«Желқайық» - қоғамның бүгінгі көлігі

«Желқайық» - қоғамның бүгінгі көлігі

Танымал да аса еңбекқор жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың осы көлемді романының соңғы бетін жапқанда, ойыма келген алғашқы ой – кезкелген уақытта тұманды теңіздің түпсіз тұңғиығына аударыла ауып кетуі мүмкін желқайыққа сығылыса тиеліп алып, жел қай жағынан соқса соның бағытымен ығып келе жатқан, немесе «ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңбақтай домаланған дәл өзіміздің қоғамымыздың бүгінгі сықпытын елестеткендей болдым. Алдымызда «мен мұндалап» жарқырай шақырып тұрған не маяк, не бағдаршам жоқ. Автор тіршіліктің, сан қырлы боямасыз өмірдің деректі баянын оқырманға көркем тілмен, оқыс оқиғалармен, бүгінгі тірлікті кеңестік кезеңдегі ашаршылық зобалаңы, сталиндік репрессия, соғыстың салған жарасы, одан бергі атом сынақтарының, Чернобыль апатының зардаптарымен сабақтастыра отырып, шынайы суреттеп бере білген. Тартымды, қызықты оқылады. Кейіпкерлерінің сан қырымен таныса отырып, бірде қаның басыңа теуіп ашынасың, бірде күнделікті көріп, кездестіріп жүрген тірлікті «көргенде» өзіңді өзің сабырға шақырасың. 

Оқырманнан өтінерім – бұл шағын мақаланы кітапқа жазылған рецензия немесе авторға айтылған сын деп емес, қатардағы оқырманның пікірі деп қабылдаңыздар. Он сегіз тараудан тұратын шығармаға өзек, арқау болып тұрған екі басты желіні мен бөліп айтар едім. Оның біріншісі – ғылым тақырыбы. Дарынды, талантты жас ғалым, алайда отызға таяғанымен аспирантураға түсуге «кезегі келмей» жүрген Бахтияр – романның бас кейіпкері. Көп көрініс, көп оқиға соның атынан, соның көңіл-сезімімен баяндалып отырады. Ғылыми тақырыбы, жұмысы дайын болса, ол неге төрт жыл талпынып, аспирантураға түсе алмай жүр? Өйткені, Алматыда пәтерден пәтер жалдап жүрген, айлығы шайлығынан артылмайтын мұның алдын кесіп кететіндер көп. Оның себебін профессор Ахметов бір ауыз сөзімен былайша түйіндейді: 

- Қоғамдағы былық-шылықтың ғылымға кеңірдектеп кіргені өкінішті-ақ. Есірген бюрократтарға мәнсап-байлық аздық етіп, енді ғылыми атақты керек ете бастады. Олар қымбат галстук, сөлкебай сияқты ғылымды бойларына сәнге таққысы келеді. Сондықтан қазір ЦеКаның атшысынан райкомның хатшысына дейін қаптаған кандидат, қаптаған доктор.Одан қалды, қатын-баласы, ойнасына дейін тықпалайды. Бұл қалпымызбен қайда барамыз?.. 

Айтуын айтса да, Бахтиярға жаны ашып тұрса да профессордың қолынан келер қайран жоқ. Білімі мен біліктілігіне тәнті, өзі қатты сыйлайтын ұстазына Бахтияр да ренжи алмайды. Өйткені бизнеспен айналысып, мол ақшадан кекірігі азған, қалтасының қалыңдығымен небір күштілерге өзінің сөзін өткізе алатын Қосымхан сияқты жылпос дүбәраларға өзі химиядан біраз сабақ беріп, еңбегін жазып беріп, көз алдында қорғатып, білдей бір «ғалым» етіп шығарған. Неге? Бұған да жан сақтау керек, бұған да ақша керек... Және бұған Қосымханды жетекке алуды өзінің тікелей бастығы Аманбаев тапсырып, қадағалап отырды...

Романдағы осындай эпизодтар дәл қазіргі өмірде де аз емес екендігі анық. Ат төбеліндей шынайы ғалым Ахметовтардың арқасында күн көріп жүрген Қосымхан сияқты, Аманбаев сынды «көшірме ғалымдар» қаптап жүр емес пе?! 

Автор осы желіні ары қарай қаузай түседі: ғылыми мақаласын машинкаға бастыруға берген Ахметовтың қолжазбасы ұшты-күйлі жоғалып кетіп, өзі белгісіз бір қарақшылардан қатты соққы жеп, ауруханада ес-түссіз комада жатады... Ал, енді, осы кезде сол мекемедегі бастықтың креслосындағы ғылыми ортада елеусіздеу, қатардағы профессор болып жүрген Аманбаевтың ғылым жолындағы тасы «кенеттен» өрге домалап, мақалалары орталық басылымдарда басылып, атағы Мәскеуге дейін жетеді...

Романдағы енді бір атап өтерлік екінші желі – «Ханым» деп ат қойған профессор Ахметовтың сүйікті ақ мысығы. Мысықтың иесіне адалдығы туралы, олардың қарғысының қатты болатындығы, олардың бойындағы емдік қуаты жайлы әредік-әредік еститін едік бала кезде. Соны жазушы өзінің романында өте тартымды да сенімді етіп жеткізіпті. Мысықтың көрген қиындықтарын тәптіштеп жату артық болар, қысқа ғана тоқталайын. Иесі жоғалып кеткен соң, Ханым оның иісімен, түйсігімен апталап іздеп жүріп, ауруханадағы комада жатқан Ахметовты тауып алады. Бахтияр сонда отырып, өз көзімен көреді: мысық екі-үш күн иесінің қолдарын жалап, бүйірін қыздырып, комадан шығарады. Бір ай дегенде Ахметов басын көтеруге жарап қалады, бірақ сөз жоқ. Оның осындай жағдайын Бахтиярдан сұрап білген Аманбаев дәл сол кезде әріптесінің көңілін сұрап ауруханаға келеді. Екеуара жеке қалғанда Аманбаев Ахметовке орталық басылымдарда жарық көрген «өзінің» сенсациялық мақалаларын көрсетеді. Мақалаға үңілген бетте-ақ науқастың қолы селкілдеп, түсі қашып кетеді. Бұл өзінің еңбегі екенін ишарамен түсіндірмек болады. «Қойыңыз, ақсақал, мұныңыз ұят болады. Жазсаңыз осы уақытқа дейін қайда қалдыңыз? Мені мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатыр» деп, одан сайын шабақтап, ақыры мазақ қылады. «Менікі, менікі!» дегендей нұсқаған қолы кеудесіне жетпей ауада ербеңдеп, профессор жастыққа қарай шалқалап құлап бара жатты... Осының барлығына куә болған ақ мысық арқасы доғаша иіліп, жүнінің әр талы әр жаққа тікірейіп, арлы-берлі ойқастап, жылан көргендей ысылдайды...

Содан Ахметов бақиға аттанады. Ал Аманбаевты кейінірек іздеп жүріп тауып алған ақ мысық кеңірдектеп өлтіреді... Жарты Алматыны күңіренткен аянышты өлімді жұрт «Аманбаевтан Мемлекеттік сыйлықты қызғанғандар оны бауыздап өлтірді» деген байлам жасайды...

Романның эпилогы кереметтей тартымды. Аманбаевты жерлеуге келген Бахтияр мен Биназар сол маңайдағы ұстаздары Ахметовтың қабіріне бұрылғанда өз көздеріне өздері сенбеді. Қабірдің үстінде тұмсығын бауырына тыға дөңгеленіп ақ мысық жатыр! Ханым! Денесін жартылай қар көмген. Жүні тарамдалып, желге үлп-үлп етеді Бахтияр қолын созып көріп еді, денесі қоқиып қатып қалыпты. 

- Адамның жан-жануардан үйренетін нәрсесі көп-ау! – деді Биназар таңдайын тақылдатып. – Адалдық, шын жақсы көрушілік деген осы емес пе! Адамдар бір-бірі үшін осындай құрбандыққа бара алар ма еді?...

Қорыта айтқанда, Тұрысбек Сәукетаевтың алғашқы іріктеуден өткен «Желқайық» романы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты шығарма!

Айтмұхамбет Қасымов,

журналист-жазушы, филология ғылымдарының канидаты