Смақов, Қ.Баянбаев, алпысыншы жылдары О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы, X. Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Ахметов, Ж.Өмірбеков, I. Мәмбетов. Т. Молдағалиев, М.Иманжанов, С.Омаров, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Н.Сералиев, С.Бердіқұлов, С.Қалиев, М. Гумеров, жетпісінші жылдарда Т.Нұрмағанбетов, О.Бөкеев, М.Қабанбаев, Н.Дәутаев, Қ.Омаров, М.Айымбетов, С.Асылбеков, Т.Сәукетаев, С.Жұбатыров, Н. Мұраталиев. т.б. ақын-жазушылардың түрлі жанрларда жазған шығармаларымен толыға түсті. Балаларға арналған «Балдырған», «Білім және еңбек» («Зерде»), «Қазақстан пионері» («Ұлан») сияқты басылым беттерінде оқушылардың таным-түсінігіне орай жазылған туындылар жүйелі түрде жазылып тұрды. «Бөбектерге тарту» (1961), «Алтын күн аясында» (1963), «Балдырғанның базарлығы» (1965), «Жыл он екі ай» (1965 жылдан үзбей шығып келеді), «Біздің кітап» (1967,1974), «Кел, шырқайық, балалар» (1973) сияқты жинақтар кейінгі уақыттарда да жалғасып, мектеп оқушыларының қолынан түспейтін кітаптарға айналды,

Балаларға арналып шыққан, шығып жатқан кітаптардың аттарын атап шығудың өзі-ақ көп уақытты алады. Сонда да болса солардың ішіндегі кейбір елеулілеріне тоқтала кеткен жөн. «Тілашар» (1989) балалар әдебиетінің антологиясы іспеттес. Көлемі 390 беттен тұратын қалың кітапта ауыз әдебиетінен бастап, сексенінші жылдардың соңына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің озық үлгілері қамтылған. Жинақ «Баяғы өткен заманда» (ауыз әдебиеті үлгілері), «Кел, балалар, оқылық!» (қазақ классик жазушыларының шығармалары), «Біз бақытты балдырған» (қазіргі қазақ жазушыларының шығармалары), «Еңбеккер ата-анамыз, солардан тәлім аламыз», «Мерекені қарсы аламыз, би билейміз, ән саламыз», «Май күні», «Жеңіс туы», «Білім - өмір шырағы», «Біздің заң», «Октябрь нұры», «Табиғатты сүйеміз, әрі қорғай білеміз», «Көрікті көктем», «Жарқын жаз», «Күз - береке», «Қыс қызығы», «Әзіл, жұмбақ, жаңылтпаш – ермегіміз жалықпас» атты бөлімдерге, кей бөлімдер іштей тағы да тарауларға бөлінген. Жинақта ауыз әдебиетінен, Абай мен Ыбырайдан бастап, қазіргі Б. Әділовке дейінгі ақын-жазушылардың балаларға арналған озық туындылары жүйе-жүйесімен өзіне тиісті орындарын алған.

Үстіміздегі жылы балалар журналы «Балдырғанның» шыға бастауына елу жыл толуына орай жарық көрген осы басылым беттерінде жарияланған үздік әдеби шығармалардың екі томдық жинағы жиырмасыншы ғасырдың екінші жарымындагы қазақ балалар әдебиетінің энциклопедиясы іспеттес. «Жарты ғасырдың алтын қоры» аталған кітаптың бірінші томына поэзиялық, екінші томына прозалық шығармалар топтастырылыпты. Мерекелік басылымды оқи отырып, «Балдырғанның» «Жарты ғасыр бойы жас ұрпақты әдебиет пен өнердің таңғажайып әлеміне жетелеп, Отанымыздың тарихы мен географиясын таныстырудан, ана тілін толықтай меңгеріп, сөздік қорын молайтудан, интеллектуальді дамуына ықпал етуден жалықпағанына» халық фольклорынан, әлемдік әдебиеттің озық үлгілерінен шығармашылықпен үйрене отырып, қазақ балалар әдебиетінің формалық, мазмұндық, идеялық жақтарынан көп байи түскендігіне көзіңіз жетеді.

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көшін М.Әлімбаев, Ә.Табылдиев, Т.Молдағалиев сынды есімдері елге танымал ақындар бастап келеді. С.Қалиев, Е.Елубаев, Т.Нұрмағанбетов, Қ.Омаров, Ә.Файзуллаев, Н.Қалқа, Ә.Балта, Н.Оразов, Н.Дәутаев, Ж.Қорғасбеков, Қ.Әбділдақызы тағы басқалардың балаларға арнап жазған шығармаларынан тың ізденістерді, өзіндік ойларды байқаймыз. Солардың бірі жиырмадан астам кітаптың авторы ақын Е. Елубаевтың «Балаларға базарлық» (2007) атты жинағына оның қаламынан соңғы жылдарда шыққан өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар кіріпті. Үш бөлімге топтастырылып берілген өлеңдерден ақынның балалар психологиясын жақсы білетіндігі, солардың ұғым-түсінігіне сай формалық ізденістер жасай алғандығы байқалады. «Әріптердің айтысы», «Әріп жұмбақтар», «Жаңылтпаштар» сияқты өлеңдерін оқушылардың қызыға оқитыны анық. Ал жинақтың «Әдебиет сабағы» аталған бөлімінде 5 сабаққа бөлініп берілген өлеңдерінің жіктелу принципі де, өлеңдік формасы да өзгеше. Мысалы, бірінші сабаққа «Логорифтер», «Омонимдер», «Анаграммалар», «Метаграммалар», «Әріп жұмбақтар», «Жаңылтпаштар», «Жұмбақтар» деген тақырыптармен 7 өлеңі кіріпті. Өлең атауының өзі-ақ оқушысын өзіне бірден өзіне тартады. 2 сабақты «Омофондар», «Шарадалар», «Омонимдер», «Логорифтер», «Әріп жұмбақтар», «Метаграммалар», «Анаграммалар», «Жаңылтпаштар», «Жұмбақтар – Кім?» құраған. Бұл өлеңдер оқушының жай оқи салуына көнбейді, ойлантады, яғни мәтінге көз жүгіртіп қана мазмұнын білумен шектелмейді, ойланып оқуға, әр сөздің бойында жасырынып жатқан терең сырларды ұғына түсуге тәрбиелейді. Мысалы, Ескеннің бір шарадасы

– Бірінші буыны –

Екі жасар мал түрі.

– Екінші буыны –

Төлдің бірі.

Екеуін қосып оқысақ –

Ол да мал ірі.

(Тайлақ = тайлақ), (сонда, 102-бет)

түрінде жазылған. Әрине, бұл өлең-жұмбақты тек ұлттық бағытта тәрбиеленіп жатқан баланың түсініп, шеше алатыны анық.

Еліміз тәуелсіздік алып, қоғамдық-рухани өміріміздің барлық салаларында дерлік қайта құрулар жүрген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қазақ балалар әдебиетінің дамуы біршама саябырсығанына қарамастан қазір қайта қарқын ала бастағандай. Мысалы, соңғы бес жылда балаларға арналып шыққан кітаптарға көз жүгіртсек, бірсыпыра ілгерілеулерді байқаймыз. Осы уақыт ішінде Ә.Табылдының төрт томдық, С.Бегалиннің, Қ. Мырза Әлидің, Қ.Әлімқұловтың, М.Қабанбаевтың, Е.Нүсіпбековтің, Ә.Қалдыбековтің екі томдық, О.Асқаровтың, А.Шаяхметовтың, Е.Елубаевтың, Н.Қалқанның, Ш.Күмісбайұлының, Б.Сүлейменовтің, Қ.Баянбаевтың, Ә.Файзуллаұлының, М.Етекбаевтың, Е.Өтетілеуовтің, Т.Жанаевтың, Р.Мәтенқызының, Ж. Нұсқабайулының, С.Оспановтың, Ө.Ақылбековтың, А.Молдағариновтың, Е.Дүйсенбайұлының, Қ. Әбділдақызының, т.б. балаларға арналған шығармалары кітап болып, оқушылар қолына тиіпті.

Әлемдік әдебиеттің таңдаулы шығармаларының елу томдығын шығару қолға алынып жатыр. Қазір «Әлем балалар әдебиеті» сериясымен шығып жатқан осы көптомдықтың алғашқы отыз томы шығып үлгерді. Бұлардың ішінде атақты орыс жазушысы Л.Толстойдың «Буратиносы» мен швед А.Лингредтің «Карлсоны», ағылшын Р.Киплингтің «Мауглиі», неміс Р.Распенің «Мюнхаузені», Л.Лагиннің «Хоттабыч қарты», Л.Кэрролдың «Алисасы», Х.Андерсеннің «Таңдамалы ертегілері» бар. Алдағы уақыттарда бұл айдармен шығып жатқан әдебиеттердің ауқымын кеңейтіп, түркі халықтарынан да аудару мәселелері қарастырылуда.

Десек те, қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары айнадай жарқырап жатыр дей алмаймыз. Тоқсаныншы жылдарда басталған қоғамдық өміріміздегі түрлі өзгерістер әдебиетімізге де салқынын тигізбей қоймады. Қазіргі қазақ балалар әдебиеті даму үстінде болғанымен де өзінің сексенінші жылдардағы деңгейінен асып кете алған жоқ, Оның өзінің объективтік және субъективтік себептері болды. Экономикалық қарым-қатынастардың нарықтық жүйеге көшуі ең алдымен, қолға тиетін нақтылы пайда әкелмейтін мәдениет, білім, ғылым, әдебиетке ауыр тиді. Екіншіден, рухани құндылықтардың өзгеруі, яғни социалистік идеалдардан ұлттық, еуропалық мәдениетке бет бұруымыз біраз уақытқа созылды. Жаңа қоғамда жаңа құндылықтарды жасау, оны қалың жұртшылықтың қабылдауы оңайға түскен жоқ. Осы бір өтпелі кезеңде әдебиетіміз де, оның ішінде балалар әдебиеті де тоқырауға ұшырағандай күй кешті; қаламгерлер кітап жазуын, оқырмандар әдебиет оқуын тоқтатты; оқыса да «батыстық мәдениетке» бет бұрғандай болды.

Бұрындары балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгерлердің шоғыры қалың көрінсе, соңғы уақыттарда бұл қатар сирей бастаған. Бұл жағдайды қазіргі қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы Мұзафар Әлімбаев былайша түсіндіреді: «Рас, бұрын балалар ақыны көп болатын. Неге? «Балалар ақылыы аз» деген мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ол заманда да аз еді. Бірақ балалар әдебиетін, соның ішінде балалар поэзиясын көтеру мәселесі күн тәртібіне қойылды да, балалар ақынын көтермелеу, ынталандыру жағы қатаң қолға алынды. Оған төленетін қаламақы ересектерге жазатын ақындарға қарағанда екі-үш есе көп төленетін болды. Міне, осы кезде бүкіл ақындар байсалды тақырыптарын бір шетке ысырып қойды да, жаппай балаларға арнап өлең жаза бастады. Қаламақының көп төленгені соншалық, мен тіпті қалтамдағы бұрқыраған ақшаны санамайтынмын да». Мұзағаңның осы бір сөздерінен көп нәрсенің жай-жапсары анықталғандай. Бұрындары жас ұрпақты советтік рухта тәрбиелеуге компартия бар жағдайды жасап, оған әдебиеттің маңызды рөлін барынша пайдаланса, қазір оның бірі де жоқ. Қарымды қаламгерлер балаларға арнап шығармалар жазбақ түгілі мықтыларды мадақтаған арнау өлеңдер, ата-бабалары жайлы жазып, күнкөрмешіліктің жолына түсіп кетті. Ал ұлттық рухани құндылықтардан қол үзіп қалған жас ұрпақтың өмірді танымы да, алға қойған мақсаты да, көретін қызығы да басқаша, яғни, қайтсе де баюды, өмірдің қызығына көріп қалуды көздеп, зорлық-зомбылықты, «еркін өмірді» насихаттайтын теледидардан, күштінің билігін, эротиканы дәріптейтін әдебиеттерден тауып жатыр...

Әрине, әдебиетіміздің дамуында кездесіп отырған мұндай келеңсіз құбылыстарды өсіп-өркендеу барысында кездесіп қоймайтын табиғи құбылыс деп емес, түрлі келеңсіз әсерлердің ықпалынан туындап отырған уақытша жағдай деп түсінген жөн. Ертеңін ойлаған рухани азығын дұрыс дайындайды. Жақпайтын тағамның тәнді ауыртатыны сияқты өзінікінен басқа, жат рухани дүниелер де адам жанын улап, орны толмас олқылықтарға апарып соқтыруы мүмкін. Алматының апорты тек Алматыда ғана жақсы өсіп, мол жеміс береді. Сол сияқты әрбір адам да өзінің ұлттық топырағынан нәр алып өскенде ғана, басқа халықтардың озық үлгілерінен үйрене білгенде ғана жан-жақты жетіліп, бойындағы барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыра алады. Демек, әрбір адамның ұлттық рухпен тәрбиеленіп өсуі — басты шарт.

Ал әдебиет - руханияттың негізгі қайнар көзі. Олай болса, ұлттық әдебиетке, оның ішінде балалар әдебиетіне қамқорлық көрсетіп, оның дұрыс бағытта дамып, өзінің тәрбиелік, танымдық қызметтерін тиімді атқаруына барынша жағдайлар туғызу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Қазақстанда қолға алынып жатқан игі істердің барысы көңіл қуантады. Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақты ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу істерінде аса маңызды рөл атқаратын ұлттық әдебиетіміздің болашағы жарқын екендігіне сенгіміз келеді.

qazaquni.kz